16 Қаңтар, 2019

Түркістанның (Шауғар, Ясы) ортағасырлық кемеңгер перзенттері жайлы жаңа деректер

2046 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Түркістанның (Шауғар, Ясы) ортағасырлық кемеңгер перзенттері жайлы жаңа деректер

Өткен ғасырдың 70-90-жылдары әл-Фараби атындағы университетте қызмет істеп жүрген кезде бір­неше факультет студенттеріне халқы­мыздың ежелгі әдебиеті тарихынан дәріс оқыдым. Соңыра 1995 жылы соның материалдарының негізінде «Қазақ даласының жұлдыздары» атты кітап шығардым. Ол өткен ғасырдың 70-80-жылдары табылған жазба деректерге сүйеніп жазылған еді. Ол кезде шетелге шыға беруге мүмкіндік болмайтын. Сол себепті керекті көп жазба мағлұматтар қолыма түсе қой­мады. Соның өзінде орта ғасырларда Отырар­дан шыққан 11 ғалым және Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) жайлы және жалпы жұрт түгілі ғалымдар да біле бермейтін бірқатар тың да соны материалдар таптым.

Мен Мысыр, Сирия, Иран, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Испания, Германия сияқты және т.б. елдерге барған ғылы­ми, мәдени сапарларымда құрқол қайт­паймын. Еліміздің рухани өмірі мен жазба мұрасына байланысты ғасырлар парағының арасында қалып қойған дала даналарының өмірі мен еңбектері туралы деректерді жинай жүремін. Олар­дың шығармаларының басым көпшілі­гі Ислам ғылымы және мәдениетімен тікелей байланысты.

Ислам өркениеті сонау орта ғасыр­лардың өзінде-ақ техника саласында да жетістіктерге жеткен. Қасиет­ті Құран­ның 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Яғни, ислам діні – жай қарапайым дін ғана емес, үлкен өркениет, ғылым мен білімге, мәдениетке негізделген дін.

Қазақ жеріндегі ғылым, білім, діни-руханият, мәдени орталықтың үлкені, әрине Фараб (Отырар) еді. Мұнда кезінде бай қоры бар үлкен кітапхана болғаны, бірақ өкінішке қарай оның моң­ғол шапқыншылығы кезінде жойы­лып кеткені, аталған шаһардың алғаш­қы атауы Фараб емес, Отырар екені жазылып та, айтылып та жүр. Ол жайлы деректердің бірі Әбу-л Аббас әл-Балазуридің «Китаб футух әл-булдан» («Жаулап алынған елдер жайлы кітап») атты еңбегінде ұшырасады. Араб жа­сақ­тарының қолбасшысы Муслим ибн Құтайба әл-Бахили (т.ж.б. – 715) VIII ғасыр басында Самарқанды келіп қоршайды. Шаһар патшасы Шаш әмір­шісіне хат жазып көмек сұрағанда оның Тұрарбандта (Тұрар, Тарбанд, Отырар) екендігі айтылады.

Көрнекті шығыстанушы, академик В.В.Бартольд өз еңбектері мен ізде­ніс­терінде қазақ даласы қалаларын назардан тыс қалдырмаған. Ол: «Орта, яғни ІХ-ХІІ ғасырлардағы Шығыстағы Талас жазығынан, солтүстік-батыс­тағы Сауранға дейінгі аралықтың бәрі Исфиджаб (Сайрам) өлкесіне жатқы­зыл­ған... Осы солтүстік-батыс өңірлерді сөз етер болсақ, Исфиджабтың батыс жағы Кенджид өңірі болатын... Кенджидтен төменіректе, Сырдарияның екі жағына Бараб яки Фараб аймағы жайғасқан-ды... Истахри мен Ибн Хаукал аймақтың бас қаласы деп Кедерді атайды да, оны Сырдария жағасынан ½ фарсах жерде деп көрсетеді. Әл-Мақдисише (Х ғ.) бас қала өңір атымен аталған, ол 70 000 (жетпіс мың) сарбаз шығара алатын-ды, күмбезді мешіт шаһристанда, ал базарлардың бас бөлігі рабатта болатын...» деп жазады.

Ежелден осындай қала мәдениеті  болған жұртымыз ислам дінін тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, ислам өркениетін байытуға да үлес қосты. Қазақ жерінде Отырар, Исфиджаб-Сай­рам, Түркістан, Сығанақ, Женд, Тараз, Бала­са­ғұн секілді, т.б. мәдени, рухани орта­лық­тар болды. Олардан көптеген көзі ашық, көкірегі ояу перзенттеріміз шықты.

