Руханият • 14 Қаңтар, 2019

Атырауда ноғай халқының мәдени күндері өтті

715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тағдырдың жазуымен арамыз алыстап кетке­німен, түркі халықтарының арасында қазаққа тілі, діні, ділі жағынан ең жақыны – ноғай жұрты. Алтын Орданың, Ноғай ханды­ғының алғашқы астанасы болған Сарайшықтың Атырау облысының аумағында орналасқаны да бағзы туыстығымызды бедерлейді. 

Атырауда ноғай халқының мәдени күндері өтті

Алыстағы ағайынмен қа­уы­шып, арқа-жарқа болған та­ғылымы мен тәлімі ерек шара Аты­рауда өтті, Жай­ық жаға­сына ноғай халқының бел­гілі өнер шеберлері, ақындар мен сурет­шілері арнайы келді.

Атырау облысындағы ноғай хал­­қы­ның мәдени күн­­дері ая­­сында өткен шаралар легі «Кам­­бак» фильм­інің көрсе­тілі­мімен басталды. Ресей Феде­рациясының Қарашай-Шер­кеш Республикасын, Ставрополь өл­кесін, Дағыстан Республикасы жә­не Астрахань облысын мекендейтін ноғай­лардың қа­зіргі өмір салты мен мә­дениеті туралы түсірілген фильм әсер­лі шыққан. Фильмнің режиссері Ислам Сатыров ноғайлардың қазіргі тір­шілігін көрсету ар­қы­лы ұлттық құндылықтарды наси­хаттауды мақсат еткенін айтады. 

Ноғайдың белгілі сурет­шілері Әлібек Қойлақаев пен Якуб Ораз­а­қа­евтардың туын­дылары қойылған көрмені аты­раулықтар қызыға тамашалады. Ноғай және Қазақстан ғалымдары мен қаламгерлері дөң­ге­лек үстел басына жиналып, мә­дени­еттер арасындағы байланыс жай­ында әңгіме өрбітті. Екі күнге соз­ылған ша­ра аясында қонақтар Са­рай­­шық қалашығының орнына барып, му­­зейлерді аралады. Ал мәдениет күні­нің жабылу сал­танатында ноғай-қазақ өнер­паздары бір сахнада өнер көрсетті.

– Еділ-Жайықты тел емген, қазақ­пен аталас жұрт ноғайлардың бү­­гінгі таңдағы ең көрнекті өнер өкіл­де­рінің Атырауға келуі мә­дение­т­тер арасындағы байланыстың тамыры тереңде екенін айғақтайды. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарау керектігін атап көрсетіп, міндеттер жүк­теді. Бүгінгі шараны да осы бағдарламаларды іске асырудың бір көрінісі ретінде бағалауға болады деп есептеймін, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Ал ноғайдың танымал әншісі Арсланбек Сұлтанбеков: «Аты­рауға әр келген сайын рухтанып қайтамын. Бабаларымыз басқан топырақтың киесі мен құдіреті бөлек», – дейді.

Бауыр­ластардың бұл бас­қосуы әлі ұзақ уақыт айта жү­ретіндей айрықша әсерге бөледі.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