Қаһарман қазақ
Ескі шаһардың солтүстік шалғайын «Қызылжарма» (халық «Сатан ауылы» атап кеткен) каналы құшағына ала орап жатыр.Бұл мені суына шомылдырып шынықтырған, балдәуренім өткен жер.
Аңсаған ауылым тосырқап қарсы алды. Қысқасы, бұл жер қала боп кетіпті. Өңкей ұзын да енді көше, түйелі көш секілді тізілген қыштабан түмекейілі үйлер. Ал тауып көр ізің түскен, май топырағы көпсіген күре жолдарды, құм төгілген су жағаны! Сөйтіп, жолымды таппай аңтарылып жүріп бір табантасы кіндіктен келетін өңкей ақ қыштан өрілген кәделі үйдің шекесіндегі қаңылтыр жапсырмадан «Жақыпбек Махамбетов көшесі» деген жазуды оқыдым. Ауылдас аға есімі көзіме оттай басылды. Қайта үңілдім. Әлгіндегі құлазыған көңілім жадырап, бойымды қуаныш биледі. Көз алдыма батыр ағаның таныс бейнесі көлденеңдеп тұра қалды. Жақаң жарықтық соғыстағы ерлігін айтуға өте сараң еді ғой.
Ескі шаһардың солтүстік шалғайын «Қызылжарма» (халық «Сатан ауылы» атап кеткен) каналы құшағына ала орап жатыр.Бұл мені суына шомылдырып шынықтырған, балдәуренім өткен жер.
Аңсаған ауылым тосырқап қарсы алды. Қысқасы, бұл жер қала боп кетіпті. Өңкей ұзын да енді көше, түйелі көш секілді тізілген қыштабан түмекейілі үйлер. Ал тауып көр ізің түскен, май топырағы көпсіген күре жолдарды, құм төгілген су жағаны! Сөйтіп, жолымды таппай аңтарылып жүріп бір табантасы кіндіктен келетін өңкей ақ қыштан өрілген кәделі үйдің шекесіндегі қаңылтыр жапсырмадан «Жақыпбек Махамбетов көшесі» деген жазуды оқыдым. Ауылдас аға есімі көзіме оттай басылды. Қайта үңілдім. Әлгіндегі құлазыған көңілім жадырап, бойымды қуаныш биледі. Көз алдыма батыр ағаның таныс бейнесі көлденеңдеп тұра қалды. Жақаң жарықтық соғыстағы ерлігін айтуға өте сараң еді ғой. Әлдеқалай сыр тарта қалсаң, барлаудан «тіл» әкелмеген кінәлі солдатша кібіртіктеп, әңгімені басқаға бұрып, әйтпесе, күлкі… араластырып жіберетін. Әйтеуір, тиіп-қашып жүріп құпиясының қақпағын ашу бақытына ие болдым. Олардың бір парасын батырдың көзінің тірісінде де, кейін де газет бетінде жарияладым.
Кеңес Одағының Батыры Жақыпбек Махамбетовпен көзінің тірісінде жүргізген әңгіме-сұхбатымды тағы бір еске түсіріп, әлқиссаны сабақтай отырайын.
– Соғыс басталысымен менің екі ағамды – Қуандық пен Қабланбекті майданға бір күнде алды. Ауылдағы құрбыларымды да сыпыра бастады. Үйде жеңгем екеуміз ғана қалдық. Арада тоғыз ай өтті. Мені әскерге шақыратын емес. Қой деп, бір күні ауыл кеңеске барып, дау шығардым. Сөйтсем, тракторшы жоқ, егінші қалмады деп мені броньмен қалдырып жүр екен ғой. «Майданға кетем, жаумен соғысамын, жұрттан артықпын ба мен» деп кеңседен шықпай қойдым.
Ағамыз сөзге сараңдау болса да, осылай-осылай көп жайға қанықтым.
Ақыры ағамыздың тілегі қабыл болып, қырық екінің қаңтарында батысқа жол тартады. Аз күн әскери даярлықтан өткен соң әуелі Калининград майданында соғысқа кіреді. Қорқуды, жасқануды білмейтін жалындап тұрған от кезі, шу дегеннен-ақ, батылдығымен командирдің көзіне түсіп, алғыс алады. Артынша осындай қиян-кескі ұрыстардың бірінде ауыр жарақат алып, аз күн емделіп, қаруластар қатарына қайта қосылады. Осы жолы кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені тағылып, тағы да жоғары командованиенің алғысын алады.
Содан, Жақаң борышын өтеп жүрген 254-атқыштар дивизиясының 933-атқыштар полкі екінші Украина майданына ойысады. Воронеж облысы жерінде қанды ұрыс қызып жатты. Украина жерін қалайда азат ету міндеті алға қойылды. Бір қадам артқа жылжымаймыз деген ұран көтерілді. Қасиетті Украина жері қанды қырғын алаңына айналды. Екі жақтан да орасан шығын болды. 1943 жылдың қыркүйек айындағы Днепр өзені үстіндегі шайқас тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Сонда Жақаң ерліктің асқан үлгісін көрсетіп, қазақ деген халықтың қаһармандығын әлемге паш етті.
«Максим» пулеметінің даңқы жер жарып, аңызға айналып тұрған тұсы. Фашистер оның даусын естігеннен-ақ зәресі ұшып, есінен танып қалады.
Сөйтіп, үш күн, үш түн бойы, соғыс бір сәт те толастаған жоқ. Ажал оғы тыныс алдырмай жауып тұр. Қыркүйектің жаңбыр аралас қара суығын өзеннен соққан қытымыр жел көтере түседі. Солдаттар әбден қалжырады. Күш те, адам да азайды. Осыны білген жау қашып соғысып, алыстан атқылауға көшкен. Жау арғы бетте, біздің жауынгерлер бергі бетте. Ортада асау Днепр тулап ағып жатыр. Алға қойылған мақсат – фашистерді бір сүйем аттатпай Украина өзенінің жағалауын жаудан тазарту, ұлы Кобзарь Тарас шомылып, жырына қосқан Днепрді зұлым тырнақтан арашалап алып қалу.
Түн ортасы ауған. Арғы беттен жауған оқ аздап саябырсығандай болды. Жақаң жарқабақтан мойнын шығарып өзен бетін барлады. Сонда, көз алдына кіндік кескен ауыл, өз Сырдариясы елестеп кетті. Айнымайды тіпті. Ана тулаған толқын, судыраған қамыс, еріне сілкініп тұрған жиделі тоғай, дене қарыған желді жаңбыр бәрі… Кенет қылаң берген бір ой шалт қимылға бастады. Командирінен рұқсат сұрап орнынан тұрды да, өзенге төніп тұрған ну қамысты жапырып, тік басты күрекпен жайрата бастады. Артынша оны бір жерге жинап, сыммен буады. Қамыс сал бууға жасынан машық еді. Өйткені, Сырдарияның жағасында туды. Өзен, көл тасығанда ауыл-ауылға салмен баратын. Міне, енді соның пайдасы тиді, ұзамай қамыс сал дайын болды. Сосын командирмен тілдесіп, сал үстіне пулемет орнатып, үстін қамыспен жапты. Ол жасырынып, сыртқа көрінбей қалды. Сосын арғы жағалауға бірінші болып өтуге, сөйтіп, ажалдың алдын бөгеуге рұқсат сұрады.Үміті алдамады. Жау бұл қулықты аңғармай қалды. Сол күні Кеңес әскері жауға орасан зор соққы берді. Сөйтіп, оның өлшеусіз еңбегі мен жасаған ерлігі жалпақ жұртқа жайылды.
Қуаныштың көкесі кейін болды… Арада бес ай өткенде 1944 жылғы 22 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жақыпбек Махамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жарлығы шықты. Майданнан келе салып Сырдария ауданындағы Жаңатұрмыс, Октябрь, Қазақстанның 30 жылдығы және Коммунизм колхоздарын басқарды. Қырық жетінші жылы Республика Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Мұнан кейін де зейнет демалысына шыққанша ауылдық кеңеске төрағалық етті. Туған еліне бар ғұмырын арнады. Соған сай ұрпақтары еңбегін елеп, әспеттеп отыр. Қазір қалада (бұрынғы туған ауылының аймағы қалаға өткен) ол кісінің атында көше және орта мектеп бар.
Өтеген ЖАППАРХАН.
ҚЫЗЫЛОРДА.