16 Шілде, 2012

Қазақ тарихындағы қытай қыздары

709 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

Қазақ тарихындағы қытай қыздары

Дүйсенбі, 16 шілде 2012 0:53

Біздің қолымызға Қытай Халық Республикасынан бір кітап келіп түсті. Оның аты “Қытай тарихындағы әйгілі жүз әйел” деп аталады. Бұл еңбек 2000 жылы ҚХР-дың Гуандунь қаласындағы “Халық” баспасынан 20 мың данамен жарық көрген. Оны құрасты­рушылар Сиао-Ли, Ма-Бауджу деген қытай оқымыстылары.

 

Дүйсенбі, 16 шілде 2012 0:53

Біздің қолымызға Қытай Халық Республикасынан бір кітап келіп түсті. Оның аты “Қытай тарихындағы әйгілі жүз әйел” деп аталады. Бұл еңбек 2000 жылы ҚХР-дың Гуандунь қаласындағы “Халық” баспасынан 20 мың данамен жарық көрген. Оны құрасты­рушылар Сиао-Ли, Ма-Бауджу деген қытай оқымыстылары.

Кітаптың аты айтып тұрғандай, мұнда сол ел тарихында ерекше орны бар  жүз әйел затының өмірі мен  еңбектері жұрт­шылыққа  өз ретіне қарай жеке-жеке таныстырылады. Ойлап қа­расақ, бес мың жылдық тарихы бар, бүгінде халқы 1,5 миллиардтан асып жығылатын алып мемлекет жүз-ақ әйелді санап, саралап кітапқа енгізіп отырса, олардың тарихтағы орнын айтпай-ақ түсінуге болатын сияқты. Бізді қызықтырып отырғаны осылардың ішіндегі 7-8-нің қазақ халқының арғы тегін құрайтын Үйсін, Қаңлы, Ғұн, Түрк тайпаларымен қатыстылығында болып отыр. Яғни, бұл ханшалардың дені сол замандағы Қытайдың осы елдерге, олардың күнбилеріне, қағандары мен бектеріне ұзатқан қыздары.

Әрине бес мың жылдан бері қытайлардың өзге жұртқа келін етіп жіберген қыздары осы оншақты әйел заты ғана емес екені бел­гілі. Басты мәселе, сол бикештердің барған еліне бағалы келін бо­ла жүріп, өздеріне жүктелген міндетті қалай орындағандығында жа­тыр. Демек біздің тарихымызбен қатысы бар Қытай ханша­ла­рының ғұмырнамасын оқып отырып, ең кемінде, сол замандағы Қы­тай билеушілері қайсы қызын қай елге қандай мақсатпен ұзат­ты, оларға нендей міндеттер жүктеді, ал ханшалар оны қалай орын­дады деген секілді сұрақтарға жауап алуға болатын сияқты. Осы­ны ескере келіп, біз жоғарыда аты аталған кітаптағы екі мақала­ны оқырмандарымызға таныстырғымыз келді.

 

1. Ши-Джун ханша

Ши-Джун ханша әсілінде Хань патшалығының Уаң-Лиюзиянь есімді уәзірінің қызы болатын.  Кейін ол ханша салауатымен батыс өңірдегі Үйсін мемлекетіне ұзатылды. Не үшін Ши-Джун ханшаның қияндағы батыс өңірге ұзатылуы керек болды деген сұраққа жауап беру үшін әңгімені әріден қозғауға тура келеді.

Чинь, Хань дәуірінде  (бұл б.з.б. 221- б.з. 220 жылдарына тура келеді – Д.М.) Қилан, Дахата (Дүн Хуаң) өңірінде Үйсін деп аталатын бір халық өмір сүрді. Батыс хан дәуіріне келгенде (б.з.б 206 – б.з. 25 ж.) сол маңда өмір сүріп жатқан Нәтше (Юзилер) деп аталатын тағы бір халықтың адамдары Үйсін еліне шабуыл жасап, патшасын өлтіріп кеткен болатын. Біздің заманымыздан бұрынғы  160 жылдары Үйсін патшасының баласы ғұндардың қолдауымен Күнби болып елі мен жерін қалпына келтірді. Осыдан кейін нәтшелер батысқа ауа көшеді. Оларды қалың қолымен өкшелей қуған үйсін Күнбиі Іле өзені мен Ыстықкөл аралығында қайта елдік құрып, Чикөк (Шығу, Қызылаңғар деп те аударылып жүр – Д.М.) қаласын астана етіп белгілейді.  Мал шаруашылығын негізгі кәсіп еткен, халқының саны 630 мыңнан астам үйсіндер мұнда тез көтеріліп, қуаттанады. Тіпті бірте-бірте олар батыс өңірдегі аса құдіретті империяға айналып шыға келеді.

Ол заманда ғұндар Хан патшалығының (ежелгі Қытайдағы бектіктің аты – Д.М.) солтүстігінде өмір сүретіндіктен Хань патшалығының қауіпсіздігіне ылғи да қатер төндіріп тұрушы еді. Батыс Хань пат­шалығы жаңадан құрылып жатқан алғаш­қ­ы жылдарда елдің күш-қуаты әлі де қалпына келе қоймағандықтан олар ғұндарға тек құдандалық сый көрсету (қыз беру) немесе әрі кеткенде олардың ша­бу­ы­­лынан  қорғану шараларын қарастыру­мен шектелетін. Алайда, бұл әрекеттер де ғұн­дардың шабуылына аса өнімді тос­қау­ыл бола алған жоқ. Осылайша Хань пат­ша­лығы мен ғұндардың  шекарасында ыл­ғи да атыс-шабыс өрті қаулап, Қытай хал­қы алаңсыз өмір сүруден қалды. Тіпті ғұн­дар Хань-Вынди патшаның тұсында (б.з.б. 150 ж. – Д.М.) Чаң-ан қаласына  ша­буыл­дап кіріп, ел астанасына ойран салды.

Тек ержүрек, ақыл-парасатты Хань-Уди  таққа отырып, ел біраз жыл ес жиып, етек жапқаннан кейін ғана Хань патшалығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы оңала бастады.  Міне, осы кезде өз елінің мейлінше нығайған күш-қуатына иек артқан Хань-Уди патша ғұндармен арадағы мәселені  түбегейлі шешіп, шекарадағы қауіптен біржола құтылудың жолын қарастырды.

Сол кезеңде батыс Хань патшалығы мен  ғұндар арасында үш рет зор көлемді қанды шайқас болған болатын. Оның ең соңғысы б.з.б. 119 жылы болды. Бұл жолы  Хань патшалығының әйгілі санғұндары (әскери қолбасылары) Вэй-Чиң мен Хуо-Чуйбиң өздері қалың қолға басшылық етіп, ғұндарды ойсырата жеңді. Осыдан кейін ғұндар  Хань патшалығының шекарасынан  аттап баспайтын болған-ды.

Ал сыртқы саясатта,  батыс Хань патшалығы  ылғи да “ғұндардың сол жақ қанатын кесу” саясатын жүргізіп отырды. Бұл дегеніміз  ғұндардың батыс өңірдегі  елдермен болған стратегиялық қарым-қатынасын үзіп тастап, оларды жеке-дара қалдырып, сосын соққы беру тәсілі болатын. Осы реттен келгенде үйсін елі батыс өңірдегі  аса ірі империя болғандықтан, батыс Хань үкіметінің  “қолға келтірсек” деп армандаған  маңызды объектісіне айналып қалды. Сонымен Хань-Уди патша алғаш рет б.з.б. 139 жылы  Чжаң-Чиянь есімді  елшісін батыс өңірге аттандырды. Ол сапардан қайтып оралғаннан кейін  Хань-Уди патшаға  хат жолдап, егер біз ұлы Үйсін империясын  қолға келтіре алсақ, онда  Көкарттың (Памир үстірті) батысындағы  Дадуан (Ежелгі Ферғана – Д.М.), Қаңлы, Нәтше және ұлы Бактрия қатарлы елдер  бізге өздігінен  қоғадай жапырылғалы тұр. Сондықтан біз  ең әуелі үйсіндермен саяси одақ құрып, сонымен бір уақытта батыс өңірдегі  өзге де елдермен  қарым-қатынасты бірте-бірте күшейтіп, ғұндарды жалғыз қалдыруымыз керек деген ұсынысын білдіреді.

Чжаң-Чиянь  Үйсін еліне барғанда, Күнбиге мол тарту-таралғы ұсынып, оған өз патшасының: “Үйсіндер егер шығыстағы ежелгі мекеніне  қайта оралатын болса,  Хань  патшасы  өзінің ханшасын  Күнбиге  тоқалдыққа бергелі отыр. Ал мұндай құдандалық  өз кезегінде  біздің тізе қоса отырып ғұндармен күресуімізге септігін тигізер еді”,– деген сәлемін жеткізеді.  Алайда, бір жағынан үйсіндердің бұл кезде  батысқа қоныс аударып кеткеніне  талай замандар болғандықтан олардың Хань патшалығының  жағдайынан  хабары шамалы еді. Тағы бір жағынан үйсін Күнбиі тым қартайып отырғандықтан, уәзірлерінің дені ғұндардың ықпалына баяғыда-ақ өтіп кеткен болатын. Сондықтан олардың  шығысқа қайта оралғылары келмеді. Осылайша шығыстағы мекеніне  қайта оралудан үзілді-кесілді бас тартқан Күнби  өзінің бір елшісін Чжаң-Чяньға қосып Чаңанға жіберді. Ондағы мақсаты әрі Хань патшасына жауап ретінде өз ырзалығын білдіру, әрі  Хань патшалығының  жалпы жағдайымен  танысу болатын.

Үйсін елшісі  өз еліне қайтып оралғаннан кейін  Хань патшалығының адамы көп, байлығы мол қуатты мемлекет екендігін айтып келеді. Осыдан кейін ғана  Үйсін патшасы мен уәзірлері  Хань патшалығына  біршама мән бере бастайды.

Үйсіндердің Хань патшалығымен тығыз қарым-қатынас орната бастағанын  естіген ғұндар оларды  жазалау жорығына  дайын­далады. Мұны естіп қатты сасқан Күнби Хань патшасының ханшасын тоқалдыққа алуға, сөйтіп олармен жұрат елдер болуға  келісімін береді. Күнбидің бұл талабын  Хань-Уди патша  да құп көре кетеді. Көп өтпей үйсіндер  қалыңмал ретінде  Хань патшалығына мың арғымақ айдап әкеледі.

Хань-Уди патша  Күнбидің тілегіне  келісімін беруін бергенімен, жеме-жемге келгенде  туған қызын  ит арқасы қияндағы  Үйсін еліне  ұзатуға қимай қалады. Сонымен ордада жүрген  Лию-Зиянның қызы Лию-Шиджунді  “ханша”  деп ұзатуды ұйғарады.  Лию-Зиян Зияң-Ду ханы  Лию-Фейдің ұлы болатын. Ал Лию-Фей болса Хань-Зинди  патшаның Чың-Фей  деген  әйелінен туған  ұлы, яғни  тақ мұрагері болып отырған Хань-Уди патшаның  әкесі бір,  шешесі бөлек бауыры. Демек, Ши-Джун  Хань-Уди патшаның  немере қызы есепті еді.

Өзін  Үйсін еліне ұзатқалы жатқанын  естіген  Лию-Шиджунді  іштей сан алуан уайым-қайғы мүжи бастады. Сөйтіп оның  көз алдына  осыдан 16 жыл бұрын  болған  қанды оқиға  елестеп өтті. Патша ордасының  ішкі қырқысында  оның әкесі  Лию-Зиян мен шешесі Чын-Гуаң екеуі бірдей қас­тан­дықпен  өлтірілген болатын. Олардың алдын­да  әкесінің тумалары Лию-Ан мен Лию-Ци  бектер де  қастандықтың құрбаны болып еді. Қысқасы қатыгез қастандық Лию әулетінің  үш отбасын түк қалдырмай жалмап кеткен. Ал Ши-Джуннің өзінің ата-анасы ғана емес,  олардың туғандары мен ақылмандары да өлтірілді. Қысқасы бұл  Хань ордасы оның туғандары мен жақын-жанашырларының  қанына  белшеден бөгіп жатқан. Ал өзі ол кезде  кішкентай қыз бала болғасын да ажалдан аман қалған шығар. Алайда, бұл жантүршігерлік оқиғаның оның жанына салып кеткен жарасы ішіне шемен боп қатып қалып еді. Өйткені, кешегі  бақытты-баяшат өмір  қас-қағым сәтте  тұлданып, оған тым ерте  кәрлене-зәрлене қарады.  Бұл кезде қорғансыз тұл жетім Ши-Джуннің патша ордасында  тұрып жатқаны болмаса, оның былайғы қара халықтан  еш айырмасы жоқ болатын.  Керісінше әке-шешесінің қасында жүрген кедей қызы бұдан әлдеқайда бақытты еді. Мінеки, 16 жылдан кейін жер түбіндегі  батыс өңірге ұзатылу тағдыры  тағы да айналып келіп бұны тауып отыр.  Бұған қуану керек пе, әлде құсалану керек пе?! Тағдырдың құйыны  бұны қайда ұшырып апара жатыр?! Оңтүстіктің  осы бір нәзік те әдемі, биязы да кінәмшіл қызы  осындай ауыр ойлардың шырмауында біраз күн  мазасыз күй кешті.

Ши-Джунді ұзатып келе жатқан көш-керуен меңіреу шөлдер мен шексіз-шетсіз сахараларды  басып өтіп,  Үйсін елінің астанасы Чикөк  қаласына да жетіп келді. Қуаныштан есі кеткен Күнби  дүрілдетіп салтанатты той жасады. Алайда, бұл кезде  Күнбидің  сақал-шашы ағарып, әбден  шау тартып қалған кезі болатын.  Оның үстіне тұрмыс салты бөтен, тілі басқа елде  көңілі қатты құлазыған Ши-Джуннің  күн өткен сайын  ауылына деген сағынышы күшейе берді. Ол Күнбиге  өзіне арнатып Қытай үлгісіндегі  сарай салдырып алды да, күтуші қыздарымен бірге  сонда тұрып жатты. Жыл он екі айда Күнбидің өзін  бір-екі рет қана көретін Ши-Джун жападан-жалғыз жат елде  сүймеген “қонақты” күтумен күндерін өткізіп жатты. Қаңыраған сахарада  әбден іші пысқан  Ши-Джуннің  туған еліне деген  сағынышы тіптен өршіп, тағдырына нәлет жаудырды. Осындай сағыныш пен қасірет оның қолына  еріксіз қалам алдырды:

Елім мені ұзатты бір шалғайға,

Үйсін Күнби жазылыпты маңдайға.

Дөңгелек үй, керегесі киізден,

Ет пен айран тиетіні таңдайға.

Елімді ойлап, жараланды жүрегім,

Құс боп ұшып жететін бір таң қайда?!

Хань-Уди патша  әр екі жыл сайын өзінің елшілерін жіберіп, Ши-Джуннің хал-ахуалын біліп, оған мол сәлем-сауқат  жіберіп отырғанымен,  бұл да  Ши-Джуннің туған еліне деген  сағынышын бір сәтке  бәсеңдете алмады.

Кәрілік әбден меңдеген Күнби  өзінің  енді санаулы күндері ғана қалғанын ойлап,  үйсін салты бойынша  Ши-Джунді  болашақ Күнби, өзінің туған немересі Жөншіге қосуға шешім қабылдады.  Бұл шын мәніне келгенде  Қытай елінің салт-санасында жоқ құбылыс болғандықтан, бұндай істі  қытайлықтардың  бірден қа­был­дай қоюы  өте қиын еді. О баста Ши-Джун де бұл жағдайға аса көнің­кіремей, Хань-Уди патшаға хат жолдап, оның ара түсуін өтінді. Алайда, Ши-Джун­­ді беру арқылы  Үйсін елін шырғалауды мақсаттап отырған  Хань-Уди патша үшін  саяси мүдде бәрінен де маңызды еді. Көп ұзамай Хань-Уди патшадан: “Үйсін елінің салты бойынша Жөншіге тигенің жөн болар, өйткені бұның өзі  үйсінмен біздің одақтастығымызды нығайтып, ғұндармен ортақ күресуге септігін тигізбек”, – деген жауап  хат алған Ши-Джун Жөншімен некеленді. Осыдан көп өтпей, Елжау Күнби қайтыс болды да, оның тағына Жөнші отырды. Жөнші патша Ши-Джуннен бір қыз сүйіп, оның атын Шопан қойды. Шопанды өмірге әкелгеннен кейін, ұзақтан бергі қайғы-қасірет пен сағыныштың зар-мұңы Ши-Джунді жұтып тынды…

Әуелінде, Ши-Джунді  оң тізесін басар тоқал етіп алған Елжау Күнби, кешікпей ғұн елінің бір қызын сол тізесін басар тоқал етіп тағы алған болатын. Бұл кездегі Үйсін елінің ойлағаны  Хань патшалығын да, ғұн империясын да ренжітпей,  бейтарап саясат ұстансақ дегенге саятын. Алайда, Үйсін еліне ұзатылып барған Ши-Джун ханша Хань патшалығы діттеген саяси мүдденің жүзеге асуына  ырықсыздық танытқанымен,  бәрібір ғұндарға бірлесе шабуылдау ісіне  жақсы негіз қалап бергені анық.

Ит арқасы қиянға ұзатылып келіп, артынан аталы-немерелі екі адамға  әйел болу – Ши-Джун үшін, әрине, зор қасірет еді. Алайда, ол Хань патшалығы мен Үйсін елінің  достық қарым-қатынасын қалыптастыру жолында  өзінің  ғұмыры мен бақытын құрбан етті. Атап айтатын болсақ, Үйсін еліне Ши-Джун ұзатылып барғаннан кейін Хань патшалығының саудагерлері мен елшілері  мұнда жиі-жиі келіп-кетіп тұрды. Олар тіпті Үйсін елі арқылы  одан да әрідегі  Дадуан, Нәтше, Парфия елдеріне  табандарын тигізді. Сол арқылы Хань патшалығының тоқыма, темір бұйымдары, темір қорыту өнері Үйсін еліне, тіпті оның ар жағындағы елдерге де жетті. Ал Орталық Азия мен Кіші Азиядан Қытай еліне  жүннен тоқылған бұйымдар, тұлпарлар мен желмаялар, анар, жүзім тағы басқа да толып жатқан нәрселер келді. Міне, осылайша Хань патшалығы мен Орталық Азия, Кіші Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың мазмұны  байып,  халықтар арасындағы байланыс нығая түсті. Бұған  Ши-Джун ханшаның аруағы  ырза шығар деп сенеміз.

 

2. Джие-Ю ханша

Джие-Ю  ханша Хань патшалығы Чу бектігі­нің билеушісі Лию-У деген адамның немере қызы еді. Ши-Джун ханша қайтыс болғаннан кейін Үйсін елімен болған одақтастықты одан әрі нығайту үшін Хань-Уди патша тағы да осы Джие-Ю деген қызды “ханша” салауатымен Үйсін патшасы Жөншіге тоқалдыққа берді.

Джие-Юдің атасы Лию-У кезінде “У, Чу жеті бектік бүлігін тыныштандыруға” қатысып, майданда оның қолы ойсырай жеңілгендіктен, ол өзін-өзі өлтірген болатын. Соның салдарынан Джие-Юдің патша ордасындағы орны біршама төмен еді. Ол өмірге келгенде-ақ, туған шаңырағы күйреп біткендіктен, Батыс өңірге ұзатылу мәселесі оны қайғыртқан да, қуантқан да жоқ.  Яғни, ол  бәрін де бей-жай қабылдады.

Үйсін еліне  ұзатылып бара салысымен, ол жергілікті халықтың тұрмыс-салтына үйлесуге, Үйсін жұртының тілін үйренуге, екі ел қарым-қатынасын нығайтуға бар күшін салды. Алайда бірнеше жыл өтер-өтпестен Жөнші патша қайтыс болды да, оның орнына немерелес бауыры Оңғай би таққа отырды. Сонымен Үйсін салты бойын­ша Джие-Ю ханша Оңғай бимен некеленді.

Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 87-жылы Хань-Уди патша дүние салды да оның патшалық тағына Хань-Джауди отырды. Тура осы кезді орайлы сәт деп білген ғұндар Хань   патшалы­ғының У-Юань, Шо-Фаң деген жерлеріне (бұл бүгінгі Ішкі моңғол, ия мен Ниң-Сия дүңген аймағындағы аудандар – Д.М.), сонымен бір уақытта үйсіндерге де шабуыл жасады.

Біздің жыл санауымызға дейінгі 74-жылдың көктемінде ғұндар үйсіндерге елші жіберіп, Үйсін патшасына қоқан-лоққы жасап, Джие-Ю ханшаны төркініне қайтарып жіберуін талап етеді. Осыған байланысты Джие-Ю ханша  Хань-Джауди патшаға хат жолдап, оның қолұшын беруін өтінді. Тура осы кезде Хань-Джауди патша қайтыс болып, оның бұл өтініші бір сәт аяқсыз қалған болатын. Сол жылдың күзінде патшалық  таққа Хань-Шуанди отырды. Осыдан кейін Үйсін елі патшасы мен Джие-Ю  ханша Хань-Шуанди патшаға тағы да хат жолдап: “Ғұндар әлсін-әлсін Үйсін еліне әскери шабуыл жасап, қазірге дейін олар біздің Чаян, Өңеш деген жерлерімізді жаулап алды. Тіпті де қорлығы ондағы халықты тұтқындап алып, ойына келген жамандықта­рының бәрін істеуде. Бұнымен тынбай олар бізге ханшаны тез арада ғұндарға тапсырып бер деп елші жіберіп отыр. Ондағы мақсаттары Хань   патшалығы мен біздің қарым-қатынасымызды үзіп тастау. Біз елдегі жауынгер-баһадүрлерден таңдап отырып 50 мың қол аттандырып, ғұндармен кескілескен майдан ашуға әзір отырмыз. Көктің ұлы (қытайларда патшаны “көктің ұлы” яғни құдайдың баласы деп атау дәстүрі болған, һәм бұл дәстүр ХХ ғасырдың басына дейін жалғасты – Д.М.) –  хан ием, ханша үшін өтінеміз, шұғыл түрде зор  қосын аттандырып, көмекке келе көргейсіз!” – деген өтініштерін жеткізді.  Бұл өтініш хатты алғаннан кейін Хань-Шуанди патша ғұндармен соғысуға дайындалу жөніндегі бұйрыққа қол  қойды. Сөйтіп, біздің жыл санауымызға дейінгі 71-жылы 150 мың сайлауыт жасақты бес бағытқа бөліп, үйсіндерге көмектесу үшін батысқа аттандырды. Бұдан тыс Хань патшалығы жасақ басы Чаң-Хұйдың қолына елшілік асасын ұстатып, оны үйсіндермен селбесе соғыс жүргізуге жөнелтті. Үйсін патшасы уағда бойынша 50 мың атты жасақты өзі бастап, ғұндарға батыс бүйірден шабуылдады. Чаң-Хұй мен Оңғай би үйсін жасақтарын бастап, ғұн еліне ішкерілей шабуылдап кіріп, олардың тәңірқұттарынан, көкелерінен, бектерінен, бас сардарларынан, мыңбасыларынан тағы басқа толып жатқан игі жақсыларынан 40 мыңдай адамның басын алды. 70 мыңнан астам тірі мал олжалады. Осылайша ғұндар ойсырай жеңілді.

Осы жылдың қысында ғұн тәңірқұты 10 мың қолды өзі бастап, үйсіндерден кек алу жорығына шықты. Бұл реткі соғыста ол үйсіндердің көптеген кәрі-құртаң, жарымжан кісілерін   тұтқындап алып кетті. Бірақ олар, қайтар жолында қатты қарлы боранға тап болып, жасақтарының оннан тоғызынан айрылып қалды. Үйсіндер мен маңайдағы өзге де  Деңлең, Ағуан секілді ұсақ елдер де осы сәтті пайдаланып, ғұндарға сілейте соққы берді. Бұл соққыдан кейін мүлде тұралап қалған ғұндардың Хань патшалығына қарсы келер қауқары қалмады. Сөйтіп, Хань патшалығының шекарасында ақыры соғыс өрті сейіліп, бейқұт өмір орнады. Тура осы кезде ғұндардың ішінде алауыздық туылып, берекелері қаша бастады. Яғни, ғұн билеушілерінің біразы Хань   патшалығына бет бұрып, құдандалық қарым-қатынасты бастап та жіберді. Жалпы, осы жолғы соғыс кейінгі кездегі Ғуханза тәңірқұттың Хань елінен қыз алуына, Хань патша ағзамының солтүстікке сапарлай баруына (бұл арада ұлы Қытай қорғанының сырты меңзеліп отыр – Д.М.),  Қытай-Ғұн елдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне белгілі деңгейде игі рөл атқарды. Үйсін елімен саяси одақ құра отырып, ғұндарға селбесе шабуылдау мақсаты негізінен жүзеге асты десек, бұл ретте Джие-Ю ханшаның зор еңбек сіңіргенін ерекше атап өткен орынды.

Джие-Ю ханша Оңғай биден үш ұл, екі қыз – бес перзент өмірге әкелді: үлкен ұлдары Ноянқұт би. Ортаншы ұлы Банен кейін Сака еліне хан болды. Үшінші ұлы Датлұқ өсе келе өз елінде сол қол сардар болды. Үлкен қызы Деш Күсен елінің ханы Күңпенге күйеуге шықты. Кіші қызы Сауғам Нохаябхуға күйеуге шықты.

Оңғай би мен Джие-Ю ханша үлкен ұлдары Ноянқұт биді тақ мұрагері етіп белгілеп әрі оны Хань  патшалығының қызымен үйлендірмек болып шешті. Сөйтіп, олар біздің жыл санауы­мызға дейінгі 64-жылы Хань  патшалығының елшісі Чаң-Хұй арқылы Хань-Шуанди патшаға хат жолдап: “Біз Көктің ұлы – хан иемнің жиенін – өзіміздің үлкен ұлымыз Ноянқұтты тақ мұрагері болса дейміз. Көктің ұлы хан иемнен өтінеміз, сіз Ноянқұтқа бір ханшаңызды берсеңіз – біздің құдандалығымыз одан сайын күшейіп, ғұндардан іргеміз мәңгі бөлінетін еді… Қалыңмал үшін біз елдегі барлық сәйгүлікті айдап берер едік”, – деген өтініштерін жолдады. Хань-Шуанди уәзірлерін жинап алып, бұл жағдайды жан-жақты талқылады. Уәзірлердің ішінен жер түбіндегі Үйсін елін меңгеруіміз қиын. Бұдан былай ханшамызды беруді тоқтатсақ дегендер де  табылды. Алайда Шуанди  патша Үйсіннің ғұндарды тал­қан­даудағы зор еңбегін ескере отырып, оларға сыйлық-марапат ретінде болса да, Оңғай би мен Джие-Ю ханшаның бұл талабын  қанағаттандыру керек деп шешті. Әрі Үйсін еліне қалың малын айдап әкеліп, ханшаны алып  қайтсын деп, елші шаптырды.  Әрине, ол заманда­ғы қалың мал төтенше мол болатын­дықтан, Хань-Үйсін елдерінің қай-қай жағы да бұған ерекше мән беретін.

Бұл жолы Шуанди патша Джие-Ю патшаның бауырының қызы Шияң-Фуды “ханшалыққа” таңдады әрі онымен ере баруға төре-қарасы болып жүзден аса адамды іріктеп алды да, олар­дың бәрін үйсін тілін үйренудің қысқа мерзімді оқуынан  өткізді. Жүрер алдында Хань-Шуанди тәжірибелі де көреген уәзір Чаң-Хұй бірге барсын деген жарлық шығарды. Сонымен қыз ұзатқан көш-керуен жолға шығып, Дахадатаға (Дунь-Хуаң) жеткен кезде, бұларға: “Үйсін пат­шасы Оңғай би өліп, оның орнына үйсін ақсүйектері Жөншінің ғұн әйелінен туған ұлы Нәй биді патша тағына отырғызып, оған Есер хан деп ат қойыпты” деген суық хабар келіп жетті. Бұл хабарды естіген Чаң-Хұй Шияң-Фуды Дахадатаға аялдата тұрып, өзі Үйсін еліне барып Ноянқұтты патша тағына отырғызудың қамына кірісу ойын Хань-Шуанди патшаға мақұлдатып алды да жүріп кетті. Үйсін елінде елеулі саяси өзгерістер болғандықтан Хань-Шуанди патша  уәзірлерімен ақылдаса келіп, Шияң-Фу ханшаны кері қайтарып алды.

Ал, Джие-Ю  ханша болса, бұл кезде Есер ханға тиіп, одан Телби есімді бір ұл сүйген болатын. Есер хан мінезі қотиындау, кісі көңіліне қарауды білмейтін жан еді. Сол үшін де Джие-Ю ханша ретін тауып, оның көзін жоюға бел буды. Сөйтіп, Джие-Ю ханша ондағы Хань   патшалығының елшілері Вей-Хыйі және Жэнь-Чаңмен астаса отырып, тура дастархан үстінде  Есер ханға қылыш жұмсады, қырсыққанда қылыш дұрыс дарымай, жаралы  Есер хан қашып құты­лып кетті. Бұны естіген Есер ханның ұлы Шетеншоқ қол бастап келіп, Джие-Ю ханша мен Чикөк қаласындағы Хань патшалығының елшілігін қоршауға алды. Өзі қол бастап шыққан Джие-Ю ханша олармен бірнеше ай бойы берілмей қарсыласты. Соңында Хань  патшалы­ғының Батыс өңірдегі  билеушілерге елдерден қол құрап, Джие-Юге көмекке келген кезде ғана Шетеншоқ кері шегінді.

Хань патшалығы ордасы бар жайдан хабар тапқаннан кейін үйсін елімен одақтастықты  сақтап қалу үшін бұл істе ымыраға келуге белсене әрекеттенді. Хань-Шуанди ең әуелі нөкер сардар Джаң-Зунді Үйсін еліне Есер ханның жарақатын емдеуге жіберді, сонымен бірге олар  арқылы Есер ханға 20 зинь (10 килограм) саф алтын, әлденеше бума торғын торқа жөнелтіп, оның көңілін аулады. Бұл істе өз беттерімен қадам жасаушы елшілер Вей-Хыйі мен Жэнь-Чаңды өлім жазасына кесті. Алайда әлі де болса, істің ақ-қарасын анықтап алу үшін  Хань-Шуанди патша ат көліктілер санғұнының зұрғаны Джаң-Уыңды Үйсін еліне барып, Джие-Ю ханшадан уақиғаның жалпы  барысын біліп қайтуға жіберді. Джаң-Уың ханшаны көрген жерден оны қылмыскер деп тапты. Ханша да Есер ханды өлтіруге себеп жеткілікті екенін айтып, барынша ақталып бақты. Бірақ оған иланбаған Джаң-Уың Джие-Ю ханшаны шашынан алып сабап, күштеп мойындатпақ болды.  Бәрі бір ештеңені мойнына алмаған Джие-Ю ханша Хань-Шуанди патшаға Джаң-Уыңның бейбастақтығын, Есер ханды өлтірмек болғандығының себебін айтып хат жолдады. Істің ақ-қарасына әбден көзі жеткен Хань-Шуанди патша  тек шырғалау тәсілімен ғана достық қарым-қатынас орнамайтындығын анық түсінді. Егер Есер хан секілді қатыгез патшаның көзін бү­гін құртпаса, ерте ме, кеш пе екі ел қарым-қа­ты­на­сына сызат түсері анық. Сонымен Джие-Ю ханшаға жасаған дөрекі қылығы үшін Джаң-Уың өлім жазасына кесілді. Ал, Джаң-Уыңның орын­басары Есер ханның өлтірілуге тиісті екендігін біле тұра қимылдамай, орайды жіберіп алған қыл­мысы үшін әтек ету (ақтау) жазасына өкім етілді.

Хань-Шуанди Үйсіндерге қарсы өзінше шаралар қарастыра бастаған кезде Үйсін елі билеушілерінде өзгеріс туа қалды. Яғни, Үйсін елінің бұрынғы патшасы Оңғай бидің ғұн әйелінен туған ұлы Азоғда ғұндардың көмегімен Есер ханды өлтіріп, өзін патша деп жариялады. Осыдан кейін Үйсін елінің ғұндарға бет бұрып кету қаупі туылды. Бұл хабарды естіген Хань  патшалығы бір жағынан қияндарды талқандаған санғұн Синь-Усиянды 15 мың қолмен Дахадатаға барып бұйрық күтіп жатуға жіберді. Тағы бір жағынан Джие-Ю ханшаның нөкері Фың-Лияу арқылы ымыраласудың да жолын қарастырды.

Жағдайға анық көзі жеткен Джие-Ю ханша  бел шеше әрекеттенді. Фың-Лияу өз кезінде Джие-Юдің елшісі ретінде Батыс өңірдегі біраз елді аралап, олардың ел басыларына тарту-таралғы беріп, шен-шекпен үлестірді, өзі де олардың сый-құрметіне бөленіп “Фың  ханым” атанып кеткен бола­тын. Кейін Джие-Ю  ханша Фың-Лияуды үйсін патшасының оң қол сардарына күйеуге берген. Сол себепті де Фың-Лияудың отбасы мен Азоғданың қарым-қатынасы өте жақсы еді. Батыс өңір басшысы Джың-Зи Фың ханымға Азоғдаға келер-кетерді, пайда-зиянды жақсы­лап түсіндіріп, талаптарын мақұлда­туды тапсырды. Хань  патшалығы­ның тең­дессіз әскери  күш-қуатын ойлаған Азоғда олардың та­лаптарын орындап, патша­лықтан өз еркімен бас тарт­ты да, кіші патша бо­луға келісімін берді. Фың ханым Хань патшалы­ғының астанасы Чаңанға барып, Хань-Шуан­ди пат­шаға болған жайды хабар­ла­ды. Патша Фың ханым­ды Хань  пат­ша­лығының Үйсін еліндегі елшісі етіп тағайындап, бұл жұмысты аяғына шығаруды тапсыр­ды. Үйсін жұртына келген­нен кейін Фың ханым елдің барлық жақсы мен жайсаңын және Азоғ­даны Чикөк қаласына жинап алып, Көктің ұлы – Хань патшасының жар­лы­ғын оқыды. Сонымен Джие-Ю ханшаның ұлы – Ноянқұт би үлкен патша болып тағайындалып, оның қол астына 60 мың түтін қарайтын болды. Ал, Азоғда кіші патша болып тағайындалды да, оның қоластында 40 мың отбасы қалды. Осылайша бұл іске нүкте қойылғандай болды. Хань әулетінен шыққан ханшадан туған ұлдың тұңғыш рет Үйсін еліне патша болуы – Джие-Ю патшаның еңбегінің жемісі, сондай-ақ, Үйсін елінің Хань патшалығының ықпалына өте бастағындығының дәлелі еді.

Біздің заманымыздан бұрынғы 51-жылы Джие-Ю ханшаның екі ұлы – Ноянқұт би мен Телби  дүние салды… Өмірде отаннан ыстық не бар дейсің?! Жасы 70-тен асқан Джие-Ю ханшаны да туған жерге деген сағыныш меңдетіп бара жатты. Ол Хань-Шуанди патшаға: “Кәрі қой­дың жасындай жасым қалды, енді отанға қай­тып барып, туған жердің топырағын жаста­нып жатсам деймін”, – деген өтінішін айтып, хат жазды.  Оның бұл тілегін құп көрген Хань-Шуан­ди патша кісі жіберіп, Джие-Ю ханшаны отан­ға қайтарып әкелді. Джие-Ю ханша қоштас­қанына  талай заман болған Чаңан қаласына қалған үш ұл-қызын ала келді. Хань    патшалы­ғы ел үшін еселі еңбек сіңірген осынау ханшаға мол  тарту таралғы және ең даңқты атақтарын берді. Осыдан соң екі жылдан кейін – біздің заманымыздан бұрынғы 49-жылы Джие-Ю ханша көз жұмды. Алайда ол отырғызып кеткен халықтар достығының шыбығы Үйсін елі топырағына терең тамыр тартып, үлкен бәйтерек болып кеткен-ді.

Үйсін елінде жүрген кезінде Джие-Ю ханша ұл-қыздарын ылғи да Чаңан қаласына жіберіп оқытып, оларға Қытайдың өркендеген мәдениеті мен Хань елінің салт-санасын үйретіп отырған болатын. Хань-Үйсін елдері саудагерлерінің жиі барыс-келісі де екі ел экономика-мәдени қарым-қатынастарының дамуына төтенше игі-ықпал еткенін атап айтуымыз ләзім. Ал Джие-Ю ханшаның ұл-қыздарының бәрі дерлік Батыс өңірдегі Үйсін жұртынан басқа да елдердің саяси сахнасында еңбек етті.

Джие-Ю ханша Үйсін елінде табаны күректей жарты ғасыр өмір сүріпті. Ханшаның ерен еңбе­гі­нің арқасында Үйсін мен Хань патшалығының Ғұндарға бірлесе  шабуылдауы жүзеге асып, Ғұндар қаупі түбегейлі жойылды. Сөйтіп, екі ел халқының бейқұт өмірі қамтамасыз етілді.  Сондай-ақ, бұл кезде Үйсін елі мен Хань патшалығының қарым-қатынасы тонның ішкі бауындай болып кетті десек, бұның өзін де Джие-Ю ханшаның белсенді еңбегінен бөле қарау қиянат болар еді.

Тарихи құжаттардан мәлім болғанындай біз­дің заманымыздың 74-жылы Гың-Тиян Батыс өңірге бас жеткеуіл болып барғанда, Үйсін елінің ханынан қарасына дейін Джие-Ю ханша тұтынған дүниелерді төтенше қастерлейтіндігіне куә болған. Өлгеніне 120 жылдан асқан Джие-Ю ханшаның тұтынған заттарын үйсіндер көздерінің қарашығындай қастерлеп сақтап отырса, бұның өзі Хань-Үйсін елдері достығы­ның жарқын мысалы емес пе?!

 

Гуандунь қаласында жарыққа шыққан “Қытай тарихындағы әйгілі жүз әйел” кітабынан тәржімалаған: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты  Дүкен МӘСІМХАН.

 

Астана.

26 маусым, 31 шілде, 2002 жыл.