Оңтүстік өлкесіндегі белгілі мә­дени, рухани ордалардың бірі Түркістан (Шауғар, Ясы) еді. Шауғарды ар­хеологтар Сырдария бойында, Түркістан маңында болған деп есептейді. В.В.Бартольд: «Шауғар Кедерден бір асу жерде, ол ауқымды аймақты, үлкен бекіністі, базар жанында күмбезді мешіті бар қала еді», деп жазды. «Қазақстан тарихында» ол жайлы: «Шауғар Түркіс­танның батыс шығысында 8 шақырым жерге орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған. Соғд тілінен аударғанда ол «Қара тау» деген мағынаны білдіре­ді. Қаланың Қаратау етегінде орналасуы Шойтөбенің Шауғарға балануына қосымша дерек бола алады», делінген.

Ортаазиялық көрнекті ғалым Әбу Саъд ас-Самани (1113-1167) Шауғардан көптеген ғалымдар шыққан дей отырып, VIII-IX ғасырлық бірнеше ойшылды атайды:

Әбу-л Хасан Әли аш-Шауғари.

«Ол қазы әрі тамаша оқымысты болған. Әбу-р Рабина әл-Хасан ибн Абд әл-Карим аш-Шимали ас-Сахилиден хадис риуаят еткен [7, 68].

Әбу Мұхаммед Абдалла бин Мұхаммед аш-Шауғари әл-Мустамли.

Ол Әбу Абдалла әл-Хусайын ибн Исмайыл аш-Шайбанидің (749-805) шәкірті еді. Ол туралы хадисші, тарихшы әл-Хаким Абд Абдалла әл-Хафиз (? – 1014) «Тарих-и Нисабур» («Нишапур тарихы») атты еңбегінде: «Әбу Мұхаммед аш-Шауғари бізде, Нишапурда бірнеше жыл тұрды, сонан соң Иракқа кетті. Содан кейін ол жайлы ештеңе естімедім» [7, 689] деп жазған.

Иә, Әл-Хаким ибн әл-Баййи әл-Хафиз деген атпен көбірек мәлім Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Абдалла ан-Нишапури (Нисабури) хадистанушы, белгілі тарихшы болатын. Оның «Тарих-и Нашапур» («Нишапур тарихы») атты араб тілінде жазылған еңбегі біздің заманымызға жетпеген. Бірақ Әбу Саъд ас-Самани оны кезінде көп пайдаланған. Әр жылдары Нишапурге келген ортаазия­лық 50 ғалым жайлы әңгімелер мен дәйектемелерді осы еңбектен алған. Әуелде «Тарих-и Нишапур» үш томнан тұрса керек. Соңыра парсы тіліне қыс­қартыла аударылған. Сол нұсқасы біздің заманымызға жетіп, 1961 жылы Теһран­да басылып шықты. Олай болса осы кітаптан шауғарлық қана емес, сон­дай-ақ қазақ жерінің өзге де зиялылары жайлы мәліметтер табуға болатын сияқты.

Әли бин әл-Хасан аш-Шауғари.

Ибн ал-Адим (1191-?) «Би-ғаййату-т талаб фи тарих Халаб» («Ізденушінің Халаб тарихындағы қателігі») [4] атты еңбегінде имам Әли бин әл-Хасан аш-Шауғариді атай отырып, оны «Имам әл-Маджид Әбу ар-Рабиғ ас-Сахили әл-Ямамидің шәкірті еді» [4, 134] деп жазады. Сондай-ақ ол имам Әлидің хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерімен айналысқанына (риджал ал-хадис ан-набауи аш-шариф) тоқталады. Одан басқа дерек жоқ.

Хамдан бин Ахмад аш-Шауғари.

Ол да хадис ғылымымен айналысқан. Имам Рафиғи «Ат-Тадуин фи ахбар Қазуин» («Қазуин (қаласы жайлы) хабарлар туралы») атты еңбегінде өзінің хадис шәріптерімен айналысқанын, осы орайда Хамдан бин Ахмад аш-Шауғари­дің риуаяттарын қаперге салған. Өзге мағлұмат жоқ.

Энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиден (870-950) кейін тұрған тағы бір тұлға бар. Ол Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357). Итқан Оңтүстік Қазақстандағы қазір де бар Иқан қыстағының аты. Ол Түркістанның шығысында 30 шақырым жерде. Сол кентте туып, сонда біраз жыл ғұмыр кешкен Қауам ад-дин баба 31 жасына дейін Отырарда бас имам болған. Кейін Дамаскіге кетіп, соңыра Бағдатта 25 жыл қазы болыпты. Каирде қазір де бар ас-Сургатмишия атты медресеге басшылық жасаған. Кувейт ғалымы сол ғұламамыздың «ат-Табиин» атты 2 томдық еңбегін 1999 жылы шығарды. Қауам ад-диннің Түркияның қолжазбаларынан басқа да шығармалары табылды. Осы Иқаннан Камал Иқани атты да дана шыққанын білгенімізбен, ол жайлы материалдар қолымызға түспей-ақ келеді.

Қазіргі Түркістан Шауғардан соң Ясы деген атауға ие болды. Бұл кезде әлем­ге Қожа Ахмет Ясауи сынды кемең­гер ойшыл дүниеге келді. Ол халықты иман­дылыққа, тақуалыққа, адалдыққа, тазалыққа шақырды. Осыған негізделген «Диуана хикмет» атты еңбегін дүниеге келтірді.

Үндістанда болған кезекті бір сапарымда үнді ғалымдарынан өз елдеріне Орталық Азиядан (Түркістаннан да) орта ғасыр­ларда 600-ден астам зиялылар кел­генін, олар жұртты ислам дініне уағыз­дағанын айтып еді. Олардың ұрпақ­тарының бүгінге дейін өмір сүріп келе жатқанын көзіммен көрдім.

Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығар­машылығына кіріспес бұрын соңғы жылдары табылған, сопы бабадан бір ғасырдай бұрын ғұмыр кешкен жаңа Ясауи туралы айта кеткен жөн ғой деймін.

Әбу-л Аббас Ахмед бин Мұхаммед әл-Ясауи (? – 1004).

Өз аты – Әбу-л Аббас Ахмед, ал әкесінің есімі – Мұхаммед. Ал әл-Ясауи оның ясылық екенін білдіреді. Оның «ат-Табақат ас-суфия» («Сопылық топтар») атты кітабы болған. Өкінішке қарай ол жайлы өзге мағлұмат жоқ.

Әбу-л Аббас Х ғасырда дүниеге келіп [һижраның] 396, яғни 1004 жылы бақилық болған. Оның есімі Осман тарихшысы Хаджи Халифаның (1609-1657) «Кашф аз-зунун ан асами әл-кутуб уа-л фунун» («Кітаптар мен ғылым­дар аттарынан күдікті сейілту») атты шығармасында аталады. 

Әбу-л Аббастың ғұмыр кешкен мер­зі­­міне қарағанда ол Қожа Ахмет Яса­уи­ден 90 жылдай бұрын өмір сүрген сияқты.

Енді осы Ясыдан басқа даналар шыққан жоқ па деген сауалға жауап іздеп көрейік. Мен соңғы жылдары бір­неше рет Үндістанның Кашмирінде бол­ғанымды жоғарыда айттым. Осы ел уни­верситеті кітапханасы мен қолжазба қорынан бірқатар ясылықтар жайлы мағлұматтар ұшыраттым. 

Солардың бірі – Аш-Шейх Шамс ад-Дин ат-Түркімани әл-Банипати.

Онда ол «үлкен шейх Қожа Ахмет әл-Алауи әл-Ясауидің ұрпағы. Ныспы­сы бойынша Қожа Ахмет әл-Ясауи Мұхаммед ибн Ханафия ибн әл-Имам Әли ибн Әбу Талибке барып тіреледі» [1, 2-том, 50 ] делінген.

Ойшылдың өз аты – Шамс ад-Дин. Әкесінің аты – Ахмед. Бабасының есімі – Абд әл-Муъмин ат-Түркімани. Бұл жерде көңіл аударатын екі мәселе бар. Олар оның есім тізбегінде көрсетілген ат-Түркімани және әл-Бани Пати (Пани­пати) деген атаулар. Әуелгі ат-Түркімани деген сөз бабамыздың түркі текті екенін және түркімен тайпасынан шыққандығын да көрсете ме деген жайтқа келейік.

Түркімен деген этностық атауға байла­нысты Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі тіл­дері­нің жинағы») атты еңбегінде: «Түркі­ман гуз (оғыз) тайпасына жатады. Зұл­қар­найын (Александр Македонский) түркілер елінен өтіп бара жатып, түркі тайпасының бір топ кісілерін көріп парсыша: «Түркман анд», яғни «олар түркілерге ұқсайды» деген екен. Содан бері осы атау күні бүгінге дейін (XII ғ.) оларға таңылып, сақталып қалды», дейді [2, 1051-1052].

Шамс ад-Диннің түркі текті және Қожа Ахмет Ясауидің зәузаты екендігін ортаазиялық тарихшы, шежіреші Абд әл-Қадыр (XIX ғ.) «Маджмаға әл-ансаб уа-л ашджар» («Насаб және шежі­ре­лердің жиынтығы») [3, 13, 58] деген еңбегінде растайды. Ол оны «Шамс ад-Дин түрк Панипати, Әлилік Саид­тар әулетінен, насабы Ахмад Ясауиге жетелейді. Шамс ад-Дин хазраты шейх Махдум-и Алам Ала ад-Дин Әли Амад Сабридің (Алла рахым етсін), ал ол хазіреті шейх Фарид Хаққ уа-д Дин Масуд Аржағанидің (Алла оны есіркесін) мүриді» дей отырып, әрі қарай үнділік чиштийа сопылық тариқатының ізбасарларын тізбектеп кетеді.

Шейх, Мирза Камил бин аш-Шейх Ахмед бин Малик әл-Ясауи.

Ясыда туып, Кашмирде тұрған бабалар туралы Абд әл-Хаий әл-Хасани әл-һиндиден басқа ортағасырлық қаламгер әл-Бабани және Умар Рида Каххала да жазды. Әл-Бабани «һадияту-л ари­­фиин» («Білгірлер сыйы») атты еңбегінде ясылық Шейх Мирза Камил бин аш-Шейх Ахмед бин Малик әл-Ясауиді атайды. Кашмири ныспы оған кейінірек, ол сонда көшіп барған соң берілсе керек. Әл-Бабани оның «Бахр аз-Заман» («Заман теңізі») атты кітабы барын айтады [6-том, 837].

Сонымен ғалымның өз аты – Мырза Камил болса, әкесінің есімі – шейх Ахмед, ал бабасының аты – Малик Мұхам­мед әл-Ясауи...

Умар Рида Каххала оның аты-жөнін: «Камил бин Ахмед бин Мұхаммед әл-Ясауи...соңыра әл-Кашмири еді» [9-том, 139] деп жазады. Мұнда жоғарыда Исмаил паша көрсеткен «мырза» деген сөз жоқ. Оған ол Камил деген есімді Хаджи Халифа (1609-1657) қосқан. Ол ясылық данышпанның ныспысын «Аш-Шейх, Мырза Камил бин аш-Шейх Ахмед әл-Ясауи әл-Кашмири» деумен оны да «Түркістан уалаятындағы Ясы қыстағынан шыққан» дейді.

Әл-Хусайни әл-һинди оның баба­ларының Кашмирге сол жақтан кел­ген­дігіне назар аударды. «Камил содан өле-өлгенше Кашмирдегі пәтуа үйінің меңгерушісі болды» дейді.

Хаджи Халифа оның есімдер тізбегі мен өмірдерегі туралы: «Камил бин Ахмед бин Мұхаммед әл-Ясауи бин Малик Мұхаммед... Сонан соң әл-Кашмири». Һижраның 1131 ж. дүниеден өтті. Оның «Бахр аз-Заман» деген еңбегі бар», деп жазады. Ғалымдар сөй­тіп оның аты-жөнін ала-құла етіп көр­сет­кенімен, ол Мырза Камилдің ғұ­мыр­намасын көп өзгеріске ұшырата қоймаған. Камил [һижраның] 1131 (1718) жылы дүние­ден өткен.

Шейх Ахмед ибн Мұстафа әл-Кашмири.

Тақуа, ғалым, шейх Ахмед бин Мұстафа бин әл-Муин ар-Рафики әл-Кашмири Әбу ат-Таййб фақиһ (мұсылман заңгері), хадисші. Ол екі ағайынды. Інісі Мұхаммед бин Мұстафа [һижраның] 1150/1736 жылы дүниеге келген. Аты-жөнінде Ясауи деген сөз болмаса да оның ясылық даналардың ұрпағы екені сөзсіз. Ол қасиетті Құранды жатқа білген. Әуелгі білімді әкесінен, немере ағасынан, әкесінің інісінің балалары, нағашы атасы мен нағашы ағасы Нұр әл-һуда әл-Ясауи әл-Кашмириден алған. Нәтижеде фиқһ, хадис, сира (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірбаяны), сопылық ілім мен поэзия және өзге де ғылым салалары бойынша керемет білгір атанады. Ол көптеген шайқылар мен ғалымдардан білім алған. Сопы­лық пен этика іліміне қатты қызыққан. «Хадаиқ әл-Ханафияда» – («Ханафиттер бағында») Ахмед бин Мұстафаның [һижраның] 1219/1803 жылы раджаб айының сегізіне қараған күні қайтыс болғандығы туралы айтылған.

Шейх Мұхаммед бин Мұстафа Ар-рафики әл-Кашмири.

Шейх, ғалым, тақуа Мұхаммед бин Мұстафа бин әл-Муин ар-Рафиқи әл-Кашмири Әбу ар-Раид Ханафи мазһабы шейхтарының бірі. Ол жоғарыда атал­ған Ахмед бин Мұстафаның бауыры. «Хадаиқ әл-Ханафия» бойынша ол («Ханафиттер бағында») [һижраның] 1154/1740 жылы Кашмирде туған. Білімді нағашы атасы Нур әл-һуда және атасы Абд әл-Хақ әл-Ясауиден алған. Хадис пен сопылық ілімді әкесі және нағашысы және Ашраф ибн Раидтан алған. Оның сопылық туралы еңбегі бар. Ол [һижраның] 1218/1804 жылы жұмада әл-ахир айының он алтысы, сәрсенбі күні қайтыс болған.

Шейх Таййб бин Ахмед ар-Рафики. 

Шейх, ғалым, фақиһ Таййб бин Ахмед бин Мұстафа бин әл-Муин ар-Рафиқи әл-Кашмири сопы шейхтарының бірі. Ахмед бин Мұстафа [һижраның] 1091/1679 жылы дүниеге келген. Қасиет­ті Құранды Хайр ад-дин бин Әбу-л Бақа әл-Кашмириден оқыған, ал жалпы білімді әкесінің інісі (ағасы), әкесінің бауырларының балалары және Әбу Йусуф Абд әл-Ғафурдан алған. Сопы хир­­касын (киімін) өз әкесінен, әл-Куб­ра­уия, әл-Қадария мен аш-Шатирия та­ри­­қат­тары ілімін Абд әл-Хамидтен үйренген. 

Маулана Абд Алла әл-Кашмири.

Шейх, ғалым, тақуа Абд Алла ибн Мұхам­мед Фадл әл-Ясауидің өз аты Абд Алла. Ал әкесінің ныспысы – Мұхам­мед Фадл әл-Ясауи. Оның ата-баба­­ла­ры­ның кейбірі ілгерірек Каш­мирге көшіп келсе керек. Ол Молла Мұхаммед Мұхсиннен, шейх Аманулла аш-Ша­һи­ден және басқалардан тағылым алған. Қади шаһтан сопылық тариқатты үйренген. Сонан соң саяхаттап шейхтармен кездесіп, соңыра Кашмирге оралған соң мүфти болып тағайындалған. Одан Мұхаммед Усман Баба Асадулла Молла Абд әл-Мүмин, Мир Мұхит ад-дин және Кашмирдің ірі де тұрғындары­нан білім алған. «Хадаиқ әл-Ханафия» – («Ханафиттер бағы») атты кітапта Маулана Абд Алла шаууал айының ортасында [һижраның] 1171/1757 жылы қайтыс болды делінген.

2014 жылы «Халық – тарих тол­қынында» бағдарламасы бойынша Испа­ния­ның Эскуриал кітапханасында ісса­парда болғанымда, сол жерден Ала ад-дин ас-Сайрами, Низам ад-дин Йахиа ас-Сайрами, Абд ар-Рахман ибн Низам ад-дин ас-Сайрами атты аталы, балалы, немерелі үш кісі туралы мағлұматтар кездестірдім. Бұлар Мысыр мен Сирияны мамлүктер билеген кезде өмір сүрген. Олар қазір зерттелу үстінде.

Бұлардан басқа да Ясауилер Еги­петте, Иранда да болуы мүмкін. Бірде Каир­де халықаралық конференция кезінде бір кісі келіп өзін Ясауи деп таныстырғаны есімде.

Міне, Ясыда туып, Кашмирде ислам діні мен өркениеті, мәдениетінің өркен жаюына аянбай қызмет еткен кемеңгер бабалар жайлы әлі әзір қолда бар мағлұматтар осылар. 

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, 
ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор