Соңғы уақытта құлдыраудан көз ашпаған көрсеткіш бірнеше күннің бедерінде барреліне 50 долларды төңіректеп тұр. Қарамай құнының құбылуының Қазақстан экономикасына тигізетін әсері орасан екені әлмисақтан белгілі. Ұлттық қорға түсетін табыс көлемінің ұлғаюы да, қор қоржынының қабысып қалуы да көмірсутегі бағасына тәуелді. Олай болса, 2019 жылы шикізат нарығын не күтіп тұрғанына болжам жасау артықтық етпейтіні түсінікті.
Уолл-Стрит сарапшылары Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық көрсеткіші 69 доллар шамасында болады деп болжам жасапты. Көмірсутегі нарығындағы жағдай былтырғыдан күрделі болмаса, оңай болмайын деп тұр деседі олар. Апта сайын, ай сайын нарықтағы ахуалға қарай бұл болжамның да қайта-қайта өзгеріп жатқанын айта кету керек. Отандық сарапшылардың да мұнай бағасына болжамдарына құлақ түріп көрейік.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты:
Әлемдік экономиканың дамуындағы барлық тенденциялар дамушы мемлекеттердің де экономикасына өз әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне біз халықаралық нарықтағы ірі мұнай экспорттаушы елдердің біріміз. Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпарат бойынша 1 баррель – 55 АҚШ долларын құрамақ. Ресейдің Экономика даму министрлігі бұл көрсеткіш 63 доллар, Халықаралық валюта қоры – 70 АҚШ доллары, АҚШ Энергетика министрлігі – 72 АҚШ доллары, Goldman Sachs банкі – 70-80 АҚШ доллары аралығында болады деп болжаған болатын. Bloomberg – 63 АҚШ доллары межесін бекіткен. Thomson reuters – 73 доллар болады деп жоспарлауда. Бұл болжамдардың орташа есебі − 67,5 АҚШ долларын құрайды. Егер, осы болжам сақталса, онда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3-4% көлемінде қалады.
Жалпы, еліміз үшін мұнайдың 1 баррелі 50 доллардан жоғары болса, экономикамызға қолайлы деуге болады. Егер одан төмендесе, мәселен 40 долларға түссе, одан әрі құлдырап 30 долларға дейін төмендесе, елдегі әлеуметтік жағдайды қалыпты ұстап тұруға арналған бағдарламалар қарастырылғанын Үкімет бұған дейін де айтқан болатын.
Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін ІЖӨ 3-4%-дық өсімі жеткіліксіз болады. Бұл көрсеткіш дамыған АҚШ, Батыс Еуропа елдері үшін жақсы өсім, себебі олардың ІЖӨ көлемі триллиондаған доллар шамасында. Ал біздің ел үшін 2050 жылға дейін 30 бәсекеге қабілетті елдің қатарына кіреміз десек, кем дегенде 6-7%-дық өсім болуы керек.
АҚШ-тың Иранға салған эмбаргоның нәтижесінде экспортқа шығатын мұнай көлемі азайып, 1 баррелі 100 долларға дейін өсіп кетуі мүмкін деген де болжам бар. Ондай жағдайда Қазақстан экономикасының шикізаттық салаға тәуелділігі қайтадан артып, экономиканың нақты секторындағы бағдарламалар жайына қалуы да мүмкін. Сондықтан экономикасы әртараптанған мемлекет құрамыз десек, мұнай бағасының тым қымбаттауының теріс жағы да болатынын қаперде ұстаған жөн.
Меніңше, алдағы уақытта мұнай бағасы құлдырайды. Сондықтан Қазақстан экономикасын шикізаттық бағыттан арылту, барынша әртараптандыру, индустрияландыру жолына түсу – заман талабы.
Айдархан ҚҰСАЙЫНОВ, сарапшы:
Соңғы кезде мұнай бағасының көтерілуіне де, құлдырауына да әсер ететін қайшылықты факторлар көбейіп кетті. Халықаралық қор нарықтарындағы өзгерістер, Қытай мен АҚШ арасындағы «сауда соғысы», АҚШ пен Еуроодақ арасындағы қарама-қайшылықтар көмірсутегі нарығына ықпал етіп жатқаны сөзсіз. Ол осы жылы да жалғасын табады.
Ұлыбританияның Еуропалық Одақ құрамынан шығуы да шикізат бағасының күрт өзгеруіне ықпал етпейді деуге болмайды. Біз үшін Брекзиттің барынша тыныш өткені, экономикалық, қаржылық әсерінің неғұрлым әлсіз болғаны тиімдірек, әрине. Ірі халықаралық банктердің монетарлық саясатындағы өзгерістерді де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Дегенмен, мұнай бағасын тұрақтандыру үшін жасалып жатқан жұмыстар да бар. Мәселен, ОПЕК-ке мүше мемлекеттер бір келісімге келуге тырысып жатыр. Соңғы бірнеше айда шикізат бағасы түсіп кеткені оларды да алаңдатып отыр.
Менің пайымдауымша, 2019 жылы мұнайдың 1 баррелінің бағасы – 50-60 доллар аралығында болады. Саяси, қаржылық факторлардың қалай әсер ететінін тап басып айту қиын, әрине. Дегенмен, баға осы көрсеткіштен алыс кетпеуге тиіс. Баррельдің бағасы бұдан да төмендеп кеткен жағдайда біздің экономикамызға оңайға соқпайды.
Дайындаған Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»