Аудан жылды жаңа нысандарды пайдалануға берумен бастады. Атап айтсақ, жуырда ауданда 5 балабақша, 2 мектеп, 4 медпункт, барлығы 13 нысан пайдалануға берілді. Оған қоса Жамбыл ауыл округіне қарасты Бекбота, Майдабозай, Қалғансыр, Көпқұдық, Байғабыл елді мекендерінде электр желілерінің жаңартылған нысандары іске қосылды. Жаңа ашылған нысандардың бірі – Сарыағаш қаласында орналасқан №4 Ю.Гагарин мектебінің 900 орындық ғимараты. Құрылысы 2017 жылы басталған нысанға жалпы сомасы 1 млрд. 300 млн. теңге жұмсалған. Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыстық маслихат депутаты Әбілқасым Досболов, облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов және аудан әкімі Қайрат Абдуалиев тұрғындарды құттықтап, мектептің лентасын қиды. Сондай-ақ бұл күні Тегісшіл ауылына қарасты Мәдениет елді мекенінде 300 орынды М.Жұмабаев атындағы мектеп пайдалануға берілді. Жалпы аудандағы 77 білім беру мекемесінің 57-і типтік үлгіде салынса, ыңғайластырылған жайда орналасқаны - 21. Пайдалануға берілген нысандардың тағы бірі - Жаңақұрылыс елді мекенінде орналасқан 125 орынды «Айша апа» бөбекжайы құрылысына 160 млн. теңге жеке инвестиция тартылған. Жергілікті 23 адам тұрақты жұмыспен, орташа 45 мың теңге жалақымен қамтылып отыр. Айта кетелік, бұл күні «Нұрәлем», «Әлітай», «Жанайым», «Саянтай» атты балабақшалар да пайдалануға берілді. Жалпы ауданда 202 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 16-ы мемлекеттік, 181-і жекеменшік балабақша және 5-уі шағын орталық. Аудан бойынша 1-6 жас аралығындағы балалардың саны 26 067 болса, бала-бақшаларға қамтылғаны – 22 545. Яғни балалардың қамтылу көрсеткіші 93,0% болып отыр. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтірілген, Қапланбек оқу-шаруашылығындағы «Ер есімі – ел есінде» аллеясы ашылды. Таскескен, Мәдениет, Құрсай, Әлімтау елді мекендерінде бүгінгі заман талабына сай салынған, модульді құрамалы медициналық пункттер де қаңтардан бастап халыққа қызмет көрсете бастады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы.