2.Тұмар болған тілегі
...Осы аңыз естігенде есімді алған,
Сондай бір ел жадында есім қалған.
Адайлар: «Иә, Бекет» деп сыйынғанда,
Кеңейіп сала берген есіл жалған.
Ғафу Қайырбеков
1981 жылғы қыркүйек айында Норвегияда болған сапарымда баудай жамырап жатқан субұрқақтардың айдынында жүзген аққуларға қарап, қаланың батыс бетіндегі түркілік нақышта салынған көне қорғанды көріп, Осло деген қала атауының төркінінде түркінің «Асылы» деген сөзі жатқанына қиял жүгірттім. Солтүстік теңізінде жүзіп келе жатқан біздің кеменің үстімен сұңқылдап ұшып өткен аққулар тобына қарап тұрып, туған даламды тебірене еске алғаным бар. Тасқа қашалған түбі түркілік өркениеттің тарихына лексикалық-семантикалық сараптама негізінде ғылыми-зерделік көзқарас бағыштаған, тасқа бәдізделген беймәлім сөздердің төркінін түрткен сөзгер ақын Олжас Сүлейменовтің уәжіне жүгінсек – «сөз – ең дәлелді, ең құнды айғақ». Ежелгі викингтердің арғы түбінде де протүркілік тамыр жатқаны ғылыми дәлелденген. «Аққу» тотемі бізден барған шығар деп, кеудені мақтаныш пен өкініш қатар кернегені әлі есте. Орталық Азиядан барған аққу тотемінің Бекет атаның аққуына да қатысы бар шығар деп қиялдасақ, жұртымыз жазғыра қоймас. Киелі құстың адалдық ұстанымындай сопылық жол Бекет атаның есімін ғасырдан-ғасырға әз күйінде алып келе жатыр. Бұл жолды Пайғамбар (с.а.с) жолы деп тану арқылы діни сенімнің маржани мазһабын көреміз.
Тура мағынасында жол жөнінде айтсақ, батысында Сарайшыққа дейін, шығысында Үргенішке дейін, түстігінде Қожа елі – Қоңыратқа дейін, терістігінде бергі Арқаға дейін кең жайылған Кең Жылыой қонысында дүниеге келіп, есімін еліне тәу етер кие, тағзым етер қасиет етіп қалдырған ұлы бабаның Хазар теңізіне ұмтыла жеткен Жем бойында жұртының қадірлісіне айналғаны ақиқат. Дешті Қыпшақ атанған алып өңірде ғұмыр кешкен Ноғайлы жұрты «Ел айырылған» еңкілдек заманда бірі Қырымға, бірі Ұрымға кетіп, одан әрі Бұлғар асқан. Қарға бойлы Қазтуғанның атажұртын, Бозтуған ананың келін болып түскенде оң аяқпен аттаған адал табалдырығын ғасырлардың құмы жұтты. Бірақ олардың соңында қалған аңыз бен деректің бір ұшы Бекет атаның да өмір сүрген кезеңіне шүлен тартып, аңсар аудартады.
Бекет ата туралы аңыздар мен әфсаналарды ой сарабына салғанда, аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешіп, алдаспан жастанып, қалқан жамылып, ерулі аттың ертоқымын алмай алаң көңіл болған аламан жұртымыздың білімге сусар арманын жүзеге асыруға ерекше еңбек, ерен пейіл танытқан Бекет атаның қырық жасқа дейінгі жауынгерлік рухы одан кейін рухани сардарлыққа айналып, ең қуатты қару – білім екенін туған жұртына ұқтырудағы іс-әрекеті кемел адамның деңгейін танытады. Әбу Ханафия мазһабының сопылық жолын ұстанған баба ілімі оның пірлік парасатын терең танытып, халқына осы бағыттың дұрыстығын көрсетіп кеткен. Қара жамылып, бетін тұмшалаған діни әсірешілдіктің бізге жат екенін ол өз өмірімен де көрсетіп кеткені аян. Ешбір деректе атаның тұмшалана киініп жүру туралы айтқан сөзі жоқ. Өкініштісі, ілімді – ұққанға, ақылды – жұққанға айту керек деп осындайда айтса керек. Алланың үйін халқына қажетті жерден тұрғызып, сансыз сауап алған пірәдардың парасатын кейде науқанға айналдырып, байыса мешіт салдырып, сонымен көп күнәмізді жоямыз деген пиғылдағы пендешілік кейде бой көрсетіп қалады.
Бір қызығы, Бекет ата өзінің мешіттерін Ұлы Жібек жолының бойына салып отырған. Біріншіден, ол әрлі-берлі жүрген жолаушылар тоқтап, танысып, көріп, сезініп, сеніп кету үшін қолайлылық жағын ойластырған. Екіншіден, ұзақ жолдан шаршап келе жатқан жолаушылардың жол бойындағы керуен сарайда болған кезінде олардың жарнамалық-насихаттық рөл атқаруы ескерілген. Үшіншіден, өзі де сапар кешіп келе жатқан сан алуан керуеншілерден керекті жаңалығын естіп, ақпарат алмасып отырған. Төртіншіден, су бойын сағалап, Үстірттің әр құдығын жағалап жүріп отыратын өзге елдің жиһангездеріне жолығып, өзі ұстанып, жүргізіп отырған дін жолы туралы мәлімет беріп, халқының өзгеге танылуына септік жасаған.
Жем бойындағы Қарағай деп аталатын жерде кезінде керуен сарайы болған. Оның құм басқан орны әлі де көрер көзге байқалады. Осы жердегі қауым Бақашы әулие аталады. Судағы сан алуан бақаларды ұстап, бағып, түрлі ауруларды емдеуге қолданған кейуананың есімі ұмытылса да, өнегелі ісі ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Бір ауызша деректерде ол кетелердің түпанасы Кетебике деген кісі екен деп те аталып қалып жүр. Дәл осылай деп айтуға даққа қалам, бірақ аңыз астарында алғаусыз дән жататыны бар ғой. Тіпті бұл адам Бекет атамен тұстас болып, бір-бірін біліп, қатар ғұмыр кешкен болуы да мүмкін. Дүрлеп жатқан керуен сарайы, дүмеп жатқан керуеншілер, малын пұлдаған жергілікті жұрт, алыс-берістің қозғалысы болған жердің тылсым тілін озған ғасырлар байлап кеткенмен, бір күні тілін тапқан ер табылса, сөйлеп кетер.
Бекет атаның қазақ жерінің әр қиырында: Сыр бойында, Жем бойында, Бейнеу бойында, Бозащыда және Оғландыда, жалпы 5 мешіті бар деп жазылып жүр. Белгілі ғалым, әдебиет нұсқаларын зерттеуші Қабиболла Сыдиықовтың 1994 жылы шыққан «Бекет ата» кітабында осының төртеуі аталып өтеді. Мешіттің әр жерде болуы кезінде жас ұрпаққа сопылық ілімнің мән-мақсатын үйреткен атаның ұстаздық ұлағатынан толық хабар береді. Қазір осы мешіттердің бәріне жан-жақтан жұрт шұбырып келіп, зиярат жасап, түнеп, бата тілеп жатады. Жүректі баураған сенім, пейілді баураған сезім екеуі астасқан тұста адам жанының жаңа энергетикалық қуатқа ие болатыны дәлелденген. Қасиетті адамнан осы күнге дейін жеткен сенім шұғыласы кемел адамның кемеңгерлік болмысын білдіреді.
«Бұл қауымның ұраны «Бекет» болып қалыптасқанға дейінгі төл атауы ата (Ада) Ноғайлының құрамында болған тайпа» деп жазады көрнекті қаламгер Әнес Сарай. Жазушының 1982 жылы Мәскеу қаласында шыққан белгілі ғалым Т.Сұлтановтың: «Кочевые племени Приаралье в 15-17 веков» деген ғылыми зерттеуіне сүйенген мақаласында «ад-гу оғлы» және «ад-лу оғлы» деген атаумен аталып, қазіргі шежіре бойынша Құдайке мен Келімберді атанып жүрген адайдың негізгі екі арысы екенін дәйектейді. Еділ мен Аралдың арасында көшіп-қонып жүрген көне тайпалардың ізі осы еңбекте біршама тиянақталған. Солардың арасында Бекет ата да болған. Оның Арал маңында, одан кейін Жем бойында мешіт салуы осы деректің түбінде тарихи негіз жатқанын да білдірсе керек. Әйтпесе жалғыз адам жапан далада мешіт салып, бейнетке ұшырамас еді.
«Ұстаздық – ұлы нәрсе» деп сөз зергері Зейнолла Қабдолов жазғандай, Бекет ата, шын мәнінде ұлы ұстаз. Өмірге сәби болып келген және сәбилік тазалығын ғұмыр бойы сақтай алған сәруар. «Құдай – жүректе» деген имани қағиданы ұстанған Лев Толстой да ислам дінінен тек қана тазалық пен пәктікті түйсінген. Оның ұстанымында ислами бағыттың басым болғаны осыны дәлелдейді. Жүрек тазалығы – сопылық ілімнің ең басты шарты. Жаратқанға мейілінше жақындаудың да басты ережесі осында. Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деуінде ұлы тәмсіл жатыр. «Рас сөз ешқашанда жалған болмас» деген діни-философиялық тұжырым оның абыздық-хакімдік болмысын сомдаған. Бір қарағанда жай ғана тіркес ретінде естілетін «рас сөз ешқашанда жалған болмас» деген философиялық тұжырымды талдау үшін терең теологиялық теорияны практикалық парасатпен шендестіру қажет. Бекет ата осы қисынды ілім жүзінде жүзеге асырған адам. Атаның ерекше қасиеттерінің негізі – оның терең діни білімінде, Алла берген ерен қабілетінде, тылсым теологиялық танымында, дидактикалық-философиялық әлеуетінде, телепатиялық тылсымында, кемелдік келбетінде жатыр. Оның ғажайып қасиеттерін біз тек өз мақсатымызға қарай бейімдейміз, алайда атаның ерекшелігін ғылыми-сараптамалық, діни-танымдық жағынан үңіле індеткеніміз жоқ. Діндидары мен ділдидарын жүрек айнасында тең ұстаған тектінің ізіне түсер ізгер келер уақыт болды.
Бекет ата – ел таныған әулие. Неге әулие демеске? Бекет атаның туғанына 260 жыл толуы қарсаңында оның Ақмешіттегі кесенесінде шырақшы болып отырған, атаның тікелей ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлы көлемі 650 беттік «Бекет ата» атты жинақ шығарды. Сонда атаның әулиелік қасиеті туралы жүздеген мысалдар, аңыз-қисындар, ел аузынан жеткен әңгімелер бар.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөзіміз бар. «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген тұрақты тіркесті шығарған да халқымыз. Ислам әлемінің есімдері бір-біріне жалғасқан үш перзентінің әз аттары қазір діни ұғым мен діни ұстанымның түпқазығы секілді қабылданатын болды. Әрине, қазақ даласында ерекше қасиет пен мүмкіндікке ие талай жандар болған. Бірі емші, бірі көреген, бірі дұғашыл, бірі баташыл, бірі болжампаз сол жандардың барлығы дерлік ислам дінінің ата-баба дәстүрімен астасқан бағытын ұстанған. Қажет кезінде қарапайым пенде, қажет кезінде тылсым күшке ие болған олар туралы аңыз-дақпырттар да жеткілікті. Бірақ олардың қай-қайсысы да осы үштіктің тұспалды тіркесіне кірген емес. Демек, Бекет атаның әулиелік қасиеті, пір деген атағы аса жоғары діни деңгейдегі жалпыхалықтық титул болғанын көрсетеді. Пайғамбарлық пен машайықтық секілді аса жоғары жалпыисламдық діни атаққа жақындаған пірлік атақты қазақта екі адам иеленген. Оның бірі Бекет атадан да бұрын Сыр бойында ғұмыр кешкен руы керейт Мүсірәлі Жәдікұлы деген кісі. Ол Тәуке ханның заманында, 1676 жылы үш жүздің баласы жиналған жиында жалпыхалықтық сайлауға түсіп, кереметін көрсетіп, исі қазақтың пірі атанған. Мүсірәлі осыдан кейін софы әзиз атанған. Ал Бекет ата мұндай сайысқа түспей, өзінің ерен қасиеті мен керемет іс-әрекеті арқылы пір атанған. Мүсірәліден кейін қазақта пір сайланбаған.
Пір деген аса қадірлі атақты халық, уақыт береді. Ата туралы аңыздардың бәрінің астарында ерекше қасиетке иелік басты орында тұрады. Екінші ұстаздық, тәлімгерлік тұрады. Сосын көрегендік пен емшілік қатар теңдеседі. Сөз орайында Бекет ата қажет кезінде ұшады екен дегенді тілге тиек еттік. Өзінің ұлы ұстазы, көреген Бақыржан қажы (Фахраддин) ауырып, Алланың аманатын берер сәт жақындағанда: «менің жаназамды Бекет келіп шығарады, асықпай соны күтіңдер» депті. Қайтыс болғаннан кейін біршама уақыт өтсе керек. Бекет көрінбейді. Пірәдардың сүйегін жер қойнына беруге жиналған жұрт елеңдеп, келер адам келетін емес, не істейміз деп дағдарып, қайта-қайта сыртқа шығып қарай берсе керек. Ұстазының қайтыс болғанын Бекет ата аян арқылы біліп, жолға шығады. Ауыл адамдары кезекті рет далаға шықса, батыстан дауылдатып үлкен бір қарақұс ұшып келе жатыр екен. Жұрт бір қараса, анадай жерде Бекет жаяу келе жатады. Келіп, жұртшылықты намазға тұрғызып, ұстазының жаназасын шығарып, пәктеп, жер қойнына беріп, кейін аттанады. Бұл жоғарыда айтылғандай, рухтың бір мезгілде бірнеше жерде көрінуі, тылсым телепортация. Көрген ел оны әулие демей қалай тұрсын.
Әулиелі жерде әсерлі әңгіме көп болады. Жалпы, әулиелердің ұстанған бір дәстүрі болған. Ол – ұстазын ерекше құрметтеп, қадірлеуі. Маңғыстау түбегінің түркімен тұсында жатқан Бекет атаның басына барып, сиынып дұға жасап, түнеу үшін әуелі кезінде аян беріп, жол сілтеген рухани ұстазы Шопан атаға барып, дұға жасап, рұқсатын алу керек. Ақтөбенің қасындағы ұлы дөңде жатқан Есет батырға зиярат жасау үшін, әуелі осы өңірдің күнбатысында жатқан Бекқұлы атаға зиярат жасау керек. Мүмкіндік болса, сол маңда жатқан Ойсылқара әулиеге де зиярат жасап, дұға бағыштау керек деген қағида бар.
Қой атасы – Шопан ата, түйе атасы – Ойсылқара өмірде болған киелі жандар. Тарихи деректерде Қамбар ата, Зеңгі баба, Шекшек (Сексек) атаның да жатқан жерлері де белгілі деп айтылады. Мухлисшілер (ықыластанытушылар) мен мүридтер (діни шәкірттер) аузынан жеткен сөз бойынша Зеңгі Бабаның жатқан жері Шаш (Тәшкен) қаласының маңы. Оның кесенесін Әмір Темір салдырған дейді. Қамбар ата Әзірет Әлінің атбегісі болған деген аңыз бар. Оның жатқан жері Сыр бойының Жаңадария жанындағы Қамбар қорғаны деген сөз бар. Шекшек ата өзіміздің Қазығұрт тауында жатыр деген дерек бар. Тарих тұңғиығына үңілсек, бұл кезең мезолит, неолит дәуірлеріне тартады. Демек, аңыз бен ақиқаттың араласып, бір-бірін толықтырып жататынын кім теріске шығармақ? Бекет ата: «Егер жер шалғай болып, келуге мүмкіндік болмай қиналсаң, онда туған жерім – Ақмешіттегі ата-анам жатқан жерге барып, зиярат етіп, тілек тілеулеріңе болады, оны да біліп, қолдап жатамын» деп өсиет айтып кеткен дейді.
Бұдан сегіз жыл бұрын осы Ақмешітте Бекет атаның туғанына 260 жыл толып, дүбірлі ас, дүлдүл іс-шара болғанын еске алудың да реті келді. Сол ұлан-асырда ата сөздің абызы Әбіш Кекілбаев ағам ай маңдайы жарқырап, асқаралы сөз толғап, халқымыздың қадірлі ақын қызы Фариза Оңғарсынова апам жыр бәйгесіне төрелік жасап еді. Амал нешік, аймаңдай аға, ақжелең ападан адасып қалдық. Сонда алыс-жақыннан келген аламан жұрт алаң көңілін айшықты көңіл күйге бөлеп, айбынданып, айдынданып, келер күндерге «Иә, Бекет» деп қуана аттанып кетіп еді. Алда, Алла қаласа, атаның 270 жылдығы жақындап келеді. Бәрімізді киелі Бекет атаның асыл есімі бір жерге жинаушы еді. Тағы да жинар. Туған жерге қуана келіп, аунап-қунап, жүрек түлеп, тілек тілеп аттанармыз. Ұлы даланың жеті қыры жаңғыра түсер.
Дүние тұрғанша Тәуелсіздігіміз тұғырлы, дамуымыз ғұмырлы, даңқымыз дүбірлі, еңсеміз ерен, бауырымыз берен, бақытымыз кенен болуына Бекет ата жар болғай!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты