26 Желтоқсан, 2012

Қазақтың қайраткер қызы

1637 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақтың қайраткер қызы

Ардақты Нәзипа деген ханым,

Газет, журнал жүзінде жұртқа мәлім.
Оқыса сондай әйел шығар ед деп,
Оқығандар бағалар сөздің дәмін.

Неше күн қыдырсаң да таба алмассың,

Ардақты Нәзипа деген ханым,

Газет, журнал жүзінде жұртқа мәлім.
Оқыса сондай әйел шығар ед деп,
Оқығандар бағалар сөздің дәмін.

Неше күн қыдырсаң да таба алмассың,


Семейдің одан өтер адал жанын.
Ақ көңіл, мінезі оңды, жүзі жарқын,
Ынтасы жеткізбекке әйел халқын.
Қазақтың атақты ақыны Сұлтанмахмұт Торай­ғыров жырға қосқан Нәзипа кім? Қазақ тарихындағы қайшылықтар мен өзгерістерге толы дәуірде өмір сүрген Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова. ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениетінің тарихында ерекше із қалдырған тұлғалардың бірі. Ол – ағартушы, ұстаз, әлеумет қайраткері, журналист, жазушы, аудармашы.
Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова 1887 жылы 27 шілдеде Қостанай облысының Жанкелдин ауданында дүниеге келген. Ол әуелде Торғай қаласындағы приходская школада оқып, 1902 жылы Қостанайдағы прогимназияны тәмамдаған. 1903-1904 жылдары Тор­ғайдағы әйелдер училищесінде мұғалімдік қызмет атқарған.
Ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар ұстаздық қызметтерін 1905 жылы Семей қаласында бастаған сияқты. Бұл кезде Семей Қазақстандағы ірі мәдени-ағарту орталығы дәрежесіндегі қала болатын. 1902 жылы қалада Орыс географиялық қоғамының бөлімшесі ашылып, оның «Жазбалары» жүйелі түрде жарық көре бастады. 1903 жылы ірі оқу орны – Семей оқытушылар семинариясының ашылуы, 1912 жылы «Жәрдем серіктігі» баспаханасы ұйымдас­тырылып, онда 8 кітаптың жарық көруі – Қазақстан­ның өзге өлкелерінде байқалмаған құбылыс.
Құлжановтар Семей оқытушылар семинариясында ұстаздық қызметпен айналысқан. Семей семинариясы іргелі оқу орны болған, онда қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың оқуы, сондай-ақ энциклопедист-ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұлан­ның білім алуы зор мақтанышпен айтылады.
Нәзипа Сегізбайқызы күнделікті мұғалімдік қыз­метпен ғана шектелмей қазақ халқының ауыз әдебие­ті үлгілерін жинақтау, музыкалық фольклорына көңіл бөлу, қала өміріндегі маңызды мәдени-ағартушылық шаралардың жүзеге асуына ұйытқы болу жағына баса назар аударады. Нәзипа Сегізбайқызы мен Нұр­ғали Құлжанұлының 1913 жылдың 25 қыркүйегінде жалпы жиналыстың шешімімен Орыс географиялық қоға­мының Семей бөлімшесіне қызметкер-мүше (член-сотрудник – Г.К.) болып сайлануы – сөзімізге толық дәлел. Императорлық Орыс география қоға­мының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің есебіне қарағанда, 1914 жылдың 1 қаңтарында барлығы 137 мүше болған, оның 4-уі құрметті мүше, 113-і толық мүше, 20-сы қызметкер-мүше. Солардың арасында сандаған ұлт өкілдерінен бірде-бір әйел болмаған, ал жалғыз қазақ қызының, Нәзипа Сегіз­байқызының тізімде тұруы адамға ерекше әсер етеді. Бұл Семей зия­лыларының аузына ілігіп, қайраткерлік биікке көтеріле бастаған аяулы жанның әлеуметтен алған алғашқы бағасы еді десек аса қателесе қоймасымыз анық.
