Көп жылдар өткен соң
Дүйсенбі, 10 қыркүйек 2012 10:41
– Қабеке, жақында Қытайға барып қайтыпсыз, көп жылдан кейін сәті түскен жолсапарыңыздан алған әсеріңіз қандай?
– Бұл сапардың шынында да мен үшін жан толқытар ерекшелігі мен жаңалығы көп болды. Жол сапардың мәні де басқаша. Мен көп жылдардан кейін тұңғыш рет Қытай үкіметінің, оның Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы уәлиінің (біздіңше облыс әкімі дәрежесінде) шақыруымен туған жеріме барып қайттым. Мұндағы оқырмандар жақсы біледі, мен 1962 жылы сол жақтан атажұртқа көш бастап өткен адаммын ғой. Содан бері арада аттай қырық жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде Қытай менімен қырбай болып келгені мәлім. Менің өзіме де, шығармашылық еңбектеріме де шектеу қойылып, қатаң тыйым салынды. Екі елдің шекара бекетінен жолаушылар өткен кезде “Жұмаділовтің кітабы жоқ па?” деп үнемі бақылауға алып отыратын-ды.
Дүйсенбі, 10 қыркүйек 2012 10:41
– Қабеке, жақында Қытайға барып қайтыпсыз, көп жылдан кейін сәті түскен жолсапарыңыздан алған әсеріңіз қандай?
– Бұл сапардың шынында да мен үшін жан толқытар ерекшелігі мен жаңалығы көп болды. Жол сапардың мәні де басқаша. Мен көп жылдардан кейін тұңғыш рет Қытай үкіметінің, оның Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы уәлиінің (біздіңше облыс әкімі дәрежесінде) шақыруымен туған жеріме барып қайттым. Мұндағы оқырмандар жақсы біледі, мен 1962 жылы сол жақтан атажұртқа көш бастап өткен адаммын ғой. Содан бері арада аттай қырық жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде Қытай менімен қырбай болып келгені мәлім. Менің өзіме де, шығармашылық еңбектеріме де шектеу қойылып, қатаң тыйым салынды. Екі елдің шекара бекетінен жолаушылар өткен кезде “Жұмаділовтің кітабы жоқ па?” деп үнемі бақылауға алып отыратын-ды.
Ал енді осы жолғы сапарым сол қасаң саясаттың ызғарын қайтарып, арадағы араздықтың шымылдығын сыпырып, өзара сыйластыққа бастаған құтты қадам болды десем, артық айтқандық емес.
Өткен жылдың желтоқсан айының басында Қытайдан, Тарбағатай аймағы әкімшілігінің бас хатшысы Мұрат деген азамат үйіме арнайы телефон шалып, “Сізді туған жеріңізге келіп кетуге арнайы шақырып отырмыз” дегенде, өз құлағыма өзім сенбей таңданып қалғаным рас. Ойым астан-кестен болып, көз алдымнан туған жердің сағынышты суреттері тізіліп өткендей болды. Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек шаһарына шақырған бір апталық бұл сапар бір аймақтың ғана емес, Қытай үкіметінің ұйғарымымен болып жатқаны түсінікті – көп ұзамай арнайы шақыру да кеп қалды. Енді бөгелетін не бар. Белгілі ақын Жәркен Бөдешев екеуміз бірге жол жүріп кеттік.
Мен Қытайдан 1962 жылы атажұртқа ауа көшкен 200 мыңдай ағайынның көшін бастап өтсем, Жәркен 1969 жылы шекара бұзып, топ бастап келген жігіт. Ол да осы уақытқа дейін қара тізімде жүрген ақын еді. Енді, міне, төркіндеген қыздай кіндік қанымыз тамған өлкеге бірге кетіп барамыз.
Бізді Қытай шекарасынан аймақтың бас хатшысы Мұрат Мәсәлім бастаған қазағы, қытайы аралас бір топ құшақ жая қарсы алды. Сол күні-ақ аймақ уәлиі Қызайжан мырза қабылдап, Үкімет атынан сый-сияпат көрсетті. Біз бұл сапарда Шәуешек шаһарын тамашалап қана қоймай, Тарбағатай аймағының бірнеше аудандарын араладық. Зиялы қауыммен кездестік. Әртүрлі жиындарда, отырыстарда көп нәрсе ашық айтылды. Біз де көңілімізде жүрген ойларды бүкпесіз жеткізіп, бұдан қырық жыл бұрын ауған елмен бірге атажұртқа қалай көшкенімізді әңгімелеп бердік. Әрқандай ел туған жерін тастап, бекерден-бекер ауа көшпейді. Бәрі де сол кездегі солақай саясат пен асыра сілтеушіліктің, ашаршылықтың салдары. Ел ауды, елмен бірге біз де аудық. Атажұрт Қазақстанға барған соң көрген, білгенімізді арқау етіп көркем шығармалар жаздық. Мен әсілі, Шыңжаң елінің шындығы жайында тұңғыш роман жазған адаммын. Екі кітап шығардым. “Соңғы көш” – Шыңжаң қазағының қаламынан туған алғашқы роман. Кейін “Атамекен”, “Тағдыр” романдары туды. Қазір бұл шығармалар Шыңжаңдағы қазақ әдебиетіне игі әсерін тигізіп, үлкен ықпал жасауда. Қытайдағы зиялы қауым қазір сол кездегі саясаттың қате екенін қатаң сынға алуда. Жалпы Қытай компартиясының өзі 1960-1980 жылдар арасындағы 20 жылды босқа өткен, зая кеткен жылдар деп санайды. Науқаншылдық пен асыра сілтеудің зардаптары туралы айтып та, жазып та жатқан көрінеді. Менің айырмашылығым, сол солақай саясаттың қасіретін өздерінен жиырма жыл бұрын жазғаным. Сол үшін де билеуші топтардың шамына тиіп, жақпай қалдық. Енді, міне, ол кездегі дүние өзгерді. Үкімет те басқа, таңдаған сара жолымыз да басқа. Енді арадағы бұрынғы өкпе-наланы ұмытайық дедік екі жағымыз да. Қытайда тұрып жатқан бір жарым миллион қазақтың арман-мүддесі, келешегі жайында көз жүгіртіп, ой сараптадық.
Бұл сапар осындай тосын да жылы шуақты, шын ықыласты кездесулермен есте қалды.
– Көз таныстарыңызбен де кездескен шығарсыз? Ағайын-туыстарыңыз да бар болар?
– О-о… Менің бірге оқыған сабақтастарым, ағайын-туыстарым ол жақта жетіп жатыр. Олармен де сағынышпен қауышып, мауқымызды басқандай болдық. Менің ресми орындармен мәмілеге келуімді туыстарым қуана қабылдады.
– Сіз осындай жылымық күн болады деп күтіп пе едіңіз?
– Дәл таяу арада болады деп күткен жоқ едім.
– Сапардан соңғы көңіл күйіңіз…
– Көңілім жайланып, арқам кеңіп қалған сияқты. Өзің білесің, кейде жеке біреумен ұрсысып, ренжісіп қалсаң да, көңіліңде дық қалып, жаныңа батып жүреді ғой. Ал бүкіл бір елдің үкіметімен қырбай болу адамға оңай тимейді. Қайта біз жас кезімізден империялармен текетіресіп, етіміз үйреніп алған. Атажұртқа арқа сүйедік. Сонымен сезілмей келді. Ал шындығында арғы жағалауда қалған елмен жүздесіп, түсініскенім, әлгіндей қошемет, құрмет көргенім, қазіргі Қытай саясатындағы оң өзгерістердің нәтижесі екенінде күмән жоқ.
– Қазір Қытай елінің экономикалық дамуы әлемдік рынокта серпінді, әрі қарқынды деп атала бастады. Қытай серкелері Дэн Сяопин, одан кейін Цзян Цзэминь жүргізген реформалардың нәтижесі сізге қай деңгейде көрінді? Көрші мемлекеттің жаңа ғасыр басында жиырма жылға белгіленген экономикалық жоспары бекерден-бекер болмаса керек?
– Біз барған сапар алдында Қытай Компартиясының ХVІ съезі болып өтті. Міне, менің алдымда Шыңжаң өлкелік партия комитетінің органы “Шыңжаң газеті” жатыр. ҚХР төрағасы Цзян Цзэминьнің сол съезде жасаған баяндамасы газеттің тұтас екі нөміріне қатар жарияланыпты. Мұқият оқып шықтым. Баяндаманың тақырыбы “Жалпыжүздік дөңгелек дәулетті қоғам құрып, Жүңгүше социализм істерінің жаңа жағдайын жаратайық!” деп аталады. Осы тақырыбынан-ақ көп нәрсе аңғарылып тұр. Шынында да мен Қытай елінің қатты өзгергенін қалаларындағы көкпен таласқан зәулім ғимараттарынан ғана емес, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің бет-бейнесінен де айқын сезіндім. Мұны сол елге жиі барып келіп жүрген адамдар да айтады. Қытай реформасының қарқыны дүние жүзінде алдыңғы орынның біріне шығып отырғаны анық. Осы баяндамада айтылғанындай, қазір Қытайдың жоспарлы және базарлы (нарықтық) экономикасы тоғызыншы бесжылдықты сәтті аяқтап, оныншы бесжылдықты бастады. Байқайсыз ба, бұл елде жоспарлы экономика мен базарлы экономика ұштасып отыр. Жан-жақты ойластырып, қапысыз жүргізілген экономикалық саясаттың нәтижесі Қытай елінің дүние жүзі бойынша алтыншы орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Бұрын көш басына емес, жуан ортаға жақындамайтын Қытай экономикасының дүние жүзінде қатты назар аудартуы аз жетістік емес. Қытай елі 1989 жылдан бері, яғни, Цзян Цзэминь басқарған он үш жылда зор жетістікке жетті. 1990-2000 жылдары аралығында ел экономикасының ұлттық кірісі екі есе артқан. Орта есеппен жылына 9,3 пайыз өсіп отырған. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Енді олар алдағы жиырма жылда жалпы ішкі өнімнің көлемін төрт есе ұлғайтуға міндет қойып, соған бағытталған саясатын жүргізу үстінде.
Қазір сіз Шәуешек қаласын танымайсыз. Бір кезде аймақ әкімшілігі тұрған, ХІХ ғасырда салынған “Шанышевтің қызыл үйі” деп аталатын екі қабатты бір үй мен көне ескерткіш ғимараттар қатарында бірнеше мешіт қана сақталып қалыпты. Ескі үйлер бұзылып, заманына сай жаңа ғимараттар қаптап салынуда. Керемет қонақ үйлер бой түзеген. Шалғайдағы Шәуешек болашаққа қол созып, жаңа қарқынмен өркендеп жатқанын көріп, бұл жалпы Қытай еліне тән өзгеріс болар деп шамаладым.
– Бұл елдегі реформалық өзгерістер бағытын біздің елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформа барысымен салыстыра қарағанда не айтуға болады?
– Біз көрші тұрған елміз ғой. Экономикалық реформаны да бір мезгілде жүргізіп жатырмыз. Айырмашылығы, олар реформаны бізден он жылдай бұрын бастады. Уақыт бедеріне салып қарасақ, Қытайдың экономикасы жиырма жыл ішінде үлкен секірістермен алға қадам басып барады. Шүкір, біздің елімізде де реформаның жемісі күн өткен сайын көзге көрініп, көңілге сенім ұялатып отыр. Әйткенмен, орайы келгенде айта кетейік, кейде діттеген жерден шыға алмай қалған жеріміз де бар ма деп қаламын. Мәселен, өз басым ауыл шаруашылығындағы өзгерістер мен жалпы жекешелендіруді жан-жақты ойластырып, мінсіз жүргіздік деп айта алмас едім. Әттеген-айлар көп болды. Біз аграрлы ел едік қой. Қазақтың даласына сыймай жатқан байлығымыз бар еді. Мыңғырған малдың қадірін білмей азайтып алдық. Мұны мойындауымыз керек. Қазір өндірісіміз дамып жатқанда, бұл салада кеткен кемшіліктер де көрініп қалуда. Қап, әттеген-ай, дегізетін өкініштеріміз аз емес. Ал қытайлар экономикалық реформаны бізге қарағанда асықпай, ойланып жүргізген сияқты. Олар әр өлкенің бір ауылында реформа сынағын жүргізіп, оның барысын бір-екі жыл байқап көрген. Мұны олар “Торғай операциясы” деп атайды. Мұның мәнісі мынада: құстың ішкі құрылысы мен организмін білу үшін құс біткенді сою шарт емес. Бір торғайды сойып, барша құстың құрылысын білуге болады дейді. Әуелі тәжірибе жасап алып, қайткеніміз дұрыс деп, зерттеп алып, жаппай реформаны сонан соң бастаған. Және реформа бастар алдында бүкіл зат мүлікті шашау шығармай тіркеп, қатаң есеп жүргізген. Қолда не бар, қанша мал, қанша жан бар? Жылжымайтын мүлік қанша дегендей. Олар реформа тұсында шығынға ешқандай ұшырамаған, талан-таражға түспеген, жоқтан бар жасап отырған. Мал басы кемімеген. Сол секілді зауыт, фабрикалардың жұмысын да сәтті жүргізген. Оларда “Ашық есік” деген саяси бағыт біздіңше инвестиция тарту мәселесі бар. Бұл да тиімді жолға қойылған. Шетел капиталы құйылып, әлгі зауыт-фабрика он-он бес жыл жұмыс істеп, сол инвестициясының қаржысын еселеп қайтарып алған соң, әлгі кәсіпорындарды шетелдіктер Қытайдың өзіне беріп кетеді. Он бес жылда қытайлық инженерлер мен мамандар да жаңа техниканың тілін біліп үйреніп алады. Бас тізгін өздерінде болады.
Ашығын айтқанда, біз 1962 жылы сәуір айында сол елдегі ашаршылықтан қашып келіп едік қой. Қазір сол Қытайда тоқшылық. Жер бетінде ең көп халық тұратын елде, яғни, 1,5 миллиард адамды асырау былай тұрсын, сыртқы рынокқа өздерінің азық-түлігін шығарып сату, көрші елдерді нөпір тауарға толтырып тастау қай жағынан алып қарасаң да зор жетістік екенінде дау жоқ. Осының бәрі іскерлікпен жасалған.
Бізде не болды? Меніңше, бізге нарықтық экономикаға көшер кезінде ақыл айтқыш шетелдік кеңесшілер көбейіп кетті-ау деймін. Әртүрлі елдің моделін алмақшы болып, біраз бас қатырдық. Біздің экономист ғалымдарымыз дәл осы реформа кезінде өздерін жақсы қырынан көрсете алған жоқ. Білімі жетпеді ме, әлде батылдығы жетпеді ме, әйтеуір көңілдегісін айтпай бұғып қалды. Қазір бет алысымыз оңалып, аяқ алысымыз түзелді. Бірақ, тәжірибесіздіктен кеткен нәрсені тағылым үшін жасырмай айтып отыруымыз керек.
– Екі ел арасында алыс-беріс, сауда-саттық жыл өткен сайын үдемелі дамып, тауар айналымы үлкен қаржы көлемін құрап отыр. Бұл оңды жағдай Қытайда тұрып жатқан қазақ бауырларымыздың өмірінен байқала ма?
– Қатты байқалады. Анық сезіледі. Біз Қытай елімен тату көршілік, өзара достық сипатында бұрын-соңды болмаған Шартқа қол қойдық. Шекарамызды бекемдеп, айқындап алдық. Мұның бәрі халықаралық саясаттағы зор жетістік болып табылады. Соның әсері ме, ол жақта тұрып жатқан ағайындарымыздың хал-жағдайы жақсы. Қытай мемлекеті қазақтарға сенімді ұлт әрі Қазақстан диаспорасы ретінде оң қабақпен қарайды. Олардың өтініш-тілегін, мұң-мұқтажын аяқасты етпеу қатаң ескеріледі. Тоқсан бес пайыз қытай ұлты тұратын мемлекетте мұндай ықыласқа ие болу кез келген ұлттың маңдайына жазыла бермесі анық.
Қазақтар жеке сауданы жүргізуге бейімделе бастаған. Қазақстанға ағылып жатқан тауарлардың біразын біздің ағайындарымыз алып келуде. Әрине, олардың арасында нарық заңдылығына сәйкес бай, кедей болып жіктелуі де байқалады. Қазақтар арасында ауқатты адамдар да, кедейшіліктен құтыла алмай жүрген бауырларымыз да бар. Мұның бәрі де әркімнің жеке қабілеті мен тірлігіне байланысты нәрсе ғой. Мына мәселені атап айтуымыз керек. Қытай үкіметі қазақтардың өз тарихи Отанына қайтуына қарсы емес. Керісінше, біздің көші-қон мәселесін реттейтін мемлекеттік органдар ол жақтан келетін ағайындарды көптеп қабылдауды ұйымдастыра алмай отырған сияқты. Мен 2003 жылы квота бойынша келетін бес мың отбасының кемінде бір мыңын Қытайдағы ағайындарға бөлу керек қой деп санаймын. Айтқандай, олардың мына бір қамқорлығын да айтпай кетуге болмас. Біздің елімізге ықтияр хатпен келіп, тұрып жатқан оралман ағайындар Қытайдан өзіне тиесілі зейнетақысын әлі күнге дейін алып тұрады. Шетелге кетіп қалған адамдарға зейнетақысын беріп тұратын басқа қандай ел бар екенін білмеймін. Бұл үлкен адамгершіліктің белгісі.
Жалпы екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нығая түсуінен қазақтар көп пайда көріп отыр. Абырой-беделі өсіп, Қазақстанды арқаланып өмір сүріп жатыр. Қандай да бір жасалып жатқан қысым байқалмайды. Тек шекарадан бірден ағылып кетпесін деп өзіміз шектеп отырған сияқтымыз. Бұл айтқанымыз – мемлекеттік органдардың құлағына алтын сырға.
– Қытайда біздің ағайындардың арасынан ғылым, әдебиет және өнер саласында танылып, елге елеулі болған қандай адамдар бар? Біз де өткен жылдың соңына таман Қытай еліне журналистік сапармен барған кезімізде Бүкілқытайлық халық құрылтайының мүшесі Сұлтан Жанболатұлы деген жалғыз қазақ депутатымен Бейжіңде кездесіп, тілдескен едік. Тағы кімдер бар? Әйгілі ақын Таңжарықтың жүз жылдық мерекесі қалай аталып өтілмек?
– Иә, өткен жылдың белесінде екі елдің қарым-қатынасында көп жақсылық аңғарылды. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Қытайдағы қазақтардан беделді делегация келді. Оны Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының партком хатшысы Асхат Керімбайұлы және үш аймақтың уәлилері басқарып келіп, тарихи басқосуға қатысты. Бұл өзара сенімділік пен түсіністіктің арқасы. Біздің де сапарымыз сол саясаттың жалғасы іспетті. Асхат Керімбайұлы өткен съезде Қытай Компартиясы Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат болып сайланды. Бұрын Жанәбіл деген қандасымыз осы биік лауазымға жеткен еді. Бізді осы сапарға шақырған Тарбағатай аймағының уәлиі Қызайжан деген жігіт те өте беделді, байсалды азамат екен. Сірә, құтты қонақ болған шығармыз, сол жігіт жақында Қазақ автономиялы облысының басшысы болып тағайындалыпты. Қытай тіліне жетік, кез келген жауапты қызметті атқарып кете алатын қазақ жігіттері аз емес. Өзің айтқан Сұлтан Жанболатұлы, марқұм, атақты ғалым Нығмет Мыңжанидің ізін басып, ісін жалғастырып жүрген Жақып Мырзахан деген тарихшы жігіт те жұртқа танымал. Көп жыл бойы түрменің азабын тартып, өткен жылы бостандыққа шыққан 79 жастағы Қажығұмар Шабданұлы өзінің жазған шығармаларын қайта қарап, мұраларын жинақтау үстінде көрінеді. Шыңжаң Жазушылар одағын басқарысып жүрген Шамыс Құмардан басқа, Батырхан Құсбегин, Жұмабай Біләлұлы, Ғапар Біләлұлы, Задахан Мыңбай деген қаламгерлердің еңбектері де көптің ықыласына ие болған. Осы қатарлы жазушы, ақын бауырларымыз аз емес. Тек олардың кітаптары қолымызға түсе бермейді. Тегінде, Қытайда қазақ халқының ауыз әдебиетін, фольклорын жинастыру жақсы жолға қойылған. Соның бәрін жинақтап, бізде қайта басып шығарса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Сіз сол жазушылардың бізде басылып шығып жатқан шығармаларын қалай бағалайсыз?
