Әлем • 15 Қаңтар, 2019

Бүгін Германия әуежайларының қауіпсіздік қызметкерлері жаппай ереуілге шығады

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Германияда ереуілге байланысты сегіз әуежайдың 23 мың қызметкері жоспарлы режимде жұмыс істемейді. Бұл туралы DW хабарлайды.

Бүгін Германия әуежайларының қауіпсіздік қызметкерлері жаппай ереуілге шығады

Алдын ала ескертілген ереуілдер Франкфурт-на-Майне, Бремен, Дрезден, Эрфурт, Гамбург, Ганновер, Лейпциг және Мюнхен әуежайларында болады деп жоспарланғанын кәсіподақшылар хабарлады. Франкфурттағы әуежай операторының ақпаратына қарағанда, 1200-ге жуық жоспарланған рейстің кем дегенде 470 рейсі орындалмайды.

Олардың ішінде Қазақстаннан келетін рейстер де бар. Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының электронды таблосындағы мәліметтерге қарасақ, Франкфурт-на-Майнеден шығатын «Эйр Астана» компаниясының КС 922 рейсі орындалмады. Ол 05.40-та қону керек болатын.

Алматы халықаралық әуежайынан таңғы сағат 04.40-та Lufthansa әуекомпаниясының LH647 борты Франкфуртқа ұшпады. Сағат 10.20-да келуі тиіс Франкфурт-Астана-Алматы рейсінің кешігіп жатқаны туралы хабарланды. Ал бұдан кешірек рейстерге онлайн тіркеу ашылды.

Германия әуежайларындағы қызметкерлердің ереуілдері 23 қаңтарға жоспарланған әуежайдың қауіпсіз қызметі жұмысшыларының жалақысын көтеруге байланысты жаңа келіссөздер алдында ескерту ретінде ұйымдастырылды.