Осыдан дәл 40 жыл бұрын шаңырақ көтерген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі - қазіргі таңда еліміздегі ең танымал мәдени ошақтардың бірі. Онда археология және ескерткіштерді қорғау, ғылыми-зерттеу, қор сақтау, экскурсия және насихат, шаруашылық қатарлы бөлімдер бар. Алғаш құрылғанда мекеменің жәдігер қоры шамамен 700 бірлік болса, қазіргі саны – 24 421 дана.
Қорық-музейдің тарихи тамырын тереңдетіп тұрған: Үкаша ата, Жүсіп ата, Гауһар ана кесенелері мен Сауран қалашығы туристер табан тірейтін көрікті нысан десек, музей қорында сақталған аса құнды дүниелер: ХІV ғасыр туындылары – тайқазан, тудың ұшарындағы лауһа, көне шырағдан (суретте) мен Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының тұпнұсқасын қызықтаушылар өте көп.
Өткен жыл бұл мұраларды 1 095 533 адам келіп тамашалапты. Сондай-ақ жоғарыдағы тарихи нысандардың үш тілде жасалған 3D тур таныстырылым нұсқасы да турист тартуға қолайы. Ерекшелеп айтуға тұратын оқиға қорық-музей тарихта тұңғыш рет Түркия, Грекия, Ресей, Өзбекстан қатарлы елдерге көшпелі көрме ұйымдастырған.
– Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жандандыру мақсатында биыл «Хан мешіті», «Хан ордасы» «Күлтөбе қалашығы», «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпалары қалпына келтіріліп, ортағасырлық магистральды жүйелерге қазба жұмыстары жүргізіліп, сауда-саттық орындары туристерге қызмет көрсететін болады, – деді жиынды қорытындылаған мекеме басшысы Нұрболат Ахметжанов.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»