Дебют немесе сен қайда жүрсің, Қожа?
Дүйсенбі, 4 маусым 2012 11:06
Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” атты повесін бұл күнде кім білмейді? Бәріміз де жақсы білеміз. Ал, сол шығарманың желісімен түсірілген осы аттас фильмді ше? Одан да хабарымыз мол. Балалық шақ атты ғажайып әлемнің баяны – аталмыш туындыны өз кітап сөрелерімізден ұшырастырғанда, сондай-ақ жоғарыда айтқан кинолентаны теледидардан көріп қалғанда есімізге бір сұрақтың орала беретіні бар. Ол: “Менің атым Қожа” фильміндегі басты рольде ойнаған Нұрлан Сегізбаев қайда? Оның 1963 жылғы сол сәтті дебютінен кейінгі өмір жолы қалай болды?” – деген сауал.
Дүйсенбі, 4 маусым 2012 11:06
Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” атты повесін бұл күнде кім білмейді? Бәріміз де жақсы білеміз. Ал, сол шығарманың желісімен түсірілген осы аттас фильмді ше? Одан да хабарымыз мол. Балалық шақ атты ғажайып әлемнің баяны – аталмыш туындыны өз кітап сөрелерімізден ұшырастырғанда, сондай-ақ жоғарыда айтқан кинолентаны теледидардан көріп қалғанда есімізге бір сұрақтың орала беретіні бар. Ол: “Менің атым Қожа” фильміндегі басты рольде ойнаған Нұрлан Сегізбаев қайда? Оның 1963 жылғы сол сәтті дебютінен кейінгі өмір жолы қалай болды?” – деген сауал.
Рас, оны біз жоғарыдағы фильм экранға шыққаннан кейін бір рет жүзбе-жүз көргеніміз бар. Бұл “Менің атым Қожа” кинолентасының Франциядағы Канн қаласынан жүлде алып келгеннен біраз уақыттан соң Алматыда кездесуіміз еді. 1969 жылдың сол бір жазында Нұрлан Сегізбаев КазГУ-дегі журналистика факультетінің орыс бөліміне құжаттарын тапсырып, бізбен бірге абитуриент болып жүрді. Өкінішке қарай жолы болмады. Содан қайтып онымен жүздескен емеспіз. Бірақ, бәріміздің балалық шағымыздың жиынтық бейнесі іспетті кішкентай тентек қара Қожа туралы қай жерде болмасын әйтеуір бір сөз қозғала қалғанда кино әлемінде жалт етіп із қалдырған Нұрлан да есімізге түсіп, қайда жүр екен деп ойлайтынбыз.
…Міне, қызық! Таяуда оны Астанадағы Парламент үйінде жолықтырып қалдық. Бұл өзі мүлде күтпеген кездесу еді. Сөзіне қарағанда Нұрланның Алматыдан елордаға келгеніне көп болмаған. Депутаттарда шаруасы бар сияқты. Соларға жолығып, қажетті қағаздарына қол қойдырысымен кері қайтпақ.
– Өзіңмен кездеспегенімізге міне, 32 жылдай уақыт болыпты, – дедім мен оның мұндағы келісінен хабардар болған соң. – Енді қайтіп мұндай жүздесудің сәті түсе ме, түспей ме… белгісіз. Сондықтан біздің, біз сияқты көптеген көрермендердің ойында жүрген сұрақтарға осы жерде жауап алып қалсақ деген ойым бар. Бұған қалай қарайсың?
– Жарайды, – деді ол. – Жолығатын адамым келмей, босқа отырмын ғой. Уақыт өтсін. Әңгімелессек…әңгімелесейік.
– Олай болса алғашқы сұрақ мынадай. “Менің атым Қожа” фильмі экранға шыққанда жұрт сенің фамилияңның ұқсастығына қарап айтты ма, жоқ әлде шынымен солай ма: “Нұрлан атақты футболшы Тимур Сегізбаевтың інісі екен”, – десіп жүрді. Осы рас па?
– Иә, рас. Ол менің туған ағам болады.
– Ата-анаң туралы да айта кетсең… Бұл кісілердің өзің дебют жасаған сала – кино өнеріне қатысы жоқ па еді? Отбасында неше бала болдыңдар?
– Алдымен әкем туралы айтайын. Ол біз сөз етіп отырған сала емес, мүлде басқа мамандықтың иесі болатын. Алматының ежелгі, көнекөз тұрғындары Санжар Сегізбаев деген кәсіби заңгерді күні бүгінге дейін жақсы біледі. Біліп қана қоймай кішіпейіл, мәдениетті әрі қайырымды адам екенін айтып отырады. Міне, сол кісі менің әкем болатын. Кеңестік Қазақстаннан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі ол сонау отызыншы жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінде жұмыс істепті. Содан соң Қырғыз КСР Жоғарғы сотының төрағасы болған. Осы қызметінде жүргенде репрессияға ілігіп, ақын Ааалы Тоқамбаев екеуі бір түрме, бір камерада отырған және кейін қатар ақталып шыққан. Әкей содан соң Алматыға келіп, 1956 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде жұмыс істеді. Өмірінің соңында осында референт болып жүріп, 1972 жылы дүниеден қайтты. Ал, анам үй шаруасындағы адам еді. 14 құрсақ көтерген кісі. Соның 6-уын жер қойнына беріп, 8-імізді аман-есен тәрбиелеп өсірді де осыдан екі жыл бұрын бақилыққа аттанды. Есіме қазір түсіп отыр, өмірде көп бола бермейтін мына ұқсастыққа қараңыз. Сол ғазиз анам Кеңсай зиратында “Менің атым Қожа” фильміндегі Қожаның шешесі боп ойнайтын Бикен Римовамен қатар жатыр. Туған анамның басына барған сайын Бикен апаның қабіріне де тәу етемін. Себебі, ол кісі менің кинодағы екінші анам ғой.
– Ал киноға қалай түсіп жүрсің?
– Мүлдем күтпеген жағдайда. №30 мектептің төртінші сыныбында оқитынмын. Бұл білім ұясы Алматыдағы бұрынғы 8 март пен Комсомол көшелерінің қиылысында болатын. Оның ауласынан қарсы беттегі “Қазақфильм” анық көрініп тұрушы еді. Содан бір күні сол киностудиядан Мәлік Ибраев деген режиссердің көмекшісі келсін. Келсін де төртінші-бесінші сынып оқушыларын сыртылдатып суретке түсіріп кетсін. Бір айдан соң қайта айналып соғып, мені қолымнан жетектеген күйі режиссер Абдолла Қарсақбаев ағамызға алып барсын. Киностудиядағы көркемдік кеңес жиналысына қатысып отырған ол кісінің маған айтқаны: осындай да осындай бір фильм түсірілуі керек. Сондағы қиқар, тентек, бірақ ақкөңіл де адал ауыл баласының роліне мен лайық екенмін. “Жер-жерден түсіріп әкелген 120-ға жуық фотоның ішінен көркемдік кеңесте сенің бейнең өтті. Кинода ойнайсың енді”, – дейді ынтықтырып. Мұндай ұсынысқа қай бала қызықпасын? Мен Абдолла ағаға бірден келісімімді бердім.
– Фильм қай жерлерде түсірілді?
– Болашақ киноға Алматы облысының іргесіндегі ауылдар таңдалып алынды. Атап айтқанда олар Талғардағы “Учхоз”, “Қызыл қайрат” елді мекендері мен Қаскелеңнің шеткі көшелері және Асыдағы шопандар тойы өтетін жайлау еді. Киностудия әкімшілігінің бұл жерлерге назар аударуы тегін емес-ті. Біріншіден, мұндағы селолардың кескін-келбеті: “Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!” –деген сол кездегі социалистік ұранға сай өте әдемі болса, екіншіден, табиғат фоны да сұлу, ал үшіншіден, кино түсіру алаңы Алматыға жақын болғандықтан ол басы артық шығынды көп қажет етпейтін.
– “Менің атым Қожа” қанша уақытта түсіріліп бітті. Сол уақыттар ішінде сенің қиналған сәттерің болды ма? Болса ол нендей жәйттерге байланысты еді?
– Режиссер Абдолла Қарсақбаев бұл фильмді 1962 жылдың сәуірінде бастады да қазан айының аяғында оны толық түсіріп бітті. Сол сегіз айдың ішінде менің есімде қандай жәйттер сақталып қалды дегенде ойыма төмендегі екі оқиға оралады. Оның біріншісі, кино түсіру алаңындағы жұмыс әбден қызған күндердің бірінде менің темекі тартамын деп ауырып қалуым. Естеріңізде ме, фильмде Сұлтан мен Қожа жайлауға кетіп бара жатып: “Жігіт болды деген міне, осы!” – деп бұрқыратып шылым шегеді емес пе?! Дәл сол эпизодты түсірерде бұрын темекі дегенді мүлдем аузыма алып көрмеген мен “Прибой” ма, жоқ әлде “Беломор” ма, нақ қазір есімде жоқ, солардың біреуін қатты сорып жіберіп қақалып, ес-түссіз аттан ауып түстім. Содан тамақ батпай жүрегім айнып, жер-дүние көшіп бара жатқандай басым айналып, екі-үш күн ауырып жаттым. Ал, екінші есте қалған жағдайды айтар болсам, ол менің осы киноға түсемін деп төртіншіден бесінші сыныпқа өте алмай, екінші жылға қалып қоюым еді. Мектеп дирекциясы әу баста “Қазақфильм” басшыларымен келіссе де, кейін менің сол жылғы наурыз, сәуір, мамыр және қыркүйек, қазан айларындағы сабаққа қатыспағанымды ешбір ережеге сыйғыза алмай, әбден бастары қатты. Ақырында төртінші сыныпта қалып тындым да сол кезде мектепті өзіммен бірге оқыған осы күнгі атақты әнші Әлібек Дінішевтен бір жыл кейін бітірдім.
– Өзіміз сөз етіп отырған кинотуынды елге алғаш рет қашан, қай жерде көрсетілді? Фильмнің премьерасы өткізілген соң ондағы өз еңбегіңді қалай сезіндің және осы фильмді қазір көрермен ретінде қалай бағалайсың? Енді осылар жөнінде бір-екі ауыз сөз айтсаң.
– 1963 жылғы ақпанда Алматы көшелеріне “Менің атым Қожа” фильмінің жарнамалары ілініп, оның “Қазақстан” кинотеатрында көрсетілетіні айтылды. Көп кешікпей сол тұңғыш қойылымға Кененбай Қожабеков, Бикен Римова, Раиса Мұхамедиярова және мен бәріміз шақырылып, сценарий авторы Бердібек Соқпақбаев, режиссер Абдолла Қарсақбаев болып ел алдына шықтық. Дуылдата соғылған шапалақ үні. Десте-десте боп шашылған гүл шоқтары. Бірінен бірі өткен мақтау сөз. Қазір ойлап қарасам, нағыз табыстан бас айналатын сәттер еді ол. Бірақ шынымды айтайын, бұл кинолентаның керемет дүние екендігін төртінші сынып оқушысы мен сол кезде сезгенім жоқ. Оның тамаша, құнды туындылар қатарына жататындығын кейін ғана білдім. Аталмыш киноның мықты болып шығуы актерлерге ғана байланысты емес, жазушы Бердібек Соқпақбаев шығармасының нағыз халықтық кітап екендігінде, содан кейін Абдолла Қарсақбаевтың режиссурасында деп ұғу керек.
