Игі іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Египет Ислам мәдениеті университеті ректорының кеңесшісі Маямеров Ержан Малғажыұлы, университет аппарат жетекшісі Рахымжан Әкімбеков, облыс әкімінің орынбасары Қожахмет Мадияр Дүйсенбайұлы, Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы, Ақмола облысы өкіл имамының орынбасары Қанат Алшынбаев және жамағат қатысты.
Құран және салауат оқумен басталған рухани кеште облыс әкімінің орынбасары М.Қожахмет мұсылмандар қауымын айтулы мерекемен құттықтады. Нұр-Мүбәрак университеті ректорының кеңесшісі Е.Маямеров жылы лебізін білдірсе, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі С.Құрбанұлы пайғамбарымыздың өмірі жайлы насихат айтты.
Мәуліт кешінде жергілікті қазақ-театр ұжымының атсалысуымен діни тәрбиеге толы қойылымдар ұсынылды. Танымал дәстүрлі әнші Ерлан Ырысқали, ақын Алмас Темірбай өз өнерлерін жұртшылыққа паш етті.
Кеш соңында жетім балалар үйлері тәрбиеленушілеріне «Қызылжар» орталық мешіті дайындаған сыйлықтар табысталды.
«Ғибратқа толы ғұмыр» атты рухани кешті ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілі, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы қорытындылап, жұртшылыққа алғысын арнады.
Өмір ЕСҚАЛИ.
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.