– Жалпы оларда әдебиетке саясаттың ықпалы өте жоғары болды. Бізде шүкір, еркіндік бар ғой, саясатқа байланып қалмаймыз. Сондықтан ол жақтағы жазушылардың шығармаларын іріктегенде сын көзбен қарауымыз керек. Оларда әлі күнге дейін саясат ағысымен жүргендер де бар.
– Кезінде белгілі әдебиетші Қойшығара Салғараұлы Қытай архивінен қазақ тарихына қатысты көптеген деректер тауып, бірнеше кітап шығарды. Осыған қалай қарайсыз?
– Дұрыс. Бұл жерде өз тарихымызға қатысты бір сөз немесе бір дерек болса да кәдемізге жаратқанымыз теріс емес. Қойшығара оның бәрін жалғыз өзі жасаған жоқ. Өзі де оны айтып жүрген шығар. Қытай тілін білетін Бейжіңдегі қазақ жігіттері көмектесіп, өздерінің қолда бар дүниелерін беріп, қауымдасқанының нәтижесі. Дегенмен, ол туындыларға да сол кезеңдердің тарихи шындық биігінен салғастыра қарап, сын көзбен бағасын беру керек шығар.
Үлкен өнер жағынан ондағы қазақтар ешкімнен кем түспейді. Қазір Астанада тұрып жатқан Шұғыла қызымыз шалқыған би мектебінің бір талантты өкілі. Майра Мұхамедқызы әлемге танылған әнші болды. Күй мектебінің Бейсембі, Әшім, Қайрақбай тәрізді өкілдерінің туындылары зерттеліп жатыр. Әсілі, диаспора болған жерде әдебиет пен өнер бола бермейді. Ұлттың ұйыған жерінде ғана әдебиет пен өнер туындайды. Сіз Ресейде тұратын 1 миллионнан астам қазақтың арасынан шыққан бір талантты жазушыны атай аласыз ба? Жоқ. Өйткені ұлттық мәдениеттің дәстүрлі мектебі қалыптаспаған. Оның есесіне Монғолиядағы 150 мың қазақтың арасынан небір таланаттар бой көрсетуде. Ал Таңжарықтың 90 жылдығын кезінде екі ел бөлек-бөлек атап өткенбіз. Классик ақын Таңжарықтың бүкіл шығармасын зерттеп жүрген Оразанбай Егубайдың құрастыруымен өткен жылы ақынның екі томдығы жарыққа шықты. Небәрі 44 жыл өмір сүріп, оның он жылын түрмеде өткізген атақты ақынның 100 жылдық мерекесін екі ел әдебиетшілері мемлекет деңгейінде бірлесіп өткізсек дұрыс болар еді.
– Сіз осы сапардан соң Қытайдағы қазақтар тақырыбына қайта оралып, кітап жазу ойыңызда бар ма? “Соңғы көштің” жалғасы бола ма?
– Жас болса келіп қалды. Уәде беру қиын. Бірақ ойымды мазалап жүрген тақырыптар бар. Қашанда менің кейіпкерлерімнің өкше ізі Қытайда жатады. Көп жылдардан соң кіндік қаның тамған өлкеге барып, топырағына аунағанда, жүректі қозғайтын жәйттар аз емес. Бәрін уақыт көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
“Егемен Қазақстан”.
1 ақпан, 2003 жыл.