Ал, енді: “Фильмді қазір көрермен ретінде қалай бағалайсың?” – деген сұрағыңа келейін. Бұған мен емес, уақыт өзі жауап беріп қойған сияқты. Олай дейтінім, біріншіден, “Менің атым Қожа” экранға шыққан соң төрт жылдан кейін Францияның Канн қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған көркемсуретті фильмдердің дүниежүзілік фестиваліне қатысып, онда қазақ киносы тарихында тұңғыш, ал Кеңес Одағы бойынша үшінші болып (“Иванның балалық шағы”, “Қоңырау соғылып тұр, есік ашыңдар!” ленталарынан кейін) халықаралық жүлдеге ие болды. Сөйтіп кішкентай тентек қара Қожа телпегін аспанға атып Алматыға қуанышпен оралды. Бұл табыс па? Табыс! Екіншіден, 1970-1978 жылдар аралығында кеңестік Қазақстанның рухани өмірінде жақсы, игілікті бір іс атқарылды. Ол 12 томдық энциклопедиямыздың жасалып, жарыққа шығуы еді. Басқа киноларды білмеймін, біз сөз етіп отырған фильм міне, сол әмбебап еңбектің “Қазақ КСР-і” томына кіріп, одан ойып тұрып өз орнын алды. Бұл оған берілген баға ма? Баға! Үшіншіден, “Менің атым Қожаның” экранға шыққанына 38 жылға жуық уақыт болыпты. Содан бері ол тақырып жағынан “ескіріп” немесе көрермендерін жалықтырып көрген емес. Егер олай болғанда бұл туынды баяғыда-ақ прокаттан шығып қалмай ма? Фильмнің осындай өміршеңдігін ескерген шығар деп ойлаймын, былтыр әлемдік киноның 100 жылдығында ЮНЕСКО-ның өнер жөніндегі комитеті “Менің атым Қожаның” бір эпизодын алып, одан пошта маркасын жасап шығарды. Бұл жетістік пе? Жетістік!
– Осы жерде енді тоқталмай кетпейтін бір сұрақ бар. Ол: “Мыңдаған көрерменді өзінің табиғи болмысымен бірден баурап алған Қожаны экранға жарқ еткізіп шығарған Нұрлан Сегізбаев содан кейін кино әлемінде неге үн-түнсіз жоқ болып көрінбей кетті?” – деген сауал. Шынында да мұның себебі неде?
– Бұл енді… қиын сұрақ. Бірақ сонда да болса оған жауап беріп көруге тырысайын. Кинодағы аталмыш дебютімнен кейін жаңа рольдерде ойнауға қанша талаптанғаныммен сол кездегі өмір ағысы мені одан әйтеуір бір себептермен үнемі алыстатып әкетіп отырды. Мәселен, сегізінші сыныпта оқып жүргенімде кинорежиссер Шәкен Айманов ақын Олжас Сүлейменовтің сцеранийі бойынша түсірілуге тиіс “Атамекен” фильміне шақырды. Бірақ оған әкем үзілді-кесілді қарсы болып: “Мектепті бітіргеніңше ешқандай киноға түспейсің. Сені тағы да бір сыныпта екі жыл оқытар жайым жоқ”, – деп ешқандай уәжге көнбей қойды. Сөйтіп мен ол жолы бұл ролімді көрші мектептің оқушысы, кейін ұйғырдың “Яшлық” ансамбілінің жетекшісі болған әнші Мұрат Ахмадиевке бердім. Содан кейін “Одесса” киностудиясының туындысы “Тайга неге үн қатпады?” фильмінде де дәл жоғарыдағыдай жағдай қайталанды. Онда тағы да Мұрат ойнады. Өстіп жүргенде орта мектепті бітіріп, КазГУ-дің журфагына түсуге ниет етіп едім…, жолым болмады. Өзің білесің, сол кездегі тәртіп бойынша уақыт өткізбей жұмыс стажын жинау қажет емес пе еді? Міне, осы оймен күз, қыс, көктем бойы “Ленинская смена” газетінде жұмыс істедім де жаз шыға Өскеменнің пединститутына барып оқуға түстім. Оны бітірген соң жолдамамен сондағы Катонқарағай ауданының орталығындағы орыс мектебінде 1977 жылға дейін оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істедім. Одан романтика ма, жастықтың желігі ме білмеймін, келіншегім мен қызым Нэлли үшеуіміз Якутияның Усть-Миль елді мекенінен бір-ақ шықтық. Көріп отырсың, өмір міне, мені осылай түу бастағы хоббиімнен бірте-бірте алыстатып, мүлдем басқа бір тіршілікке қарай әкете берді…, әкете берді. Бірақ, қайда, қай жерде жүрсем де кино, оның таңғажайып әлемі көңілімнің терең түкпірінде шымырлап жататын да қоятын. Келе-келе ол ғажайып арманға, арман емес-ау, таусылмайтын да бітпейтін белгісіз сағынышқа ұласатын болды. Әрине, сол кезде мен енді қайтіп киноға түсіп, “Америка ашатындай” рольдерде ойнай алмайтынымды жақсы білдім және сездім. Өйткені, бұл уақытта жасым отызға келіп, актерлік бейімділігім жоғалып, өзіме мүлде жат бола бастаған еді. Бірақ аңсарым бәрібір сол кино түсіру алаңына ауды да тұрды. “Қой, – дедім бір күні. – Осы уақытқа дейін өзімді-өзім азаптағаным жетер енді. Кинода ойнамасам да бұдан былай оның төңірегінде жүрейін. Өстіп алаңдаған көңіліме жұбаныш табайын. Әйтпесе екіұдай боп бұлай жүре беру мені мүжіп жеп қоюы әбден мүмкін. Есімді жияйын”.
Сөйттім де 1982 жылы Якутиядан Мәскеуге келіп, ВГИК-тің сценарий факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Конкурста қабылдануға тиіс 52 үміткердің ішінен екінші боп өтіп, кино тарланы Евгений Габриловичтің шеберханасына бөліндім. Міне, содан бастап көңілім жай тапты. Атап айтқанда, бір кездегі өзіме таныс әдеби орта, жаныма жақын кино түсірушілер тіршілігі жан-дүниемді баурап алды да кетті. Соның нәтижесінде 1985 жылы жазушы Әбіш Кекілбаевтың әңгімесі негізінде менің сценарийіммен режиссер Мұрат Ахметовтың “Тасбақаның шөбі” фильмі экранға шықты. Содан соң режиссер Асқар Бапышевтың 1987 жылы жарық көрген “Диагноз” кинотуындысының сценарийін жаздым. Бұдан соң 1989 жылы марқұм Халықбек Салықовтың “Триптих” атты фильміне отырдым. Ең соңғы жұмыстарымның бірі режиссер Қалдыбай Әбеновтің атақты желтоқсан оқиғасына байланысты түсірген “Аллажар” көркемсуретті фильмінің сценарийі. Оны әріптесім Александр Лапшин екеуміз бірігіп жаздық.
– Айтпақшы… біз бір сұрақты ұмытып бара жатыр екенбіз. Осы “Менің атым Қожа” фильміндегі өзің ойнаған Қожадан басқа Сұлтан, Жанар, Жантас бейнелерін экранға шығарған балалар кімдер еді? Олардың кейінгі тағдырынан не хабарың бар?
– Сұлтан сол кездегі Алматының Жұмысшы поселкесі деп аталатын бөлігінде тұратын Мәлік Көкенов еді. Ал, Жанардың ролін ойнаған Гуля Қорабаева мен Жантасты бейнелеген Ерік Құрмашев те алматылық мектеп оқушылары болатын. Мәлік Көкенов 1968 жылы КазГУ-ге түсті де университетті бітірген соң Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет істеп жүрді. Оның одан кейінгі тағдырынан хабарым жоқ. Гуля Қорабаева политехника институтының энергетика факультетінде оқыды. Қазір қайда екенін айта алмаймын. Ал, Ерік Құрмашевпен өзіміз түскен киноның премьерасы болған 1963 жылдың ақпанынан кейін қайтып кездескен жоқпын. Білмеймін. Олар жөнінде айтарым, міне, осы.
Әңгіме аяқталды. Мен редакцияға қайтып келемін. Ойымды енді мүлдем басқа бір сұрақ мазалай бастады. Ол: “Кинодағы алғашқы дебютін кәсіби актерлерден да артық жасап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген кей жандар кейін не себептен жоқ болып кетеді осы?” – деген сауал еді. Мысалы “Ленфильмнің” туындысы “Түз тағысы Динго” киносында Фильканы ойнаған Талас Өмірзақовты алайық. Немесе өзіміздің “Тақиялы періштедегі” Тайлақтың образын ашқан Әлімғазы Райымбековті еске түсірейік. Ал, “Көксерек” фильмінде бала Құрмаштың ролін өте сәтті шығарған Қамбар Уәлиев ше… Неге жалт етіп, жоқ болып кетті? Қазір қайда олар? Шынында қайда?!..
Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (Аупбаев),
“Егемен Қазақстан”.
30 мамыр 2001 жыл.