Гималай асқан қазақтар
Бұл оқиға бұдан 13 жыл бұрын, яғни 1999 жылы Үндістанда болған еді. Содан ол жайлы әне жазамын, міне жазамын деп жүргенде, осынша жыл сырғып өте шықты. Әйтсе де ол туралы қалайда оқушы қауымға жеткізсем деген ой ешқашан есімнен шыққан емес.
Сонымен…
Бұл оқиға бұдан 13 жыл бұрын, яғни 1999 жылы Үндістанда болған еді. Содан ол жайлы әне жазамын, міне жазамын деп жүргенде, осынша жыл сырғып өте шықты. Әйтсе де ол туралы қалайда оқушы қауымға жеткізсем деген ой ешқашан есімнен шыққан емес.
Сонымен…
Сауд Арабиясы Корольдігіндегі жаңадан ашылған елшілігімізде қызмет етіп жүрген кезім. 1998 жылдың соңында қазақтың тұңғыш тарихшысы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, ақын Мұхаммед Хайдар Дулатидің зиратын іздеп Үндістанға, одан әрі Гималай тауларының бір сілемі – Пир Панджал жоталарының арасындағы жазықтағы Жамму Кашмир штатының астанасы Сринагарда болдым. Ондағы «Мазар-и салатиннен» – «Сұлтандар зиратынан» аталмыш үлкен парасат иесінің зиратын тапқан соң, ол хақында Қазақстан Республикасының сол кездегі Сыртқы істер министрі Қ.К.Тоқаевқа және еліміздің Ұлттық ғылым академиясының президенті В.С.Школьникке елшілік атынан арнайы хат жаздық. Содан М.Х.Дулатидің зиратын қалай тапқаным туралы еліміздің бірқатар газеттері жазып, жұрт жақсы жаңалықтан құлағдар болып қалған. Бұл зор уақиғаға қызыға қараушылар да көбейді.
1999 жылы М.Х.Дулатидің 500 жылдық тойын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту үшін мемлекет қайраткері, Дулати қоғамдық қорының президенті А.Асқаров ағамыз Үндістанға баратын Қазақстан делегациясын ұйымдастыруға ұйытқылық етіп, бір топ азамат Үндістанға ресми сапарға шығатын болыпты. Ол делегацияның жетекшісі М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры, профессор У.Бишімбаев, қоғам қайраткері меценат М.Дайырбеков, М.Х.Дулати қорының директоры М.Қазыбек, Тиграхауд фирмасының бас директоры Ә.Жаужүрек, Тараз университетінің ұстазы А.Әбдуәлі, Жамбыл облыстық «Ақжол» газеті редакторының орынбасары Б.Әбілдаев, Шығыстану институтының қызметкері Т.Бейсенбиев Үндістанға, одан әрі қарай Кашмирге барып қайтуға жиналыпты. Асанбай Асқаров ағамыз Эр-Риядтағы маған хат жолдап, ойшыл зиратын тапқаныма ризашылық білдіре келе, Алматыдан жолға дайындалып жатқан топты бастап Кашмирге тағы да барып қайтуға ұсыныс жасапты. Мен келістім. Сыртқы істер министрлігі де ұсынысты қолдады. Сонымен, 1999 жылдың маусымында мен Эр-Риядтан Бомбей арқылы, ал Қазақстаннан шыққан топ Қырғызстанның Манас әуежайынан ұшып шығып, Делиде кездестік.
Әуежайдан Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің сол кездегі екінші хатшысы Мұрсалнәби Тұяқбаев ініміз қарсы алды. Алғаш келгенімде де осы азамат маған үлкен қолғабыс жасаған еді. Алматылықтар менен жарты күн бұрын келген екен. Екінші күні алдын ала жоспарланғандай, Дели университетінде кездесу өтті. Онда Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, әрине, Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмір жолы сөз болды. Делиліктер өте жылы қарсы алды. Сұрақтарынан елімізге деген құрметі білініп тұрды. Содан Делидегі тарихи жерлер – Қызыл қамал, Һұмайын кесенесі, сондай-ақ Тұғлақабад қалашығына бардық. Осылардың барлығының да Орталық Азия мен онда тұратын халықтардың тарихы һәм мәдениетімен де тікелей қатысы барын айта кеткен жөн.
Келесі күні таңертең билет жоқ болғандықтан, екі ұшаққа бөлініп, Индира Ганди әуежайынан Кашмир штатына ұшып шықтық. Бір жарым сағаттан соң Пир Панджал жоталарынан асып, Сринагар шаһарының әуежайына жайлы қондық. Бізді Кашмирдің ресми кісілері күтіп алды. Делиде ми қайнатар ыстық болса, мұнда таулы аймақ болғандықтан, қоңыр салқын. Сринагардың солтүстік шығысында созылып жатқан Дал көлінің жиегіне байланған сандал ағашынан жасалған, кісіге ерекше табиғи ахуал жасайтын кеме-отельдердің біріне келіп жайғастық. Әуежайдан қарсы алған кісілермен бірге біздер отырған әрбір машинаның алдында, жүргізушінің қасында қолында автоматы бар сарбаз жайғасты. Штат әскери жағдайда тұрғанын сездік. Әрбір жүз метр сайын қарулы солдат жағдайды бақылап тұр. Кашмир және Жамму штаты мазасыз жағдайда екен. Ауық-ауық әскери қақтығыс, әуедегі ұшақты атып түсіру оқиғалары жиі қайталанып, аймақта тыныштық жоқ көрінді. Бұл Пәкстанмен екі арадағы келіспеушіліктің салдары екенін білдік. Делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүргенінің мәнісін түсіндік.
Ұлы ғалым жерленген «Мазар-и салатин» – «Сұлтандар зиратына» келесі күні таңертең шықтық. Ол Гималайдан бастау алатын Желам өзенінің бұралаңдап ағатын тұсында. Ол жерге ескі шаһардағы бір көшені жарып өтіп жеттік. «Мазар-и салатинді» өткен 1997 жылы желтоқсанда осында арнайы келгенімде көргенмін. Мұхаммед Хайдардың зиратын осы қабырстанның солтүстік жағындағы биіктеу жерден тапқанмын. Сонымен, «Сұлтандар зиратындамыз».
Ұлы баба зиратында
Мырза Хайдар 1551 жылы қаза тапқан соң қойылған әуелгі құлпытасты былтыр көргенімде етек жағы сынып құлап жатқан еді. Ол жөнделіпті. 1822 жылы Англия патшайымының Үндістандағы атбегісі, саяхатшы Уильям Муркрафт осы зиратқа аялдап, арнайы тапсырма беріп қойдырған екінші құлпытасқа бетон рама жасалыпты. Қазақстаннан арнайы делегация келеді деген соң үкімет орындары Мырза Хайдардың зиратын сәл де болса күтімге алғаны байқалады. Біздер зиратта 27 мамыр күні болып, бабамыздың басында рухына арнап Құран бағыштадық. Кашмирліктер дәстүр бойынша шамды түтіндетіп, зираттың бетіне легендегі раушанның алқызыл жапырақтарын себеледі. Зират бетіне алқызыл раушан гүлінің жапырақтары жауғандай әсерде тұрдық.
Мазар-и салатинде ұзақ кідіре алмадық. Біздің қауіпсіздігімізге жауап беретін кашмирліктер:
– Тез кетейік, «Мазар-и салатинде» шетелдіктер бар дегенді естіп, лаңкестер шабуылдамақшы көрінеді. Бұл жерден жылдам кетпесек болмайды, – дейді. Біз үрпиісіп қалдық.
Уәлихан Бишімбаев отыра қалып Асанбай Асқаровтың өтініші бойынша деп Мұхаммед Хайдар бабаның рухына арнап Құран оқи бастады. Риза болып қалдық. Кашмирге аттанарда Асанбай ағамыз Уәлихан Бишімбаевқа Сринагарға барған соң, ұлы ғалым зиратында менің атымнан да Құран оқы деп аманаттаған екен. Риза болғанымыз, Уәлихан бауырымыздың қауіпті сәт туса да уәдесіне беріктік танытып аманатты орындағаны.
Ертеңіне Кашмир университетінде ЮНЕСКО-ның, Үндістанның ғылым және білім министрлігі мен Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтті. Бұл, шынында да, кашмирліктер күтпеген, ойламаған тарихи оқиға болды. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанды. Біздер Мырза Хайдар Дулати туралы, ал кашмирліктер осында патша болған кемеңгер туралы ойларын ортаға салды. Біз біле бермейтін біраз жәйттерге қанық болдық. Мырза Хайдар Кашмирге үлкен өнер, өркениет, білім, мәдениет әкелген. Бақ, бау-бақша, ағаш еккізген ғалым баба Кашмир балалары үшін мектеп аштырып, оқуға түгел баруына дейін қадағалаған. Мырза Хайдардың осындай және тағы да басқа игілікті істерін Кашмир ғалымдары үлкен ризашылықпен баяндады. Ал біз олардың Мырза Хайдарды ұмытпай, зиратын күтімге алып отырғандары үшін рахметімізді айтып, ризашылығымызды білдірдік.
Тараздан Дулати ескерткішінің түбінен алып келген топырақты ұлы ғалым зиратына салып, даңқты бабамыз жатқан жердің топырағын туған жерге алып қайту үшін алдық. Сондай-ақ зиратқа бір түп жусанды да қойдық.
Университет холына Мырза Хайдардың қызыл барқытпен көмкерілген «Тарих-и Рашидиінің» XVI ғасырда көшірілген қолжазбаларының бір нұсқасы қойылыпты. Қолжазбаның үлкен тараулары түрлі-түсті етіп өрнектеліпті. Сол күн сөйтіп ғылыми жиналыспен өтті.
Көл жағасындағы қонақ үйіміз Сринагардың солтүстік жағында тау етегіне жақын екен.
Көлдің үстін лотос гүлдері жайлап алған. Тіпті жайыла өскені сонша, үлкен көлді «тұншықтыра» бастаған деуге болады.
Ғұлама жүрген жер
Келесі күні Кашмирдің бас министрі Абдулла Фарух мырза резиденциясына шақырып, арнайы қонақасы берді. Оған штаттың оқу, ғылым, білім, туризм, денсаулық, ауыл шаруашылығы және басқа да бірнеше министрлері мен Кашмир университетінің ректоры М.Қадири және бірқатар ғалымдар, Жамму және Кашмир штатының губернаторы Триш Салсина қатысты.
Абдулла Фарухтың әкесі де 1950-жылдары Кашмирдің премьері болған. Ол Қытайдағы аласапыран кезінде қашып шығып жол азабына ұшыраған, тосқауылдарға кезігіп, азып-ашып өлгені өліп, қалғаны қалып Тибет арқылы Кашмирге әрең сүлделерін сүйретіп жеткен қытайлық қандастарымызды жақсы қарсы алғанын, қамқорлық жасағанын кейінірек Хасен Оралтай мен Халифа Алтайдың өздерінен естіп, жазбаларынан оқығаным бар. Сөйтіп, Кашмирдің осы күнгі басшысына сәтін тауып әкесінің қазақтарға көрсеткен адамгершілік қызметі үшін рахмет айттым. Сонымен қатар, 1532-1551 жылдары осында келіп, Кашмирді билеген бабамыздың зиратын күтімге алғаны үшін де алғыс айттық.
Кашмир астанасын біраз аралап көрдік. Сринагарда канал көп. Оның екі жағалауы қаптаған үлкенді-кішілі қайықтар. Олар қонақ үй қызметін де атқарады екен.
Қала шетінен Гималайдың биік таулары асқақтай көрінеді. Шаһардың шығыс жағын да осы тау сілемдері қоршап жатыр. Оңтүстігіндегі Пир Панджал жоталары біздің Қаратауға ұқсайды. Ал Кашмирдің батыс жағы Пәкстанмен шектесіп жатыр. Сол аймақ бір кездері Пәкстанның қарауына өтіп, «Азат Кашмир» деп аталған. Кашмир үшін Үндістан мен Пәкстан арасында талай рет әскери қақтығыс болды. Әлі де қырғи-қабақ дүрдараз. Анда-санда лаңкестік әрекеттер бой көрсетіп қалады. Кашмирдің солтүстік жағындағы Гималай таулары сілемдерінің біраз бөлігіне де Пәкстан иелік етіп отыр. Сол себепті онда біраз әскерін шоғырландырған.
Сринагардың солтүстік-шығысы мен Гималай тауларының етегі үлкен әдемі бақ. Онда ағаштардың сан алуан түрі өсіп тұр.
Сринагардың солтүстігіндегі талай оқиғалардың куәсі болған, әрі Мырза Хайдардың ізі қалған осы Гималай тауларына ойланып ұзақ қарап қалсам керек, бізбен бірге еріп жүрген Кашмир университетінің тарихшы ғалымы Сикандар Мырза мені Мырза Хайдар жайлы ойланып тұр деген болуы керек:
– Мырза Хайдар бастаған әскер Кашмирге осы жақтан келген. Жолай олар Лар шатқалымен жүріп отырып, Зужи асуынан асқан, – деді.
– Ол жерлер қазір де солай атала ма?
– Солай аталады. Өзгерген ештеңе жоқ. Өткен жылы Тибеттің Үндістан иелігіндегі орталығына бір шаруамен бару үшін атпен жүргенімде, мен де сол шатқалмен жүріп отырып, сол асу арқылы асқанмын. Басқа жолдың реті жоқ. Мырза Хайдар да сөйтіп сол жерлермен жүрген.
Тағдыр сынағы
Мырза Хайдар Кашмирге алғаш 1532 жылдың желтоқсан айының соңында келген. Олар әуелі Қашғар ханы, жездесі Саид хан бастап, Тибет халқын мұсылман ету үшін ғазауат жорығына шыққан еді. Содан Тибеттің біраз жеріне ту тіккен. Исламды қабылдатқан. Сөйтіп, жорықта жүргенде Тибетке қар жауып, күн суытып кетеді де енді қайтеміз деген мәселе кесе-көлденеңдейді.
Саид хан ақылдасу үшін барлық әмірлерін жинап кеңес ашады. Әркім әртүрлі ұсыныс айтады. Ол туралы Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидидің» бірнеше тарауларында жазған (қараңыз: «Тарихи-и Рашиди», 464, 466, 477-482 беттер).
Кашмирден үлкен табыспен оралған Мырза Хайдарға Саид хан Тибеттің шығысында жатқан астанасы, осы күнгі Лхасаны алуды тапсырады. Мырза Хайдар жолай Тибетте тұншықпа ауруынан Саид ханның Қашғарға жете алмай қайтыс болғанын естиді. Мырза Хайдардың дұшпандары Қашғарда қалған ханның баласы Әбдірашидке әкеңнің өліміне Мұхаммед Хайдар кінәлі, Саид ханды ғазауат соғысына шығарған соның өзі, енді ол тақты сенен тартып алмақ деп жамандайды. Әбдірашид мырза Хайдардың әкесінің інісі Сейіт Мұхаммедті отбасымен қырып салған соң, Тибет жорығындағы сарбаздарға Қашғарға қайтуды бұйырады. Егер Қашғарға қайтса, ағасының күйін кешетінін пайымдаған Мырза Хайдар біраз кісілермен Тибетте қалып қояды.
Мұхаммед Хайдар мен оның әскері, сол кездері болған шым-шытырық оқиғалар есіме орала берді.
Сикандер екеуміз әңгімелесіп отырмыз.
– Мұхаммед Хайдар «Тарих-и Рашидиде» өзінің отбасы туралы өте аз жазған ғой, – деймін оны әңгімеге тартып.
– Иә, дұрыс айтасыз. Әйтсе де оның бірнеше інілері болған. Біреуі Мұхаммед шаһ. Қашғардың билеушісі Әбу Бакр оны ашу үстінде ішіне шашлықтың істігін тығып өлтірген. Екіншісі Абдолла Мұхаммед Хайдардың Лхаса жорығында тибеттіктерге көмекке келген осы күнгі непалдық жасақтармен қақтығыста қаза тапқан.
– Ол туралы «Тарих-и Рашидиде» бірер жолдың бары рас. Ал Мұхаммед Хайдар Әбдірашидтің қоқайына байланысты Қашғарға қайта алмай, Тибетте аз әскерімен жүргенде, Занскар деген жерде қаза табатын мырза Махмұд ше?
– Ол да ғалым бабаның әкесінің інісі Сейіт Мұхаммедтің баласы.
– Ал Мұхаммед Хайдардың өзі 1551 жылы кашмирліктердің көтерілісі кезінде түнде қаза тапқан ғой. Сонда өзі олай-бұлай болып кетсе, орныма билік тағына қалсын деп інісі Әбдірахманды тағайындаған деген дерек бар емес пе?
– Ол да Сейіт Мұхаммедтің баласы деп ойлаймын.
Жоғарыда айтылғандай, Тибетте жүргенде Абдолла мен Махмұд мырза да жорықта қаза табады. Мырза Хайдар ол туралы «Тарих-и Рашидиде» былай деп жазады:
«(Мариулге) [Батыс Тибеттің астанасы – қазіргі Лех қаласы – Ә.Д.] барар бір күндік жол қауіпті болғандықтан мен немере ағамның баласы Махмұд мырзаны сол жерден адамдарды алып өтуге жібердім. Түнде ол сол маңда түнеген, бұл жер сондай қауіпті болғандықтан атын алысқа жібермей жанында ұстаған. Ол ұйықтап жатқан уақытта ат оның бас жағына келіп жайылған. Ат әрірек жайылсын деп ол дыбыс берген кезде, ат осқырынып оның маңдайын тарпып жіберген. Бас сүйегі ат тұяғының ізіндей мөлшерде ішке кіріп кеткен. Ертеңіне ол маған келді. Мен оның жарасын көріп, моңғол сынықшыларының әдісімен сынған сүйегін сипалап, емдеуге кірістім…
Махмұдтың жарасы асқына түсті. Мына суықта Зангискарда (Гималай таулары арасындағы жер – Ә.Д.) қалу оған қиын болды. Мен шарасыздан Махмұдты Мариулге жібердім де өзім Зангискарда аялдадым. Махмұд аман-есен Мариулге жеткен соң, Суруға (Гималай таулары арасындағы жер – Ә.Д.) жол тартып, өмір ырыздығын сонда табармын деп ойладым.
Махмұд басын ат тарпыған жерге жетіп, сол жерде түнеуге қалады да таңертең атқа мінердің алдында басының жарақатын қайта таңбақшы болады. Сөйткенше суық ауа жаралы миынан өтіп, оның басы айналып, есінен танып қалады. Бесін намазы кезінде маған бір адам келіп, осы жайды айтты. Мен жеделдетіп жүріп кеттім. Түн ортасында жетсем, ес-түссіз жатыр екен. Келесі күні есін жиды. Өз-өзіне толықтай келді. Екінші күні де толық есін біліп жатты, ал үшінші күні сандырақтай бастады. Келесі [осыдан кейінгі] күні тірілер сұхбатынан тойып, өлілермен сұхбаттасуға, келмес сапарға аттанды.
Көзімнің қарашығындай болған Рашид сұлтан сұлу-залымның кірпігіндей зұлым қылышымен немере ағам мен бала-шағаларын өлтіріп, жан-жүрегімді жаралады. Сол жарақат әлі жазылмай жатып [Махмұд] қазаға душар болды. Мына асау тағдыр жапа шектіруді, қатыгездікті оған үйретті ме әлде өзі одан үйренді ме мен білмедім.
Тағдыр осы жарақаттардың үстіне тағы да аспандағы жарқыраған жұлдыздай отты дағын салды. Денемдегі отты жұлдыз дағының күйігі аздай, жарақаттың үстіне опасыз зұлымның қылышымен Абдолланың азап дағын қосып, бұрынғы жараны тырнап ашып, күйігіне жаңадан тұз септі.
[Тағдырдың] жағасынан сілкіп, күш көрсетер құдіретті қол жоқ, не одан көрген жападан сақтар күш жоқ.
Тағдырдың тасада жатқан бүкіл қайғы-қасіреті ғүмыр жасым отыздан асып, қырыққа жетпеген уақыт кезеңінде тап келіп, бәрін бірден маған жолдағандай болды…
Мен Махмұд мырзаның денесін Мариулге алып келіп, сол жерден оның аталары жерленген мазарға, Қашғарға жібердім. Бұл оқиға ақырап (Сарышаян) маусымының басында болды» [«Тарих-и Рашиди», 505-507 беттер].
Кашмирді Мұхаммед Хайдардан бұрын Бабырдың баласы Камранның әскері де келіп алған. Бірақ олар да мұнда ұзақ тұрақтамаған. Екінші рет Мырза Хайдар Кашмирге 1540 жылдың күзінде келіп, елді бір оқ та шығармастан алды. 1541 жылы жергілікті ауызбірлігі жоқ Кашмирдің шиашыл әкімсымақтарына Үндістаннан Бабыр (1483-1536) мен Һұмаюнның ежелгі жауы Шершаһ 10 мың әскер жібереді. Мырза Хайдар оларды да талқандап, Кашмирді 10-11 жылдай билеген.
«Мынау біздің Кашмир ғой»
Ғалым баба бұл ғажайып өлкені ерекше жақсы көрген.
Сринагардың оңтүстік жағында биік қырда жатқан Галмарг атты аймаққа да бардық. Бұл да бір ғажап, әсем жер екен. Сринагардан шыққан жол қала шетіндегі баулар арқылы биікке көтерілді. Алматыдан Медеуге бара жатқандай әсерде болдық. Бұл жақты үкімет орындары осындай әсемдігіне бола әрі туристер тарту үшін саяхат аймағы етіпті.
Біздің делегация құрметіне дастарқан жайылыпты. Биіктен төменге Сринагарға қарап тұрмыз. Кашмир жазығының ені 20, ал ұзындығы 200 шақырымдай деседі. Сринагардың биіктен де көркем көрінетінін байқадық. Осы жерде, әрине, Мұхаммед Хайдардың да ат басын тіреп, Кашмирдің сұлулығына, көркем табиғатына тәнті болғандығына күмән жоқ.
Дінмұхамед Қонаев «Өтті дәурен осылай» деген кітабында 1956 жылы Үндістанның басшысы Джавахарлал Неру қызы Индира Гандимен бірге Алматыға келген сапарында әсем қаламызға таңданып: «Мынау біздің Кашмир ғой» деп таңқалғанын жазады. Мұхаммед Хайдардың да Кашмирді жақсы көріп, тіпті осында қалғысы келуінің мәнісі де тектен тек емес екені түсінікті болар.
Үндістан мен Кашмир штатының табиғатында айырмашылық болғанымен, халықтың тұрмыс-тіршілігі бірдей. Делиде көше-көшелерде қайыр сұраған адамдар қаптап жүрсе, мұнда да алақан жайған кісілерді ұшырастырып отырасыз, әйтсе де ел әл ауқатының енді-енді көтеріліп келе жатқанын байқау қиын емес.
Көшелерде де Делидегі сияқты рикшалар, жеңіл көлік көп.
Кашмирдің табиғатынан басқа саяхатшыларды ерекше қызықтыратыны Кашмирдің жібек кілемдері. Өйткені, бұл елде тұт ағашы көп өсіріледі.
Сөйтіп, Кашмирде болған екі-үш күн лезде өте шықты. Таңертең Делиге қайтамыз деп дайындалып жатқанымызда теледидар мен радиодан суық хабар дүңк ете қалды. Пәкстан мен Кашмир арасында қақтығыс бұрқ ете қалыпты. Пәкстан Кашмирдің солтүстігіндегі Гималай тауларына десант түсіріп, олар Кашмирдің біраз жерін басып алған. Сринагарды да атқылауы мүмкін. Кашмир штатының әуе кеңістігінде екі ұшақты атып түсірген. Содан әуежай жабылған. Ресми мекемелер Делиден ұшақтарды қабылдай да, Делиге ұшыра да алмайтыны жайлы мәлімдеді. Үкімет орындары ақылдаса келе бізге микроавтобус бөлді. Оны күзетіп алып жүретін солдаттар бөлінген. Сөйтіп, біз алда, олар джипке мініп соңымыздан жүріп отырды. Жол жөнекей олар әр жерде тоқтап, алдағы жолдың қауіпсіздігін рация арқылы біліп отырды. Өйткені, Үндістан мен Кашмирдің қонақтарына лаңкестер қауіп төндіріп қалуы мүмкін десті.
Автобус бірте-бірте биікке өрлеп келеді. Сринагар төменде, артта қалып барады. Пир Панджалдан бұрындары Кашмирге асатын осы күнгідей жол болмаған. Ал мына жолдардың салынғанына аса көп болмаған көрінеді. Біраздан соң алдымыздан тоннель көрінді. Оның бір-ақ жағы істейді екен. Бір жақтан көлік жолға түссе, екінші жақ ол көлік тоннельден шыққанша күтіп тұрады. Сонымен бір кездері бізге жүруге рұқсат етілген соң, тоннельдің тар жолымен алға жылжыдық.
Бірер шақырымнан соң жарық көрінді. Содан кейін тоннельден шығып едік, жол шетінде тұрған полицейлер тоқтатты. Сыртқа шықсақ, жолдың сол жақ шетінде қолдары артына қайырылған 5-6 кісі тізерлеп отыр. Көздері таңулы.
– Бұлар кімдер? – дейміз әбіржіп.
– Бұлар тоннельді жарып жібермек болған лаңкестер.
– Неге?
– Негесі сол, сіздер Үндістанның қонақтарысыздар. Ал бұлар лаңкестер. Кашмирді Үндістаннан бөліп, Пәкстанға қосқысы немесе өз алдына мемлекет болуды көксейтіндер.
Ол жерден де әрі қарай ілгері жүріп кеттік. Жол тар. Анда-санда жол шетінен шайханалар, кофеханалар ұшырасады. Олар жар жағасында тұр. Төменде өзен ағып жатыр. Көкпеңбек. Тау суынан жиналған өзен екені сөзсіз. Гималайдан шыққан Желам, Инд және тағы басқа біраз өзендер Үнді мұхитына барып құяды. Олардың кейбірі туралы атақты Бабыр Үндістанды жаулап алу барысында, «Бабырнамесінде» айтып өткен.
Пир-Панджалдың биік жеріне жеткен соң енді қайтадан төмен түсе бастадық. Үндістан мен Кашмирдің арасында XV-XVI ғасырларда жол болмағанын айттық. Алып елден Кашмирге баратындар осы Пир Панджалдың әртүрлі асуларынан асатын.
Күн батты. Әлі келеміз. Жол жеткізер емес. Таудың етегіне жақындаған сайын қыстақтар ұшыраса бастады.
Кешкі сағат тоғыз шамасында Пир Панджалдың етегіндегі қалашыққа жетіп атбасын тіредік. Мейрамханаға келіп демалдық. Бұл туристер үшін салынған қонақ үй екен. Онда бірер сағат аялдадық. Әл жинап алған соң ілгері жүріп кеттік. Кашмир мен Пир Панджал тауында күн салқындау. Енді еңіске жетіп, жазық басталғалы күннің ыстық лебі біліне бастады. Машинаның терезелері ашық. Соған қарамай қапырық. Айтпақшы, тоннельден өткен соң, бізбен ілесіп, күзетіп келе жатқан джиптағы әскерлер қоштасып қалып қойды. Әрі қарай жол қауіпсіз деді ме екен деп ойладық. Шынында да солай болып шықты.
Гималайдан астық демекші, Мұхаммед Хайдар Дулати заманынан бері Гималай тауымен жүрген, атақты таудан асқан қазақтар біз шығармыз деген ой келеді. Шынында да солай-ау. Мақаламыздың атын «Гималай асқан қазақтар» деп қойғанымыздың мәнісі де сондықтан.
Жол жеткізер емес. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Сәлден кейін жол екі жолаққа бөлінді. Енді жүрісіміз жылдамдайтын шығар. Жүк машиналары көбейді. Олар Үндістаннан Кашмирге жүк апара жатса керек. Сәлден соң жол шетінен Симла деген жазу көрінді. Ол бізге Үндістанның «Любовь в Симле» атты фильмінен белгілі. Үндістанның «Любовь в Кашмире» дейтін де фильмі бар. Олар негізінен Үндістан мен Кашмирдің әсем тауларын, әдемі табиғатын, курортты аймақтарын насихаттау үшін де түсірілсе керек.
Енді бірде Панипат деген жазуы бар бағана жылт етті.
– Бұл «Бабырнамеде» айтылатын Панипат емес пе?»
Иә, 1526-1527 жылдары Бабыр Үндістанды алу үшін дәл осы Панипатта Үндістанның сол кездегі патшасы Ибраһим Лодимен қиян-кескі шайқасып, ақырында оны өлтіріп, әскерін талқандаған соң, ту тіккені белгілі. Сол жеңісінің құрметіне ол Панипатта мешіт салды. Сол мешіт бар ма екен деймін ойға беріліп. Әй, сақталмауы да мүмкін-ау. Әйтсе де айта кетейік, 2002 жылы Делиде өткен қасиетті Құран жарысына қатысу үшін осы елге барғанымда Алла тағала қалап, кездейсоқ осы Панипатта болғаным бар. Бабыр салдырған мешітті де таптым. Ол дін аман тұр екен. Ол туралы кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде «Индиядағы Құран жарысы» атты мақаламда жазғанмын.
Ал енді Мырза Хайдардың Кашмирді екінші рет қалай алғаны, 10 жыл патшалық еткені, қазасы, себебі туралы менің «Тарих-и Рашидиге» (2003) жазған алғысөзімде баяндалған. Сондықтан да оны бұл жерде қайталауды қажет көрмей отырмын.
Келелі кездесулер
Таң ата Нью-Делиге келіп кірдік. Содан 2-3 сағаттай демалдық. Түскі 12-де Джавахарлал Неру университетінде кездесу өтуі керек-тін. Онда бізді көзілдірікті, қоңыр түсті ректор күтіп алды. Атын қазір ұмытыппын. Студенттер демалысқа тарап кеткендіктен, шәкірттер болмады. Кездесуге Орталық Азия тарихымен айналысатын оқытушылар ғана қатысты. Ұшырасу өте ғибратты, әрі қызықты өтті. Болашақта Неру университетінде қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін ашу мәселесі сөз болды.
Одан кейін Қазақстанның Үндістандағы елшілігінде сұхбат өтті. Екі жақ та делегацияның Кашмирге сапарының нәтижелі болғанын айтты. Сонымен, 23 мамырда басталған сапарымыз 30 мамыр күні аяқталды. Екі ел арасында мәдени байланысымыздың бастауында тұрған Дулати бабамыздың рухы қайта жаңғырды. Осындай мәмілемен делегация Алматыға, мен тағы да Бомбей арқылы Эр-Риядқа ұшып кеттім.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти.