Біз білмей келген шындық
Дүйсенбі, 2 шілде 2012 0:55
1917 жылғы буржуазиялық-демократиялық Ақпан революциясынан кейінгі пролетарлық революция деп аталған Қазан төңкерісінің көсемдері Ресей империясының шет аймақтарындағы ұлт-азаттық қозғалысты өздерінің одақтасы деп жариялады. Олар отаршылдықта езілген халықтардың бостандық алатындығын, елге өздерін-өздері билеу құқын беретіндігін мәлімдеді.
Дүйсенбі, 2 шілде 2012 0:55
1917 жылғы буржуазиялық-демократиялық Ақпан революциясынан кейінгі пролетарлық революция деп аталған Қазан төңкерісінің көсемдері Ресей империясының шет аймақтарындағы ұлт-азаттық қозғалысты өздерінің одақтасы деп жариялады. Олар отаршылдықта езілген халықтардың бостандық алатындығын, елге өздерін-өздері билеу құқын беретіндігін мәлімдеді.
Ұлттың өзін-өзі билеуі ұлт-азаттық күресінің ең басты мәселесі. Бұл жөнінде Әліби Жангелдин бастаған қазақ большевиктерінің де, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің де мақсаты бір жерге үйлесе кетті. Екі жағы да автономия алуды, оның билік тізгінін қазақтардың өз қолына беруді мұрат тұтқан. Азамат соғысы бел ортадан ауған шақта Алашорданың керегелері қисайып, уықтары ыдырап тұрды. Оның есесіне Кеңестік Қазақ автономиясын құруға қолайлы жағдай туды.
Ол үшін көптеген дайындық жұмыстарын жүргізіп, бет-бетімен түйе айдап жүрген облыстық, уездік кеңестердің басын қосып, басқаратын бүкілқазақтық бір комитет – ұйым керек. Әліби сол ойларын негіздеп 1919 жылғы мамырдың басында Ресейдегі Халық Комиссарлары кеңесіне арнайы хат жолдады. Оның ұйымдық құрылымы, кім басқаруы тиіс, мүшелері кімдер болуы керектігі жөнінде де нақты ұсыныс жасады. Осындағы: “Менің ұсынысым бойынша”, – дегеніне қарағанда, Қазревком төрағалығына өзі тағайындалатындығына Әліби Тоғжанұлының күмәні болмағаны анық аңғарылады. Иә, парасат, білім, іскерлік қабілет, қазақ жұртына танымалдық, оның алдындағы абырой-бедел бәрін қоса таразыға тартқанда, сол кездегі Қазревком мүшелігіне сұрыпталып алынған кандидаттардың ешқайсысына қояр кінә жоқ. Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұнғашин, Сейітқали Меңдешев, Байқадам Қаралдиннің қайсысы болса да қатардағы мүшелік өз алдына, Қазревком төрағалығына үміткер азаматтар, лайықты қайраткерлер. Бұл арада Қазревком мүшелігіне сайланатын орыс және басқа ұлттардың өкілдеріне тоқталмасақ та болады. Өйткені, Станислав Пестковскийдің куәландырғанындай, кеңестік орталық үкімет басшылары Қазревкомның төрағасы жергілікті ұлттың өкілі – қазақ болсын деп бірауыздан келісіп қойған болатын. (“Советская степь”, 4.Х.1930). Кімді қою керек? Әңгіме соған тірелген. Жоғарыда айтылған мүшелікке кандидаттардың әрқайсысына жеке-жеке ауызша мінездемелер дайындалып, талқыға түскен. Кімнің кім екені сонда белгілі болған.
Әліби Жангелдин – 1915 жылдан РСДРП мүшесі. Партияның тапсырмалары бойынша Қазан революциясына дейінгі жылдарда Далалық қазақ өлкесінде, Қырымда жұмыс істеген. Революциялық әскери кеңестің төрағасы Лев Давыдович Троцкий оны 1917 жылдың күзінде, өзі Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде арнайы курста оқығаннан кейін Қырымға жұмысқа жіберілген кезінен біледі. 1917 жылдың желтоқсанында Халық Комиссарлары кеңесінің кезекті мәжілісінде Торғай облысының әскери комиссарлығына тағайындалғаны үкімет басшыларының бәріне белгілі. Абырой-беделінде дақ жоқ.
Бақытжан Қаратаев батыл қайраткерлігімен, шешендік талантымен танылған белгілі заңгер. Мемлекеттік Думада патша үкіметінің отаршылдық саясатын, әсіресе, қазақтардың қыстауларын бұзып, ол жерлерге ішкі Ресейден шұбырған қара шекпендерді қоныстандыруын айыптап сөйлеген сөзі В.И.Лениннің назарын аударған. Оның біз мұжықтарға ығысып жер беруге қарсы емеспіз. Қыстауларымызды бұзбаса екен деген сөздерін Владимир Ильич большевиктердің аграрлық программасына байланысты мақаласында мысалға келтірілген хан тұқымы. Ақсүйек. Ақпан революциясына дейін патша үкіметімен жаман болмаған. Романовтар патшалығының 300 жылдығына арнап өз ауылын Романовка деп атаған. Большевиктер жағына шыққанына әлі жыл толмаған кез.
Ахмет Байтұрсынов Алаш ұлттық партиясының негізін қаласып, құруға белсене қатынасқан ірі қайраткер. “Қазақ” газетін шығарып, ағартушылық бағыт ұстаған демократ. Патша заманында көп қуғын-сүргінге ұшыраған. Әліби Жангелдиннің айтуынша, көрнекті әдебиетші, ғалым. Кеңес өкіметі алдындағы күнәсі аз емес. Оны шын мойындап, Алаш партиясынан да, Алашорда үкіметінен де қол үзгені кеше ғана.
Сейітқали Меңдешев парасатты, білімді қайраткер. Большевиктік жұмыстағы тәжірибесі аз. Орал облыстық оқу бөлімінің меңгерушілігінен Қазревком мүшелігіне көтерілудің өзі аз дәреже емес. Қабілеті ерекше бағаланғанынан ұсынылған. Жаңа лауазымға толық сай келеді.
Мұхамедияр Тұнғашин мен Байқадам Қаралдиннің бірі бұрынғы губерниялық, енді бірі бұрынғы уездік мекеме қызметкерлері. Патшадан алған шен-шекпендері, наградалары бар. Бұлардың кейде бір бүйрегі Алаш партиясына бұрса, бір бүйрегі большевиктер жағында тұрады (С.Пестковский, “Советская степь”, 4.Х 1930) Екеуін де Қазревком мүшелігіне пайдалану орынды.
… Таңдау революциялық жұмыс тәжірибесі жеткілікті, саяси көзқарасы, ұстанған бағыты жағынан да сенімді Әліби Жангелдинге түсті. Орталық үкімет пен партия басшылығы оны Қазревком төрағалығына тағайындауды ұйғарды. Бұл шешім туралы И.В.Сталин Ә.Жангелдиннің өзін оңаша бір қабылдағанда ашық айтып, көңілдендіріп те қойған.
Бірақ Әлібидің бұл қуанышы ұзаққа бармады. Сталин қазақ делегаттарын шақырып алып Орталық үкіметтің осындай шешімі бар екенін, Қазревком мүшелігіне кімдер кіретінін, оның төрағалығы Далалық Қазақ өлкесінің Төтенше комиссары есебінде көп жұмыс тындырып, сыналған большевик Әліби Жангелдинге тапсырылатынын айтқанда, делегаттар құлаққа ұрған танадай бір сәт тым-тырыс бола қалды. Сонсоң делегаттардың арасынан біреуі орнынан тұрып:
– Пікір айтуға бола ма? – деп сұрады.
– Неге болмасын. Әбден болады, – деп Сталин пікірді тыңдауға ықыласты екенін білдірді.
Пікір жақсы-ақ басталды. Ол Жангелдиннің Кеңес өкіметіне, қазақ халқына сіңірген еңбегін айтып мақтаудай-ақ мақтап берді. Қазревком төрағалығына лайықты қазақ екенін де өте орынды дәлелдеді. Бірақ… Осы бірақтан кейін көмей белгілі бола бастады. Біз қазақ деген кең байтақ далада басымызды қосамыз деп бас ауыртпай еркін өскен елміз. Қазақ үш жүзге бөлінеді. Бұрын оларды әрқайсысының өз хандары мен сұлтандары жеке-жеке билеген. Ал жүз дегеніңіз әлденеше тайпаға, тайпалар руларға, рулар аталарға бөлініп кете барады. Келелі әңгіме болып, ұлттық, мемлекеттік маңызы зор мәселенің тағдыры шешілер кезде “біреуі олай қарап, біреуі былай қарап, түгел сөзді тыңдамайтын”, бірінің сөзіне бірі тоқтамайтын халық дүниеде екеу болса бірі қазақ та, жалғыз болса өзі. Сондықтан Жангелдин қаншалықты биік парасатты, зор білімді, іскер болса да оны Қазревком төрағалығына қоюға болғызбайтын бір айыбы бар. Ол айыбы – қазақтығы. Менің Орталық өкімет алдына қояр өтінішім: Қазревком төрағасы орыс немесе басқа бір бейтарап ұлттың өкілі болсын!
Шешеннің Жангелдинге емес, қазақ атаулының Қазревком төрағалығына тағайындалуына жан сала қарсы шыққанына таңданғандай, ойлана тыңдап отырған Сталин енді не істеуіміз керек дегендей біраз үнсіз отырып қалды. Содан кейін барып:
– Бұған не айтасыздар? – деп делегаттарды жағалай бір шолып өтті.
Делегаттардың жаңағыға қосары да, алары да жоқ болып шықты. Бас изеумен мақұлдап, өздерінің ризашылықтарын білдірді.
Әліби Жангелдин осылайша төраға тағына отырмай тұрып түсіп қалды.
Сталиннің қазақ делегаттарымен келесі кездесуі көңілді өтті”. Ол үкімет басшылары өзара ақылдасып, қазақтардың тілегін қанағаттандыруды жөн деп тапқанын, Қазревком төрағалығына Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары Станислав Пестковскийді тағайындауды ұйғарғанын айтты. Қазақ делегаттар жарыса:
– Дұрыс!
– Дұрыс шешім. Мақұлдаймыз! – десіп ризашылықтарын білдірді. Қазақтар осылай қазақтың қолына тигелі тұрған ұлт билігінің тізгінен тартып алды да поляктың қолына ұстатты.
Бұл жай осы кезге дейін тарихшылардың назарына ілінбей, ол туралы ашық айтылмай келеді. Білмегендіктен емес, әрине. “Әйел десем әжеме тиеді”, дегендей, шындықты айта бастасақ, қазақты басқаруға бейтарап ұлт өкілін сұрап алған, кейін “дәстүрге” айналып кеткен бар кінә ауыр зардаптарымен қоса қазақтың өз мойнында қалады. Айтпайын десең сол кезде ұзын саны алты миллионға жуықтап қалған іргелі халықтан лайықты бір адам таба алмаған кеңестік орталық үкімет кінәлі болады да. Олай деуге сол кезде кімнің батылы бармақ? С.Зиманов, С.Дәулетова, М.Ысмағұлов өздерінің “Казахский революционный комитет” атты кітабында бұл жайды қазақ даласында Кеңес өкіметін орнатып, оны нығайту үшін революциялық күресте шыңдалған тәжірибесі мол С.Пестковский сияқты табанды қайраткер керек болды. Қазақ қайраткерлері арасында дәл ондай даярлығы бар адам табыла қоймады. Қазревком төрағалығына қазақ емес, бейтарап ұлт өкілі тағайындалуының басты бір себебі осы деп түсіндіреді.
Кезінде еш жерде жарияланбай, айтылған жерінде қалып қойған сол бір шындықтың шетін С.Пестковскийдің өзі естелік есебінде жазып, 1930 жылғы 4 қазанда “Советская степь” газетінде жарияланған, жоғарыда біз бірер сілтеме жасаған мақаласында шығарып беріп кетті. “Қазревком төрағалығына жергілікті ұлттың өкілі – қазақты тағайындау жөнінде орталық үкімет берік тоқтамға келген еді. Бірақ қазақ делегаттарының біз өзара келісіп жұмыс істей алмаймыз ғой, сондықтан Қазревком төрағалығына орыс немесе басқа бір бейтарап ұлттың өкілін тағайындаңыздар деп тілек қоюына байланысты Сталин өзінің орынбасары болып жұмыс істеп жүрген мені ұсынды. Орталық үкімет те, қазақ делегаттары да бұған қарсы болған жоқ”, – деп жазды ол.
Әліби Жангелдиннің өмірі мен революциялық қызметі хақында кезінде көп жазылды. Бірақ соншалық көп автордың бәрі дерлік С.Пестковскийдің сөз болып отырған естелігіне, оның ішінде Қазревком төрағасын сайлау мәселесінде қазақтардың өздері исі қазақтың ол орынға отыруға қарсы шыққанына көңіл бөлмегені қайран қалдырады. Егер академик Серікбай Бейсембаев өзінің “Ленин и Казахстан” атты іргелі монографиясында келтірмесе, сілтемедегі газет мақаласы белгісіз күйінде қала берер ме еді, әлде қайтер еді?
Қазақ делегаттарының Қазревком төрағалығына қазақ атаулыны сайлауға қарсы шыққаны жөнінде Әліби Жангелдиннің өзі бірер сөз айтып кетпеді ме екен? 1961 жылы Алматыда басылып шыққан “Алиби Жангелдин. Документы и материалы” атты кітаптағы (қазақшасы 1975 жылы жарық көрді) өмірбаяндық “Менің өмірім” жазбаларынан ең болмаса сол оқиғаға мегзейтін бір емеурін таба алмаймыз. Бұл қалай? 1947 жылы ұлы Қазан революциясының 30 жылдығы салтанатпен аталып өткені белгілі. Осыған байланысты БК(б)П Орталық Комитетінің тапсырмасы бойынша революциядан бұрынғы стажы бар карт большевиктердің естеліктері жазылып алынған. Тарих ғылымының кандидаты Раиса Исааковна Голубева Мәскеуден стенографисткасын ала келіп 1946 жылдың желтоқсаны мен 1947 жылдың қаңтар айы аралығында Әліби Жангелдиннің қасында отырып естелігін қағазға түсірген. Сонда ол Орталық үкімет өзін Қазревком төрағалығына ұсынғанын, делегаттар мұның өзіне емес, қазақтар өзара келісе алмаймыз ғой, деп бейтарап ұлт өкілін сұрап алғанын ашық айтыпты. Құрастырушылар ма? Әлде редакторлар ма? Әйтеуір біреулер: “Мұның керегі не?” – дегендей алып тастаған. Мүмкін бұл жерде жалған намысқа шабу да бар шығар.
Солай. Ақылға салсаң қазақтар қазақтың төрағалыққа тағайындалуына қарсы шықпаса керек еді. Жангелдинді дәлелін тауып жақсы-ақ құлатқан. Бірақ орталарынан біреуді ұсынайын десе, үлкен лауазымды біріне бірі қимай, биік мәртебені бейтарап біреуге беруді жөн көрген. Ұзын сөздің қысқасы осы.
Қазақи қызғаныш ұлт билігін құрбандыққа шалып жіберген.
Ең жаманы: қазақи қызғаныш ұлт билігін бір жолға құрбандыққа шалып қана қойған жоқ. Орталық үкімет мүшелерінің миына: қазақ байғұс өз тізгінін өзі ұстауға әлі дайын емес екен ғой деген ұғымды тесіп құйып кетті.
Арада алты ай өтер-өтпестегі ауыс-түйісте осы ұғым Орталық үкіметтің есіне қайта түсіп, олардың бұл жөніндегі қалыптасқан пікірін біржола бекітіп тастады. Олай дейтініміз, 1920 жылдың көктеміне қарай Польшамен арадағы соғысқа байланысты С.Пестковский Мәскеуге жұмысқа шақырылды. Міне, дәл осы кезеңде Қазревком үлкен бір “ұйымшылдық, іскерлік” танытты. Орталыққа үсті-үстіне жеделхат жолдап, С.Пестковскийді орнында қалдыруды өтінді. Қазревкомның бұл тілегі қабылданды. Бейтарап төрағаны қазақтың дәм-тұзы уақытша болса да тағы ұстап қалды.
Бірақ Орталық үкімет өз дегенін істемей қоймады. Арада үш-төрт ай өткеннен кейін, 1920 жылдың жаз ортасында С.Пестковскийді Мәскеуге жұмысқа шақырып алды да, оның орнына тағы бір поляк – Радус-Зенковичті жіберді. Ол кейін Қазақ кеңестік социалистік республикасы құрылғанда Халық комиссарлары кеңесінің төрағалығына сайланды. Обком хатшысы болып партиялық билікті өз қолына алды.
Осылайша Қазақ елін басқару тізгінін “бейтарап ұлт” өкілінің қолына ұстату дәстүрге айналып кете барды.
Өткенге өкініп, сан соққаннан пайда жоқ дейміз ғой. Сөйтсе де айтпасқа тағы болмайды. Бәрінен бұрын оның бүгінгі және келер ұрпаққа тарихи тағылымы қымбат. Қазақ делегаттары Әліби Жангелдинді құлату үшін қазақ ұлтының билігін құрбандыққа шалып жіберді.
Дәл сол күні қазақ ұлтының билігі құрбандыққа шалынып қана қойған жоқ. Көп кешікпей 1 миллион 700 мыңдай өмірі қоса қиылып кетті.
Әттең… Әттең! Тоз-тоз болып кеткен Қазақ елінің басын қосып, басқару үшін құрылған тұңғыш мекеменің басына қазақ отырғанда ол кейін тағы бір қазаққа мұра болып қалатын еді. 1925 жылы Қазақ елін басқаруға Голощекин емес, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов, Ораз Жандосов, Сейітқали Мендешев, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлтжанды азаматтардың бірі отырса 1920 жылдың соңы мен 1930 жылдардың басындағы асыра сілтеушілік соншалық шырқап кетпейтіні, қазақ 1922 және 1932 жылдарғы аштықтан топалаң тиген қойдай қырылмайтыны анық еді.
Сапабек ӘСІПОВ,
филология ғылымының кандидаты.
26 маусым 2002 жыл.
Түсініктемелер
1. Әліби Жангелдин, “Документтер мен материалдар”, 1975, 115-бет.
2. В.И.Ленин, Шығармалар. Толық жинағы, Алматы, 1976 ж., 16-том, 419-бет. Онда былай делінген: “Қырғыз-қайсақ халқының атынан ІІ Думада депутат Қаратаев (Орал облысы) сөйледі: біз, қырғыз-қайсақтар… біздің шаруа бауырларымыздың жерге мұқтаждығын жақсы түсінеміз және сеземіз, біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз (39-мәжіліс, 673-бет), “бірақ басы артық жерлер өте аз”, ал, “қоныстандыру қазіргі кезде қырғыз-қайсақ халқын көшіріп жіберумен қат-қабат жүргізіліп жатыр”… “қырғыздарды жерлерінен емес, олардың тұрғын үйлерінен көшіріп жатыр” (675). “Қырғыз-қайсақтар әрқашан оппозициялық фракциялардың бәріне іш тартып отырады (675)”. (“Социал-демократияның 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясындағы аграрлық программасы” деген еңбегінен).
3. Әліби Жангелдин, “Документтер мен материалдар”, 1975, 129-бет. “Жоғарыда айтылған Дулатов пен басқалардың шайкасына қарсы жергілікті қазақ әскерлері шығып, Қоңыраулы станциясында бүлікшілердің ұсынысы бойынша қантөгісті болдырмау жөнінде келіссөз жүргізді, сөйтіп бұл шайка Совет өкіметін мойындап, Торғай гарнизонының жағына шықты. Шайканың басшылары марттың аяғы мен апрельдің басында Торғайға келді және өздерінің шын ниетте екенін білдіру үшін олардың бірін, атап айтқанда, Байтұрсыновты белгілі қазақ әдебиетшісі ретінде менімен бірге Мәскеуге жіберді. Қалғандары маған телеграмма жолдап, соңымыздан келе жатқанын мәлімдеді, бірақ қазіргі жағдайда олардың жетер-жетпесі белгісіз. Байтұрсынов болса қазір Мәскеуде менімен бірге”.
4. КОМА, Әліби Жангелдиннің естелігінен: “Мені қазақ әскери-революциялық комитетінің төрағалығына сайлау ұсынылған еді. Қазақ делегаттары арасында алауыздық тууына, олардың бастықтың бейтарап адам болғаны дұрыс деген талабына сәйкес Сталин жолдас Қазревком төрағалығына Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатындағы өзінің орынбасары С.С.Пестковскийді ұсынды”. 1363-қор, 1-тізбе, 12-іс, 111-бет.