26 Желтоқсан, 2012

Батырбек датқа және генерал Черняев

1325 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батырбек датқа және генерал Черняев

Абыз тарих кімнің кім екенін екі ғасырдан соң анықтап берді

Жақында Жуалы ауданына қарасты Кү­реңбел ауылындағы Датқасаз деп аталатын шұрайлы жерден Батырбек датқа Рыс­бекұлының кесенесі бой көтерді. Сон­­­дай-ақ, батыр Бауыржан Момыш­ұлы ауылы­ның жанына датқаның еңселі ес­керткіші орнатылды. Аудан орталы­ғын­­дағы Мәде­ниет үйінде елі мен же­ріне сыйлы болған Батырбек бабаның өмірі мен тарихи тұлғасын тануға ар­налған ғы­лыми мәжіліс ұйымдас­ты­рыл­ды. «Қа­ра­көз» мейрамхана­сын­дағы аста аруақ қон­ған әзатаның рухына құран-қатым түсірілді.

Абыз тарих кімнің кім екенін екі ғасырдан соң анықтап берді

Жақында Жуалы ауданына қарасты Кү­реңбел ауылындағы Датқасаз деп аталатын шұрайлы жерден Батырбек датқа Рыс­бекұлының кесенесі бой көтерді. Сон­­­дай-ақ, батыр Бауыржан Момыш­ұлы ауылы­ның жанына датқаның еңселі ес­керткіші орнатылды. Аудан орталы­ғын­­дағы Мәде­ниет үйінде елі мен же­ріне сыйлы болған Батырбек бабаның өмірі мен тарихи тұлғасын тануға ар­налған ғы­лыми мәжіліс ұйымдас­ты­рыл­ды. «Қа­ра­көз» мейрамхана­сын­дағы аста аруақ қон­ған әзатаның рухына құран-қатым түсірілді.

Біле білген адамға, бұл, әрине, аз құрмет емес. Бірақ Батырбек датқа Рыс­бекұлы деген кім? Ол елінің тарихында, халқының жадында қандай қадір-қасие­тімен қалды? Солтүстікте «аға сұлтан», оңтүстікте «датқа» деген лауазым алған байырғы қазақ бектері мен билері болған. Ол солардың қай шоғырына жатады? Қай биігінде тұруға лайық?
Тарихи дерекке көз жүгіртейік. Батысымызды бойлай отырып, солтүстігі­мізден сұ­ғына кірген отаршылдар оң­түстікке де ойысқан кез. Жергілікті ха­лықты шо­шаң­даған мыл­тығымен шошытпау үшін, қой терісін жамылған қасқырлар «әс­кери экспедиция» деген атты бүркенген. Сол басқын­шыларды басқарғандардың бірі генерал Михаил Черняев болатын. Могилев гу­бер­ния­сы­ның Тубышка деген деревнясында туған оның пеше­не­сіне, өкінішке қа­рай, Таш­кенттің төріне Ресей империя­сының екі басты самұ­рық құсы бейнеленген туын тігуді жазыпты. Оған дейін де біраз қан­ды жо­рық­тарға қатысқан, әрине. Мысалы, 1858 жылы Арал теңізін жаға­лай отырып Хиуа хандығына қарсы көтеріл­ген Қоңырат қаласы тұрғындарына кө­мек қолын созыпты деседі. Одан кейін Кавказ халқын отарлауға қатыс­қан. Бі­рақ Ресей патшасы оны қайтадан Орта Азияға жібереді де ол 1864 жылы Омбыда қару­лы отряд жасақтап алып, Әу­лие­ата, Шымкент және Ташкент қалала­рын Ресей бо­дандығына қарату мақса­тында жорыққа шығады. Сөйтіп, ежелгі Тараз шаһары­ның орнына салынған Әулиеата қаласын зеңбірекпен атқылап, басып алады. Одан кейін Шымкент, Таш­кент қалаларына шүйлігеді. Қару-жарақ құпиясын ғана емес, сонымен бірге, сая­саттың қулық-сұмдықтарын да бір кісі­дей меңгерген ол жергілікті халық­тың белгілі һәм беделді тұлғала­рымен де мәміле жасауға мәтта­қан болыпты.
Генерал М. Г. Черняевтің сол кезде жаз­ған хатына үңілейік.
«Бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте бе­рік. Орыс­тарды жат дінділер дейді. Басқа дат­қаларға қарағанда оңтүстік өңірде халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды. Сол­түстік өңірді мекендеген қыр­ғыз-қай­сақтар көсемде­рінің алауыз­дығы өршіті­ліп, Ресей қа­ра­­мағына өту­лері қамтама­сыз етілген жоқ па? Осы саясатты, әдіс-айланы оңтүстік өңір хал­қының көсем­дерін араздастыру мақ­сатында, сіздердің қам­қорлықтары­ңыз­бен тездетіп іске асыру керек.
Байзақтың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шо­қай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады, Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әре­кетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан ас­тыртын мәлімет­тер бойынша, Байзақ­тың кейбір туыстары басқа датқа­лардың туыстарымен араз болуда.
Байзақ датқаның келіссөзден тірі қал­майтынын білдік, сол үшін де орыс офи­церлерін қасына қоспадым, татар тілмаш пен екі татар унтер офицерін қостым, бар­лығы мұсылмандар ғой (магометандар).
Батырбек датқа жөнінде барлық ақпа­ратты замандастары Байзақ, Шо­қай, Са­пақ­тардан біліп алған соң, екін­ші рет ол кісіні өзіме тағы да шақыр­тып сөй­лестім. Бірінші кездесуімде әң­гімеге ротмистр Шоқан Уәлиханов қатысқан болатын. Екін­ші кездесуі­міз­де ротмистр қа­тысқан жоқ, ол маған ренжіп, экспедициядан кетіп қалған. Ротмис­трдің ма­ған рен­жіп кетуіне, естуімше, Батырбек дат­қаның тікелей қатысы бар, се­бебі, екеуі оңаша кездескен, рот­мис­трді ол жат дінділерге көмектесіп жүр­сің деп кінәл­а­ған, өз хал­қыңа қарсы соғысып жүрсің деп ай­ып­таған көрі­неді. Оларға шыда­маған ротмистр Ш.Уәли­ха­нов экспедициядан кетті…».
Абыз тарихты алдай алмайсың. Ресей империясы мен М.Черняевтің ішіне бүк­кен аярлығын қазақ халқы, міне, КСРО бодандығынан азат болып, тә­уелсіз ел тарихын қайта қарап, қайта түзеп, қайта жаза бастаған кезеңде тың деректер ар­қы­лы біліп отыр. Ресей патшалығы гене­ралдарының аңқау елге арамза молда болған айла-тәсілдері де әшкереленді.
Датқалардың елі мен жеріне сіңірген еңбегін бөле-жара зерттеп, тарихтан бөле-жара орын беруге болмас. Қазақ тарихы үшін Сапақ датқа, Шоқай датқа, Байзақ датқа, Батырбек датқа және басқа да толып жатқан датқалар да шоқжұлдыздың шоғырындай дара. Оны генерал М.Черняев жау болса да мойындапты. Ол Ресей ағзамының соғыс ми­нистріне жолдаған хатында тарих шын­дығынан ауытқымай, қазақ датқа­ла­рының ру-руға, жік-жікке бөлінбе­генін, қайта бір-біріне құрметпен қарайтынын жазған. Бұл құжат болмаса, бүгінгі ұрпақ: «Байзақ датқаның өліміне өзінің үзеңгілес серіктері Сапақ датқа, Шоқай датқа және Батырбек датқа кінә­лі», деген жалған дерекке сеніп жүре берер ме еді, әлде қайтер еді?!. Осы арада бұл шындықты елге жеткізген тарихшы, ғалым Д. Даниярбековке үлкен рахмет. Ол генерал М.Черняевтің Ресей импе­риясының соғыс министрі Бори-совқа жазған құпия хатын Ташкент архивінен тауып алып, бүгінгі тәуелсіз қазақ тари­хының айналымына қосып отыр.
Әрине, бір жолдың бойында жатқан Әулиеата, Шымкент және Ташкент сияқ­­ты іргелі қалаларды басып алып, Ресей империясының қол астына салып берген генерал да құрметтен кенде қалған жоқ. Ресей патшасынан алған ордендері мен медальдарын былай қой­ғанда, Иван Грозный патшаның тұсын­да Еділ мен Жайық­тан бастап Ертіске дейінгі аралықтағы байлыққа толы байтақты Ресей пат­ша­лы­ғына тарту етіп, сый-сияпатқа ке­нел­ген баукеспе, қарақшы Ермактан кейін Арал теңізін орағытып, Тәңіртауды жебелеп, Қара­тауды жағалап, Қазығұртты көк­тей өтіп, Ташкентке ту тіккен генерал М.Черняев «Ташкент арыстаны» деген аңыз­ға бергісіз атақтарымен де танылыпты.
Одан бергі арада, әрине, екі ғасыр­дан астам уақыт өтті. Мына қызықты қара­ңыз, міне, енді, сол Батырбек датқа туып, билік құрған Жуалы өңірін Батырбек Құлекеев деген білікті азамат бас­қарып отыр. Ол осы ауданға әкім болып таға­йындалысымен тау жайлаған ха­лық­тың тарихын біліп, есті кісі­лері­мен арғы-бергіде өткен өсиетті ерлері­нің ұрпаққа үлгі болар ісін зерделеген. Сонда аудан­дағы соғыс және еңбек арда­герлері кеңе­сінің төрағасы, өңірдің құр­метті азаматы Жарас Мұратай Батырбек датқаның тарихы туралы айт­қан. Басқа да жанашыр жан­дар өз ұсы­ныс, пікір­лерін ортаға салып, елдік мәні бар ерекше іске ел болып жұмыла­тындарын жет­кізген. Міне, сол ақыл-кеңестің нәти­жесі, үлкен іс қолға алынып, үлкен шаруа тындырылды.
Майлықожа ақын өз көзімен көріп, куә болған қилы заманның қиын жылдары жайлы жазылған «Елге қоныс әпер­ген» деген өлеңінде:
Жуалыда Батырбек
Келмеген жауы қасына,
Арыстан онда жатыр деп.
Арғы атасын сұрасаң,
Рысбек, Шінет – асыл тек,
Сиқымға қоныс әперді,
Аямай күшін әзірлеп,
Соңына ерген халқына,
Не десе соны мақұл деп, – деп жырлапты. Сондай-ақ, Батырбек дат­­қа баянын зар заман сүлейлерінің бірі Сү­йін­бай Аронұлының:
Ассалаумағаләйкүм, дәу Батырбек,
Туғаның хабарлады: «Сен келсін»,– деп.
Бауырыңның иманы жолдас болсын,
Айтпақ едім көңілді өзім де кеп, -
деп басталатын өлеңінен де оқуға болады. Ал ол кездегі текті ақындардың назарына түсуге бай бол, батыр бол, би бол, датқа бол, әрине, екінің бірінің билігі мен беделі жете бермеген.
Ғылыми мәжілісте сөз алған шешен­дердің арасынан Қазақстан және Қыр­ғыз ұлттық академияларының коррес­пон­дент-мүшесі, профессор Сейітхан Жо­шыбаевты да көріп қалдық. Тараз мемле­кеттік педагогикалық институ­тының ректоры, тарих ғылымдарының докторы Асқар Әбдуәлінің де Қоқан, Хиуа хан­дықтарының озбырлықтары туралы тәп­сірлері тәнті етті. Белгілі жазушы Еркін­бек Тұрысовтың тарихтың тереңінен қоз­ғаған сырлары да дуалы ауыздан шық­қандығын білдіріп тұрды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы,
Күреңбел ауылы.