Мерейлі шараны толық атқару үшін облыстық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы өңірдегі орта және ірі кәсіпорындардың қаржылық жағдайы мен сыйақы беру мүмкіндігіне тиісті талдау жүргізді. Соның нәтижесінде 176 кәсіпорындағы 40 мыңға жуық қызметкер қомақты сыйақыға қол жеткізді. Бір қызметкерге шаққанда оның орташа мөлшері 85 мың теңгені құрады. Сыйақының жалпы мөлшері 3,1 миллиард теңгеден асып түсті.
Осы орайда өз қызметкерлеріне сыйақы төлеу ісінде мүдделілік көрсеткен әрі дәстүрлі он үшінші жалақыны беруде табандылық танытқандардың қатарында «Казхром ТҰҚ» АҚ», «ЭСНПС – Ақтөбе мұнай-газ», «КМК Мұнай», «ҚазақОйл» ЖШС, «Сағыз Петролеум», «АманМұнай», «Хромтау оперейтинг» секілді іргелі кәсіпорындар бар.
Сондай-ақ осы уақыт аралығында тұрмысы төмен көп балалы отбасылардың ұл-қыздары және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар да назардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда жүргізілген қайырымдылық қағидаттары 20 мыңға жуық жеткіншекті қамтыды. Сонымен бірге айрықша қамқорлық пен білім беруді қажет ететін 3626 оқушы «Балаларға қуаныш сыйла» акциясына тартылды. Соған сәйкес оларға арнайы сыйлықтар берілді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