14 Қаңтар, 2019

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құрылғанына 25 жыл толды

693 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1994 жылдың 14 қаңтарында Президент Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құрылғанына бүгін 25 жыл толып отыр. Сондықтан бұл атаулы күннің архив ісі саласындағы ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз елдің саяси тарихындағы іргелі оқиға ретінде қабылдануына толық негіз бар.

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құрылғанына 25 жыл толды

Зерттеуші тарихшылардың өзіне шектеу қойылған кеңестік кезеңдегі ең жабық архивтердің бірінен саналған бұл мекеме жаңа уақыттың міндеттеріне жауап беретін заманауи пішінмен қайта жасақталған соң өз қызметін азаматтық ашық қоғам талаптарына қарай бағыттап, жүргізе бастады. Ширек ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекеме тақыр жерден құрыла салған жоқ, тарихына үңілсек, Қазақстанның саяси, әлеуметтік, әкономикалық, мәдени өміріне қатысты тың құжаттар мен деректерді  жинақтау сонау 1918 жылдан бастау алады. Бір кездері НКВД-ның басқаруына да беріліп, кейінгі жылдарда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Партия тарихы институты жанынан құрылған Орталық мемлекеттік жаңа заман тарихы архивінің негізінде мемлекет саясатын қалыптастыруға тікелей қатысы бар орган ретінде іргелі жұмысын жалғастырды.

Президент Архивінің 25 жылдық мерейтойына орай өткізілген салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын архив директоры Жәмилә Әбдіқадырова оқып берді. «Тарих құжатымен құнды. Тарихы тасқа жазылған мемлекеттің болашағы баянды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының құжаттарын қалыптастыруға тікелей атсалысып келе жатқан шежіре шеберлері – сіздердің арқаларыңызда архив қорында ел тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап қазірге дейінгі мемлекет өмірінде орын алған ең маңызды оқиғаларды баяндайтын құжаттық деректер қоры қалыптасты. Ол архив ісі және құжаттау мәселелері бойынша халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырып отырған ғылыми-әдістемелік орталық болып табылады» делінген Президенттің құттықтау хатында.

Ж.Әбдіқадырова үздіксіз жетілуді мұрат тұтқан архив ісін дамытудың жоспарларымен де бөлісті. «Орта мерзімдегі бағдар бойынша, Архив жұмысын Президент Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында белгіленген ақпараттық қоғам мен цифрлы экономика талаптары мен міндеттеріне сәйкестендіру – біздің басты міндетіміз. Мемлекеттік «Архив – 2025» бағдарламасы отандық архивтер, оның ішінде Президент архиві алдына әлемдік іргелі бағыттар деңгейінде архив ісін дамытуға, мемлекеттік архив қызметін қолжетімділігін қамтамасыз етуге және бұдан да биік сапаға көтеруге мүмкіндік береді» деді Ж.Әбдіқадырова.    

Бүгінде Президент Архиві азаматтар мен қоғам үшін әрдайым ашық, мекеме қызметіне жүгінетін зерттеуші мамандар қазақстандық архивтермен ғана емес, шетелдік архивтермен салыстырып қарағанда, архивте ерекше қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтеді. Бүгінде Қазақстан архивистері жинақтаған бірегей құжаттарсыз Қазақстанның ХХ және ХХІ ғасырдағы тарихын көзге елестетудің өзі мүмкін емес.

Архив 1974 жылы типтік жоба негізінде салынған арнайы ғимаратқа көшірілді. Тоғыз қабатты ғимараттың сегіз қабаты архивтік қоймаларға арналған. Архив қоймаларының жалпы ұзындығы 29 шақырымға тең. ХХ ғасырдың әр саладағы тарихи шежіресін қамтып, бейнелеумен басталатын архивте бүгінде 810 мыңнан астам дерек қоры тіркелген. 1917-1991 жылдың аралығындағы 40 000-нан астам құжат құпиялылығын жойды. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихы, Президент қызметінің, Президент Әкімшілігінің, әртүрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан халықтары Ассамблеясының құжаттары, сондай-ақ саяси тұлғалардың ғана емес, әдебиет, мәдениет, өнер, спорт саласындағы елгі белгілі 200-ге жуық қайраткерлердің жеке тектік құжаттары осы архив сөрелерінде сақталған. Архив тарихи жылнама үшін маңызды әрі қажетті құжаттармен жүйелі толықтырылып келеді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20