СӨЗСОЙЫЛ: Бүк-шік бизнес
Жексенбі, 17 маусым 2012 0:40
«Жаман сырын айтамын деп, шынын айтады» демекші, менде қазіргі өзіміздің күн көріп отырған бизнес сымағымыздың жай-жапсарын жайып салайын деп отырмын.
Мардымсыз тірлік кешіп жүргенімде, жығылғанға жұдырық, бір созылмалы кеселге ұшырап ауруханада айлап жатуға тура келді.
Жексенбі, 17 маусым 2012 0:40
«Жаман сырын айтамын деп, шынын айтады» демекші, менде қазіргі өзіміздің күн көріп отырған бизнес сымағымыздың жай-жапсарын жайып салайын деп отырмын.
Мардымсыз тірлік кешіп жүргенімде, жығылғанға жұдырық, бір созылмалы кеселге ұшырап ауруханада айлап жатуға тура келді.
Алғашқыда көңіл сұрап келген ағайындардың әкелгендеріне көңіл бөлмейтінмін. Бірде олар әкелген алма атаулыны жиыстырып әйеліме беріп жібергенмін. Ертесінде әйел: «Кешегі алмаларың онбес килограмнан асып жығылды…» дейді. Түсінбеген маған: «Сатып, дәрі-дәрмек әкелдім. Үйдің де пәтерақысын төлеуге жетті» деді де: «Әкелгендердің қолын қақпа, не әкелсе де жиыстыра бер» деп қытайдың нән екі-үш қабын тастап кетті.
Қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, айналайын ағайын-туыс, жекжат-жұрағат бар, ойпыр-ай, түске дейін үш-төрттеу, түстен кейін бес-алтау келіп… ал сенбі, жексенбі бірі кетіп, келесісі келіп, күн баласы тыным көрмеймін… Келген атаулы құрқол келмейді. «Ауруына алма сеп» деп әйел айтқан болуы керек, жатқан төсегімнің асты алмаға толды.
Әйел де ылдым-жылдым, кештетіп келіп теңдеп тиеп, тайып отырады.
Әйелдің деуімен болуы керек, алмадан бөлек алмұрт, қауын сияқты жеміс-жидектерде келе бастады.
Басында ыңғайсызданушы едім, келіншектің кешегілер пәлен қаражат болды, оны өйттім-бүйттім дегенін естіп… кейінгі кезде көз қиығым бірден келгендердің дорбасына түсетін болып алды…
Ауыл пойыз жол торабында болғандықтан, әйел сатар затын ары-бері өткендерге ілезде-ақ үлестіріп үлгереді.
Не керек, ауруым созылмалы болғандықтан алты ай жатсам да зерікпедім… Әйелдің арқасында шағын жеке бөлме бұйырып, тоңазытқыш пен теледидар да кіргізіп берді.
Бірде көңіл сұрап келіп отырған құда: «Құдағи айтқан он қап кәртөшкені қаттап дайындап қойдық» дегенінде үндей алмай, кеткен соң әйелге: «Кәртөшкің не?!» десем: «Саған ескертуді ұмытыппын ғой, бар-ау деген ағайындарға «Ауруы қиын, шетелден маман келіп қарайды екен. Оның қарағанына, дәрі-дәрмегіне көп қаражат керек екен дегенмін. Құдаң болып, басқалар бар – құдай қаласа бір елу мөшектей кәртөшкі бұйырып, оны бір пойызбен келісіп тиеп, алдағы аптада қалаға апарып сатып келейін деп тұрмын. Онымен бірге бұйырған төрт-бес ірі қара, жиырма шамасындағы уақ малдың да етін апармақпын» дейді.
Не керек, өстіп ойламаған жерден бүк-шік бизнес пайда болғаны…
Бірде келіншек алақайлап көңілді келді де: «Ендігі жерде ел-жұртың не әкелсе де ала бер. Стансадан киоск аштым, енді бәр-бәрін сата беруге болады!» дейді.
Қайтейін, қолдан келер басқа тірлік жоқ, бұйырған бизнеске бел шешіп кірістім де кеттім.
Сөйтіп жатқаныма жылға жуықтағанда әйел: «Енді сенің орныңа мен жатамын. Ел-жұртқа өзім сауыққан болдым, ауруым әйеліме жұғыпты дейсің. Киоскіде сатушы бар, сен екі ортада жүріп тұрсаң болды. Маған не керегін өзім айтамын, тек оны айналайын ағайындарға көз жасыңды сығымдай отырып айтып жеткізсең болды» дейді.
Уақытша болса да қапас қамаудан құтылғаныма құлдық ұрып, әйелге: «Ләпай тақсыр!» деп іске кірістім де кеттім…
Ерсұлтан МАҒЖАН.
АЛМАТЫ.