Енді міне, отыз жылға созылған «Хэйсэй» дәуірі осы жылдың сәуір айында аяқталып, 1 мамыр күні Жапонияда жаңа император таққа отырып, жаңа дәуір басталғалы отыр. Бүгінгі таңда жапон қоғамында ең қатты қызығушылық тудырып отырған жаңа дәуірдің атауы тақ жаңарардан бір ай бұрын, яғни 1 сәуір күні белгілі болады.
2016 жылдың 8 тамызында Император Акихито халқына арнап өзінің арнайы видео-жолдауын жариялады. Жолдауда жасы мен денсаулығын тілге тиек етіп, мұрагер ханзада кезінен бастап бүгінге дейін ұзақ жылдар бойы халықпен бірге болғанын, ел конституциясына сәйкес «мемлекет пен ұлт бірлігінің символы» ретінде өзіне жүктелген міндеттемелерді үлкен жауапкершілікпен атқарып, «құдайдан елінің тілеуін тілеп келгенін» өзіне бақыт санайтынын жеткізді. Алайда тақтан түскісі келетіні жайлы нақты ештеңе демеген еді.
Сол жолдаудан кейін жапон үкіметі халық арасында императордың сөзі қалай қабылданғанын аңдау мақсатында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізді.
Өйткені Императордың бұл жолдауы өзі үшін де, жапон үкіметі мен жалпы жапон жұрты үшін ең маңызды мәселеге айналып, басқа біраз мәселелердің туындауына себеп болды. Өйткені мемлекеттің қазіргі конситуциясында да, император үйіне қатысты заңда да тірі императордың тақтан түсуіне қатысты нақты ештеңе айтылмаған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін америкалық генерал Д.Макартурдың басшылығымен қабылданған император үйіне қатысты заңның төртінші тармағында «Император қайтыс болған сәтте оның мұрагері таққа отырады» деп көрсетілгені болмаса, тақ егесінің тірісінде оның орнын жаңарту жолы жайында жазылмаған және бұл мәселеге қатысты арнайы ережелер бекітілмеген.
Сондықтан Император өз жолдауында тақтан кететіні жайында ештеңе айтпай, бұл мәселеге қатысты халықтың көңіл күйін алдын ала біліп алуды жөн санады. Жүргізілген сауалнама нәтижесі халықтың басым көпшілігі императордың ниеті үлкен түсінікпен қабылданғанын және денсаулығына байланысты көзі тірі тұсында тақтан түсуіне қарсы емес екенін көрсетті.
Екі мың жеті жүз жыл бойы жалғасып келе жатқан әлемде теңдесі жоқ императорлық жүйе тарихында елу сегіз император түрлі жағдайлармен көзі тірісінде тақтан кеткені белгілі. Дегенмен мұндай жағдай соңғы рет екі ғасыр бұрын болған.
Жапондық императорлық жүйе тарихында ұрпақтардың ешқашан үзілмегені ақиқат па, аңыз ба, бұл мүлдем басқа әңгіме. Ол жапон ғалымдары арасында да қызу талқыланып жүрген тақырыптардың бірі. Бірақ әлемде теңдесі жоқ императорлық жүйе екені, жапон жұрты ел болғалы қоғам басында міндетті түрде императордың отырғаны рас екені тарихтан белгілі.
Еуропа халықтарының талай құрылып, талай жоғалған патшалықтарын айтпағанда, мың жылдық тарихы бар Рим империясының өзі тарих қойнауында қалып қойса, басқа патшалар бірін-бірі басып алып жатқанда, жапон жұрты басқаларға ұқсап өз императорына өзі ешқашан қарсы шаппаған.
Тарихтың қай кезеңінде болмасын, ауқаттылар мен ақсүйектер императорды құлатып, оның орнына өздері отыруды көздемеген. Басқасын айтпағанда, заманының қожайыны болып, халықты уысында ұстаған самурайлардың өзі таққа таласпақ түгілі, сол тақты сақтап қалуды өмірдің мәні қылған.
Бір ұлттан құралған жапон елінің императорлық жүйесінің бірден-бір ерекшелігі осы. Қай заман болмасын әлділер таққа таласу арқылы емес, тақты қорғап, таққа жақын болудың арқасында халықтың көңілінен шыға білген. «Құдай баласының» батасын алмағанды халық ешқашан мойындап, ел айтқанын тыңдамаған. Жоғарыда аты аталған, сол заманда жер жүзіне әмірі жүріп тұрған америкалық генералдың өзі отқа оранған жапон елінің императорына тиіспей, оны жапон қоғамының діңгегі қылып қалдырғаны қарт тарихқа құлақ асқаны еді.
Қолында абсолюттік билік шоғырланбаған императорлар қашанда дін мен дәстүрдің, наным-сенім мен мінез-құлықтың үлгісі, күншығыс елінің символы боп қала бермек.
Жаңа басталған 2019 жыл жапон елінде отызжылдық «Хэйсэй» дәуірі аяқталып, жаңа император таққа отырып, жаңа дәуір басталатын тарихи маңызды жыл болмақ. Әлем назарын өзіне аударғалы отырған ғаламдағы жалғыз императорлық жүйе жайында өз тарапымыздан қазақ қоғамын құлақтандырып отыратын боламыз.
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін