Дәрігерге қаралу үшін тіркеу бөлімінен басталатын қағазбастылық кісіні әбден мезі етіп жіберетіні талай қозғалған мәселе. Бұл жайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дәрігер мен мұғалім қағаз толтырумен емес, шәкіртіне білім берумен, алдына келген пациентін емдеумен айналысуы тиіс деп цифрлы жүйеге көшуге арнайы тапсырма берді. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру аясында былтыр жыл басында денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында 4 облыста қанатқақты жоба қолға алынды. Жоба барысында ем алушыларды тексеруден өткізу мен емдеу нәтижелері, созылмалы аурулары, дәрілік заттарға аллергиялық реакциясы, тамақтану, диета және тағы басқа дәрігердің ұсыныстары туралы мәліметтерді біріктіретін электронды денсаулық сақтау төлқұжаты жасалды. Ал электронды төлқұжаттың артықшылығы – бұған дейін азаматтар емхана, ауруханалардан алған жолдамаларын, амбулаторлық құжаттарын түгел арқалап, әуреге түссе, енді жеке куәлік арқылы тіркелуге де, ем алуға да даңғыл жол ашылды. Сөзсіз, цифрлы жүйенің пациентке де, дәрігерге де пайдасы мол екені айқындалды.
Цифрландыруды енгізу барысын аңдауға арналған жоба барысында көптеген ауылдық мекендер үшін интернет желісінің қаттығы белгілі болды. Алайда 2022 жылға дейін аудан мен ауылдық жерлерге Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, интернет желілері тартылып, одан басқа, интернет жеткізу мүмкіндігі жоқ, тым шалғай мекендерге Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесе спутник құрылғылар орнатудың қажеттігі байқалды. Бір қуанарлығы, Қазақстан бойынша мұндай елді мекендер басымдыққа ие емес. Сондықтан қаңтардың алғашқы күндерінен цифрландыру емдеу мекемелерінде айналымға енгізіліп, медициналық құжаттардың 200-ден аса формасы электронды форматқа көшірілді. Яғни, Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлы форматқа көшіру аясында бастапқы медициналық құжаттаманың 62 формасын алып тастап, 221-ін электронды форматқа көшіріп, автоматтандыру мақсатында 12 форманы біріктірді.
Біз осы орайда Астанадағы №4 емхананың бас дәрігері Серік Шаймерденовтен цифрландыру барысының қалай жүріп жатқаны жайлы сұраған едік. Бас дәрігердің айтуынша, емхана 2018 жылдың мамыр айынан бастап кешенді медициналық ақпарат жүйесін және пациенттің денсаулық сақтау төлқұжатымен электронды жеке кабинет жүйесін енгізген екен.
– Кейінірек емделушіге лабораториялық зерттеуді және көрсетілетін қажетті медициналық қызмет турасында смартфон арқылы тегін хабарлама жіберетін «DamuMed» қосымшасын іске қостық. Мобильді қосымша көмегімен 6 мыңнан астам пациент дәрігермен байланысқа шығып отырды.
Олардың ішінде аяғы ауыр 600 әйел, бес жасқа дейін балалары бар 2 мың ата-ана болды. Біз цифрлы жүйенің тиімді екенін, оның екі жаққа да қолайлылығына көз жеткіздік. Электронды картаны енгізу арқылы бірталай көрсеткішіміз жақсарды. Атап айтқанда, дәлізде кезек күту азайды, дәрігер қабылдау уақытында пациенттің дерегін толтырып отырмайтын болды, нәтижесінде нақты тексеруге, ауруға көңіл аударуға уақыт бөлді. «DamuMed» арқылы және сайт қызметін пайдаланып қабылдауға жазылған, жоғарыда аталғандай өзге де ілгерілеушілікті сезінген пациенттердің 2018 жылдың соңғы үш айында жұмысымызға қанағаттануы 8 пайызға артты. Бізге керегі – осы, – дейді С.Шаймерденов.
Яғни, дәрігер бас көтертпейтін қағазбастылықтан арылды, ендігі бар назар пациентке аууы тиіс.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»