Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

Алматы жаңа жылға жасанып келеді

618 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесінен кейін жұртшылық жаңа жылсанаудың басы ретінде жаңа жылды  асыға күтетіні белгілі. Алматылықтар елімізге құт болған ит жылын алғыспен шығарып салып, іргемізден еніп келе жатқан тағы бір жылды қуанышпен қарсы алуға дайын.

Алматы жаңа жылға жасанып келеді

Көшелерді көмкерген неше түрлі жарқыраған шамдар, шаһарды ерекше салтанатқа бөлеп, көрген жанға мерекелік көңіл күй сыйлап тұр. Еліміздегі ең алып мегаполисті жаңажылдық безендіруге биыл жергілікті бюджеттен 75 млн теңге бөлініпті. Жауапты мамандардың сөзінше, жұмсалған қаржы көлемі былтырғыдан аз. Өйткені, қала көшелеріне орнатылған шыршалардың тең жарымы өткен жылдан қалған жасанды шыршалар.

Көңіл қуантарлығы сол, шаһардағы шырша үлгісіндегі макеттер түгелдей дерлік ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген. «Сондықтан, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айрықша аталған аң стилінің мегаполисте жаппай көрініс табуы тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді» дейді зиялы қауым өкілдері.

Қала әкімдігі қоғамдық орындарға, яғни Абай мен ескі алаң, Атакент пен Тұңғыш Президент саябағы және «Алматы Арена» спорт сарайының маңына шырша тіккен. Бұдан бөлек, қаладағы 8 ауданның әкімдігі жоспарға сай бекітілген аумақтарға әрлеу жұмыстарын жүргізген.

Шаһардың бірнеше жерінде орын тепкен тегін сырғанау алаңдары тұрғындар үшін биылғы қыстың ең бір керемет сыйы деуге болады. Дәстүр бойынша барлық сауда орталықтарында жеңілдіктер науқаны жүріп жатыр. Мың құлпырған мегаполисте қысқы туризм қыза түскен дерсіз. «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» шатқалы, ару қалаға зау биіктен көз тастаған көркем «Көктөбе»  келушілерге құшақ ашып тұр.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