23 Қыркүйек, 2012

Мәскеудегі қазақ суретшісі Тұралы Мүсірепбековтың таңғажайып әлемі

417 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мәскеудегі қазақ суретшісі Тұралы Мүсірепбековтың таңғажайып әлемі

Жексенбі, 23 қыркүйек 2012 11:42

Бүгінде мәскеуліктер “наш Тұралы”, “московский казах” деп атап кеткен қылқалам иесі Баукеңдей ұлы тұлғаны дүниеге әкелген Жуалы топырағының перзенті. Осында орталау мектеп бітіріп, Жамбыл медицина училищесін тәмамдаған Тұрекең алғашқы еңбек жолын да Жуалыда бастаған. Училищеден кейін бір жылдай Қызыларық ауылында  фельдшер болып қызмет істеген ол  осы ауылдан әскер қатарына аттанды. Армиядан келе сала Алматы медицина институтының бір жылдық дайындық курсына қабылданып, келесі жылы осы оқу орнының емдеу факультетіне  түскені, оқуды өте жақсы аяқтап, — Асадағы өкпе аурулары ауру­ханасына бас дәрігер болып келгені-бәрі-бәрі менің көз алдымда. 

Жексенбі, 23 қыркүйек 2012 11:42

Бүгінде мәскеуліктер “наш Тұралы”, “московский казах” деп атап кеткен қылқалам иесі Баукеңдей ұлы тұлғаны дүниеге әкелген Жуалы топырағының перзенті. Осында орталау мектеп бітіріп, Жамбыл медицина училищесін тәмамдаған Тұрекең алғашқы еңбек жолын да Жуалыда бастаған. Училищеден кейін бір жылдай Қызыларық ауылында  фельдшер болып қызмет істеген ол  осы ауылдан әскер қатарына аттанды. Армиядан келе сала Алматы медицина институтының бір жылдық дайындық курсына қабылданып, келесі жылы осы оқу орнының емдеу факультетіне  түскені, оқуды өте жақсы аяқтап, — Асадағы өкпе аурулары ауру­ханасына бас дәрігер болып келгені-бәрі-бәрі менің көз алдымда. 

Бір-екі жылдан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне қызметке ауысып, онан И.М.Се­ченев   атындағы Мәскеу меди­ци­на­­лық академиясының аспиран­турасына түскені де кешегідей еді. Сонан Тұрекең аталмыш қалада қалып қойған. Содан бері арада 15-16 жыл сырғып өте шығыпты.  Менің бала кезімде оқу қуалап жүрген Тұралы әлі де сол ғылым- білімнің соңында.  Тұрекең неге оқудан жалықпайды деп кейде өз-өзімнен таңданушы едім. Сөйтсем оның бойында оқу мен ізденістен жалықтырмайтын ұлы күш — өнер күші бар екен ғой.

Мәскеуге келген соң-ақ Тұралының тұла бойындағы сол бір рухани қайнарлар жанартаудай атқылап сыртқа шыққан еді. Ол медицина саласында ауқымды ғылыми жұмыс жасап, өзі оқыған академияда сабақ бере жүріп, көркемсурет өнерімен де айна­лысып кеткен-ді.

Осыдан 5-6 жыл бұрын, жек­сенбі күндерінің бірінде теледи­дарды қосып жіберсем, ОРТ жаңалықтары жүріп жатыр екен. “Орталық журналистер үйінің үлкен залында москвалық суретші Тұралы Мүсірепбековтың сурет көрмесі ашылды…” деген дик­тордың сөзіне елең ете қалып, экранға үңілсем кәдімгі өзіміздің Тұрекең көрермендерге өз картинасын көрсетіп жүр.  Мен сонда ғана дәрігер адамның көркемөнерге  мықтап зейін қойғанын, бұл салада шын мәнінде өз биігіне көтерілгенін алғаш рет мойындағандай едім.

Сол күннен бастап менің жүрегімде Тұралы аға қолынан шыққан картиналарды өз көзіммен көрсем деген арман оты жылт ете қалғаны шын. Сонан бір күні өзімен хабарласып, суреттерінің  фотокөшірмелерін сұратқаным бар. Көп ұзамай Тұрекең маған қомақты  бандероль жіберіпті. Оның ішінен шығарма көшір­мелерінен басқа аудиокассета та­былды. Оны магнитофонға қосып тыңдап көрдім де Тұрекеңнің жап-жақсы суретшілігіне қоса тәп-тәуір сазгер болып шыққанына қуан­дым. Тағы бір пакетте өлеңдері де бар екен. Міне, ғажап! Табиғат бір адамның басына осыншама өнер мен  қабілетті үйіп-төгіп бергеніне таңданбауың мүмкін емес. Жаны нәзік, ойы ұшқыр, парасаты мол адамнан ғана осыншама өнер қайнары ақтарылып шығатыны даусыз.

* * *

Бауыржан Момышұлының Мәскеуде өткен мерейтойына барған сапарымызда бізге әуелі есік көрсеткен Жәнібек Елікбаев ініміз болса, келесі күні қонаққа шақырған осы Тұралы Мүсіреп­беков ағамыз.

Міне, біз Тұралы аға мен Сәндікүл жеңгеміздің Банный келте көшесіндегі пәтерінде отырмыз.

— Мына сурет “Ескі ауыл” деп аталатын картина, — дейді Тұралы. — Біздің бала кезімізде Қызыларық ауылының жоғарғы жағында биік бір төбе болатын. Бүгін де бар шығар. Сол төбеден қарасаң біз тұратын қар басқан ескі ауыл алақандағыдай анық көрінетін. Төбесі балшықпен сыланған аласа үйлердің мұржаларынан будақтаған  түтін менің анамның жіп иіретін шудасына ұқсайтын-ды.  Бала күнгі ескі ауылдың сол суреті  менің жадымда мәңгі жатталып қалыпты.  Ақыры мынадай карти­наға айналды, — дейді ол.

Тұралы картиналарының та­қырыбы әр алуан. Дегенмен, осы шығармалардың басым көпшілігі туған жері Жуалы аймағының келбетін, сұлу табиғатын бейне­леуге арналғаны оның елге, жерге деген перзенттік махаббатының айғағы. “Туған жер” деп аталатын мына бір картинасында тағы да қар басқан ескі ауыл бейнесі. Айлы түн. Жұлдызды аспан. Көкке қарап ұлыған көк бөрі. Ескі қорым. Зи­рат­тағы аруақтар  ата-баба аруағын ұмытпаңдар деп бүгінгі ұрпаққа ұлағат айтып тұрған секілді.

Т.Мүсірепбеков шығармалары негізінен ой мен сезімге құрылған. Бұл кәдімгі көптің бәрі ойлайтын жеңіл-желпі ой емес, көңіл көзімен қарағанда, ғана оқылатын күрделі ой, тұнып тұрған фило­софия. Мысалы, “Өмір” деп атала­тын полотносына назар аударып қаралық. Суретте аяқ-қолы бай­лаулы жатқан адам бейнеленген, оның бүкіл денесінде бақа-шаян, құрт-құмырсқа өріп жүр. Қор­қынышты-ақ. Дегенмен, бұл көрерменін ойға жетелейтін тың туынды. Өмір деген міне, осы, тіріңде біреу жағаңнан алса, біреу етегіңнен тартады, тағы біреу шаян болып шағады, енді біреу жылан болып мойныңа оралады. Ал енді тіршіліктің  өз түйткілі де аз емес, бірде баршылық, тағы бірде таршылық, күнкөрістің қыл шылбыры бұрау болып батады… Ит өмір деген осы… Сурет осылай сыр шертеді.

Тұралы суреттері айтар ойын астарлап, көркемдеп, бейнелеп айтады. Поэзия мен прозада теңеу, шендестіру, эпитет, метафора сияқты көркемдік құралдары қалай пайдаланылса, Тұралы картинала­рында да осы үлгілер, нұсқалар молынан кездеседі. Мысалы, “Жер –Ана” циклы бойынша жазылған картиналарының бірінде жер бауырлап жатқан Ананың жайыл­ған шаштары темір қоршаулы бейітті орап алыпты. Ананың көзінде бір тамшы жас. Аспаннан жұлдыздай ағып зымыран құлап келеді… Бұл тәнін бомба жаралап, оқ тескен, онан қала берді ядролық сынақтар улап, қасірет шеккен Жер-Ананың бүгінгі трагедиясы. Осыншама терең ойды қылқалам иесі өте ұғынықты штрихтармен жеткізе білгені үлкен шеберлік.

Тұралының “Махаббат” деген картинасының атына қарап онан ғашық жандардың бейнесін іздейтініңіз анық. Алайда, суреттен қыз бен жігітті емес, терезе алдын­дағы тікенді кактуста отырған бұлбұл құсты көрер едіңіз. Сол бұлбұл табанын тікен тесіп, азапта тұрса да сырттан ішке қарай төн­ген раушан гүлін көріп шаттанады, оған ынтызар көңілмен аңсары ауады. Бұл көріністің де айтары мәнді: әлгі бұлбұл сияқты адам баласы да  кез келген қиын жағ­дайда сұлулыққа іңкәр болмақ, әсемдікті сүйе білмек. Махаббат жолында қиындық деген сөз болып па тәйірі?!

Жалпы, дәрігер-суретші Т. Мүсірепбеков ағамыздың шы­ғармаларында қарапайымдылық пен тереңдік, ойлылық пен қиыннан қиыстырылған көркемдік шешім бір-бірімен шебер астасып, үлкен арнаға ұласып жататыны айқын. Тұрекең картиналарына  бұрынғы және қазіргі қазақ живописьшілеріне ұқсамайтын ерекше композиция, айрықша қолтаңба тән. Таза живописьтік шығарма дейін десең онан графиканың да, коллаждың да элементтері мен мұндалап шыға келеді. Бұл жанрдан ауытқу емес, керісінше, сол жанрды шебер­лікпен байыту деп ұққанымыз жөн.

Сонымен жерлесіміз Тұралы Исаұлы Мүсірепбеков  бүгінгі күні Мәскеуде, онан тыс жерлерде өзінің суретшілік өнерімен белгілі өнертанушы ғалымдарды, талғамы биік көрерменді, талай-талай зиялы қауымды тамсандырып, олардың жоғары бағасына, ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер иесі. Қыл қалам шеберінің шығар­малары В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогика университеті көркемсурет-графика кафедрасы мамандарының талқылауынан өтті. Осы мәжілісте профессор Алек­сандр Данилович Алехин Тұралы туындыларына  жоғары баға берумен бірге бұл еңбектердің философиялық маңызын айрықша атап көрсетті. Ресей гуманитарлық ғылымдар академиясының ака­демигі, МГУ-дің эстетика кафед­расының меңгерушісі, профессор Евгений Георгиевич Яковлев, әлем халықтары өнері халықаралық “Никор” ассоциациясының пре­зиденті  Николай Зосимович Корнилов және басқа да зиялы адамдар  Тұралы Мүсірепбеков творчествосын жоғары бағалап, оның талантын қадірлеп жүрген кісілер.

Тұрекең бүгінде Мәскеудегі әлем халықтары өнері “Никор” ассоциациясының мүшесі, оған бейнелеу өнерінің бакалавры ғылыми дәрежесі берілген. Сурет көрмелері М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінде, жазушылар одақтары халықаралық қауымдастығы (МСПС) залында, орталық жур­налистер үйінде, Мәскеудегі Кеңес Одағының Батыры  Әлия Мол­дағұлова атындағы №891 орта мектепте және басқа да көрнекті орындарда бірнеше рет болып өтті. Қылқалам шеберінің картиналары Қазақстан, Ресей, Англия және Германия сияқты алыс-жақын ел­дердің мұражайларында сақтаулы.

* * *

Қазақта “жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын”, “жігітке жеті өнер де аз” аз дейтін ұлағатты сөздер бар. Бұл ұғымның мағынасы терең, айтар ойы ерен, тәрбиелік мәні зор. Атамыз қазақ ер жігітті осы мақалдар арқылы ізденімпаздыққа, іскерлікке, еңбекқорлыққа  және өнерді сүюге, бағалауға баулығаны анық.

Отыз жылдан астам уақытын медицина саласына жұмсап, тынбай ізденіп, ғылыми жұмыспен айналысып келе жатса да Тұралы жігітке тән “жеті өнерден” де өз биігін тапқан адам. Біз жоғарыда кейіпкеріміздің суретшілігі жайында сыр шертсек, енді ретіне қарай сазгерлік, ақындық қыр­ларын тілге тиек етпекпіз. 2000 жылы мен Мәскеумен хабарласып, Тұралыдан алдырған оның суреттерінің фотокөшірмелерімен бірге ән жазылған үнтаспаны қоса алғанымды жоғарыда айтқан едім.  Сол үнтаспадан төгілген автордың “Долана”, “Тимеші маған”, “Аққу­лар қайтқанда”,  “Өкпелеттің”, ” Қыз сөзі”, “Ақтайын ақ сүтіңді” сияқты әндері сезіміңді серпілтетін шығармалар болып шыққанына мен өз басым қатты сүйсіндім. Бұл әндер нағыз ұлттық сазға, әдемі өрнекке толы үлбіреген нәзік әндер. Өзі жастайынан орысша оқып, орыс мәдениетімен сусындап  өскен азаматтың қазақи әуенді ұмытпағаны, керісінше, сонымен тыныс алып жүргені мені қатты толқытты.  Тұралы Мүсіреп­беков орыс музыкасына да жетік. Оның орыс поэ­зиясының көрнекті өкілі Александр Блоктың сөздеріне жазылған “ Ваш взгляд”, “Кармен” сияқты романстары орыс ұлттық музыка мұрасына қосылған үлес деуге лайық.

Т. Мүсірепбеков әндері жай ғана әуесқойлықтан туған арзанқол дүниелер емес, шы­найы шығармалар екені даусыз. Мұны П.И.Чайковский атын­дағы Мәскеу консер­вато­риясының профессоры, өнер­тану ғылымының докторы, белгілі музыка маманы Т.Чудованың мына сөздері айқын дәлелдейді:

– Мен Тұралы Исаевич Мүсірепбековпен 1991 жылдан бері таныспын. Бір күні консерваторияға бұйра шашты, ұзын бойлы, сұлуша жігіт келді. Әндерім бар еді, тыңдап көріп өз пікіріңізді айтсаңыз  деген өтініші бар. Бұл Тұралы еді. Әндерін өзі орындап берді. Мен оның мамандығы музы­кант емес, дәрігер екендігін естігенде қатты таңдандым. Тіпті мынадай ғажайып әндерді дәрігер шығарды дегенге сеніңкіремей ойланып қалған жайым бар. Ол маған живо­письтік көркем суреттерін көрсеткенде мен шын мәнінде алдымда таңғажайып талант иесі тұрғанына иланып, оған ықыласым ауа түскендей еді.

Тұралы Мүсірепбеков орыс ақындарының өлеңдеріне де ән шығарады. Белгілі орыс ақыны Александр Блоктың көптеген өлеңіне ән жазды. Олар негі­зінен романс жанрына лайық. Бүгінде бұл шығармаларды Мәскеудің Станиславский және Немирович-Данченко атындағы опера және балет театрының әншілері Ахмед Агади мен Михаил Гужов орындайды.

Сонан бері Тұралымен шығармашылық байланыс­тамын. Оның 34 әніне рецензия жаздым,— дейді профессор Т. А. Чудова өткен күндерді есіне алып.

“Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” деп ұлы Абай айтқан­дай, тіршілігінде бір шумақ өлең шығармаған қазақ кемде-кем. Ал бірақ менің байқауымша, “сөз өнері дертпен тең” деген­дей, Тұралы өнер дертімен шын дертті болған, сөз қадірін терең түсінетін қаламгер.  Оның орыс­ша жазған өлеңдері “Клятва Гиппократа” (“Гиппократ анты”) деген атпен Мәскеуден жеке кітап болып шыққалы жатыр. Ал қазақша жырлары өз алдына бір әлем. Оның бұл дүниелері қазақ оқырмандарына самғап ұшар күнді асыға күтуде. Тұралы өлеңдерінің  бірі былай деп еркелей тіл қатады:

“Ұзақтар қайтып келгенде,

Күн нұры қырды емгенде,

— Сүйесің бе?-дедің сен

Құраққа құлай бергенде.

Сен қойған сол сұраққа,

Сылқ-сылқ күлді бұлақ та.

Сол бұлақтың сыңғыры

Сыңсиды әлі құлақта…

Бүгін сол бір қыратта,

Гүл қуарған, құрақ та.

Саған күлген жеңілтек,

Суалыпты бұлақ та…

Сағымдай сусып сол көктем,

Сағынтып қалды жырақта”…

Бұл нағыз қазақы өлең. Бұл көңілдің нәзік күйі. Тұралының әр өлеңі өзінше бір әлем.

Меніңше, ақын туралы көп сөз айтудың қажеті жоқ. Оның кім екенін өлеңінің өзі-ақ айтады. “Білгің келсе мен жайлы жырымды оқы”,— деп өсиет қалдырыпты бір ақын.  Расында ақынның кім екенін білу үшін оның жырларын оқу керек. Ал Тұралының жырлары түбінде өз оқырмандарымен қауышары анық.

Мырзахан Ахмет,
Мәскеу.

18 тамыз 2002 жыл.