«Мәңгілік қазақ календары»
Ниет жақсы. Нәтижесін көрсек дейміз
Әрине, бұл зор мақтаныш оқиғаға айналар еді. Қазақ дейтін халықтың аты мәңгілікке қалар еді. Оны бүкіл әлем халықтары, қаласын-қаламасын, үнемі еске алып отырар еді. Өйткені бұл күнде календарьсыз өмір жоқ. Ол әр адамның, халықтың, мемлекеттің күнделікті қажетіне айналған. Бірақ қазір өмірде қолданыста жүрген календарьлардың барлығының да (олар бірнешеу) кемшіліктері бар. Ал қазақ ғалымы Сайлыбай Бекболатов ғылыми негізделген «Мәңгілік қазақ календарын» жасап шығарды. Егер ол ресми түрде халықаралық деңгейде қабылданар болса, әлем жұртшылығы бірден-бір дұрыс календарьға ие болмақ.
Ниет жақсы. Нәтижесін көрсек дейміз
Әрине, бұл зор мақтаныш оқиғаға айналар еді. Қазақ дейтін халықтың аты мәңгілікке қалар еді. Оны бүкіл әлем халықтары, қаласын-қаламасын, үнемі еске алып отырар еді. Өйткені бұл күнде календарьсыз өмір жоқ. Ол әр адамның, халықтың, мемлекеттің күнделікті қажетіне айналған. Бірақ қазір өмірде қолданыста жүрген календарьлардың барлығының да (олар бірнешеу) кемшіліктері бар. Ал қазақ ғалымы Сайлыбай Бекболатов ғылыми негізделген «Мәңгілік қазақ календарын» жасап шығарды. Егер ол ресми түрде халықаралық деңгейде қабылданар болса, әлем жұртшылығы бірден-бір дұрыс календарьға ие болмақ.
Ғылыми және қоғамдық зиялы қауымның бір тобының осынау үлкен ғылыми, тіпті қоғамдық десе де болғандай, жаңалықты қолданысқа енгізу жөнінде бастама көтеріп, жұртшылық назарын аударып жүргені де барынша түсінікті. Ең алдымен, бұрынғы календарьлардың орнына дұрыс календарьдың қолданысқа енгені жақсылық екені өз алдына, ол сонымен бірге еліміздің, халқымыздың атын әлемге жаятыны және бар.
Сол бастамашы топ ғалым Сайлыбай Бекболатов ашқан жаңалықтың жай-жапсарын жан-жағынан қарап, мықтап зерттеп барып, анық-қанығына көздері жеткен соң ғана жалпы жұртшылық қауым назарына ұсыныпты. Бұл жерде олар әлемдік календарьлар тарихына да шолу жасайды, олардың жетістіктері мен кемшіліктеріне де тоқталады.
Адамзат өз тарихында әртүрлі календарьларды пайдаланған. Әрине, олар табиғаттың заңдылықтарына, ең алдымен Күннің, Айдың, Жердің қозғалыстарына негізделген. Бірақ өмір болған соң бәрі бірдей сай келмейді ғой, календарьлар жасауда кемшіліктерге де жол берген. Сол әттегенайлар бүгінге дейін созылып келе жатыр. Дұрысы жасалмағандықтан, жұрт кемшілігі болса да, барына қанағат етіп келеді.
Қазіргі көбірек қолданылып жүрген әлемдік календарьдың негізін жасаушы Рим қолбасшысы және жазушы Гай Юлий Цезарь (біздің дәуірімізге дейінгі 100-44 жылдар) болды. Ол Египет астрономдарының біліміне сүйенген. Оның негізіне күндік жыл алынып, оның ұзақтығы 365,25 тәулікке созылатын болды. Жыл тек бүтін тәуліктерден тұруға тиіс болғандықтан, әр төрт жылдың үшеуі 365 күннен, ал төртіншісі 366 күннен болуы қабылданды. Сөйтіп, «кібісе» жыл деген пайда болды. Бұл календарь біздің дәуірімізге дейінгі 45 жылдың 1 қаңтарынан енгізіліп, юлийлік деп аталды.
