Президент • 28 Желтоқсан, 2018

Мемлекет басшысы 2018 жылдың басты оқиғаларын қорытындылады

414 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы жыл қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында биылғы жылдың маңызды оқиғаларын атап өтті.

Мемлекет басшысы 2018 жылдың басты оқиғаларын қорытындылады

«2018 жылдың басында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық еттік. Сонымен қатар биыл АҚШ-тың президентімен кездесу өткізіп, келіссөздер жүргіздік. Естеріңізде болса, Орталық Азия басшыларының басын қостық. Мұндай оқиға бұрын соңды болмаған еді. Бұл кездесу енді жыл сайын өтетін болады. Орта Азия елдерінің басын қосатын маңызды жиын келесі жылы Ташкент қаласында өтеді», деді Президент.

Сондай-ақ Елбасы VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін атап өтті.

«Қазақстан биыл әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосты. Бұл жиында әлем бойынша өзекті дін мәселесі жан-жақты талқыланды.  Басқосу барысында көптеген көкейкесті сұрақтар өз шешімін тапты. Келесі съезд 2021 жылы біздің елде өтетін болды», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң, Нұрсұлтан Назарбаев Арал форумы мен Каспий саммитін сөз етті.

«Биыл Арал форумы мен Каспий саммитін жоғары деңгейде өткіздік. Бұл саммит Каспий мәртебесін еселей түсті. 20 жыл бойы осындай маңызды жиынның өтуіне еңбек еттік. Нәтижесінде Каспий конвенциясына қол қойылды. Каспий теңізі көршілес елдердің арасындағы ынтымақтастық пен арадағы қарым-қатынасты нығайта түсті», деді Елбасы өз сөзінде.