Осы арада 1915 жылдың 13 ақпанында Н.С.Құлжанова ұйымдастырып өткізген бір кеш туралы әңгімелей кетуді жөн көріп отырмыз. Дерек­көзінде кештен түскен қаржы Петроградтағы мұсыл­ман соғыс ауруханасы (лазарет) мен тұрмысы нашар қазақ шәкірттерінің мұқтажын өтеуге тең бөлініп жұмсалатыны хабарланған.
Алғашқы кештен алған әсерлері, оның бұқара халық арасында зор резонанс туғызуы екінші жиынға көп­шіліктің ынтасының арта түсуіне ықпалын тигізген. Құмырсқадай быжынаған халық нөпірінің сауық өтпекші приказчиктер клубының ауласына сыймай ке­туі сөзімізге дәлел. «Ойынға жалғыз жастар ғана емес, ақсақалдар, қажылар екі-үш қатында­рын, қыз, келін­дерін топ көтере ала келді. Ноғай­лардың бас адамдары жама­ғаттарымен парлап келді. Ойынның афишасы кешірек таралғандықтан орыстар аз болды. Бірнеше учитель, үкімет кісілері, «Сибирская жизнь», «Семипалатинский телеграф», «Барнаульская газеталардың» хабаршылары болды», – деп жазыпты Мұстақым Малдыбаев.
Бұл жиын туралы баспасөзде жан-жақты әңгіме­ленді. «Айқап» журналы, «Қазақ», «Семипалатинский телеграф», «Сибирская жизнь» газеттері жарыса хабарлап, пікір туғызып жатты. Әуелі сөз бастаған «Семипалатинский телеграф» газеті зиялы қазақтар­дың ұйым­дастыруымен әдеби-музыкалық кештің өтетіндігін, түрлі сахналық көріністердің әзірленіп жатқандығын, одан түскен қаржының соғыс мұқтаж­дықтары мен шәкірт­терге көмекке берілетіндігін хабарласа, төрт-бес нөмірінен кейін «Соғыстан зардап шеккен солдаттар мен олардың отбасына жан-жақты көмек көрсету қоғамының Семей бөлімшесінде өткен мәжілісінен» хабар жариялады. Кеште майданнан оралған солдаттарға тез арада жұмыс тауып беру, түрлі жәрдемақылар мен пенсиялар тағайындап, мамандықтары мен кәсіптеріне орай қолөнерімен шұғылдануға ықпал жасау шаралары қарастырылған. Адвокат Райымжан Марсековтің қазақ поэзиясы туралы баяндамасы кейін «Қазақ» газетінің екі санында жарияланды, 2001 жылы шыққан «Қазақ қайда бара жатыр?» кітабына енгізілді.
Қазақ өнері хақында сөз сөйлеп, әсіресе, «Біржан-Сара» айтысының тарихын қозғаған Нұрғали Құлжа­нов ойлары да көптің көкейінен шыққан. Құлжанов мырза айтыс төңірегіндегі түйінді толғамдарын кө­рер­менге лайықты түсіндіріп, Біржан сал-семинария шәкірті Жүсіпбек Аймауытов пен Сара қыз – Тұрар Қозыба­ғарова (Семейдегі банк қызмет­кері Ахметжан Қозыба­ғаровтың жұбайы) ханымды таныстырып өтті. Кешке жа­ңа орындаушылар, әсіресе, талапты жастар көптеп тар­тылған. Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаев Семей оқытушылар семинария­сының шәкірттері, Тайыр Жомартбаев пен Мұстақым Малдыбаев, медресе тәмам­даған, оқыған азаматтар, ұстаз, ақын, журналистер, Абай­­дың жанында жүре­тін, заманындағы белгілі скрипкашы Мұқа Әділ­ханұлы ойынның әсерлі шығуына, жұрт­­шылық жүрегіне ұялауына тер төккен өнерпаз жандар.
Ойынның соңын ала басына қалқан ұстанған, үстіне оқ өтпейтін темір сауыт киінген, қару-жарақ­тарын асын­ған ерте замандардағы батыр көрінгенде таңданыста шек болмаған. «Онан соң Орал, Торғай, Жетісу, Семей облыс­тарының жас келіншектері өз киімдерімен көрсе­тілді. Ең ақырында қыз-келіншек, бозбала айнала отырып өлең айтысып, әдебиет кеші осымен сағат 12 жарымда тарқады» – деп жазды Міржақып Дулатов.
1917 жылғы ақпан және қазан айларындағы төң­керістердің қазақ қоғамын орап өткен жоқ. Қатар­дағы көптің бірі емес зиялы қауым санатындағы Құлжановтар отбасы бұл ұлы дүрбелең өзгерістерден тыс қалған жоқ. Нәзипа Сегізбайқызы оқытушылық қызметін атқарса, Нұрғали Құлжанов өз сенім-нанымымен күреске араласып, ақырында қайғылы қазаға ұшырады.
1920 жылы Семейден Ақмолаға ауысқан. Н.Құл­жанова уездік партия комитетінде жауапты қызмет атқарады. Ал 1922 жылы Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Сәкен Сейфуллиннің арнайы шақыртуымен газетке қызметке орналасып, редакция алқасы мүшелігіне сайланады. Сәкен Сейфуллин 1923 жылы жазған «Самұрық» өлеңін «Қазақстан әуе кемесіне жәрдем жинаушы бірінші қазақ әйелдері комитетінің бастығы Нәзипаға тартам» деген ескертпемен жариялапты.
Нәзипа Құлжанова 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналында, 1925-1929 жылдары «Әйел теңдігі» («Қазақстан әйел­дері») журналында жауапты хатшы қызметтерін ат­қар­ған. Сөйтіп, қазақ баспасөзі қызметкерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеуге үлес қосқан. Алайда, 1929 жылы денсау­лығының нашарлауына байланысты мәдени, ағарту­шылық жұмыстармен жүйелі шұ­ғылдана алмаған.
Бала кезінде Семей қаласында Құлжановтардың үйінде тұрып оқыған, қазір арамызда жоқ, қазақтың үлкен жазушысы Сапарғали Бегалин «Замана белес­тері» деп аталатын естелік кітабында олар туралы ерекше ілтипатпен жазған: «Сонан кейін әкем де ол кісілердің аты-жөнін сұрады.
– Менің атым – Нәзипа, фамилиям – Құлжанова. Ал жолдасымның аты – Нұрғали Құлжанов. Ол кісі школда сабақ береді. Бұл школды оқытушылар дайындайтын учительская семинария дейді. Мен өзім денсаулығым аз, қызмет істемеймін. Және кішкене баламыз бар деп арғы үйде Нәзипаның шешесі көтеріп жүрген кішкене баласын көрсетті. Сонымен әкемнің танысуы аяқталды». Осы еңбекте жазыл­ғанындай, бұл үйде тұрған жылдар – сауат ашу, орыс тіліне үйрену, қала мәдениетін меңгеру жағынан С.Бегалин үшін арнайы мектептен де маңызды болған.
Ерлі-зайыпты Құлжановтардан ұрпақ қалды ма дегенге келсек, ертеректе келтірілген өмірбаяндық деректерде 1915 жылы туған ұл балалары бар екендігі көрсетілген. Оны жазушы С.Бегалиннің «Замана белестері» мемуарлық романындағы фактілер де растайды. Олар көптен күткен тұңғыш перзент­тері Әулеттің дүниеге келуін зор қуанышпен қарсы алған. Ертіс жағасына, аралға апарып серуендетіп, қылықтарын қызықтауға тоймаған. Өкінішке қарай, қуаныштары ұзаққа созылмаған.
Н.Құлжанова артына мол мұра қалдырды. Газет-журналдардағы көптеген очерк, мақалалары бір төбе десек, «Мектептен бұрынғы тәрбие» (Орынбор, 1923), «Ана мен бала тәрбиесі» (Қызылорда, 1927) кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, ол көптеген авторлардың еңбектерін қазақшаға аударды. Олардың қатарында Б.Лавреневтің «Қырық бірінші» (1928), А.Куприннің «Лапылдап жанған крейсері» (1927), А.Скиталецтің «Дала соты» (1923), В.Короленконың «Күн тұтылғандағысы» (1923) бар.
Сонымен, сөзімізді түйіндесек Нәзипа Сегізбай­қызы Құлжанова көп қырлы талант деуге әбден лайық. Ол – ұстаз, ағартушы, қайраткер, журналист, жазушы, аудармашы. Ол – қазақ мәдениеті тарихынан өз орнын ойып алуға тиіс ірі тұлға.
Гүлжан КӘРІБЖАНОВА,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік
университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты.