Тарих • 27 Желтоқсан, 2018

Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі

1950 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­сын барша қазақстандықтар сияқты отырар­лықтар да зор ықыласпен қабыл­дады. Елбасының бұл мақаласы біз мекен­деген Ұлы даланың, біздің ата-баба­лары­мыздың дүние жүзі өркениетінің дамуы­на зор үлес қосқанын, оның тарихта алатын орнының ерекше екендігін жан-жақты дәлелдеп берді. 

Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі

Жалпы қазақстандықтарға ерекше ой тастаған мақалада кеңістік – барлық нәр­сенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өл­шемі екені, ал тарих уақыт пен кеңіс­тік­тің тоғысқан кезінен басталатыны, кез келген елдің ата тарихындағы ұлы жетістіктерімен мақтануының заңдылық екендігі, онымен тек мақтанып қана қоймай, оны терең зерттеп, өздерінің түп-тамырларын білуге ұмтылуы өте орынды екендігі айтылады.

Мақалада Елбасы атқа міну мәдениеті бізден басталғанын ерекше атап өткен. Атқа мінгенде қолайлы болу үшін шалбарды да бабаларымыз ойлап тапқан. Ер-тұрман мен үзеңгіні пайдалану сол кездегі өркениет үшін төңкеріспен бірдей бағаланған. Өйткені ерде нық отырып, қос аяқты үзеңгіге тіреп садақ атқанда жебесі ұзаққа әрі нысанаға дөп тисе, қылышпен шапқанда ондаған есе қуатпен шабатын болған. Бұл, әрине қарсы келген жауына үрей туғызған. Дәуіріміздің І ғасырына дейінгі Ұлы далада біздің бабаларымыздың үстем­дік құруы, осындай алып территория­ны иеленіп қалуымыз да, атқа міну мәдениетін шебер меңгерген ата-бабаларымыздың ерлігі мен жанқияр­лық батырлығының арқасында болса керек. Сол дәуірден ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға жалғасып келе жатқан ат үстіндегі ұлттық ойындарымыздың ұр­пақ­тарымызды ерлікке, ептілікке, батыл­­дыққа, ержүректілікке, отансүй­гіш­­тікке тәрбиелеудегі алар орны  ерекше екені белгілі. Сондықтанда ауданымызда ұлттық ойындарды дамытуға үлкен мән берілуде. Ауданымызда ат спорты федерациясы құрылып, нәтиже­лі жұмыс істеуде. Соңғы жылдары көкпаршыларымыз ірі додалардан жүлделі оралып жүр. 

Елбасының: «Ежелгі Отырар қаласы­ның бірқатар нысандарын – үйлері мен көше­лерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғ­а­лары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қы­зықты болмақ. Осының негізінде білім­­ді дәріптеуге және туризмді дамы­туға баса мән берілуі қажет», деп өлке­мізге ар­­найы назар аударғаны бізді, яғни оты­­рар­­­лықтарды ерекше қуанышқа бөледі.

Елбасы атап көрсеткен осы мәселе­лерді тез арада шешу үшін қаражат керек екені белгілі. Егер қаржы бөлінген жағдайда Отырар ауданы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын. 

Ұлы даланың әлемдік өркениетке қосқан үлесі өте зор екені даусыз. Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғаған Ұлы Жібек жолы тек қана сауда-саттықты ғана өркендеткен жоқ. Осы жол арқылы мәдениеттер тоғысып, ол ғылым мен білімнің дамуына үлкен үлес қосты. Басқаны айтпағанда, орта ғасырлық Отырарда Шығыс моншасы, еңселі де зәулім мешіт-медреселер, Александриядан кейінгі екінші кітапхана, Теңге сарайы, тағы басқа әсем ғимарат­тар бой көтерген. Талайлар кәріз жүйесі­нің не екенін білмеген сол кезеңнің өзін­де Отырар қаласында орталықтанған кәріз жүйесі болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр. Ата-бабаларымыз ежелден табиғи ортаны қорғау, тазалық, экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырған. Мәселен, Отырар қаласы әкімшілік, сауда-саттық, мәдениет пен білім ордасы болса, оның айналасындағы Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан т.б. қалалардың бәрінің атқаратын өз міндеттері болған. Алтынтөбеде мыс пен мырыш, қола, алтын, күміс өңделіп, теңгелер соғылған. Бұл теңгелер орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың өркендеуіне қызмет еткен. Сондай-ақ зергерлеріміз алтын, күмістен соққан сақина, білезік, алқа, шолпы секілді әшекей бұйымдарымыз талай жат жерліктерді таңғалдырған. Бұл бұйымдарды Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінен тама­шалауға болады. 

Пышақшытөбе қару-жарағымен, оның сапалылығымен шартарапқа даңқы жайылған. Демек, металл өңдеудің шы­ңына жетіп, әлемге әйгілі қарулармен қоса, жер өңдеу ісіне пайдаланылған әртүрлі соқа, орақ, кетпен секілді бұйым­дарды да ерекше әдіспен жасаған. Осын­д­ай құрал-саймандардың арқа­сында Отырар өлкесі оазиске айналған. Отырар қаласы Арыс өзенінің Сыр­дария өзені­не құйылатын сағасында орна­лас­қандық­тан, біздің дәуірдің І ғасыры­ның  өзін­де мұнда сол кездегі теңдесі жоқ сулан­дыру жүйесі жұмыс істеп, жүз­деген гек­тар жүзім­діктер, алуан түр­лі жеміс ағаштары, жай­қалған бидайы мен тарысы, тіл үйі­рер қауыны мен қар­­бызы Отырардың даң­қын онан әрі ас­қақ­тата түскен. Бүгінгі күн­ге дейін сол кездегі арық-атыздардың ізі сақта­лып, ирри­гац­иялық жүйелер арада сан ғасыр­лар өтсе де сол күйі жатыр. Демек бұл қазақтар тек қана көшпелі өмір салтын ұстанған, Ұлы далада тек көшпенділер өмір сүрді деген ұғымды теріске шығарады.

Құйрықтөбе және Жамантөбелер де өз миссияларын мінсіз атқарып, отырар­лықтарды ет, сүт, тері, жүнмен қамтама­сыз еткен. Мұнда мал бор­дақы­ланып, сүттен көптеген өнімдер өндіріліп, тері-жүннен киімдер дайындалған. 

Бүгінде әрбір тасы мен топырағын түртсең ғасырлардан сыр шерте жөнеле­тін Отырар өлкесі ішкі және сыртқы туризм­ді дамыту үшін көптеген игі шаралар атқарып жатыр. Бүкіл мұсылман қауымы тәу етіп, қастер тұтатын Арыстан баб кесенесінің маңайын абаттандыру, ғасырлар сырын қойнына жасырған Отырар­төбе қалажұртына алыс-жақын елдерден келетін туристерге жағдай жасау үшін инфрақұрылым жұмыстары қызу жүргізілуде. Мұнан бөлек Мәдениет және спорт министрлігімен бірге Арыстан баб пен Отырартөбе қалажұрты арасындағы ауқымды жерге «Сапар» орталығын салу қолға алынды. Аталған үш нысан да тиісті қаржы уақтылы бөлінсе, 2019 жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, туристерге қызмет көрсете бастайды.

«Сапар» орталығын салудағы мақсат – Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетел­дерде насихаттау, Отырар қорық-музейі­нің территориясында орна­лас­­қан тарихи-мәдени мұра нысан­дары­н қорғау мен олардың сақ­талуын қамта­масыз ету, туризм сала­сының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау болып табылады.

Отырар қалажұртының «Сапар» орта­лы­ғы – бұл мәдени туризм орталығы­на айналуға тиіс бірегей нысан. Оты­рар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығар­машылық инновациялар орталығын жасау, Қорық-музейдің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау жоспарланып отыр.

Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы ету жөніндегі Жарлы­ғын тарихи шешім деп қабылдаймыз. Түркі әлемі­нің мәдени астанасына айнал­ған қала­ға келуші туристердің саны жылдан-жыл­ға арта түсуде. Бұл жағдайдың Оты­рарға да оң ықпалы бар. Себебі Түркі­стан­­ға келген туристер Оты­рарға соқпай кетпейді.

Мемлекет басшысының мақаласын­да: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күл­тегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абы­лай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», деп атап көрсеткен. Сондай-ақ мақалада: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», деп ұлы тұлғаларымыз жөнінде айқын да анық айтылған.

Елбасымыздың тарихымызды тү­ген­деп, ұлыларымызды ұлықтауға ба­ғыт­талған ойларын жүзеге асыру үшін Отырар ауданында орналасқан әлемнің екінші ұстазы атанған, энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Оқсыз қалажұртының маңа­йын абаттандыру, туристерге қолайлы жағдай жасау өте маңызды.

Сонымен қатар 2020 жылы Ұлы ұстаз­дың туғанына 1150 жыл толайын деп отыр. Бұл айтулы күнді жоғары дең­гейде атап өту мақсатында, дайын­дық жұмыстарын қазіргі уақыттан бастау қажет деп ойлаймын. Әлемдегі фараби­танушы ғалымдардың шақырылуы­мен халықаралық конференция ұйымдас­тырылып, әл-Фарабидің араб тіліндегі өлеңдері қазақ тіліне аударылып, Ұлы дала еліне кеңінен танылуы керек. 

Сонымен бірге Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздан бөлек отырарлық отыздан аса Фараби барын да естен шығар­мағанымыз абзал. Бұл бабаларымыздың ғылымның әр саласында жеткен жетістік­терін атап шы­ғу мүмкін емес. Болашақта осы баба­лары­мыз­­дың еңбектерін толық зерттеп, ғылы­ми айналымға қосу міндеті алдымызда тұр. 

Терең тарихымызды түгендеп, келе­шек­тегі ел игілігіне айналатын осынау бағыт-бағдары айқын мақаладағы мәселе­лердің жүзеге асуы жолында бар күш-жі­герімізді жұмсап, аянбай еңбек етуіміз керек.

Ерлан АЙТАХАНОВ,

Отырар ауданының әкімі

Түркістан облысы