1582 жылы католик шіркеуінің папасы Григорий ХІІІ бұл календарьға өзгерту енгізіп, күндерді алға қарай он тәулікке жылжыту жөнінде шешім қабылдады. Соның арқасында күн мен түннің теңелуі қайтадан 21 наурызға сәйкестенді. Жаңа календарь григориандық немесе жаңа стильдік деп аталса, юлийлік календарь ескі стильдік деп аталды. Григориандық календарьды көптеген ел қабылдаған. Оны кеңестік Ресей 1918 жылы қабылдап, сол дәстүрмен мұны біздің еліміз де қолданып келеді.
Көптеген календарь бойынша жаңа жыл да әртүрлі күндерге сәйкес. Ай – күн – юпитер календарына лайықталып, Қытай, Жапония, Вьетнам елдерінде жаңа жыл 13 қаңтар мен 24 ақпан аралығында, ал Израильде 6 қыркүйек пен 5 қазан аралығында тойланады.
Жыл санаудың басы да әрқилы. Қазіргі Батыс (Еуропа және Америка) оны аңыздық «Христостың туған күнінен» бастайды. Жалпы дүрмекпен біз де соны ұстанамыз.
Календарьлық жылға келсек, ол григориандық календарь бойынша 365 күнге, ал кібісе жылы 366 күнге созылса, мұсылмандық ай календары бойынша 354 күнге, кібісе жылдары 355 күнге созылады. Соның салдарынан мұсылман (хижра) календары әрбір 33 жылда григориандық календарьдан бір жылға алға озып кетеді. Ал ай – күн – юпитер календарының жылдары 353, 354, 355, 383, 384, 385 күндерге созылып, есептеуге қиындық туғызады.
Содан да қай жыл дегенде әр елдерде әртүрлі жауап айтады. Әркім өзінікін дұрыс санайды. Ал бүгінгідей әлем елдері, оның халықтары бір-бірімен араласып жатқанда, жалпы экономикалық өмір терең интеграцияға түскенде, жыл есептеулерінің, календарьдың ортақ болғаны қолайлылық тудырар еді.
Бүгін ғана емес, календарьды реформалау, оны ғылыми негізде өзгерту, жаңарту мәселесі біраздан бері күн тәртібіне қойылып келе жатыр. Бұдан 100 жылдай бұрын, 1923 жылы Женевада Ұлттар Лигасында құрылған Календарьларды реформалау жөніндегі халықаралық комитет құрылып, алдына бір-ақ мақсат – әлемдік бірегей, өзгермейтін календарь жасау міндетін қойды. 1956 жылы мәселе БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің ХХІ сессиясына шығарылды. Осы ғасырда Халықаралық әлемдік календарь ассоциациясы құрылып, бұл мәселенің өткірлігі күшейе түсті. Ассоциация григориандық календарьды алмастыру қажеттігі туғанын айтып отыр.
Бірақ оны алмастыратындай жаңа календарь жасала қоймаған еді. Енді соған жауап деп Сайлыбай Бекболатовтың ойлап тапқан жаңалығы – «Мәңгі қазақ календарын» айтсақ, әбден негізді. Оған 2011 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқы жөніндегі комитетінің №24785 патенті берілген.
Кейде жаңалықтың да жолы қиын болатыны бар. Оның тиісті бағасын алуы үшін, танылуы үшін оған құзырлы орындар тарапынан да қолдау қажет. Бұл календарьды енгізу жөніндегі бастамашы топтың мақсаты да осыған келіп саяды. Осы календарь өз елімізде қолданылса екен, әлемдік тұрғыда бағаға ие болса, соған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе екен дейді.
Енді қазақ ғалымы Сайлыбай Бекболатов жасаған «Мәңгі қазақ календарының» мәніне үңілейік. Уақытты өлшеу негізіне астрономия аспан денелерінің қозғалысын пайдаланады. Олар: Жердің өз осінен айналуы, Айдың Жерді айналуы және Жердің Күн айналасында қозғалуы. Енді осы үш планетаның қозғалысын үйлестіре календарь жасау қиынның қиыны. Содан да бүгінге дейін олардың жеке-жеке календарьлары жасалып келді. Жоғарыда келтірілгендей, бұлардың қайшылығы, қолайсыздығы көп.
Бүкіләлемдік календарь ассоциациясы григориандық календарьды күндері, апталары, айлары дұрыс сәйкесетін, айталық, жылдың басы аптаның бір күніне келетін жаңа календарьмен алмастыруды қажет санайды. Бірақ қазірге дейін ұсынылған календарьлар жобаларының ешқайсысы да Жердің Күнді айналуы басын күн мен түннің көктемгі теңелген сәтіндегі нөлдік нүктеден алмай келеді. Сондай-ақ, жаңа календарьлар авторлары біздің дәуірге дейінгі ІV ғасырда календарь жасау кезінде «кібісе» жылға байланысты кеткен қателікті қайталай береді. Ал табиғатта «кібісе» жыл деген жоқ, ол кіргізілер болса, сөзсіз жаңсақтыққа ұшыратады.
Қазақ ғалымы ұсынып отырған «Мәңгілік календарь» жобасы – табиғат заңдарына сәйкес келетін ғылыми негізделген календарь. Уақыттың басы қайдан дегенде, көп халық негізге діни немесе аңыздық ұғымдарды алса, Бекболатов табиғат заңына сүйенеді. Оның жобасында жаңа жылдың басы ретінде көктемгі күн мен түннің теңдесу нүктесі алынады. Бұл кезде Күн аспан экваторын оңтүстік жартылай сферасынан солтүстік сферасына қарай қиып өтеді, оның орталығының координаты 0 (нөл) градусқа тең. Дәл осы сәтте Жердің солтүстік жарты шарында астрономиялық көктем басталады.
Аспан сферасындағы бұл нүкте календарьлық жылдағы уақыт пен тәуліктерді есептеудің нөлдік (бастапқы) нүктесі деп алынған. Теңесу күнінде Жердің өз осінен бір тәуліктік айналуы күн мен түн уақытының қосындысынан тұрады, олардың әрқайсысы 12 сағатқа тең. Күн мен түнді бір кеңістіктегі перпендикулярдың бойындағы екі нүкте деп есептеп, күнді + (плюс), түнді – (минус) деп таңбаласақ, олардың бір тәуліктегі көлемі 0-ге тең болады. Бұл көктемгі теңесу күні – наурыз деп аталады. БҰҰ оны бейбітшілік және халықтар достығының күні – жыл сайынғы халықаралық мереке деп атаған.
Содан да, әр жылғы бірінші ай есептеудің нөлдік нүктесінен басталып, барлығы 29 тәуліктен тұрады және ол Айдың Жерді айналу кезеңіне сәйкес келеді, сондай-ақ бұл бір айдың тууынан екінші айдың тууына дейін 29 тәулік мерзімінен өтеді. Ал жыл 13 айдан тұрады. Оның бірінші айында 29 тәулік, басқа 12 айында 28 тәуліктен болады.
Жыл осылайша 13 айдан, ал ай 4 аптадан, ал апта 7 күннен тұрады. Жыл төрт тоқсанға бөлінсе, әр тоқсанда 13 апта, 91 күн бар. Бір жылдағы тәулік саны 365 = (91х4) +1= 364+1 =365. Осы мерзімде Жер Күнді бір рет толық айналып шықса, өз осінен де 365 рет айналады. Жердің өз осінен бір айналуы тәуліктік есептеудің негізіне алынған. Кез келген календарьлық жүйе сол тәуліктік уақыт бірлігіне негізделген. Апта, ай, жыл, цикл, ғасыр болып жалғаса береді.
Сағаттық уақыт есебінің жүйесі Жердің үстіндегі 24 сағаттық ендіктерге (меридиандарға) бөлуге негізделген. Олардың әрқайсысы 15 градустық бойлыққа тең. Сағаттық ендік Гринвич обсерваториясы арқылы өтеді. Және оны нөлдік меридиан деп есептеу келісілген. 0 сағаттық ендік + 1 сағаттық ендік + 2 сағаттық ендік + … 23 сағаттық ендік = 24 сағат. Тәуліктік уақыт 0 сағаттан 24 сағатқа дейін созылады.
Бұл жерде «0» цифрының айтарлықтай мәні бар. Қазір бар календарьдағы және ұсыныстардағы есептеу барысы Жердің Күннен айналу басы көктемгі күн мен түннің теңесуінің нөлдік нүктесі алынбаған. Тіпті григориандық календарь жасалған кезде рим және латын нөмірлеуінде 0-дік цифрлық белгі де болмаған еді. Олар календарьларын «0» нүктесінен бастамағандықтан да, Жердің 0-ден 1-ге дейін бір айналым уақыты есептелінбей қалған.
Барлық календарьларда «кібісе» жыл деген бар. Ал табиғатта ондай ұғым жоқ. Бір жыл екінші жылдан ұзақ болмайды. Күннің аспан сферасының үлкен шеңберінен толық жүріп өтуі бірдей мерзімге тең. Бірі артық, бірі кем емес. Осы жолында күн 13 астрономиялық шоқжұлдыздан өтеді. Айлардың аты сол шоқжұлдыздармен аталған. «Мәңгілік қазақ календарында» айлардың саны 13 болуы да содан.
Жалпы жылдағы айлардың саны 13 те, 12 де болуы мүмкін. Ай санының 13 болуы барынша қолайлы, онда әр айдағы күндер, аптаның бірінші күнінен басталады. Ал 12 айлық календарьда апта бір айда басталып, келесі айда бітеді.
«Мәңгілік қазақ календарының» артықшылығы туралы көп айтуға болады. Басты жетістігі – оның ғылыми негізділігі. Сонан соң жылдың әрбір мезгілі, түрлі оқиғалар, жүргізілетін шаралар жыл сайын бір күнге келіп отырады. Бұл бүгінгі ақпараттың айрықша тасқыны артқан заманда үлкен қолайлылық туғызады. Тіпті басқасын былай қойғанда, бір рет шығарылған календарьды талай жыл қатарынан пайдалануға болар еді.
Қазақ ғалымы, акмеология ғылымының білгірі Сайлыбай Бекболатов табиғаттың заңдылығына сүйене отырып, үлкен ғылыми жаңалық ашып, әлемді таңдандырып, мерейімізді өсіріп отыр деуімізге болады. Бұл жаңалықтың ерте ме, кеш пе, әйтеуір бүкіләлемдік игілікке жаратылатынына көңіл сенеді.
Осы жерде ғалым жайында да аз-кем айта кеткеннің артықтығы жоқ. Ол барлық уақытта ізденіс үстінде жүретін адам. Кешегі кеңестік заманда шаруашылықты басқара жүріп, мал семіртудің жаңа әдісін тапқаны үшін «КСРО өнертапқышы» атағына ие болған. Соңғы кезде бүкіл адамзат алдында тұрған үлкен міндет – жаңа заман талабына сай календарь жасау ісіне бел шеше кірісуі, оның тәуекелшілдігін ғана емес, өзіне деген сенімін де, зор дайындығын да аңғартады. Бұл іске ол 20 жылдай өмірін арнапты. Нәтижесінде әлемдік мәні зор жаңалық дүниеге келіп отыр.
Енді жұрттың бәрінің назарын аударатын мәселе – оның әлемдік тұрғыда танылуы және өмірге енгізілуі. Бұл ретте бастамашы топтың әрекеті құптарлық. Сол әрекет арқасында бұл жаңалық жайында еліміздің тиісті орындары да хабардар болып отыр. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің сараптамасы да негізді көрінеді. Олардың пікірінше, жұрт назарын аударып отырған бұл жобаның іс жүзінде қолданылуы айтарлықтай күрделі болатыны, қоғам өміріндегі ғасырлар бойы қалыптасқан жүйені бұзу оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан жобаны ақпарат құралдары арқылы насихаттау қажет деген пікірлері де көңілге қонады.
Әрине, бұл жаңалық қаншама көңілімізден шыққанымен, патриоттық мақтаныш сезіміне бөлегенмен, оны басқа елдерден бөлініп, өз еліңде қолдану күрделі ғана емес-ау, мүмкін де еместей көрінер еді. Бүгінгідей басқалармен барлық салада интеграциялық байланыстағы жағдайда жеке-дара өз календарыңды енгіземін дегенге басқалардың түсіністікпен қарауы екіталай. Ол үшін оларға өкпе де айта алмайсың.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.