Елбасымыз халыққа Жолдауында атқарылатын міндеттердің қатарына экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу жайлы Үкіметке шегелеп тапсырды. Бұл ежелден үлкен өндіріс ошақтары бар ірі мегаполис қалаларға ғана емес, мемлекеттің бөлген қаржысына күн көріп келе жатқан аудан, қалаларға да қатысты. Елімізде шағын және орта бизнесті барынша ынталандырып, қолдау көрсету түбі үлкен табысқа әкелетіндігі сөзсіз.Осындайда еске түседі, сонау бір жылдары Үрімшідегі төрт тілде шығатын “Шыңжаң” газетінің шақыруымен аспан асты еліне жолымыз түсті. Обалы кәні, газет басшылығы қазақ, ұйғыр тығыз қоныстанған аймақты түгел аралатып, жағдайларымен таныстырды. Сапар соңында таман Үрімші қаласындағы көшемен келе жаттық. Бір қалтарыста бізде атқа жегетін арба сүйреген адам алдымызға түсті. Айналып өтуге жан-жағымыз толған мәшинелер. Жаяу және жүк тиелген арба сүйреген адамның мимырт жүрісі белгілі. Мәшинеміз да тасбақадай тырбаңдап қалды. Шыдамы таусылғандар, әрине, біздер, әке-шешеден сыбап жатыр. Біздің қытай шопыр бүлк етпейді. Жүйкесі мықты екен. Алдымыз алқымға тығылған ашудан көгеріп-сазара бастағанда арба сүйреген адам діттеген жеріне жетіп, бұрылып кетті. Қытайдағы әріптес қазақ журналистері күледі.
– Қытайға әлемдік экономикаға әсер етуге күш берген осы шағын және орта бизнес. Мемлекет басшылары самса пісіріп, шұлық тоқыған, етік тіккен адамдарға дейін қамқорлығына алып, салық салушылар мен тексеруші орындардың мазаламауын, жауапкершілікке тартылатындығын ескертті. Қытайдың қалай жазалайтынын білесіздер. Жаңа арба сүйреген азамат та өз еңбегімен күн көрген шағын кәсіпкер. Қытайды әлемге танытқан да осылар.
Бұрын да естіп жүрген әңгімеміз ғой, әйтсе де ойланып қалдық. Тиісті бақылау органдарының шағын кәсіпорын ашылған күннен бастап жалаңдап бара беретіндігі болмаса біздің елде де шағын және орта кәсіпкерлікке айырықша назар аударылып жатыр. Жақында Ордабасы ауданына бардық. Жеке кәсіпкер Ж.Ешмұратовтың тәулігіне 3 тонна шұжық өнімін өндіретін цехы іске қосылған. Жаңа 10 жұмыс орны ашылған. Құны 35 мың доллар құрайтын цехтың қондырғылары Ресей, Германия елдерінен әкелініпті. Әлеңкедей жаланып тұрмағанымен шағын аудан қажетін өтей алады.
“Ырыс” өндірістік кооперативті де тәулігіне 1,5-2 тонна шұжық өндіретін шағын цехын іске қосыпты. Мұнда 20 адам жұмыс жасап, отбасының ризығын айыруда. Сырттан тасымалданған емес – отандық өнім. Қазір шағын болғанымен күні ертең үлкен кәсіпорындарға айналып кетпесіне кім кепіл. Ең бастысы, тәуекелге белбайлау ғой, табыссыз қалмайды.
Германияның “Сименс” сауда маркасы дүние жүзіне әйгілі. Осы фирманың аты аталса өнеркәсіп орындарының басшылары ішкен асын жерге қояды. Қондырғыларының әлемде бәсі үлкен. Басқы тарихын оқығанбыз. Әу баста Сименс деген бір пақыр инженерден басталыпты. Өнертапқыш екенінде талас жоқ, әр нәрсені түртінектеп жүреді екен. Сызбалар сызады. Бірақ қолы қысқалау болған соң шағын дүниелер жасап күн көріпті. Бір алпауыттардың көңілі түседі де қондырғыларын жасап көруге қаржы бөледі. Нәтижесін көріп отырсыздар.
Сөз реті келген соң айтып жатқанымыз ғой. Ордабасы ауданында да Қазақстанда бәсі жоқ үлкен серпінді жоба іске асқалы жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Шоқан Кенжеев әңгімелеп берді. Аудан көлемінде жұмыссыздықты азайту, тұрғындарды еңбекке тарту мақсатында “Ордабасы құс” ЖШС-нің Бадам ауылында өндіріс қуаттылығы жылына 4,8 мың тонна (тірідей салмақпен) күркетауық етін өндіретін кешенді күркетауық фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Инвестициялық жоба құны 3 млрд. 294 млн. теңге, оның ішінде 715 млн. теңге “Ордабасы құс” ЖШС-нің өз қаржысы. Технологиялық негізін арнайы қондырғылармен жабдықтау үшін 2 млрд. 579 млн. теңгенің бизнес жобасы әзірленіп, “ҚазАгроқаржы” АҚ-қа ұсынылып, жобаны 7 жыл мерзімге, 6 пайыз жылдық үстемемен несиелендіру мәселесі шешіліпті. Бүгінгі күнге “ҚазАгроқаржы” АҚ-тан 1 млрд. 107 млн. теңге нақты қаржы игеріліп, 83 млн. теңгесі құрылыс саласына жұмсалған. Жоба толығымен 2010 жылдың ІV тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.
Аймақтық инвестициялық орталық “Максимум” ЖШС-не Ордабасы ауданы бойынша барлығы 331 млн. 638 мың теңгеге 197 жоба тапсырылды. Бүгінгі күнге нақты 44 жоба 65 млн. 170 мың теңгеге қаржылық комиссиясының оң қорытындысын алып, оның ішінде 27 жоба 42 млн. теңгеге қаржыланды. Атап айтқанда, мал шаруашылығына 23 жоба 22 млн. теңгеге, егін шаруашылығына 2 жоба 4 млн. теңге, жылыжай құрылысын салуға 2 жоба 16 млн. теңгеге қол жеткізбек.
Шұбар елді мекенінде орналасқан шошқа өсіру кешені кеңес дәуірінде типтік жобада құрылған, барлық санитарлық және экологиялық талаптарға сай келеді. 8000 бас шошқа ұстап бағуға мүмкіндігі бар. Қараусыз қалған кешенді өз басқаруына алған “Ордабасы” асыл тұқымды кешені” ЖШС “Агрохолдинг “Оңтүстік” ЖШС- мен бірлесіп инвестициялық құны 141 млн.602 мың теңгенің бизнес жобасын іске асыруда. Осының 4 млн. 700 мың теңгесі серіктестіктің өз қаржысы. Жобаны қаржыландыру “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ЖШС арқылы оң шешімін тапты. Жоба толық 2010 жылдың ІІІ тоқсанында іске қосылып, 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.
Бұған қоса, Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылынан “Қайнар май” акционерлік қоғамы табиғи жылы су көзін пайдаланып 240 орынға арналған демалыс-емделу профилакторийін салу жобасын іске асыруда. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 50 млн. теңге. Жоба толығымен 2010 жылдың І-ші жартыжылдығында қолданысқа беріліп, 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Әрине, Ордабасы ауданында барлық мәселелер оңды шешімін тауып жатыр, бәрі де жеткілікті деп айтуға болмайды. Шоқан Кенжеев айтқандай, ауыл шаруашылық жерлерін түгендеу барысында игерілмей жатқан 2 648 га суармалы, 12 937 га тәлімді, барлығы 15 585 га жер анықталыпты. Бүгінгі таңда 302 құрылымның мақсатты пайдаланбай отырған жалпы 5835 га жерлерін мемлекетке қайтару жөнінде өңіраралық жер инспекциясына ұсыныс берілген. 32 шаруа қожалық пен 6 заңды тұлғаның 323 га жері, оның ішінде 71 га суармалы, 49 тәлімі және 203 га жайылымдық жер аудандық арнайы жер қорына қайтарылды.
Бірінші кезекте Төрткөл, Қарақұм, Жеңіс және Бөген ауылдық округтеріндегі 2090 гектар егістік жердің сорлануы мен жер құнарының жылдан-жылға төмендеуі алаңдатады. Осы күнге дейін иесі болмағандықтан аудан көлеміндегі 183 тік дренаждар талан-таражға ұшырап, 344 шақырым көлденең коллекторлар жарамсыздықтан істен шығып, жер сорлануда. Егер осы ауылдық округтердегі тік дренаждар іске қосып, көлденең коллекторлар мен R-11С, R-11К, R-14 және “ЛБК” каналдары тазаланып, “Құрманбек” каналы пайдалануға берілетін болса, пайдаланылмай жатқан 2090 га жер толық игеріліп, егілетін мақтаның өнімділігі артып, жердің құнарлылығы сақталып, жер асты суларының деңгейі төмен түсетін еді. Ауылдардың инфрақұрылымдары мен әлеуметтік құрылыстарының құздануы тоқтатылып 3,5 мың адам жұмыспен қамтылған болар еді.
Сондай-ақ, Қараспан ауылдық округіндегі ұзындығы 24 шақырым “Қазан” арығы тазаланатын болса, су жетіспегендіктен айналымнан шыққан 906 га егістік алқабы қайта игеріліп, сол каналдан суарылатын жалпы 4266 га суармалы жерлер толыққанды ағын сумен қамтамасыз етіледі. “Қазан” арығы “Оңтүстіксушар“МКК-ның балансында. Жобалық-сметалық құжаттары бар. Аудан тарапынан каналды механикалық тазалау үшін тиісті құжаттар облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсынылған. Бірақ республикалық бюджеттің меншігінде болғандықтан қаржы бөлінбей отыр. Егер осы жұмыстар атқарылса 126 адам жұмысты болар еді.
Аудан әкімі осы мәселелерді облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің назарына ұсыныпты. Шешімі табылса талай күрмеулі мәселелердің түйіні ағытылар еді. Суармалы жерлердің көлемі көбейіп, құзданып бара жатқан алқаптардың өңі кірер еді. Қазір бұл проблемамен облыс басшылығы айналысып жатыр. Бұл бір демде шешіле салатын мәселе емес. Әйтсе де халық жақсы күндерден үмітті.
Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы,Ордабасы ауданы.
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК КЕПІЛІ
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында қай кезде де сауатты сауда саясатының экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне қолдау көрсететіндігі айтылған. Жолдауда “Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Бе-ларусьпен Кеден одағының құрылуы – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серіппелілігі” деп үш елдің қатысуымен қаржы мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы орнығатынына маңыз берілген. Мұның өзі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындардың жаңа рынокқа шығуына және бәсекелестік артықшылықтарын пайдалануына мүмкіндік беретінін көреміз. Құнды құжатта айтылғандар өңірде жалғасын тауып, түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.
Осыған байланысты Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Кедендік одағы аясындағы кедендік-тарифтік реттеу мәселесіне байланысты облыс аумағындағы кәсіпкерелер, кеден, салық және шекаралық қызметтер, қоғамдық ұйымдар мен аудан, қала әкімдері және басқа да басқарма мен департамент басшылары құжатқа қатысты мәселелерді ортаға салып, алдағы жұмыстарының тиянағын келтіруге бетбұрыс жасауымен ерекшеленуде.
Аталған басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов Кедендік одақтың жұмысына байланысты саудадағы тәуекелшілдік пен бағаға қатысты, тауарларды әкелу мен шығару барысындағы салық салу мен акциздер және тағы басқа жағдайларды талқылау қажеттігіне тоқталса, өңірдегі сыртқы сауда айналымы жайлы Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Қ.Артықбаевтың тұжырымдары да толықтыра түсті.
Өткен жылғы сыртқы сауда айналымы өңірде 2 млрд. 518 млн. АҚШ долларын құраған. Жалпы сауда айналымы көлемінің 77,7 пайызын сырттан әкелінетін импорт құраса, 10,5 пайызын экспорт және 11,9 пайызын басқа режімдегі айналым жабады екен. Осы орайда сыртқы экономикалық қызметтегі негізгі серіктестер ҚХР, Ресей, Германия, Түркия, АҚШ және Украина ретінде қалыптасып, өзара байланыс орныққанын да айтқан жөн. Кедендік тәртіпке байланысты жасалған салыстырмалы талдау нәтижесінде экспорт көлемі 24 пайызға артқанымен өткен жылы бұған дейін импорттың басым бөлігін жапқан өзге елдерден жеткізілетін тауарлар көлемінің азайғаны да айтылды.
Алайда, 2009 жылдың қорытындысы бойынша кедендік бақылау департаменті мемлекеттік бюджетке 46 млрд. 998 млн. теңгенің кедендік салықтары мен төлемдерін түсіріп, облыстың кеден органдарынан түскен салықтар мен төлемдердің тұтастай түсімдегі үлес салмағы 40 пайызды құрапты. Әрине, бұл жақсы нәтиже. Ақпан айында Кедендік одақтың бірегей кедендік тарифі күшіне енгеніне және соған сай автокөліктерге кедендік салықтың өскеніне байланысты шетелдерден автокөлік құралдарын әкелу күрт кеміп кетеді деген жорамал айтылуда. Сондықтан кедендік салықтар мен төлемдер жиынтығының төмендеуіне жол бермеу бағытында жұмыс жандандырылып, оның көздерін бәсекеге қабілетті тауар өндірумен толықтыру көзделген.
Үстіміздегі жылы өңір аумағындағы мердігерлер шетелге шығарылған материалдарды қолданатын көптеген жол-құрылыс жұмыстары жоспарланғандықтан алдағы уақытта өзге елдерден аталған өнімдерді әкелетіндер жайлы ақпараттар алу үшін облыстық әкімдіктің көмегі қажет. Нақты ақпаратты сараптап, құрылыс материалдарын уақытылы кедендік ресімдеуден өткізуге дайын болу жағы қарастырылуда. Қазіргі кезде облыс бойынша кедендік бақылау департаменті арқылы кедендік ресімдерді жүзеге асыратын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың көпшілігі өңір экономикасының субъектілері еместігі де сөз болды. Таратып айтқанда кедендік ресімдер жасайтын 7000 сыртқы экономикалық қызметке қатысушының 5000-ы Қазақстанның Алматы және тағы басқа қалалардағы коммерциялық құрылымдары екенін көреміз.
Еліміздегі даму стратегиясының басым бағыттарының бірі кәсіпкерлер бастамаларын толық жүзеге асыруға жағдай жасаудың бір тетігі ретінде бағаланса, оны одақтың құрылуымен байланыстыруға болады. Жүйе бойынша алғашқы кезекте үшінші елден келген барлық тауар үшін бірегей кедендік бақылауды қарастырып, мұндай бақылаудан өткен соң тауарлар үш елдің өз арасында еркін тасымалданатындығымен өлшенеді. Сондай-ақ, Ресей, Беларусь және Қазақстанда өндірілген өнімдер мен тауарлар осы үш мемлекет арасында еркін қозғалып, экономиканың белсенділігіне жол ашылады. Алдағы жылдың 1 шілдесінен Қазақстан мен Ресей шекарасында кедендік ресімдеу жұмысы жүргізілмейтіні, 2011 жыл-дың 1 шілдесінен бастап тауарларды кедендік бақылау одақтың сыртқы шекараларына ауыстырылатыны да жиналғандар назарын аударды. Аталған одақтың негізгі элементі – үш елге қатысты бірегей сауда саясаты мен кедендік тариф болып қалады. Одаққа қатысушы елдер арасында бірлескен кәсіпорын құрудағы жұмыстар да басталыпты.
Мемлекеттер арасындағы сауда-саттық, өзара байланыстың экономикаға тигізетін әсері мол. Осы мақсатта Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одағы аясындағы тарифтік реттеудің артықшы-лығы мен ерекшелігі кедендік салық салынбайтын тауарлардың тізімі жөнінде әңгіме қозғалды. Салық салынбайтын тауарлар тізбесі де анықталған. Сонымен қатар, олардың қатарында қалайыдан жасалған бұйымдарға салық 5 пайызға дейін төмендетілген. Мұның өзі бұған дейінгі екі ел арасындағы байланысты одан әрі жақсартатынының дәлелі.
Соңғы жылдары азық-түлік саласында халық көп тұтынатын қант жетіспеушілігі жиі сөз болып отыр. Бұған мемлекет тарапынан нақты қолдау да көрсетіліп, қант қызылшасын өсірушілерге қаржылық қолдау көрсетілуде. Дей тұрсақта, аталған өнім әлі де сырттан экспортталатындығын көреміз. 2010-2019 жылдар аралығында Аргентина, Бразилия және Кубадан тасымалданатын аталған шикізатқа қатысты өнімді өнеркәсіптік өңдеуге қатысты кедендік салық салынбайтындығын да көп жеңілдік деуге болады. Ол үшін шеттен келетін қанттық шикізаттың еліміздегі қант өңдейтін кәсіпорындарды қамтамасыз етуге арналғаны туралы қорытындысы болса жеткілікті. Сондай-ақ, Үкіметтің сырттан әкелінген шикізат пен одан өндірілетін қант Ресей Федерациясы мен Беларусь мемлекеттері аумақтарына қайта өткізілмейтіні жайлы кепілдігі қажет. Осылайша бұл шаралар өңірдегі қант зауыттарының жұмысының көлемін арттырып, толыққанды жұмыс істеуіне негіз болады деп күтілуде.
Талдықорғандағы “Қайнар АКБ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Қ.Әжмағамбетов Кедендік одақтың ертеңі жайлы былай деді:
– Кедендік одақ тауарлардың шектеусіз және кедергісіз еркін саудасын қалыптастырып, толық көлемде орындалуын қамтамасыз ететін еркін саудаға жол ашатындығымен құнды. Сондай-ақ, одаққа кірмейтін үшінші елдерге қатысты бірегей кедендік тарифті қолдануға да мүмкіндік береді. Кәсіпорынға аккумуляторлар өндірісіндегі осы өнімді шығарудағы ТМД елдерінің экономикалық қуатын жаулап алған Украинадан жеткізілетін аккумуляторлық өнімдерден қорғану үшін аса қажет. Сонымен бірге, одақтың дайындық деңгейлеріне қарай ЕурАзЭҚ-тың қалған елдерінің енуіне ашықтығы да көңіл қуантады.
Кеңесте Кедендік одақтың еліміздегі шикізаттық емес экономиканың дамуына даңғыл жол ашатынын, ол үшін бірінші кезекте өткізу рыногы қажеттігі де жіктелді. Өйткені, нарық талабы болмаса, өнді-рістің бәсекеге қабілеттілігі туралы айту мүмкін емес. Демек, аталған одақ берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өңір экономикасын нығайтудан қалыс қалмау қажеттігі күн тәртібіне өткір қойылды.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.
МҰНАЙ ҚАЛДЫҚТАРЫ КӘДЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында елімізді 2020 жылға дейінгі индустрияландыру бағыттары айқындалды. Оның ішінде Сыр өңірінде жүзеге асырылатын жобалар да аз емес. Олардың негізі Оңтүстік Торғай иінінде жерасты қазба байлықтарын игеріп жатқан шетелдік компаниялардың облыстың игілігі үшін қызмет жасайтын жобаларына қатысты.
Әлбетте, жалпы құны бірнеше ондаған миллиард теңгені құрайтын бұл жобалар облыс экономикасын серпінді дамытып, аймақтың әлеуетін арттырумен бірге жергілікті жердегі шағын және орта бизнестің дамуына оңды ықпал жасайтыны белгілі.
– Облыс төңірегінде аймақ басшысы Болатбек Қуандықовтың қолдауымен игілікке қызмет жасайтын бұл жобалар республиканың индустрияландыру картасына енгізілгені мәлім, – дейді “Эко Servіce” фирмасының директоры Мусиф Жарылқасынұлы. –Ал бұл ауқымды жобалар жергілікті жердегі жаңалықтың жаршысындай болған біз секілді ондаған шағын және орта бизнес өкілдерін өзіне тартып, өңірде жаңа салалардың өркендеуіне мүмкіндік береді. Осының барлығы Елбасының Жолдауда атап көрсеткеніндей, елімізді индустрияландырудың жаңа бағытта қарқынды дамып, шикізаттық емес саланың дамуына ерекше мүмкіндік жасайды.
Мысалы, Қызылорда өңірінде Ақшабұлақ кенішінде газ-турбиналы станса салынуда. Жоба бойынша ілеспе газды өңдеп, тұтынушыларға жеткізудің тірлігі қолға алынуда. Газ өңдейтін қондырғының екінші кезегі пайдалануға берілгенде Сыр өңірінің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Осылардың негізінде облыс орталығына тартылатын электр желісі экологиялық мақсатта тиімді жұмыс істейтін фирмалардың өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Айталық, мұнай өндірудің қазіргі деңгейін сақтап немесе оның көлемін ұлғайту жөніндегі межелерді жүзеге асыру жаңа мұнай ұңғымаларын ұдайы іске қосумен сабақтасып жататыны заңдылық. Ал мұндай жұмыстарды атқару кезінде жергілікті жердің экологиялық талаптары бұзылуы әбден мүмкін. Құмкөл кен орнын алғашқы игерген жылдары мұндай келеңсіздіктерге оншалықты мән беріле қойған жоқ. Фирма директорының пікірінше, қазір Үкіметтің экологиялық заңдылықтарды сақтауға қатысты талаптары күшейе бастады. Осыған орай мұнай компаниялары жер бедерін осы зиянды заттардан тазарту үшін жаңа технологияларға жүгінуге мәжбүр болуда.
– Ал біздің фирма нақ осындай мұнай қалдықтарынан бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру мқсатында жаңа технологияларды енгізу бағытында жұмыс істемекші,– дейді ол әңгімесін жалғастырып. –Біздің мамандар бүлінген топырақ қабаттарын мұнай қалдықтарынан тазартып қана қоймай, оларды жергілікті жердің инфрақұрылымына пайдалануға мүмкіндік алмақшы. Осыған орай Қызылорда–Құмкөл автомобиль жолының 175-шақырымында біз құрамында мұнай бар қалдықтарды залалсыздандырып, оны тазартып, қайта өңдейтін қондырғыны орналастырамыз. Сөйтіп, біз Қазақстанда “Крот-5” атты қондырғыны пайдалану арқылы мұнай қалдықтарын өңдеу технологиясын бірінші рет қолға алғалы отырмыз.
Фирма директорының айтуынша “Эконафт” технологиясы табиғи компоненттерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан бұл химиялық қондырғының зияны жоқ. Ал анығын айтқанда, бұл Ресей ғалымдарының Курск қаласындағы экологиялық қауіпсіздік институтында жасап шығарған технологиясы болып табылады. Аталмыш технологияны жасап шығару үшін фирма мамандары Курскіден дайындау технологиясын ғана алдырады. Ал оны өндіруге қажетті компоненттер Қазақстанның аймақта-рынан жеткізіледі. Негізгі компонент минералды қышқылдар болып табылады. Бұл сөндірілмеген әк немесе доломит, хром қышқылы болуы мүмкін. Сонымен бірге осы үш құрамның жиынтығы да негізгі компоненттің өзін құрайтын болады. Технология үшін былғары өндірісінің, ет комбинаттарының, май зауыттарының және осыған ұқсас өндірістердің май құрамдас қалдықтары қажетті шикізат болып табылады. Фирма директоры жаңа жобаны жүзеге асыру мақсатында қажетті шикізаттар табылатын өндіріс орындарымен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Фирма сөндірілмеген әкті Оңтүстік Қазақстан облысынан сатып алуды жоспарлап отыр. Бірақ оны Жаңақорған ауданында өндірудің мүмкіндіктері де қаралуда. Әзірге Жаңақорған ауданында өзіндік әк өндіруге немесе Шиелі ауданында доломитке қол жеткізуге ертерек. Бірақ, “Эконафт” технологиясының тартымдылығы сол, бұл өндірісті ерте ме, кеш пе жергілікті жердің шикізаты арқылы жолға қоюға әбден болады.
Таяу уақытта облыс өңірінде халықаралық дәрежедегі автомобиль жолы жобасының жүзеге асатыны белгілі. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автодәлізінің құрылысын салуға жүздеген фирмалар тартылатын болады. Ал жоғарыда айтылған технологияны пайдалана отырып, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу жолға қажетті құм-гравий қоспасына арналған шикізатты өндіріп шығаруға мүмкіндік береді. Бұл асфальт-бетон жамылғысының беріктігін едәуір арттырады. Жаңа технологияның бір қондырғысы жылына 15 мың текше метр қалдықты өңдей алады.
Сөйтіп, жергілікті кәсіпкерлер мұнай қалдықтарын өңдеп, өңіріміздің табиғи ахуалын жақсартып қана қоймай, оларды кәдеге жарату бағытында да жаңа технологияны батыл қолға алып отыр.
Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.
КҮН ТӘРТІБІНДЕ – КАДР МӘСЕЛЕСІ
Астанада “Самұрық Қазына” ҰӘҚ” АҚ пен “Қазмұнайгаз” ҰК” АҚ-тың бастамасымен “Адам ресурстарын басқару: өткенді қалыптастыру және болашаққа жоспар” атты бесінші халықаралық конференция өтті. Оның жұмысына отандық ірі ұлттық компаниялар мен даму институттарының, “Теңізшевройл”, “БритишГазҚазақстан”, “Шелл”, “МТС” сияқты компаниялардың өкілдері қатысты.
Конференцияда адам ресурстарын басқаруда соңғы 10 жылдағы даму тәжірибесі, мемлекеттік және жеке өндірістік, қаржы компанияларындағы қаржы саясаты жөнінде мәселелер талқыланды. Жиында осы мәселелерге арналған түрлі баяндамалар жасалды. Осы орайда “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ төрағасы Қайрат Келімбетовтің жасаған баяндамасын кадр саясатын жүргізуде тәжірибесі мол шетел өкілдерінің қызығушылықпен тыңдағанын атап өткеніміз жөн. Қор төрағасы “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-тың құрылу тарихын, оның өз құрамына 30 ірі және 400 тәуелді компанияларды біріктіретінін айтып, осы күндері Елбасының шешімімен ұлтық экономиканы дағдарыс салдарынан сақтап қалу үшін құрылған қордың жұмысының нәтижесінде еліміздегі жағдайдың тұрақтанғанын атап өтті. Осыған орай Қ.Келімбетов қордың әлемдік компаниялар секілді штатты оңтайландыру, шығынды азайту шараларын да атқарып шыққанын жеткізді. Мәселен, 2008 жылдың соңында компаниялардағы шығындар жоспарлағаннан 10,6 млрд.теңгеге азайды, оның ішінде 3,9 млрд. теңгесі әкімшілік шығындары.
Сонымен бірге компаниялар құрылымдарында бір-бірінің қызметін қайталайтын құрылымдар қысқарды. Еңбекақы төлеу көрсеткіші де бүкіл компанияларда 30 пайызға азайды. Бұдан басқа, 2008, 2009, 2010 жылдары бонус төлеуге тиым салынды. Мұндай жағдай басқарушы топқа да жасалды. Сөйтіп, сыйақы алып жүрген басшыларға қосымша қаржы төлеу шектелді. Жалпы, қор тобындағы компаниялар бойынша әкімшілік шығындар тағы да 10 млрд. теңгеге қысқарды.
“Самұрық- Қазына” АҚ басқармасында кадр саясаты жөніндегі комитет құрылған. Ол комитет қор тобындағы компанияларда кадр саясатының жаңа принцип-терін жүзеге асырып, оларды қадағалаумен айналысады.
Жиында жасаған баяндамасында Қ.Келімбетов тағы бір мәселеге тоқталып өтті. Алдағы кезде “Самұрық-Қазына” қоры отандық университеттермен және білім орталықтарымен бірігіп жұмыс істеуді мақсат етіп отыр. Қазір қор тобында инженерлік-техникалық кадрларды дайындаудың онжылдық бағдарламасы жасалынып жатыр. Ол индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен, инвестициялық жобалармен сәйкестендірілген. Қор техникалық кадрларға деген сұранысты зерттей келе отандық жетекші оқу орындары мен кәсіби-техникалық мектептерге білім беру тапсырысын жасамақ. Мәселен, төрт-бес жетекші оқу орындарының базасында қор 10-15 магистранттарды тіркеп, ғылыми-зерттеу орталықтарын құруды ойластыруда. Соның нәтижесінде ғылым мен өндірісті зерттеудің байланысы болғаннан кейін мамандарға тапшы болып отырған өндірістік компаниялар ғылыми-кадрлық әлеуеттің қызметін пайдалануға мүмкіндік алады. Тиісінше мамандарға деген сұраныс та артады.
Форум аясында кадр мәселесі жөніндегі баяндамалардан басқа ең жақсы HR-жоба, қоғамдық пікір лидерлерімен ток-шоу, халықаралық мамандардың адам ресурстарын басқаруы бойынша шеберлік-сыныптар өткізілді.
Дастан КЕНЖАЛИН.
ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТҚАН ЖАҢАЛЫҚ
Кеңес дәуірінде жылу жүйесі құрылысында дәстүрлі тәсілдердің бірі каналды тәсіл болды. Темір-бетон каналдардың ішіне түрлі диаметрлі жылу ұстайтын минералды-мақталы плиталармен қапталған құбырлар орналастырылатын, ол рубероид немесе шыны талшықпен жабылатын.
Астана қаласында жерасты сулары өте жақын орналасқандықтан нөсерлі канализациялар жүйесі нашар дамыған. Осылардың әсерінен бетондардың түбіне түрлі себептермен сулар жиналып, құбырлардың коррозияға ұшырауына алып келген әрі каналды тәсіл жоғары көлемде жылудың жоғалуына және тот басуына себеп болған.
1999 жылдан бастап құбырларды тот басудан және жылу жоғалтудан бірнеше есе сақтайтын инновациялық жоғары технологияларды елімізге “Астана-Теплотранзит” АҚ даниялықтардан алып келді. “Астана-Теплотранзит” АҚ Астана қаласының жылу жүйесін жаңа деңгейге шығарған кәсіпорын, өз еңбек саласы бойынша халықаралық жобалардың жеңімпазы атанды.
“Елордамыз Ақмола қаласына ауысқан жылдары жаңа Астанамыздың дамуымен қатар салынып жатқан барлық нысандарды орталықтандырылған жылумен қамту және жылу беруде ақаулар мен шектеулер болмауы тиіс деген тапсырманы өз міндетіне алған “Астана-Теплотранзит” кәсіпорны өз міндетін жоғары сапада атқарып шыққан.
Елімізге Даниядан әкелінген жаңа заманға сай құрылғы “құбыр ішіндегі құбыр” деп аталады. Бұл құбырдың сыртқы қабаты желінуге ұшырамайтын пластиктен, ал ішкі қабаты болаттан жасалынған. Бұндай изоляциялық материалды қолдану жылу сапасын жоғалтуды бірнеше есе азайтқан. Елімізге сапалы жылу жүйесін орнату мақсатында “Астана-Теплотранзит” кәсіпорны мамандары даниялықтармен іс-тәжірибе, оқу сабақтарын өткізіп, өз біліктіліктерін жетілдірген. Бастапқы кезде даниялықтардың шығарған құбырлары пайдаланылған. Диаметрі 500 мм. болатын жаңа жылу трассасының алғашқы учаскесі Сакко және Ванцетти-Желтоқсан көшелерінің жылу жүйелерінде қолданылған. Аталған құбыр оңды нәтиже көрсеткен соң, 630 мм. диаметрлі құбыр Бараев көшесінің бойынан “Рамстор” және “Думан” ОСО жанынан, Қорғалжын жолы бойымен 17-ші мектепке де тартылған.
Сонымен қатар “1999 жылдан бастап біз каналсыз тәсілмен салған жаңа жылу трассаларының жағдайына мониторинг жасап келеміз. Жылу жақсы үнемделеді. Бұрынғы трассаларда жылу жоғалту 12 Вт/м. құрайтын болса, қазіргі жаңа құбырдың жылу жоғалту көрсеткіші нақты – 2 Вт/м. Материалдың және монтаждау сапасына сай құбырды жобамен 30 жыл пайдалануға болады. Дегенмен, бұған сенімді болу үшін, ішкі шіру параметрін ескеріп отыру керек. Ішкі шірудің дамуы – жылу тасымалдаушының сапасындағы химиялық құрамына тәуелді болады және судың химиялық құрамына күнделікті мониторинг жүргізіп отырамыз”, – дейді “Астана-Теплотранзит” АҚ кәсіпорнының бас директоры Айтмұқан Жұмабаев.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары
Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz
Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz
Қорғаныс министрлігі www.mod.kz
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.nature.kz
Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz
Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz
Денсаулық сақтау министрлігі www.darі.kz
Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.kz
Қаржы министрлігі www.mf.mіnfіn.kz
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz
Әділет министрлігі www.mіnjust.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігі www.sana.gov.kz
Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі www.memr.gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz
Индустрия және сауда министрлігі www.mіt.kz
Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz
Жер ресурстарын басқару агенттігі www.auzr.kz
Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz
Статистика агенттігі www.stat.kz
Көші-қон және демография агенттігі
www.demomіgratіon.kz