Эльтондағы этноауыл
Ел арасындағы ұлтжанды азаматтардың аузынан Ресейде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтап жүрген қандасымыз барын еститінбіз. Аты Смағұл екен. Сол жігітті іздеп, жақында Ресейдің Эльтон елді мекеніне бардық.
Біз Эльтонға жеткенше ымырт үйірілді. Волгоград облысына қарайтын бұл селода төрт мыңдай тұрғын болса, оның 70 пайызы қазақтар екен. Қараңғы көшеде орыс жігіті кезікті. Оны тоқтатып, Смағұлдың үйін сұрадық. Ол көлігімізге отырып, Монтаевтың қақпасына дейін жол көрсетіп барды. Сөйтсек, Смағұл тек ауылдастарына ғана жақын таныс емес, оның үйінде әлемнің 26 елінің өкілі қонақ болыпты. Түнделетіп келген бізді де ол жатырқамай қарсы алды.
Ел арасындағы ұлтжанды азаматтардың аузынан Ресейде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтап жүрген қандасымыз барын еститінбіз. Аты Смағұл екен. Сол жігітті іздеп, жақында Ресейдің Эльтон елді мекеніне бардық.
Біз Эльтонға жеткенше ымырт үйірілді. Волгоград облысына қарайтын бұл селода төрт мыңдай тұрғын болса, оның 70 пайызы қазақтар екен. Қараңғы көшеде орыс жігіті кезікті. Оны тоқтатып, Смағұлдың үйін сұрадық. Ол көлігімізге отырып, Монтаевтың қақпасына дейін жол көрсетіп барды. Сөйтсек, Смағұл тек ауылдастарына ғана жақын таныс емес, оның үйінде әлемнің 26 елінің өкілі қонақ болыпты. Түнделетіп келген бізді де ол жатырқамай қарсы алды.
– Ата-бабам Бөкей Ордасында тұрған екен. Сонау отызыншы жылдардағы дүрбелеңде Мәскеудің жанына жетіп қоныс теуіпті. Кейін атамекенге қарай жақындап, мен осы Эльтонда дүниеге келіппін. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер болатын. Майданнан аман оралған соң үйленіп, он екі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Мен 1983 жылы шаңырақ көтердім, Равиль есімді ұлым, Гүлмира деген қызым бар. Әйелім Зухра – орта мектепте мұғалима. Өзім де 28 жыл мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болдым, – деді үй иесі қысқаша өзі туралы.
Ол он жыл бұрын киіз үй сатып алып, оны ауласына тігіп қояды. Алғашқы тамашалаушылары – өз балалары мен мектептегі оқушылар екен. «Сөйтіп, ұмытыла бастаған қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртпақ болдым. Кейін тағы бір киіз үй алып, оны музей жасадым. Оның ішінде бабаларымыз қолданған барлық бұйым бар», – дейді Смағұл Құрманғалиұлы.
Біз қара суық басталған қарашада барған едік. Сондықтан киіз үйлер ауладағы сарайға жиналып қойылған екен. Ол сарай Эльтон өңірінен сыр шертетін өлкетану музейі болып шықты. Кіргеннен миллиондаған жылдар бұрынғы жануарлардың қаңқасы көзге түсті. Тасқа айналған түрлі теңіз жәндіктері. Мүйізтұмсықтың сүйегі… Бұлардың барлығы Эльтон көлінің айналасынан табылған екен. Керегеге қазақ хан-сұлтандарының, билерінің суреттері ілінген. Халқымыздың өткен ғасырларда қолданған бұйымдары: кебеже, қол диірмен, алаша тоқитын станок, келі, торсық өз жарасымын тапқан. Аң терілерінде есеп жоқ. Бүркіт те тұғырына қонған. Алматыға арнайы барып, қазақ халқының музыкалық аспаптарын жасау технологиясы жайлы кітап тауып алып, өз қолымен жетіген, асатаяқ, шертер, сыбызғы, тұяқ жасаған.
«Қызығушылығы бар балаларды қамыстан сыбызғы, ысқырық жасауға үйретудемін», дейді кейіпкеріміз. Төрде қобыз бен домбыра тұр. Одан кейінгі ғасырлардағы тарихтан сыр шертетін бұйымдар да көзге оттай басылады. Ескі патефон, көне жиһаздар. Әртүрлі кезеңнен хабар беретін тулар, фотосуреттер, плакаттар. Соғыс кезіндегі осы аймақтан табылған жауынгерлердің жеке заттары, киімдері, қару-жарақтары, карталар, снаряд қалдықтары…
Смағұлдың ауласында екі түйе де бар. Онымен не істейді дейсіз ғой? Ауылдың іргесінде тұзды Эльтон көлі тиіп тұр. Бұл Еуропадағы көлемі ең ірі минералды көл, қорының молдығы жөнінен әлемде де санаулылар қатарында. «Көлдің атауы қазақтың «алтын нұр» деген сөзінен шықса керек», делінген ресейлік зерттеу еңбектерде. Аумағы 152 шаршы шақырымды алып жатқан көл тұздылығы мен балшығының емдік қасиеті жөнінен Синайдағы Өлі теңізден асып түседі. Бұл жерде 1882 жылға дейін тұз өндірілген болса, 1910 жылдан бастап санаторий жұмыс істеп келеді. Смағұл сол санаторийге демалуға келгендерді түйеге жегілген арбамен үйіндегі этнографиялық орталыққа, музейге әкеледі. Әрине, әлемнің басқа түкпірінен келген демалушылар үшін түйемен жүрудің өзі қызық. Смағұлдың үш-төрт сағаттық бағдарламасы киіз үйдің ішінде қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін әңгімелеуден басталады. Қазақы дәстүрмен табақ тартады. Ұлтымыздың бас ұстату, жілік тарту дәстүрімен таныстырып, алдарына қойған ұлттық тағамдардың әрқайсысы туралы түсінік береді. Қазақтың ән-күйін тыңдатады. Музейін аралатады. Кәдімгідей этнотуризм. Бір жағынан кәсіп. Бұған дейін Смағұлдың бұл «Алтын-Нұр» қазақ мәдени орталығына әлемнің 26 елінен туристер келген. Англия, Германия, Франция, Канада, Португалия, Голландия, Қытай, Филиппин, Вьетнам… Естелік кітапшада неше түрлі елдің тұрғыны түрлі тілде қолтаңба қалдырған.
Смағұл келе-келе туристерге арнап ауладан орыс халқының ағаш үйін де салады. Кіріп келгенде бұл жер де ерекше әсер қалдырады. Құдды бір орта ғасырлық ертегілерде суреттелетін орыс шаруасының үйіне кіргендей боласыз. Мұндағы ең ескі бұйымдар – христиандардың иконы, патша заманындағы Библия кітаптары. Жуырда Смағұлдың үйіне атбасын тіреген саяхатшы Федор Конюхов әлемнің барлық мұхиттарын кесіп өткенде жанында болған иконын да осы жерге қойып кеткен. Қыш құмыралар. Ағаш ыдыстар. Көне самауырлар. Үтік ойлап табылмас бұрын киім қыртысын тегістеген құрал – рубельге шейін бар. Шоқ салатын үтіктердің неше атасы тұр. Ерте замандағы жиһаздар. Ескі қағаз ақшалар мен тиындар. Өткен ғасырлардағы фотосуреттер. Көне көзілдірік. Қамыстан тоқылған аяқ киім – шәркейлер. …Бәрін санамалап шығу қиын. Сыртта арба, ат әбзелдері, еңбек құралдары. Келген адамдар: «Мұндай ағаш үйді Мәскеу маңынан да таппайсыз. Өз қазағыңның салтын ұлықтағаның өз алдына, дәл осылай орыс дәстүрін ұлықтаған орыс жоқ», деп таңғалып жатады екен.
Сыртынан қарағанда көрші тұрған киіз үй мен орыстың ағаш үйі ұлтаралық достықтан хабар беретіндей.
– Үйіме губернатор келгенде қойдың басын ұстаттым. Қазақтың ән-күйін тыңдап, биін де тамашалады. Мұнда келгендердің қазақ халқына деген көзқарасы өзгеріп шығады. Көпшілігі біздің дәстүрімізден, ұлттық тамағымыздан хабарсыз ғой. Волгоградтан бизнес өкілдері келген болатын. Ресейдің Бизнес академиясында болдым, олар бірлесіп бизнес-жоспар жасағысы келеді. Ал мен этноорталықтың жұмысын дамытсам ба деймін. Қазақтың жайлауда қалай өмір сүргендігін көрсеткім келеді. Ол үшін Эльтон көлінің жағасынан жер алып, киіз үйлер тігіп, кішігірім ауыл тұрғызуды армандаймын. Ол жерге келген халық қазақтың малды қалай бағып, биені қалай сауып, бауырсақты қалай пісіргенін, киізді қалай басып, қалай текемет тоқығанын, ұсталық өнерін, ұлттық ойындарын, бәрін-бәрін көрсін деймін, – дейді Смағұл.
Оның бұл ойын губернатор Сергей Боженов те қолдаған сыңайлы. Ресейлік ғалымдар Эльтон көлінің табиғи қалпын сақтауға күш салуда. Смағұлдың жобасын олар да дұрыс деп отыр. Эльтон жанынан табиғи парк ашылған. Қыдырып, демалуға, емделуге келетіндер көп. «Қазіргі бар мақсатым – жоғарыда айтылған қазақ этноауылын салуға рұқсат алу. Өз күшімізбен қазақ диаспорасының ұйымын құрдық. Оған халық мені төраға қылып сайлады. Енді заңды күшіміз болады. Барынша тырысудамын. Қазақстанмен байланыс бар. Жақында Батыс Қазақстан өңіріндегі форумға шақырылдым. Көршілес Жәнібек ауданының ірі кәсіпкері, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ескендір Елемесовпен ойға алған ортақ жобамыз бар», деді Смағұл Монтаев.
– Келесі жылы әйгілі француз жазушысы Александр Дюманың Эльтонға келгеніне 155 жыл толмақ. Осыған байланысты түрлі шаралар ұйымдастырып, туристерді көбірек тартпақ ойдамыз. Эльтон – ерекше көл. Оның қайталанбас табиғат байлығын кейінгі ұрпаққа сол күйінде жеткізуіміз керек. Жоспар көп. Үкімет көмектессе бәрі де орнындалады деген сенімдемін», деп сөзін аяқтады, үлкен істер тындырып жүрген қандасымыз. Кетерімізде бізге ол Жұбан Молдағалиев пен Мұхтар Шахановтың қазақтың қазақтығын танытатын өлеңдерін оқып берді.
Міне, басқа елде жүрсе де бойында «қазақпын» деп атойлаған қаны бар осындай азаматтарымыз бар. Өлкемізде жоқ өзіміздің этноауылымызды көруге өзге елге баратын күн де алыс емес сияқты, ағайын…
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
журналист.
Ресей Федерациясы,
Волгоград облысы,
Эльтон селосы.