Айшықты белестер
Академик Серікбай Бейсембаев – Қазақстан тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан тұлға
Негізін әріде М.Х.Дулати, Қадырғали би Қосымұлы, беріде Шоқан, Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханов қалаған отандық тарих ғылымы өзінің нағыз кемеліне Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары келді. Бұл үдеріске соғыстың алғашқы айларында Қазақстанға көшірілген Мәскеу ғалымдары А.М.Панкратова, Н.М.Дружинин, М.П.Ким және тағы басқалардың сіңірген еңбегі зор екенін атап өткеніміз жөн. Олардың белсенді ізденісі нәтижесінде 1943 жылы алғаш рет академиялық басылым – «Қазақ ССР тарихы» жарық көрді.
Академик Серікбай Бейсембаев – Қазақстан тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан тұлға
Негізін әріде М.Х.Дулати, Қадырғали би Қосымұлы, беріде Шоқан, Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханов қалаған отандық тарих ғылымы өзінің нағыз кемеліне Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары келді. Бұл үдеріске соғыстың алғашқы айларында Қазақстанға көшірілген Мәскеу ғалымдары А.М.Панкратова, Н.М.Дружинин, М.П.Ким және тағы басқалардың сіңірген еңбегі зор екенін атап өткеніміз жөн. Олардың белсенді ізденісі нәтижесінде 1943 жылы алғаш рет академиялық басылым – «Қазақ ССР тарихы» жарық көрді.
Тарихшы-ғалымдардың жетістіктері 1945 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының ашылуына септігін тигізді.
Болашақ академик Серікбай Бейсембайұлы Бейсембаев майданнан аман-есен оралған соң тарих ғылымы саласына ат басын тіреді. Қазіргі өлшем бойынша қарасақ, С.Бейсембаевтың зерттеуші ретінде қалыптасуы тым кеш басталып, ғылымға кездейсоқ келген сияқты көрінетіні рас.
Біріншіден, тарих мамандығы бойынша оның жоғары білімі туралы дипломы да жоқ еді. Харьков сауда институтының түлегі (1936 ж.) болғандықтан өмірінің 20 жылын Партия тарихы институтының басшылығында өткізетінін өзі де елестете алмаған шығар. Екіншіден, тарих ғылымдарының кандидаты атағын 40-қа толғанда ғана алды. Бүгінде 40 жасында ғылым кандидаты болғандарды болашағынан үміт күттіретін ғалымдар есебіне жатқызбайтынымыз құпия емес. Үшіншіден, іргелі ғылыммен айналысуын 45 жасында, оның өзінде КОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының қазақстандық филиалы – Партия тарихы институтының директоры қызметіне тағайындалған соң бастады.
Бірақ, табиғи талантының, зерттеушілік дарынының ерте ме, кеш пе жарқ етіп шығатыны айдай анық еді. Соғысқа дейінгі жылдардың өзінде ол білікті дәріскер, үгітші және педагог ретінде көзге түсті: 1938 жылы Алматыдағы үгітшілердің комсомолдық мектебінің директоры қызметіне тағайындалса, 1940 жылы Минск қаласындағы ерекше әскери округтің әскери-саяси училищесіне партия тарихының оқытушысы жолдамасымен жіберілген еді. Бір жылдан кейін Ұлы Отан соғысы басталды. Ақ финдермен соғысқа қатысқан Серікбай Бейсембайұлы қолына қару алып, Сталинградтан Вильнюсқа дейін жетті, 1944 жылы ауыр жарақаттанды. Әскери офицердің ерен ерлігі «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен және де көптеген медальдармен бағаланды.
Ғылыми жұмысқа жегілуі 1946 жылы басталды. Алғашқыда Алматы партия мектебі директорының орынбасары қызметін атқарса, 1948-1951 жылдары КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқыды. 1952 жылдан 1957 жылға дейін ҚазМУ проректоры, Қазақстан Компартиясы ОК ғылым және мәдениет бөлімінің меңгерушісі тәрізді жауапты қызметтерді атқарды. Сөздің реті келгенде айтар болсақ, С.Бейсембаев – екі соғысқа қатысып, Қазақстан Компартиясы ОК ғылым және мәдениет бөлімін екі рет (1952-1957 және 1960-1963 жж.) басқарып, сонша рет Партия тарихы институтының директоры (1957-1960, 1964-1980 жж.) қызметін атқарған тұлға.
Ғылымнан алыстау басшылық қызметтеріне қарамастан Серікбай Бейсембайұлы шығармашылық өсу мақсатынан ешқашан қол үзбеген еді, ғылыми және публицистикалық мақалалар жазды, С.Мұқановтың «Сырдария» романын орысшаға аударды, кітапханалар мен мұрағаттардағы ізденістерін жалғастырды.
С.Бейсембаевтың зерттеуші және ғылымды ұйымдастырушы ретіндегі таланты КОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының қазақстандық филиалын басқарған кезінде жарқырай көрінді.
Бұған елдегі қоғамдық-саяси жағдай да өз әсерін тигізді: жеке басқа табынушылықты сынау мен хрущевтік жылымық жазықсыз жазаланып, қуғындалған ақын-жазушылардың шығармашылық мұраларының қайта оралуына, Е.Бекмахановқа қатысты әділеттіліктің қалпына келтірілуіне жағдай жасады; Ә.Марғұланның жетекшілігімен Ш.Уәлиханов еңбектерін кешенді зерттеу мен баспаға дайындау басталды; Қазақстанның оңтүстігінен археолог Х.Алпысбаев алғаш рет тас дәуірінің ескерткіштерін тапты; ұлт мақтаныштары – М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды.
Жаңа директор өзінің білімі мен тәжірибесіне арқа сүйей отырып, ғалымдардың күш-қуатын біріктіре, ұжымды көлемді де кешенді ғылыми еңбектер жазуға бағыттай алды. Бұл мақсаттарға жету үшін өз ісін білетін, талантты мамандардың басын қосу және зерттеудің деректік базасын кеңейту керек болды. Қысқа мерзім ішінде екі міндет те тамаша орындалды. Дәл сол 50-жылдары ол әлі ешкімге таныс емес Қостанай пединститутының оқытушысы Манаш Қозыбаевты институтқа жұмысқа шақырған еді.
Марксизм-ленинизм институтының қазақстандық филиалы қабырғасында ірі мамандар – П.М.Пахмурный, А.Ғ.Сармурзин, А.А.Байшин, З.А.Голикова, А.А.Игенбаев және т.б. өсіп шықты. Жиырма жылдан соң республиканың ғылыми қауымы академиктің 70 жылдығын атап өтіп жатқанда «Казахстанская правда» газеті белгілі мәдениет зерттеушісі Р.Сүлейменовтің мақаласын жариялады. «Ғалымның сіңірген еңбегі» деп аталатын бұл мақалада: «С.Бейсембаев тынымсыз, еңбекқор зерттеушілерді дөп басып, анықтай алатын қасиетке ие. Бір айта кететінім, жанының жайсаңдығымен, педагогикалық ұстамдылығымен, білімімен және тәжірибесімен қазіргі кезде докторлар мен ғылым кандидаты болып табылатындарды, оннан астам жас ғалымдарды қанаттандырып, тәрбиеледі», деген жолдар бар. Академикті жақсы білетін және оның әкелік қамқорлығын көрген Рамазан Бимашұлының жүректен шыққан сөзі директор мен оның шығармашылық ұжымының әлеуметтік-кәсіби өсу механизмінің құпияларын, мәні мен мазмұнын ашады. Әкімшілік өктемдікпен, жекірумен емес, керісінше, мамандарға деген ұстамды және қамқор қатынастар оларды пікірлестер ретінде топтастырды.
Дүниетанымының кеңдігі, ғылыми ізденістерінің жан-жақтылығы, ауқымды фактілер мен материалдарды қорыта білетіндігі оның халықаралық конференциялар мен симпозиумдардағы баяндамаларынан ерекше айқын байқалады. Ғылыми пайымы, өмірлік ұстанымы және әлеуметтік-кәсіби тәжірибесі бойынша С.Бейсембаев нағыз патриот және шынайы интернационалист еді. Оның бойындағы патриотизм мен интернационалистік қасиеттердің ажырамастығына бұлтартпас дәлел – институт қызметкерлері дайындаған «Ұлы достықтың жемісі», «Ұлы достықпен қуаттымыз» кітаптары. Оларда біздің республикамыздың мемлекеттік, экономикалық және мәдени дамуына КСРО халықтары көрсеткен көмегінің тарихи тәжірибесі алғаш рет кешенді түрде баяндалған.
С.Бейсембаевтың басшылық қызметіндегі белесті табыс – «Қазақстан Компартиясы тарихы очерктерін» сәтті шығарғаны. Әрине, осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған бұл еңбек қазіргі кезде КОКП-ны жойдасыз мадақтаудай көрінетіні рас. Бірақ біз мынаны ұмытпағанымыз жөн: «Очерктер…» алғаш рет іргелі түрде Қазақстанның саяси тарихын қорытты, әр текті фактілерді, мәліметтерді және деректерді топтастырды, Қазақстан тарихын зерттеуші ғалымдардың абыройын арттырды. «Очерктердің…» жарық көруі ғылыми-тарихи ойдың қазақстандық тағы бір орталығының қалыптасқанын көрсетті. Ал бұл межеге оны С.Бейсембаев жеткізді.
С.Бейсембаевтың ғылыми-басқарушылық қызметінің басты бағыттарының бірі марксизм-ленинизм классиктерінің еңбегін қазақ тіліне сапалы түрде аударуды қамтамасыз ету болды. КОКП съездерінің шешімін, ОК бас хатшысының көптомдығын, социалистік идеяларды тарату мен насихаттауды қазақ тілінде сөйлету, тілдік ортаның орыстануына кедергі жасап, байырғы этностың саяси және ғылыми тілдік қорының баюына әсер етті.
Серікбай Бейсембаев Қазақстанның тарихи-партиялық ғылымының басында 20 жылдай тұрғанымен тоталитарлық идеологияның тұтқыны бола қойған жоқ. Оның қаламынан немесе Партия тарихы институты атынан шыққан шығармаларда қазақ қоғамындағы олқылықтар назардан тыс қалмады, өлкедегі патша үкіметінің отаршылдық саясаты, кеңестік ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеу, 1931-1933 ж.ж. жаппай ашаршылық пен 1937-1938 ж.ж. саяси қуғын-сүргін туралы сыни қорытындылау мен бағалаулар берілді.
60-жылдардың аяғында С.Бейсембаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен «Кеңес үкіметі үшін күрескендер» топтамасы қолға алынып, соның аясында Т.Балақаевтың – Н.Нұрмақов, Р.Сүлейменовтің – Т.Жүргенов туралы кітаптары жарыққа шықты. 1974 жылы С.Бейсембаев және С.Көлбаев, көлемі кіші болса да, мазмұны терең «Тұрар Рысқұлов» деген брошюраны шығарды. Ұлттық тарихнамадағы осынау елеулі еңбек ХХ ғ. 20-30-ж.ж. қазақ көшбасшысының қызметі мен өмірі туралы мәліметтерді жүйелеуге жол салды. Демек, С.Бейсембаев қазақстандық тұлғатану мен қазақ зиялыларының тарихын зерттеудің бастауында тұрды десек, артық айтқандық емес.
С.Бейсембаевтың басты еңбегі 1968 жылы жарық көрген «Ленин және Қазақстан» монографиясы еді. Кітап Қазақстанның ғылыми қауымы мен сырттағы әріптестерінен биік баға алды. Зерттеу хронологиялық жағынан 1887-1924 жылдар аралығын қамтиды. Әрине, қазіргі күннің биігінен бұл кітаптың тұжырымы мен қорытындыларын сынау жеңіл. Бірақ тарих алдында адал болу керек. Біріншіден, тоталитарлық-коммунистік режим Ленин мұраларын зерттеуге сенімді және білікті мамандарды ғана жіберетін. С.Бейсембаев дәл сондай маман еді. Екіншіден, Лениннің 1917-1924 ж.ж. Қазақстан тарихындағы рөлі зор. Оның мақұлдауымен Кирревком, Түркістан АКСР-і, Қазақ АКСР-і құрылып, Қазақ республикасының мемлекеттік шекарасы анықталды, мемлекеттік және партиялық жоғарғы органдарға А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелдин, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, С.Асфендияров және т.б. қазақ қайраткерлері көтерілді. Үшіншіден, бүгінгі күні тұлғаның тарихтағы орны дәл кешегідей айрықша өзекті. Міне, сондықтан да «Ленин және Қазақстан» монографиясы тарих ғылымы дөңгелегін кері айналдырған жоқ, ал оның авторы өз заманының методологиялық және теориялық мәдениетінің жоғары деңгейін көрсете алды. Егер де біз осындай кітаптардың ішіне үңіліп, эвфемистік ойын түсіне алатын болсақ, онда бәсекеге қабілеттілігімізді дәлелдей алғанымыз.
«Ленин және Қазақстан» монографиясы авторға атақ-даңқ пен танымалдық әкелді. КОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының ғылыми Кеңесінің шешімімен 1969 жылы оған тарих ғылымдарының докторы атағы берілді, 1970 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. С.Бейсембаевтың отандық ғылымға қосқан үлесі бағаланып, оған Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер атағы берілді, мүше-корреспонденттікке (1970 ж.) сайланып, кейіннен Қазақстан ҒА-ның академигі (1975 ж.) болды. Дәл осы 1975 жылы Партия тарихы институтының ғылыми-зерттеушілік, деректанушылық және аудармашылық қызметі мемлекеттік награда – Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институты жоғарғы мемлекеттік наградаға ие болған алғашқы және соңғы оқиға еді.
С.Бейсембаев қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрді. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ОК мүшелігіне кандидат, Алматы обкомы мен қалалық комитетінің мүшесі ретінде де қыруар істер атқарды.
1989 жылы осындай тамаша адамның жүрегі соғуын тоқтатты. Шәкірттерінің, әріптестерінің, құрдастарының, білетіндердің – бәрінің есінде қарапайым, зиялы адам бейнесі, азамат және ғалым, ғылымды ұйымдастыра білген басшы келбеті қалды.
Өмір жалғасуда. Бүгін Қазақстанда Отан тарихы, саясаттану, тарихнама, деректану және тарихты зерттеудің методологиясы мамандықтары бойынша жаңа буын зерттеушілер қауымы өсіп шықты. Құжаттық жинақтар, жаңа үлгідегі тарих оқулықтары баспадан жарық көріп, ғылым мен халық санасындағы «ақтаңдақтардың» орны толтырылуда. Осындай жаңашылдық, сонымен қатар, дәстүрлі үрдістерде аға ұрпақтың тағдыры мен еңбегінің, соның ішінде Серікбай Бейсембайұлы Бейсембаевтың да үлесі бар.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
АЛМАТЫ.