05 Қараша, 2012

Шыңғыстаудың Робин Гуды

527 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Шыңғыстаудың Робин Гуды

Дүйсенбі, 5 қараша 2012 0:04

Иә, ноқтаға басы сыймаған, тағдыры қиын адамдар әр заманда да болған. Мұндай жандар туралы оларды өз заманынын кеш, яки ерте туған деп те жатамыз. Сондай адамдардың бірі де бірегейі – Тәуке батыр. Халық арасында  ол туралы пікір күні бүгінге дейін әрқилы. Яғни, біреулер оны көзсіз батыр, әділеттіліктің жаршысы, бұрынғы сал-серілердің соңғы тұяғы деп дәріптесе, екінші біреулер Тәукені зорлықшыл, қиянатшыл, басбұзар тентек ретінде таниды. Қалай десек те, оның артында аңызға айналған ісі  мен сөзі қалған адам. Заманында қарадан шыққан хан атанған Құнанбай қажының немерелері әнші Әмір, ақын Тұрағұлмен аралас-құралас болған, одан бергіде жас Мұхтар ерлігін мойындап, жанына жақын тартқан, қилы тағдыры ақиық ақын Ілияс Жансүгіров қаламына іліккен ер Тәуке шындығында тегін кісі болмаса керек.

 

Дүйсенбі, 5 қараша 2012 0:04

Иә, ноқтаға басы сыймаған, тағдыры қиын адамдар әр заманда да болған. Мұндай жандар туралы оларды өз заманынын кеш, яки ерте туған деп те жатамыз. Сондай адамдардың бірі де бірегейі – Тәуке батыр. Халық арасында  ол туралы пікір күні бүгінге дейін әрқилы. Яғни, біреулер оны көзсіз батыр, әділеттіліктің жаршысы, бұрынғы сал-серілердің соңғы тұяғы деп дәріптесе, екінші біреулер Тәукені зорлықшыл, қиянатшыл, басбұзар тентек ретінде таниды. Қалай десек те, оның артында аңызға айналған ісі  мен сөзі қалған адам. Заманында қарадан шыққан хан атанған Құнанбай қажының немерелері әнші Әмір, ақын Тұрағұлмен аралас-құралас болған, одан бергіде жас Мұхтар ерлігін мойындап, жанына жақын тартқан, қилы тағдыры ақиық ақын Ілияс Жансүгіров қаламына іліккен ер Тәуке шындығында тегін кісі болмаса керек.

Өкінішке қарай, кешегі кеңес заманында Тәуке туралы екінші, яғни теріс пікір белең алып, ол туралы баспасөз бетінде егжей-тегжейлі материал жариялауға рұқсат болмағаны да шындық. Осы орайда, сол тұста соған қарамастан, Тәуке туралы деректер жинастырып, біршама дүниеліктер жазып кеткен жергілікті қарт тілші Қабден Есенғариннің есімін ілтипатпен еске аламыз. Қабекең жабық тақырыптың көкесі – Семей атом полигонының зардаптары туралы да дер кезінде тебіреніп, толғана отырып қалам тербей білген жүректі адам. Артындағы ұрпақтары марқұм­ның сол туындысын бұрнағы жылы жеке кітап етіп шығарды да. Сонда Тәуке туралы хикаялар да  баршылық.

Енді біз өз тарапымыздан Тәуке хақында сөз қозғауға талпынғаны­мызда сол деректердің қайсыбірін ретіне қарай пайдалануға  тырысқа­нымызды жасырмаймыз. Сонан соң өткен жылдың жазында “Шыңғыстау” елтану экспедициясы құрамында ұлылар елін асықпай жүріп, емін-еркін аралаған қызықты да мазмұнды сапар кезінде тағдыры қатардағы  адамдар­дан алабөтен Тәуке туралы осы елдің сөз ұстаған шежіре қарттары Риза Нұржаубаев, Бекен Исабаев, Әнуарбек Исаханов, Молдабек Жанболатов сияқты және басқа да жақсы ағалар бұл мәселеде өздері білетін көп сырдың ұштығын қолымызға ұстатқан. Сонда Шыңғыстың әр тасынан бір сыр ұғып қайтқандай болып едік. Қарақорықтағы Тәуке батыр зиратына барып мінәжәт еткенде де сол сезім, сол әсерден айыға алмағанбыз.

Енді батыр туралы кіріспе сөзді осылайша қайырып, нақты әңгімеге көшетін болсақ, оны Тәукенің өз сөзімен бастаған дұрыс шығар. “Сұрасаң өз  атымды батыр Тәуке. Ту алған Саптаяқтың немересі”, – дейді ол бір өлеңінде. Соған қарағанда және елдің айтуынша мұның атасы Саптаяқ батыр болған адам. Және қатардағы жай батырдың бірі емес, қолына бір рулы елдің туын ұстаған кемел батыр. Алғыр да өткір, ер Тәуке міне, сол Саптаяқтың немересі қария өзінің тұлпар ат, болат сауыт, алмас қылышын соған мұраға қалдырады. Саптаяқ 93-ке жасқа келіп, дүниеден озғанда Тәуке небәрі 15 жаста екен. Білемін дейтіндер, кейіпкеріміздің 1875 жылы өмірге келгенін айғақтайды.

Жасынан бұлғақтап еркін өскен бозбала қай жерде жиын-той болса, сол жерден табылады. Соған орай көбіне өнерпаз Абай ауылында жүреді. Ержүрек Базаралымен танысып, табысатыны да сол шақ. Бірақ, өкінішке қарай, бұл қызықты дәурен көпке созылмайды. Яғни, мұның жасы 17-ге енді толғанда бұл үшін өмірдің сәні де, мәні де өзгеріп сала берді. Соған орай, жан серігі домбырасы, оған қосылып салатын әні де адыра қалған. Тәукенің бұдан кейінгі өмірін бүтіндей өзгертіп, басқа арнаға салып жіберген ол оқиғаны қысқартып айтсақ, былайша өрбіген-ді.

1892 жылдың қақаған желтоқсанында мұның әкесі Мұстафа мен шешесі Айымжан және әкесінің інісі Қойбақ  нақақ жаламен он  жылға Сібірге, Томск жағына жер аударылады. Оған қаракесек ішіндегі бертіс Көпежан мен бұлардың бетке ұстар жақын жамағайыны Жақып арасындағы ілік-шатыс себеп болады. Яғни, алдын-ала уағдаластыққа орай Көпежан мен  Жақып құда екен. Соған орай, соңғысы қалың малын алып қойған да көрінеді. Бірақ арада жыл өтпей Көпежанның ұлы Нұралы басқа біреуге үйленеді. Ал Жақып болса қызы Райханды әйел үстіне бергісі келмей, оны уақ еліне ұзатып жібереді. Бұған намыстанған Көпежан жиырма шақты жігітпен Жақыптың қалың жылқысына тиеді. Алайда, жылқы ішінде жалғыз жүргенмен Саптаяқ батырдың кенже ұлы Мүсәпір қарсы жақтың алты бірдей адамын өлімші халге жеткізіп аттан түсіреді.

Жығылғанға жұдырық дегендей Көпежан одан әрмен намыстанып, енді арамдықпен айла асыруға тырысады. Сөйтеді де әлгі өлгені бар, тірісі бар алты арысын түйеге артып, Семейдегі ұлықтың алдынан бір-ақ шығарады. Ал Айымжанның Сібірге айдалған 5-6 азаматтың қатарында болуының мынадай бір себебі бар еді.

Айымжан бұлармен көршілес уақ еліндегі Байдалы деген кісінің қызы екен. Уақтардың қоныс-жайы Семеймен іргелес. Өзі қалаға тақау, өзі шұрайлы жерді уақтардан Семейдің бай-көпестері барымталап, тартып ала беретін көрінеді. Бұған Байдалы сияқты намысты жігіттер қашанғы шыдасын, Содан ол өзі сияқты жерсіз қалған жігіттерге бас болып, зорлықшыл әлгі бай-көпестерден кек қайыра бастайды. Ақырында қойшы, жағдай ушығып, елге Семейден әскер шығады. Мұның соңы әділет­тілікті аңсаған біраз азаматтардың оққа ұшып, Байдалының тұтқындалуымен аяқталады. Сонымен қойшы, бұл отбасымен қазақ арасында итжеккен деп аталатын Сібірге он жылға айдалып кете барады.

Сонда Тәукенің шешесі Айымжан жеті жастағы бала екен. Содан әке-шешесімен елге мұның қазіргі жасында бір-ақ оралады. Сол шақта оның бұрынғы Айымжан аты ұмытылып, әке-шешесінің орыс тамырлары атап кеткендей Окулина екен. Ал Саптаяқ батыр болса бұларды ит-жеккеннен келді деп кемсітпей, керісінше сол Байдалымен құдандаласып, үлкен ұлы  Мұстафаға осы Айымжанды алып береді. Енді оның заманнан заман өткенде ұл-күйеуімен, қайнаға-қайындарымен ит жеккенге қайтадан тағы да он жылға жер аударылғанын кездейсоқтық дейсіз бе, тағдырдың тәлкегі дейсіз бе, өзіңіз білесіз.

Рас, орыс тіліне жүйрік Айымжан кейінгі сотта барлық айыпталушылар атынан жалғыз өзі сөйлеп, Көпежанның аярлығын бір кісідей-ақ дәлелдеген. Әйтсе де, пара жүрген жерде әділеттілік болушы ма еді. Солайша бұлар жоғарыда айтқандай жазықсыз жер аударылады. Ал інісі Тоғасты жанына ерткен Тәуке арада бір жылдан соң әке-шешесімен Сібір жағында табысады. Сөйтіп, бозбала Тәукенің ендігі жердегі қиямет пен қиянатқа толы қилы тағдыры осылайша басталады.

Содан бұлар елге қайтуға 1905 жылы бір-ақ рұхсат алады. Тәукенің елге әкесінің атынан өлеңмен хат жолдайтыны да сол кез. Ел мен жерге деген сағыныш әсерінен кешегі сері бозбала бұл шақта ақын ретінде де қалыптаса бастаған-ды. Оның өмірдің жақсы-жаманды көріп, мінезінің қайсарлана түсетіні де сол шақ.

Сонымен, бұлар 1905 жылы елге оралғанда, Тәукенің жасы орда бұзар отызға келген, кекпен суарылған алмас қылыштай қайраулы еді. Сол шақта мұның “сен тұр, мен атайынға” айнала бастауына қоғамы, яғни айналасы кінәлі болатын. Айталық, бұлар айдауда жүргенде бай туыстары қора-жайларын бір кірпішіне дейін қалдырмай мал жайлауына айналды­рып жіберіпті. Әрине, жығылғанға жұдырық болып жалғасқан бұл қысастыққа ер Тәуке мойынсұнбайды. Сөйтеді де, бұл кезде шілдің қиындай бытырап кеткен кешегі Саптаяқ батырдың ұрпақтарының басын біріктіріп, ешкімнің рұқсатынсыз Жақып, Қодыға сынды байлардың іргесінен үй тұрғызады. Және сонымен тынбай бұрын-соңды есесі кеткен жандардың баршасымен берсе қолынан, бермесе жолынан дегендей есеп айырыса бастайды. Көзсіз батыр, намысты азаматтың атақ-абыройы біртіндеп өз елінен асып, басқа өңірге де кеңінен тарайды. Сол себептен де жалған жалаға ұшырағандар, орынсыз намысы тапталғандар бір қиырдан арнайы іздеп келіп мұны табатын көрінеді. Ал одан кейінгі жерде барып келу, шауып келу Тәуке үшін түкке де тұрмайды.

Осы орайда, Тәукені қанша ақтай сөйлегенмен, оның барымташы болғандығы және жай барымташы емес, солардың басында тұрғандығын әсте жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, басқасын айтпағанда бұлар бір шеті қытай, екінші шеті қырғыз жерінен мал барымталап қайтатын көрінеді. Бірақ, байлықты мұрат тұтпаған Тәуке оны жанындағы серіктеріне таратып жіберетін болған. Ал мұның тек жорық аттарын ғана ұстағанын көп жасап бертінде көз жұмған немере інісі Жүніс ақсақал айғақтап отыратын-ды.

Жүніс ақсақал, сондай-ақ Тәукені қалың қарамырзаның көбі ұната бермейтін деуші еді. Оған себеп қай бір кезде мұның сәтсіз жорығы әшкереленіп жатса, оның құнын төлеу сол ағайындардың иығына түсетін көрінеді. Оның жөнсіздігін сезіп, біліп отырғанмен заманынан кеш туған Тәукеге шым-шытырық оқиғасыз, айқас-тартыссыз өмір сүру мүмкін емес-ті. Әрине, бұл көзсіз ерлік кешегі шапқыншылық заманы болса басқа мағынаға бағытталар еді. Сонымен қойшы, даланың еркін түз тағысындай жортқан ер Тәуке сол шақта ел тізгінін ұстаған бай-болыстардың тамағына балықтың қылқанындай болып тұрып алады. Сол себептен де тобықтының төрт бірдей болысы бұған қарсы астыртын жұмыс жүргізіп, соны растап қол қойып, 1908 жылы мұны қаладағы ұлықтарға ұстаттырады. Содан Тәуке екі жыл атақты Ақмола түрмесінде жатады. Оның осы түрмедегі және түрмеден шыққан беттегі ерлігі өз алдына бір аңыз.

Тегінде Тәуке батырлығымен қоса, дала циркачы атанған туысы Ағашаяқ (Берік Көпенұлы) сияқты жан-жақты өнерпаз болған адам екен. Түрлі акробатикалық нөмірлерді қол, аяқ күшімен шебер орындау, сырықты пайдаланып шауып келе жатқан ат үстіне қарғып міну мұнын үйреншікті ісі болыпты. Соңғы тәсілді Ақмола түрмесінде пайдаланып, әлдеқайда қолына тиген сырғауылмен түрменің биіктігі төрт метр дуалынан қарғып асып түсіпті деседі.

Содан қашқын Тәуке Спасскідегі Успен кенішіне жетіп, мұнда екі ай жұмыс істейді. Сол еңбекақысына ат, ертоқым сатып алады да, енді кеніштің бас инженері болып жүрген ағылшынды аңди бастайды. Өйткені, әлгі ағылшынның 12 атар винчестері мұның көз құртын алған еді. Түн қараңғылығын пайдалана отырып, бас инженерді өз үйінде байлап тастау, сөйтіп сол заманның ерекше қаруы винчестерді қорамсағымен қолға түсіру Тәуке сынды батырға бұйым болып па! Және соған орай оның құралайды көзге ататын мергендігін айтсаңшы! Айталық, ол шауып келе жатып, қарсыдағы адамның не өзіне, не атына зиян келтірмей, оқты таралғысына дәл тигізіп, үзеңгісін үзіп жіберетін көрінеді. Сонда иесі қалпақтай ұшқан ат ойнақтап жеке шыға береді екен. Мұның өзі Тәуке даңқын қазақ даласында одан әрмен асыра түседі.

Бұдан кейінгі жерде Тәукенің батырлығымен бірге, сал-серілігі де  аңызға айналады. Сол бір аңызда мұның атақты Маман Тұрысбектің ұзатылғалы жатқан 18 жасар қызын қасындағы нөкер жеңге, құрбы­ларымен қолға түсі­ріп, жарты айдай сауық құрғаны ай­тылады. Ал мұн­дай хабар жерде  жата ма, сол сә­тінде Жетісу елі­не тарап кетеді. Сөйтіп, енді то­бықты атқа­мі­нер­лерімен бірге Тұрысбек те Тәу­кенің соңынан шам алып түседі. Аңдыған жау ал­май қоймайды де­гендей, 1915 жыл­дың сәуір айында мұны  Мұсатай бас­та­ған өз ағайын­да­ры патша поли­ция­сына қапияда ұстап береді. Сонда Тәу­кенің:

“Дариғай, көк­жал атқа міне алмадым,

Біреуін ішбай­пақтың кие алма­дым.

Ішінде Мұ­са­тай­ды бар деген соң,

Атуға сол шіркін­ді қия алмадым”, – дейтіні сондықтан.

Содан Тәуке Аякөз түрмесіне қамалады. Бірақ, дес бергенде 1916 жылдың желтоқсан айында болған сот тез аяқталады. Яғни, бетпе-бет кездесуде Тұрысбектің қызы мұны танымай­тындығын, бұрын кездеспегендігін айтады. Қысқасы, серіні төніп келген тағы бір қатерден құтқарып жібереді. Мұның өзі қыз бен жігіт арасындағы сол бір оқиғаның ешбір зорлықпен емес, іштей ұғысу, өзара ынтызарлықпен өткенін айғақтаса керек.

Сонда да болса бұл шақта Тәукенің жаны жаралы еді. Өмірден, туыстан торығып: “Сұрасаң, менің атым Тәуке батыр, Тіккенім жол үстіне торғын шатыр. Жемейтін сиыр етін кінәз едім, Патшаның қара наны балдай татыр”, – деп ширығып әндететіні осы кез. Сондай-ақ білемін деушілер  Тәукенің Рухиямен атақты айтысы осы Аякөз түрмесінде жазылған деседі. Олар “Рухиямен айтысты” да, одан өзге “Келіншекпен айтысты” да Тәукенің өзі шығарғанын айғақтайды. Бірақ Рухия өмірде болған адам секілді. Жаны жаралы Тәуке туыстарына деген наз-наласын Рухия атынан батыл-батыл айтқыза отырып, өзінен-өзі жеңіліс табады. Бұл енді өз бармағыңды өзің кесесің бе деген сөз. “Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім”, – деп ақын Сара  айтпақшы, Рухия: “Ер ме едің өзіңді-өзің шамалаған, Сорың бар, батыр Тәуке, жағалаған. Абай өліп, Оразбай қартайған соң, кімің бар топтан озып ағалаған?” –  дей келіп, мұның келесі сөзін: “Мұсатай ағаң ба еді аузын тыйған. Кең қолтық қоғамына әркім сыйған. Татымай таңдайыңа жүр екенсің. Сол еді-ау тірсегіңді сенің қиған”, – деп тыйып тастайды.

Қалай десек те, өмір бойғы қуғын-сүргін, түрме азабы Тәуке үшін із-түзсіз кетпейді. Яғни, 1918 жылдың наурыз айында бұл басына біржо­ла азаттық алғанмен, сол шақта денсаулығы кеміп, бір қол, бір аяғы жансызданып қалады. Сонда  да болса, осы кезде де артында аңыз болып қалған тағы бір ерлігін жасап үлгереді.

Яғни, 1919 жылғы ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда қорғансыз еліне қамқоршы бола біледі. Ал бұл шақта ақтың әскері жаралы арыстандай арпалысып, қазақ сахарасында бүлікті салып-ақ жатқан-ды. Ат үстінде жүрсе де, ендігі жерде қолында балдағы қоса жүретін ер Тәуке бұдан кейін жанын күйттеуді жөн көрмейді. Сөйтіп, қашып бара жатқан ақ әскерін сыйлағансып, қонақасын, беріп, ақыр соңында бәрін масайтып, пештің мұржасын бітеп тастайды. Және мұны бір емес, екі рет жасайды. Алғашқыда осылайша 5 офицер, 20 солдаттың көзін жойса, келер жолы мұның қолынан қырғын тапқандар саны тіптен де қомақты көрінеді.

Айта берсек ер Тәуке өмірінде осындай-осындай тосын оқиғалар жетіп артылады.

Белгісіз бір оқиға сол, батырға 1926 жылы туыстары жайлауда у беріп өлтіріпті деген сөз бар. Қалай болғанда ер Тәуке ердің жасы елуге енді ат басын тірегенде бұл дүниенің қызық-шыжығын тәрк етіп, опасыз жалғанмен қоштасып жүре берген секілді ғой.

“Шыңғыстау” елтану экспедициясы өткен жылы ер Тәукенің басында аялдап, ол туралы әркімнен білетіндіктерін ортаға салып болған соң, батыр рухына арнап құран бағышталған еді. Содан темір тұлпарға енді аяқ артқалы жатқан шақта ер көңіл Бекен ағамыз серінің аруағы және бір аунап түссін деп оның “Ақбидай” әнін шырқады. “Атың Тәуке, жерің жоқ, Бүлдірмеген, Ақбидай, Қоңырқаздай дауысың, Күмбірлеген, Ақбидай, Ғашық жар, қалқам-ай! Сасқанымнан етікті, Кие алмадым, Ақбидай. Мұсатайды атуға, Қия  алмадым, Ақбидай. Ғашық жар қалқам-ай!”

Бекен аға бізге белгісіз осы әнді айтып болған соң, сол әнге себепші болған Ақбидай өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Белағаш жерінде дүниеден өткенін айтып, бір күрсінді. Біз де күрсіндік. Ер Тәуке ән-өлеңдерінің ұмытылып бара жатқаны бәріміздің жүрегімізді бір шымшып өткен. Еуропа рыцары Робин Гуд, өзіміздің Мәди, Балуан Шолақ тектес Тәуке батырдың біз естіп білген қысқаша өмір тарихы, міне осындай.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
“Егемен Қазақстан”.

СЕМЕЙ.

28 мамыр 2003 жыл.