Кёнджу қаласында 1973 жылы жолдың астын қазып, су құбырларын салу жұмыстары кезінде жұмысшылар бір қабірге тап болады. Одан алтын жалатылған заттар шығады.
Бұл туралы газеттер жарыса жазып, мемлекеттік мұражай мен тарих орталықтарынан келген ғылыми қызметкерлер зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Дереу құрылыс жұмыстары тоқтатылып, қазба жұмыстары басталады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жерден табылғандардың бәрі қарапайым адамның заттары емес. Сөйтіп олар үлкен билеуші немесе әлеуметтік мәртебесі жоғары адамның заттары болғандығы анықталған.
Ең бастысы, жергілікті ғалымдар мен архелогтер табылған заттардың иесі кім болғанын зерттеуге кіріседі. Келесі кезекте заттардың отанын іздейді. Бертін келе осы қабірден табылған заттарға байланысты Кёнхи университетінің тарихшы, археолог ғалымы Кан Ин Ук арнайы зерттеу жүргізеді. Оның айтуынша, бұл жердегі қабірлердің көбі соғыста қаза болған адамдардікі және солардың заттары. Арасында Еуразия құрлығында кездесе бермейтін ерекше заттар да бар. Солардың ішінде көзге ерекше түскен бір зат болған. Оның не екенін, қайдан шыққанын әрі қарай ғалым қызықты мәліметтер келтіре отырып әңгімелейді.
36 сантиметрлік алтын сапты семсердің бір бөлігі әлемнің басқа бір жерінен табылған. Бізде табылған семсердің сабында қызыл гауһар тастар орналастырылған. Бұл семсердің Шилланың алтын мәдениетімен байланысы бар деген тұжырым жасалып отыр. Бірақ семсердің мәдени бастауы басқа елдікі деген дәлелді де ғалымдар айта бастады. Оған дәлел табу керек болғаны тағы ақиқат. Американың «Denbo» оқу орнының «Сара Нельсон» деген ғалымы: «Бұл шиллалықтардың жасаған заты емес, бұл сол кезде шиллалықтар бірінші рет көрген ғажайып зат болған сияқты», деп үлкен бір ғылыми ой тастайды. Тарихшыларға оның айтқан осы бір сөзі қатты әсер етіп, қызу талқыға түскен.
Көп ғалым мұндай семсер бұрын корей жерінде табылмаған дейді. Сөйтіп кейін үздіксіз бірнеше жылдық ізденістен кейін Шилла жерінде табылған мұндай зат Шығыс Еуропа әскерилерінің ішінде қолданыста болған деген ғылыми негізді ойлар айтылды. Балқан маңындағы бұлғарлар осындай семсерді қолданды деген болжамдарды да ғалымдар ұсына бастайды. Корея ғалымдары оны да зерттеп көрген. Ол жақта сондай семсерді Готтар мен Ғұн тайпалары ұстағандығы туралы айтылады. Бірақ Корея ғалымдары одан да нақтырақ дәлелді үзбей іздей береді. Өйткені, бұл семсердің түп отаны қай ел деген сұрақ маза бермейді. Корея ғалымдарының асықпай, бірнеше жыл уақыт пен маңдай терін сарп етіп іздеген сұрақтары олар ойламаған басқа бір елден табылады. Қайдан дейсіз ғой?
Корейлер өз елдеріндегі ғажайып семсердің тура сондай нұсқасы басқа елде болуы мүмкін деген зерттеулерін жалғастыра отырып, соңында Ресейдің Санкт- Петербург қаласында орналасқан әлемдегі ең бай тарихи мұражайдың бірі – «Эрмитажға» дейін ат терлетіп барып қайтады. Неше жыл іздеген дүниесін тура осы мұражайдан тапқан корейлер қазақ тарихының тым көне екеніне және бай екенін көз жеткізді. Шилла мемлекетіне тиесілі деп жүрген семсердің кімдікі екені тура осы Эрмитажда тұрған зат анықтап, тарихи жұмбақты шешеді. Корея ғалымдары осылайша таң қаларлық жаңалық ашады. Қазақстан жерінде табылған семсердің бір нұсқасы Корея жеріндегі семсердің нұсқасымен бірдей делінген дәлел ұсынылып, ғылыми жаңалық жасалады. Кенхи университетінің ғалымы Кан Ин Уктың айтуынша, «Ол заманда түрлі алтын технологиясы болған, бірақ мына семсердің өрнектері мен салынған гауһар тастары бір-бірінен аумайды. Және бұл Шилла қолөнершілерінің біреулерге еліктеп жасаған дүниесі емес.
Мұндай құнды ғылыми зерттеудің біз үшін зор екені сөзсіз маңызды. Яғни, бұл ғалымның айтқанынан түйетініміз, біздің қолөнершілердің шеберлігі бір Орталық Азия көлемінде қалып қойған жоқ. Олардың қолынан шыққан заттар Қытай, Корея, Жапония елдеріне дейін жетті деген сөз.
Корея ғалымы айтқан келесі бір ұтымды ой «алтын технологиясына» қатысты. Оның қазақ жерінде де ерекше дамығанын аңғартады. Демек, «алтын технологиясы» Шығыс елдерінің кейбірінде ғана болған деген көзқарас түбірінен қате деуге негіз бар. Бұл да зерттеуді қажет ететін ерекше тақырып дер едік.
Жалпы, Қытай, Жапония және Корея елдерінен әлі де бізге тиесілі мәдени мұралар, көне жәдігерлер табылатынына сенім мол. Алдағы уақытта тағы да басқа осындай жәдігерлерімізбен таныстырамыз. Сонда оған көзіміз жете түседі.
Елдер арасындағы үлкен арақашықтықты америкалық «Denbo» оқу орнының ғалымы Сара Нельсон былай түсіндіреді: «Бұл – ғажайып зат. Көне тарихи ұғыммен қарасақ, Ұлы Жібек жолы арқылы қазақ жерінен корей жеріне алтын сапты семсер жеткен дегенді білдіреді». АҚШ-тың ғылыми өкілі семсердің отаны қазақ жері деген ойды нақты білдіріп, өз бағасын осылай беріп отыр.
Шетелдік ғалымдар дәлел мен дәйексіз сөйлемейді. Олар зерттеуді халықаралық деңгейге дейін шығарып ізденіс жасайды және зерттеулері нақты айғақсыз жарияланбайды. Демек, Президенттің мақаласына халықаралық деңгейде де баға беріліп, соның негізінде үлкен жұмыстар атқарылуы керек. Бұл – заман талабы. Осының негізінде біраз зерттеулер жүзеге асырылып, қазаққа тиісілі дүниелер елге таныстырылуы қажет. Өзге елдердегі жәдігерлерімізді де ғалымдарымыз іздеп тауып, игілігімізге жаратсақ, еліміздің көне тарихы ұрпаққа ұлы мұра болып қалары сөзсіз.
Дастан АҚАШ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
Сеул (Корея Республикасы)