Бірлігі бар елдің берекелі тірлігі бар
Жексенбі, 28 қазан 2012 0:07
Бұл өмірде өзгермейтін бір ақиқат бар. Елдің ертеңін ойласақ, ол біздің бүгінгі қам-қарекеттерімізге байланысты болады. Қазіргі жасалып жатқан ұлан-ғайыр әрі жасампаз істердің маңызы мен мағынасы да елдің келешектегі тағдырына қатысты айқындалады.
Туған еліміз Қазақстанның өз тәуелсіздігіне шын мәнінде ие болған 13 жылда экономикалық табыстарға, саяси даму деңгейіне және адамға ең қымбат рухани құндылықтарға қол жеткізгенімізді ауыз толтырып айта аламыз. Бәрі де көз алдымызда өтіп жатты емес пе. Ащының кермек дәмі шығады, тұщының тәтті дәмі болады.
Жексенбі, 28 қазан 2012 0:07
Бұл өмірде өзгермейтін бір ақиқат бар. Елдің ертеңін ойласақ, ол біздің бүгінгі қам-қарекеттерімізге байланысты болады. Қазіргі жасалып жатқан ұлан-ғайыр әрі жасампаз істердің маңызы мен мағынасы да елдің келешектегі тағдырына қатысты айқындалады.
Туған еліміз Қазақстанның өз тәуелсіздігіне шын мәнінде ие болған 13 жылда экономикалық табыстарға, саяси даму деңгейіне және адамға ең қымбат рухани құндылықтарға қол жеткізгенімізді ауыз толтырып айта аламыз. Бәрі де көз алдымызда өтіп жатты емес пе. Ащының кермек дәмі шығады, тұщының тәтті дәмі болады. Таразы басында біз қандай мемлекет боламыз, қандай жолды таңдап аламыз деген өмірлік мәні зор сұрақ тұрғанда бәріміз де көп ойланып, көп толғандық. Сол тағдырлы кезеңдерде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем дамуының тамырын тап басып, жеке басының ақыл-ойы мен ерік-жігері, алысты болжай алатын саясаты арқасында және өз халқының жаппай қолдауымен өскен елдің биігіне көтерілдік.
Бұл бүгінгі күннің шындығы. Өткенді Құдай да өзгерте алмайды деген сөз бар. Біздің мерзім өлшеммен аз, атқарылған істің мөлшерімен ғасырға бергісіз тірлігіміздің бағасын болашақ береді. Міне, осы тарихи тағылымды қарапайым халық та, саясаткерлер де, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар да жадынан шығармауы тиіс.
Дәл қазір Қазақстанның маңдайы жарқырап тұрса, оған кімдер ұйытқы болды, кімдер тірек болды деген сұраққа халық қол жеткізген табыстар мен игіліктер тұрғысында жауап беретініне сенемін. Тақыр жерден еш мемлекет қабырғалы елге айналмайды. Халықаралық қауымдастықтан абырой-беделге ие болу да екінің бірінің қолынан келмейтін күрделі мәселе. Мен мұны әдейі айтып отырмын.Тек тәуелсіздік жылдары ғана Қазақстанды жер-жаһан танып, абыройымыз асты. Қазақ деген ұлттың бар екенін, сол ұлттың атауында кең-байтақ жерге ие Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін білді. Нұрсұлтан Назарбаев тәрізді заманын іздеген азаматтың көрегенділігі мен парасаттылығы, қоғамды топтастырудағы қабілеттілігі осынау шешуші кезеңде ерекше тарихи рөл атқарды және атқарып келеді. Егер танымалдықты анықтау сипатында “Еліңде кімің бар” деген әлемдік сұрақ туа қалса, Елбасының ірі қайраткерлік тұлғасын атап, мақтанышпен жауап қату елдік өнегесі болар еді. Бұл біле білсек, баға жеткісіз ұлттық абырой, айрықша мемлекеттік мәртебе.
Менің қариялық бұл сөзімнің дәрежесі қандайлық екенін білгіңіз келсе, айналаңызға бір қарап көріңізші. Арғы-бергі тарихты парақтап және бір байқаңыз. Алаш – Алаш болғалы бері өркениетті мемлекет болуымыздың бастауы қайда тұрғанын қиналмай-ақ табасыз.
Біз тілекшіл адамбыз. Бұл өмірден көргеніміз де көп. Түйгеніміз де аз емес. Кешегі КСРО тұсында республика үкіметін 14 жыл басқарған адам қоғам мен қоғамның айырмашылығын, тарих доңғалағының қайда тартып бара жатқанын, мемлекет құрудың мәнісін, билік пен халық арасындағы байланыстың бағыт-бағдарын, салмағын бір кісідей шамалай алатын шығар деп ойлаймын. Тәубешіл де халықпыз ғой. Барға қанағат жасаймыз, жоққа жүйрік жетпейді деп те қоямыз. Ахмет Байтұрсынов айтқанындай, қазақ жоғын іздеген халық. Ал өткен ғасырларда жоғалған нәрсе бізде аз ба? Тәуелсіздіктің тізгіні өз қолымызға тигенде бейне бір қуғыншыдай жоғалтқан нәрсеміздің бәрін тауып, жоғымыздың бәрін тез түгендеп алғымыз келгені рас. Тарих толқынында қым-қуыт өзгерістер мен саяси дүрбелең кейде осының бәрін иелене қалуымызға мүмкіндік те бермейді. Бұл заңдылық. Оған мойынсұнбай тұра алмайсың. Соған қарамастан, Аллатағала берген Қазақстанның жер асты кен қазбаларын игеру арқылы экономикалық дамуымыздың қазанына түсетін байлықты таптық. Ол күннен-күнге молайып келеді. Қазақстанның мұнайы мен астығы қазір көз тіктірер негізгі экономикалық тірек болып отыр. Ал енді етек жауып, ес жиып, қаз-қаз тұра бастаған шақта нарық заңының талаптарына сәйкес тікелей инвестиция тарту – түсінген адамға қиямет-қайым тірлік. Ол үшін елде инвестициялық ахуал тартымды болуы керек. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан бұл жағынан көп артықшылыққа ие. Өйткені, біздің елде саяси тұрақтылық, ұлттар арасындағы бірлік және өзара түсіністік дәстүрлі өмір болып қалыптасқан. Мұны бүкіл халықаралық қауымдастық жоғары бағалап отыр. Алматы мен Астананың ірі-ірі халықаралық мәртебелі жиындардың орталығына айнала бастауының бір сыры осында жатыр. Бұл арада ел басшылығының үлкен көрегендік саясат ұстанып отырғанын ұмытуға болмайды. Қазақстан халықтары Ассамблеясы сияқты қоғамдық құрылым ТМД елдерінің тәжірибесіне енгенін естіп жүрмін. Ел ішіндегі ұлтаралық бірлікке барлық ұлттар мен ұлыстардың, ардагерлер ұйымы сияқты қоғамдық бірлестіктердің қосқан үлесі де айтулы. Табыс дегенде мына бір деректер көзіме оттай басылады. Жалпы ішкі өнімнің тұрақты дамуы жағынан да ТМД елдерінің арасында көш басында тұрмыз, демократиялық және саяси процестер де өз ерекшеліктерімен даму үстінде. Демократия ұғымының аясы да кең болып қалыптасып келеді. Республикамызда қаншама үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар мен қозғалыстар, тәуелсіз ақпарат құралдары бар екенін оқырмандар менен гөрі жақсы білетін шығар. Әйтсе де біз кейде оны тек билік үшін таласу немесе сынау құралы деп біржақты түсінетін сияқтымыз. Меніңше, демократияның жақсы жақтары көп. Қоғамдық ықпал жасау үшін де парасатты ақыл-ой керек. Еркін ой мен сөз бостандығы бар. Дегенмен, демократияға адамдардың әзірлігі пісіп-жетілмейінше, саяси пікірталаста артық-ауыз ойлардың болуы мүмкін. Дербес мемлекет құру процесінде, бізге беймәлім нарықтық қарым-қатынастар жолында жіберілген олқылықтар мен кемшіліктердің де болуы мүмкін. Өмірден өз орнын таппаған бірлі-жарым адамның өкпе-реніші болуы да мүмкін. Бірақ халық бәрін көріп отыр. Ел ішінде жағдайдың жақсарғанын сезінген халық қазір қандай бір саяси партиялардың немесе қозғалыстардың үндеуіне үн қосып, жетегінде кетейін деп отырған жоқ. Жұртқа бос даурықпа сөз емес, нақты іс керек. Осы арада бір ой келеді. Біз қол жеткен табыстарымызға тоқмейілсімей, яғни бөркімізді аспанға ата бермей, экономикамызды одан әрі жақсарта түсуді ойластырғанымыз жөн. Өсетін елдің түпкі идеясы осыны өсиет қып ұстанады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы осы ойымызды нықтап, сенімімізді күшейтіп, үмітімізді ұштай түскеніне көзім жетіп отыр. Жолдаудың әрбір жолында терең мағына бар. Жанашырлық көзқарас бар. Салиқалы пайым бар. Ең бастысы, еліміздің экономикасын тек мұнай байлығымен ғана емес, сан-салалы арнада дамыта отырып, адамдардың әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешудің жаңа идеялары бар. Бұл тарихи құжат маған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуының жаңа бір белесті қырын және ашқандай әсер етті. Жалпы, менің білуімше, экономикалық жағдай әлеуметтік проблемаларды жедел және үйлесімді шешуге мүмкіндік берсе, онда халықтың өмір сүру деңгейі көтеріледі, табысы да молая түседі.Өткен төрт жыл ішіндегі экономиканың өсуі ең төменгі зейнетақы мөлшерін екі есе дерлік (3 мыңнан 5800 теңгеге дейін), орташа зейнетақыны да екі есе (4,1 мыңнан 8,6 мың теңгеге дейін), ең төменгі жалақыны – екі жарым есе (2,6 мыңнан 6,6 мың теңгеге дейін), орташа жалақыны – 1,6 есе дерлік (14,3 мыңнан 24,8 мың теңгеге дейін), мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін 45 пайызға өсіруге мүмкіндік бергені зор табыс. Осы Жолдауда Елбасы атап көрсеткендей, әлеуметтік-экономикалық табыстарымыз негізгі өлшемдер бойынша біздің Орталық Еуропаның бірқатар елдеріне барынша жақындай түсуімізге мүмкіндік берді, ал Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінен біз ілгерілеп кеткен екенбіз. Еуропа елдерінің нарықтық экономика жолына түскеніне сан ондаған жылдар болғанын ескерсек, біздің елдің даму қарқыны адам сүйсінерліктей емес пе. Біздің мемлекет ендігі жерде орта деңгейден жоғары табысы бар мемлекеттердің тобына жатады. Сергек саясаткерлер мен білімдар ғалымдар дәл осы кезеңнің оң өзгерістерін үлкен ғылыми жиындарда, экономикалық басқосуларда жұртшылыққа кеңінен түсіндіргені абзал. Кез келген адам өзінің өмірінің жақсара түскенін сезінген сайын алға қарай ұмтылады. Тұтыну деңгейі жаңа тілек туғызады. Сондықтан да ендігі жерде Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселе алға қойылып отыр. Біздің экономикамыздың, ғалымдардың, менеджерлердің, бизнесшілердің, мамандардың, жұмысшылардың бәсекеге қабілеттілігі туралы айтылған.
Қоғамдық дамуымыздың деңгейі осы талапқа сай даярлығы болуына кепілдік беретін кәсіби, жаңа технологияны игерген біліктілікті арттырудың маңызы өте зор. Алдағы жылы көзделген міндеттерді жүзеге асыру барысында қазіргі Үкіметке, жергілікті атқару органдарына, әрбір мемлекеттік мекемеге, білім ордаларына, өндірісшілерге бәсекеге лайықты істерді орындау, ұйымдастыру және қадағалауда жүктелетін міндеттер өте ауқымды көрінді. Мұның бәрін шашауын шығармай, ұқыпты тиянақтау атқару органдары үшін үлкен сын. Ол үшін министрлер мен әкімдер алыс, шалғай жатқан аудандар мен елді мекендерге жиі барып, қарапайым халықпен қоян-қолтық араласып жүргені жөн болады. Бұл орайда олар Елбасының өнегесінен үйренгені абзал. Ол кісі халықпен жиі араласады, жұртшылықтың әртүрлі өкілдерін Астана мен Алматыдағы резиденциясында жиі-жиі қабылдайды. Ой-тілектерін тыңдайды. Құнды ұсыныстарын жүзеге асыруды тиісті орындарға тапсырып жатады. Мәселен, біздің Үкімет мүшелері өз ықпалын шағын қалаларда, айта қоярлықтай озық тәжірибесі бар ауылдарда тіршілік тамырына серпін туғызатын мәселелерді қолма-қол шешетін деңгейге жеткізу керек. Ауыл жылдарында мемлекет тарапынан бөлінген мол қаржы сонда тиімді әрі мақсатты жұмсалады. Мемлекеттік қызметкерлерге халық сенімі ауадай керек. Халық сенімі – табысқа бастайтын және жұртшылықты жұмылған жұдырықтай ауызбірлікке ықпалдастыратын күш. Мына нарық капиталы әртүрлі талаптарды нығарлап жатқан кезде іс көзін табатын жаңа заманның менеджер мамандары, алғыр ойлы азаматтар, тәжірибесі мол қызметкерлер қалада да, ауылда да жеткілікті болу жағын күнбе-күн ойластырған абзал. Бұл білім мен ғылымды дамытуға тікелей қатысты мәселе.
Жолдауда Индустриялық-инновациялық стратегиялық дамудың көп жетістіктерінің ішінде мені еліміздегі алғашқы ғарыштық Жер серігі жасалуын қаржыландыруды қолға алу мәселесі қатты тебірентті. Бұл үлкен жетістіктің басы болса керек. Өткен жылы 5 мұнай химия кәсіпорнының жұмысы қалпына келтіріліп, сан мың адамға жұмыс табылғанын жылы сезіммен оқыдым. Айтқандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитетті құру идеясы өте орынды айтылыпты. Ауыл проблемасы дәл қазір аялауды да, жан-жақтан қолдап жәрдемдесуді де күтеді. Меніңше, автокөлік жолын, телефон жүйесін жақсартып, медициналық қызметтің сапалы болуына мемлекеттік қамқорлықтың айқындалғаны жұртшылықтың ықыласын арттырады. Біз кейде ауыл десе, кедейшілікті көз алдымызға келтіреміз. Шын мәнінде солай ма? Жұрттан естуімше және баспасөз бетінен оқығанымдай, мыңғыртып мал баққан қазақ ағайындар көштен қалып жатқан жоқ. Берекелі диқандар да көп. Адамдардың шырайы жақсы. Еңсесі көтеріліп те қалды. Шаруа адамына ең керекті құнарлы жерді сол егіншілікпен айналысатын кісілерге сатып беру мәселесі бірінші кезекте тұрса екен деймін. Бейнеттің азабын да, тозағын да көріп жүрген адамдар өз кәсібінің рақатын заң шеңберінде де жеңілдікпен пайдаланғанын қалаймын. Қазір ауылда да, қалада да тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан қорғалуға жататын қарт кісілер мен отбасылар бар. Сондықтан мұндай адамдардың назардан тыс қалмайтыны жөнінде жасалған бағдарлама да жүйелі жұмыс болып келеді. Жалпы, мемлекет кедейшілікке қарсы күресті қаншалықты пәрменмен қолға алса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан да әрі еселеп күшейтуді ұсынар едім. Әсіресе, мемлекеттік қызметшінің атына кір жұқпауы керек. Ал кезінде мемлекет сенім білдірген шенеуніктер бос белбеулік танытса немесе мемлекетшілдік көзқарасында ала-құлалық болса, олармен бірге болу билікке абырой әпермейді. Мұны мен қазір саяси партиялар мен қозғалыстар өз электораттарын көбейту үшін әйтеуір әбігерге түскенін көріп, қарбалас туғызып жүргенін сезген соң айтып отырмын. Өмірлік философияда мынадай бір ой айтылады. Өзгені сынау үшін өз мініңді біл дейді. Ал біздің кейбір адамдар күні кеше ғана мемлекеттік биліктің бір беделді тұтқасын ұстап тұрған кезде мемлекетшіл болып жүрсе, енді өз кінәсінен биліктен кеткен соң кәмпитке өкпелеген баладай бұртиып, саясатты судай сапырып жүр. Қара суды қанша сапырсаң да май шықпайды. Ондай-ондай “айқайшыл” адамдар көпшілік ішінде бірен-саран бола береді. Оларға қарап еліктеудің де, тіпті оларды елеудің де қажеті жоқ. Алға қарай көз тіккен жөн. Қазақта “Бақ бірде ауып, бірде тауып қонады. Ауып қонғаны – есіртеді, тауып қонғаны – есейтеді” деген нақыл сөз бар. Сондай-ақ халық “Еліңді жамандама – шығар төрің, жеріңді жамандама – кірер көрің” деп те қатқыл айтады. Осы ақылды сөздерді сыртқа қарай аңсары ауып тұратын кісілер есте ұстаса артық болмас. Саясаткерлер келесі сайлауды ойлайды. Ал нағыз ұлтжанды қайраткерлер елдің болашағын ойлайды. Әлбетте, ұлттық қауіпсіздік үшін саяси тұрақтылық пен халықтар достығының мызғымас бірлігі ерекше қымбат. Кез келген нәрсеге жік түспеуі керек.
Халыққа қызмет ету үшін билікке ақыл тоқтатқан, оң-солын жетік танитын, білімдар, өз отбасында үлгілі азаматтар келуі керек. Заңды түрде тіркелген саяси партиялардың қоғамдық пікірді қалыптастыру, олқылықтар мен кемшіліктерді түзеу үшін ынтымақтастықпен қызмет етуін қолдауымыз керек. Алайда бірқатар саяси партиялардың жетекшілері және басқа да белсенді мүшелері қаладан ұзап шықпайды, алыс ауылдарға неге ат ізін салмайтыны тіптен таңғалдырады. Осы жерде қоғамда көзге оқшау көрінетін бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Өздерін саясаткер санатына қосып, менмендік пиғылмен жүргендер үшін билік басында отырған азаматтарды ақ-қарасын айырмай, сынап-мінеу ең оңай тәсіл болып барады. Бірақ ол өзін-өзі ақтамайтын, ел сенбейтін даурықпалық қана. “Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты” дегендей, базбіреулердің қазіргі өркендеп, дамып келе жатқан істерімізді жоққа шығарушылық пікірлері де естіліп қалуда. Демек, кейбір азаматтар қызмет берсе разы, қызмет бермесе наразы болып шыға келетін бір жаман әдет тауып алғандай. Бұл өзі халықтық дәстүрге де, қоғамдық қалыпқа да сыймайды. Әр нәрсенің өз реті болмаушы ма еді. Ақ-қарасын ажыратып білмей жатып жазғыру әдепке де, әділеттілікке де жатпайды. Сонда біздің ар-ұятымыз бен қадір-қасиетіміз сол мансапқа байланып қалғаны ма? Бейнелеп айтқанда, шаш тарауы оңға қарай жығылатын адамның кейпі шашын сол жағына қарай күштеп жыға тарағанда қандай болатынын әлгіндей саясатшылар білсе, байыбына барар еді. Аз-кем кемшіліктерге бола мемлекеттік қызметшілерге жаппай қара күйе жаға беру де әділеттілікке жатпас еді. Әрине, кейбір жекелеген шенеуніктердің төрешілдігі, менмендігі, оңай пайда табуға әуестенетін жымысқылығы қарапайым халықты қынжылтады. Көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атына айтылып жататын өкпе-наздардың тууына себеп те жоқ емес болса керек.
Елбасының Жолдауында жаңа тұрғын үй саясаты туралы айтылған ұсыныстарының бәрі де халыққа жағады. Рас, өте қымбат пәтерлерді қарапайым адамдардың сатып алу мүмкіндігі шектеулі. Табысы мол адамдар қымбат үйлерді сатып алса өз еркі. Бірақ қоғам тек бай адамдардан тұрмайды. Орта таптың да өз ортасы бар. Ал әлеуметтік жағынан қорғалуға жататын отбасылар үшін өзіміздің отандық құрылыс материалдармен салынатын арзан үйлердің қатары көп болатыны осы құжатта жақсы айтылыпты. Үкімет те іле-шала арнайы бағдарлама жасап, әр облыс әкімдеріне қанша көлемде үй тұрғызу қажеттігі көрініс тауып отыр. Бәлкім, төрт баласы бар жас отбасына несие берудің жеңілдетілген түрі енгізілгені жөн шығар. Мұның мәні терең. Тіптен жаңа пәтер сатып алу үшін көп балалы отбасына несиені қайтарымсыз берсе де артық емес. Демографиялық саясаттың түпкі мәні жас отбасыларда балалардың көп болуына байланысты. Сондай-ақ медициналық қызметтің, ана мен баланы қорғаудың аясында атқарылатын көп іс-шараларға да қанықтық. Бұл қазіргі кейбір қиын түйінді мәселелердің бірте-бірте шешілетінін аңғартады.
Иә, Жолдауда тарау-тарау толғақты мәселелерді тиянақтап, жүзеге асыру тағы да ел болып жұмылуды қажет етеді. Үкіметтің үдеден шығатынына сенемін. Біздің даму жолындағы еліміздің мүмкіндігі де оған толық жетеді. Оның бәрін мен таратып айтып отырғаным жоқ. Өйткені көзделген ой-жоспарлар қомақты және бұған дейінгі міндеттердің ауқымынан асып түседі. Түйіндеп айтар тілегім мынадай: халқымыз бен ұлтымыздың атпал азаматтары әрдайым елі мен жерін ойлап жүруі керек. Ырыс-несібесі мол адамдар ырыздығы өзінен артылып жатса, ұлттық дәстүрімізге сай көрші-қолаңына, ағайын-туыстарына жәрдем беруі мұсылман қағидасында сауабы тиеді, көңілге медет болады дейді. Ал саясатшының ұстаған жолы тұрлаулы, түзу болса, үлкен өзгерістерге міндетті түрде оң ықпал етеді.
Жақсылыққа ақыл сұрайын десең, халықтан сұра. Ақылшы әрі нағыз әділ сыншы саясаткер емес, халық болады.
Адалдыққа жүгінген атам қазақ “Ауыз бірлігі бар ел озады”, деп бекерден-бекер айтпаса керек. Сондықтан осы өмірлік қағида Қазақстанның маңдайын жарқырататын баға жеткісіз құндылық екенін бәріміз мықтап есте ұстайық. Елбасының биылғы Жолдауында көрсетіліп, жүзеге асырылатын берекелі тірліктер мен салиқалы жүргізіп отырған мемлекеттік саясаты бізді жарқын өмірге жетелейтініне толық сенемін. Біз осыған тілектеспіз.
Бәйкен ӘШІМОВ,
Еңбек Ері.
АЛМАТЫ.
28 мамыр, 2004 жыл.