Гумилев
Дүйсенбі, 12 қараша 2012 0:54
Өмірдерек. Ғылым адамының өмір жолын оның ғұмыр кешкен ортасы мен уақытынан бөле-жарып қарастыру мүмкін емес. Дәл сол сияқты, ғылым адамының өмірбаяны оның тындырған еңбегімен де біте қайнасып жатады. Ғалымның өмірбаянын оның ақыл-ой, тәжірибесінен дербес қарастыруға болмайды.
Дүйсенбі, 12 қараша 2012 0:54
Өмірдерек. Ғылым адамының өмір жолын оның ғұмыр кешкен ортасы мен уақытынан бөле-жарып қарастыру мүмкін емес. Дәл сол сияқты, ғылым адамының өмірбаяны оның тындырған еңбегімен де біте қайнасып жатады. Ғалымның өмірбаянын оның ақыл-ой, тәжірибесінен дербес қарастыруға болмайды.
Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. “Менен кейін маған десе топансу қаптасын”, деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.
Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың. Бірақ, ондай адамдар, әдетте, тағдырдың торына шырмалып ғұмыр кешеді. Аттаған қадамы кедергіге жолығып, таңдаған жолы тосқауылға тіреліп, ақылы – азапқа, дарыны – тозаққа ұласып жатады.
Лев Николаевич Гумилевтің өмірі мен шығармашылығын тағдырдың торына шырмалғандар санатына жатқызуға болады. Алайда, ол тағдырдың бұйыртқан сыбағасын қасқайып тұрып қарсы алып, қорлық пен зорлықты өмірдің заңына балай жүріп, алға қойған мақсатын толық орындап шыққан қайсар жан ретінде қайран қалдырады.
Қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік сілкіністер мен жүйелік алмасулардың өлара кезеңі Лев Николаевичтің жалын атқан жастық дәуренін тағдырдың тәлкегіне ұшыратты. Бір емес, екі емес, үш рет жауапқа тартылып, табандатқан 13 жыл өмірін түрменің тар қапасында өткеріп, лагерьдегі жылдар арасында екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынына шарпылып, туған қаласы Ленинградқа 1956 жылы оралғанда Лев Николаевич 44 жаста еді. “Алғаш рет – 1935 жылы “өзімнің албырттығымнан , екінші рет – 1938 жылы “әкем үшін”, үшінші рет – 1948 жылы “шешем үшін” сотталдым”, – деп отыратын марқұм. Лев Николаевичтің әке-шешесі – орыстың әйгілі ақындары Николай Гумилев пен Анна Ахматова. Николай Гумилев 1921 жылы контрреволюциялық әрекеттері үшін атылса, Анна Ахматова 1946 жылы мемлекеттік идеолог, КСРО-ның инквизиторы атанған Ждановтың қанқұйлы баяндамасына ілігіп, шығармашылығына ресми түрде тыйым салынады. Әке мен шеше үшін баласының да күйетін заманы Лев Николаевичтің де басын базарлы етеді. Мәскеудің “Лефортовы” мен Ленинградтың “Крестінде” атылу жазасына кесілгендердің сапында болып, онан соң Беломорканал, Норильск, Кузбасс, Саян, Қарағанды түрмелері мен лагерьлерінде өксікті өмірін өткереді.
Осындай аласапыран жылдар шарпуында жүріп, Лев Николаевич 1946 жылы Ленинград университетін бітіреді. Қатардағы бітірушілердің бірі емес, француз, неміс, байырғы түркі және латын тілдерін меңгеріп, хунну өркениеті мен байырғы моңғол тарихы бойынша маман болып шығады. Университет қабырғасында В.Струве, Е.Тарле, Б.Греков, С.Малов, М.Артомонов, С.Руденко сияқты ғалымдармен етене танысып, Памирде, Украинаның Подолиясында, Грузияның Картлиінде, Орталық Азияның Алтайында (Пазырық) жүргізілген археологиялық экспедицияларға қатысады. 1948 жылы Бірінші Түркі қағанатының (546-659) саяси тарихына арналған тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
Мұнан әрі, тағы да бас бостандығынан айырылған Лев Николаевич 1956 жылы каторгалық эпопеясын біржола аяқтап келіп, Эрмитажға кітапхана қызметкері болып орналасады. Осы қызметте жүріп, байырғы түркілер тақырыбы бойынша 1967 жылы докторлық диссертация қорғайды. Сол жылы докторлық диссертациясының толықтырылған нұсқасы “Байырғы түркілер” деген атпен жарық көреді. Тақырыптың сонылығы және беймәлім мәдениеттің жеріне жете ашылуы, автордың ғажайып аңғарғыштығы мен терең білімі, сондай-ақ мейлінше оралымды тіл-стилі ғылыми ортаның да, былайғы оқырманның да назарын аударады.
1967 жылы Ленинград университетінің аясында география ғылыми-зерттеу институты ашылып, ректор А.Александровтың шақыруымен Лев Николаевич ғылыми қызметкер болып келеді. Осы орында 1986 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер деген сатылардан өткенімен, профессор шеніне іліге алмайды. Оның есесіне Лев Николаевич “Халықтану” деп аталатын арнаулы курс бойынша студенттерге аттай 20 жыл бойы армансыз лекция оқиды. Оның лекциясына бүкіл университет құлақ түріп, тіптен еркін тыңдаушылардың өзі аудиторияны керіп кетеді екен. Ол лекция оқыған 20 жыл аясында бірнеше толқын студенттердің зердесін қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзі де шыңдала жүріп, бүкіл әлем мойындаған орыс этнологиясының іргетасын қалаушылардың маңдай алдында болды. Дәлірек айтсақ, таза гумилевтік этнология мектебін дүниеге келтірді. Яғни, этностың шаруашылық және саяси жүйелерінің арасындағы өзгерістердің өзара байланысына, сол байланыстардың нәтижесінде болатын жаңғыруларға, сондай-ақ этностың кіндік жұрты болып табылатын ландшафт эволюциясына табанды түрде ден қояды. Бұл ретте, ол Ұлы Дала көшпелілері шаруашылығының, этнотарихының және экожүйесінің арасында өзара бітеқайнасқан байланыстың барына алдымен назар аударады. Этнологияға қатысты мәселенің бұлайша қойылуында “тарихи материализмді” тұғыр еткен КСРО ғалымдарының тұжырымынан да немесе ауа райы жұмсақ географиялық ортаға үйренген Еуропа ғалымдарының тұжырымынан да әдіснамалық (методологиялық) айырмашылық бар еді.
Лев Николаевичтің этнологиялық ізденісі мұнымен шектелмейді. Ол 1959-1964 жылдар аралығында жазғы демалыс айларында археологиялық экспедиция ұйымдастырып, Еділ, Каспий, Қаратеңіз жағалауларынан Хазарияның (VІІІ-X ғғ.) сорабын іздейді. Нәтижесінде аса мол айғақ-деректер жинақтап, ол материалдарды археолог, географ, этнолог ретінде саралап, Шығыс Еуропа тарихын қайта зерделеуге мұрындық боларлық “Хазарияның ашылуы” (“Открытие Хазарии”) атты тамаша кітабын 1966 жылы жарыққа шығарады. Лев Николаевичтің бұл еңбегі этнос, табиғат, қоғамның әлеуметтік өмірі мен космос арасындағы байланыстардың нәтижесін одан әрі тереңдетуге, зерделеуге дес береді. Мұның өзі, түптеп келгенде этногенездің тұғыры болып табылатын пассионарлық идеясының дүниеге келуіне себепші болады.
Этногенез бен биосфера арасындағы біте қайнасқан заңдылықтарды одан әрі орнықтыра дәлелдеу үшін Лев Николаевич енді табиғи қоршаған ортаның этнос тағдырына әсер-ықпалын ашып көрсетуге бел буады. Жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін өзінің этнологиялық тұжырымдарына тұғыр етуге бекінеді. Сөйтіп, 1974 жылы география бойынша “Этногенез және Жердің биосферасы” деген тақырыпта екінші докторлық диссертациясын қорғайды.
ЖАК (ВАК) Лев Николаевичтің докторлық диссертациясын бекітпейді. Себебін “выше, чем докторская работа, а потому и не докторская” деп тұжырымдайды. Бұл еңбек арада 15 жыл өткенде (1989) жарық көрді.
Лев Николаевичтің ғылыми ізденістерінің шыңы болып табылатын “Этногенез және Жердің биосферасы” (“Этногенез и биосфера Земли”) атты еңбегінде халықтардың қалай жаралып, қалай сейілетініне, сондай-ақ оған табиғат пен космостың аса тегеурінді әсер-ықпалына бүкіләлемдік ауқымда тарихи шолу жасайды. Тарихи шолуын айғақ-дәлел ретінде көлденең тарта отырып, этнология туралы бұрынғы көзқарастардан түбегейлі айырмашылығы бар ой-тұжырымдар қорытады. Бұлардың бәрі автордың тарихи деректерге, нақтылы теорияларға, табиғат пен биосфера заңдылықтарына, географияға жүйріктігімен дәлелденіп, мейлінше оралымды тіл-стилімен оқырманын тәнті етеді.
Рас, тың теорияның қашанда жолы ауыр. Әсіресе, өзіне дейінгі орныққан тұжырымдармен беттесу қиынның қиыны. Ал Лев Николаевичтің ой-тұжырымдары сол кездегі социдеологияның сойылын соққан этнографтардың, қоғамтанушылардың, ұлт және ұлт-азаттық күрес теориясымен айналысатын марқасқалардың (корифейлердің) ой-тұжырымдарына мүлде кереғар болатын. Ол кезде партияның шамшыл идеологиясын ұстанғандар кез келген кереғарлықты қарсылық деп есептейтін. Дәл солай болды да. Кешікпей-ақ, Лев Николаевичке “антимарксист”, “географиялық детерменист”, “мистикалық биологист”, “буржуазиялық солипсист”, “бихевиорист”, “шолақ ойлы анархист”, “нәсілшіл” деп келетін сан-сапалақ айып тағылып, 1976-1989 жылдар аралығында жариялану құқынан айырылады. Абақтыда өткерген азапты 13 жылдан гөрі, азаттықта жүріп тілін тістегендей күй кешкен 13 жыл Лев Николаевич үшін ауырлау соғады. Тәннің тұтқындалуы емес, жанның тұтқындалуы ақыры әйгілі ғалымды алып тынады. Лев Николаевич Гумилев 1992 жылы 80 жасында дүние салды. Никольск қорымындағы Александр-Невский лаврасынан топырақ бұйырды.
Лев Николаевичтің соңында ұлан-ғайыр мұра қалды. Сол мол мұрадан алғаш рет қарпып алып жариялаған еңбектерінің өзі 15 том. Әрине, мәселе санда емес. Лев Николаевич еңбегіндегі тосын да тың ойлардың, мейлі, оң болар немесе теріс болар, әлі де талай ұрпаққа ден қойдырып, әлі де талай-талай ғылыми ізденістерге тұғыр болатыны хақ. Өйткені, Лев Николаевич Гумилев бар болмысын, барша ғұмырын ғылыми шындықты іздеуге арнаған жан. Басқасын былай қойғанда, оның ғажайып эрудициясы мен логикасы тарихқа іңкәр әркім үшін тамаша тағылым болатынына күмән жоқ.
Лев Николаевич еңбектерінде тың ойлар, тапқыр тұжырымдар, тосын идеялар аста-төк мол. Оның бәрін тәптіштеп қайталау мейлінше көп уақыт алар еді, бәлкім олай ету қажет те болмас. Сондықтан, әйгілі ғалымның еңбектеріндегі ең бір жоталы-жоталы деген идеялар мен ой-тұжырымдарға қысқаша тоқталып өткен жөн.
* * *
Ресей тарихшысы. Қалай десе де, Лев Николаевич ең алдымен Ресей тарихшысы. Оның барша еңбегі, сайып келгенде, Ресей тарихымен ұштасып, Ресей тарихын танып-түсінуге қызмет етіп жатады. Оған ғылыми алаң болған Ұлы Даланың тарихы да, түптеп келгенде, Ресей тарихының қилы үрдістерін танып-түсінуге мұрындық болып отырады. Бұл ретте, ол өзінің табиғатына тән батылдықпен, Ресей тарихының ең бір ақтаңдақ кезеңіне із салған ғалым. Ол кезең ХІІІ-ХV ғасырлар аралығы болатын.
Тарих көкжиегінен ХІІІ ғасырға дейін-ақ төбе көрсетіп үлгерген Русь 1250 жылдан бастап, табандатқан 250 жыл бойы тым-тырыс күй кешкен сияқты болатын. Тек, ХV ғасырға қарай Еуропа монархиясы еңсе көтеріп, Ұрымның (Византия) мұрасына талас басталған кезде, түрік лигасына қарсы ұйымдасқан еуропалық мемлекеттер коалициясының сапынан Московия да көрінеді. Оған дейінгі 250 жылдық ақтандақ Ресей тарихында тарихи тежелу кезеңі тұрғысында қарастырылып, оның құныкері ретінде моңғол шапқыншылығы мен Алтын Орда езгісі көлденең тартылатын.
Лев Николаевич бұл мәселені мүлде басқаша қарастырады. Этнос дамуының тарихына диахронды салыстырмалы жүйені қолдана отырып, бұған дейінгі еуроцентристік тұжырымдамалардың кеудемсоқ бопсасын нақтылы айғақ-деректермен әшкерелейді. Бақсақ, осы уақытқа дейін адамзатты Батыс пен Шығысқа бөлу еуроцентристік тарихтың философиясы тудырған жасанды түсінік екен. Мұндай жасанды түсінік роман-герман суперэтносын әлемнің қалған бөлігіне қарсы қою үшін қажет болыпты. Ал Ресей суперэтносы, оқулықтарда жазылғандай, дербес этнос ретінде Киев Русі кезінде қалыптаспапты. Алтын Орданың жағымды ықпалының арқасында ХІІІ-ХІV ғасырда еңсе көтеріпті. Сөйтіп, папалық Еуропаның қанды шеңгелінде кетуден аман қалыпты. Демек, моңғол шапқыншылығынан Еуропаны қорғап, қалқан болған Русь емес екен. Керісінше, Русьті Еуропаның жұтып қоюынан аман алып қалған Моңғол ұлысы екен. Мұндай ақиқатты қазіргі ресейліктер басқаша жорып жүргенімен, сол кездің ахуалын дұрыс түсінген әулие Александр Невский найзасының ұшын Еуропаға қаратып, арқасын хан ордасына сүйепті. Керек десеңіз, Куликово шайқасында Орданың ең таңдаулы сайыпқыран жауынгерлері Дмитрий Донскойға жақтасқаны жөнінде бұлтартпас дерек бар…
Қысқасы, Гумилев ілімі ортағасырлық Ресей тарихына мүлде жаңаша қарауға шақыратын идея екенінде дау жоқ. Әрі-беріден соң, бұл жерде Ресей тарихына қатысты Лев Николаевич көзқарасының жаңалығы немесе тосындығы мәнді болмаса керек. Мәселенің мәні, тарих шіркіннің алдын-ала сайлап қойған прокруст қалыбына сыя бермейтінінде болып отыр. Әрі-беріден соң, мәселе жаңа идеяның ұсынылуында да емес, мәселе бұрыннан қалыптасқан жаңсақ ой-тұжырымдарға күмәнмен қараудың басталуында. Яғни, ғылым кеңістігінің көкжиегін кеңейте түсуге тағы да бір мүмкіндік бар деген сөз.
* * *
Ұлттанушы. Лев Николаевич Гумилевке дейін этнос, яғни халық, ұлт, жұрт (национальность) дегеніміз – тіл, мемлекеттік билік, тарихи ағым (инерция), өмір, салт біріктірген адамдардың қоғамдастығы деп түсіндірілетін. Ал Лев Николаевич болса, этносты нақтылы категория ретінде қарастырады. Яғни, этнос дегеніміз – өзіндік шек-шекарасы бар, өзіндік қалыптасқан мінез-құлқы бар, өзіндік ішкі құрылымы бар, уақыт аясында өзіндік заңдылықтармен өзгеріске түсіп отыратын біртұтас жүйе дейді.
Бұрын (соцжүйе кезінде) этнос немесе этникалық қауымдастық дегеніміз тарихи-табиғи жолмен қалыптасатын әлеуметтік категория делінетін. Ал Лев Николаевчи болса этнос дегеніміз био-географиялық категория дейді. Жай ғана био-географиялық категория емес, этнос дегеніміз – әлеуметтік және формациялық құрылымнан (устройства) тыс, әлеуметтік проблемаға кіріптар болмайтын жаралым дейді. Мұның өзін этнос тарихы мен табиғат тарихының шендесуі арқылы болатын антропосфералық құбылыс деп біледі. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, біріншіден – этностың күш-қуатын өзі тіршілік құратын табиғи ортамен кіндіктес, екіншіден – әрбір этнос тіршілік құру барысында әлеуметтік кеңістігін ұдайы ұлғайтып отыруға бейім болады. Ал этностың алғашқы жаралымына космос қуаты әсер етеді. Сол әсердің нәтижесінде қайрат-жігері ерекше “пассионар” адамдар қалыптасады. Өз кезегінде пассионар адамдар соңдарынан қалың тобырды ертіп, өздеріне қарсыластарға (субпассионарларға) тойтарыс беріп, өзіне дейінгі “мәдени жаралымды” жойып, “этнос” деп аталатын жаңа қауымдастықты қалыптастырады. Мұның бәрі де қоршаған ортамен біте қайнасқан тұтастықта жүзеге асып жататын үрдіс. Яғни, әрбір этносты ең алдымен био-географиялық құбылыс ретінде қабылдау керек. Этнос био-географиялық құбылыс болса, онда өзінен-өзі олардың өлшеулі ғұмыр жасы болмақ. Ондай ғұмыр жастың ұзақтығы әдетте 1200-1500 жыл шамасында болып келеді. Осынау өлшеулі уақыт аясында этнос нобай танытып дүниеге келеді, еңсе көтеріп ес жияды, өркен жайып дамиды (акматикалық фаза), сонсоң бірте-бірте құлдырап сейіле бастайды (обскурация немесе аннигиляциялық фаза). Яғни, этнос та адам сияқты, балалық, жігіттік, қарттық шақты бастан кешеді. Бұл үрдіс “этногенез” деп аталады.
Міне, қысқа-қайырым тілмен түйіндеп айтқанда, Л.Н.Гумилевтің этнологиялық ой-тұжырымдары осындай. Мұндай ой-тұжырымдар негізінен ғалымның “Этногенез және Жердің биосферасы” деп аталатын еңбегінде баяндалған.
Әрине, ғалымның міндеті – тың идея ұсыну, соны ой-тұжырымдар жасау. Ондай идеялар мен ой-тұжырымдардың сынақ алаңы – өмірдің өзі. Мәселен, Лев Николаевичтің этнос болмысын қоршаған ортамен шендестіріп, әрбір этносты био-географиялық жаралым деп қарастыруы технократтық дамуға дейінгі ахуалды зерделеуге айрықша ұрымтал екеніне назар аударуға болады. Ал технократтық даму бел алып, оның өмірді жаңғыртқыш қуаты үстемдік құрған заманда Лев Николаевичтің этносты био-географиялық жаралым деп келетін тұжырымдамасын жаңаша зерделеуге тура келетін сияқты. Сол сияқты, этностың 1200-1500 жылдық өлшеулі ғұмырының болуы, сол этностың мүшелері болып табылатын адамдарды фатальды көңіл-күйге түсіретінін де атап өту қажет. Себебі, этностың (ұлттың) Тәңір жаратқандай өлшеулі ғұмыр жасы болатын болса, онда ұлт үшін, оның көгеріп-көктеуі үшін тер төгіп қажеті қанша деген ой келеді. Әрине, мұндайда “бәріне уақыт төреші” деп келетін қазақтың қара нақылына ден қоямыз.
* * *
Пассионарлық. Лев Николаевич Гумилев еңбектерінің бәрін дерлік көктей өтіп жататын идеялардың бірі – пассионарлық. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, адам әрекеті планеталық күш-қуат болып табылады. Сол күш-қуат жердің геологиялық жаңғыруына пара-пар. Яғни, адам (ұлт, халық) қозғалысының күші тектоникалық қозғалыстармен теңдес келеді. Бұл ретте адамның планеталық ауқымдағы әрекеті жанды биосфераның биохимиялық қуатынан бастау алады. Мұнан әрі адамның планеталық ақыл-ойы биосферадан ноосфераға ұласады. Былайша айтқанда, өсімдігі бар, жан-жануарлары бар, адамзаты бар – тіршілік атаулының болмысы планетаның жоғары қабатына айналады. Мұның өзін биология деуге де, социология деуге де болмайды. Сірә, географиялық-геологиялық құбылыс десе жобасы келіп қалар. Биосферадағы жанды заттардың биохимиялық қуаты болып табылатын осы құбылысқа космос кеңістігінен құйылатын тегеурінді қуат (сверхэнергия) әсер еткенде Жер бетінде айрықша жаңғыру үрдісі басталады. Адамдарды қозғалысқа келтіріп, олардың ішінен қайрат-жігері тасыған тұлғаларды тарих сахнасына шығартып, одан әрі этникалық жаралымға ұйытқы болатын себеп осы. Яғни, пассионарлық дегеніміз – адамдарды шабыт тұғырына қондыратын биохимиялық қуат. Пассионарлық сөзінің латын тіліндегі “пассио” түбірі “шабыт”, “құлшыныс” (страсть) деген мағына береді.
Этногенез мәселесінде пассионарлық идея бойынша, отырықшы – көшпелі, еуропалық – азиялық, орыс-қазақ, француз-американ деп келетін салғастыруларда мән-мағына болмайды. Лев Николаевичтің тұжырымы бойынша, этнологиядағы жалғыз ғана өлшем – пассионарлық қуаттың деңгейі. Демек, озық немесе тозық, мәдениетті немесе жабайы деп келетін кез келген салғастырулар дәстүрлі тарихнамада қателікке ұрындырады. Себебі, этностар ғұмырының әр деңгейде болуы, оған қоса әр түрлі өмір салт пен әр түрлі шаруашылық мәдени типін бастан кешуі әлгіндей салғастырулардың мәнсіздігін зерделетеді.
Лев Николаевичтің пайымдауы бойынша, этногенез дегеніміз – этносфера аясындағы этникалық ұжымның жаңарып-жаңғыруы. Ондай жаңарып-жаңғыруларға пассионарлық құбылыс тұғыр болып отырады.
Лев Николаевич өзінің пассионарлық идеясы арқылы адам феноменінде әлеуметтік себептен гөрі биосфералық әсердің бел алып жататынын дәлелдеуге күш салды. Сөйтіп, этногенездің пассионарлық теориясын дүниеге келтірді.
Бір атап өтетін жағдай, Лев Николаевич пассионарлық идеяны орнықтыру үшін адамзат тарихынан мейлінше мол айғақ-деректерді көлденең тартып отырады. Осы ретте, олар қаншалықты мол болғанымен, мұның өзі адамзат тарихындағы айғақ-деректердің бәрі емес екенінде күмән болмаса керек. Сондай-ақ, Лев Николаевич көлденең тартып отырған айғақ-дәйектер, негізінен пассионарлық идеяға қызмет ететін деректер ғана екені де дау тудырмауға тиіс.
* * *
Еуразияшылдық. Лев Николаевич Гумилев өмірінің соңғы жылдарында өзін “еуразияшылмын” деп ашық айтып жүрді. “Жұрт мені еуразияшыл дейді, мен ондай пікірге қарсы емеспін”, – деген ойды ашық айтқаны белгілі. Шынында да еуразияшылдық идея Лев Николаевич шығармашылығының өн бойында үзілмей көрініс тауып отыратынын аңғару қиын емес. Сонымен бірге, Лев Николаевичтің еуразияшылдығында өзіндік ерекшеліктің де бары рас.
Еуразияшылдық идеяның тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болатын сияқты. Біріншісі – Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Екіншісі – Қазан төңкерісінен кейінгі Ресей эмигранттары мұрындық болған кезең. Үшіншісі – екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезең. Бұл үш кезеңнің өн бойында еуразияшылдық идеяның дем берушілері – тарихшылар Г.В.Вернадский, Л.П.Карсавин, Л.Н.Гумилев, құдайшыл Г.Ф.Флоренский, географ П.Н. Савицкий, шығыстанушы В.П. Никитин, этнограф Н.С.Трубецкой сияқты көрнекті тұлғалар болды.
Еуразияшылдық идеяның бірінші кезеңінде ұлы орысшылдық пиғыл бел алып жатты. Батыс пен Шығыстың, яғни роман-германдар мен азиялықтардың ортасындағы Ресейдің айырықша рөлі болу керек деген идея күн тәртібіне қойылды. Еуразияшылдық доктринаның постулаттарын Г.В.Вернадский былайша айқын тұжырымдады: “азиялық” және “еуропалық” Ресей арасында табиғи шекара жоқ. Демек, “еуропалық” немесе “азиялық” деп бөлшектейтіндей екі Ресей де жоқ. Тек, “еуразиялық” немесе Ресей-Еуразия деп аталатын бір ғана Ресей бар” (Г.В.Вернадский. Начертание русской истории. Прага. 1927. 5-бет).
Еуразияшылдық идеяның екінші кезеңінде сол алғашқы ой-тұжырымдар жаңаша серпінмен одан әрі жалғасты. Себебі, Ресей эмигранттары социалистік жүйенің ұстанымдары азиялық тұрғындардың ойынан шығып, одан әрі еуразияшылдық идеяның жүзеге асуын жеделдетеді деп үміттенді. Жай үміттенген жоқ. Еуразия кеңістігінде Ресей ділінің үстемдік құруы ашық айтылып, Ресейді “айрықша мәдени-тарихи әлем” деп жариялай бастады. Түптеп келгенде, мұндай пиғылдан социалистік Ресейдің де экспансиялық-ассимиляцияшыл үрдістері алшақ болмайтын.
Үшінші кезеңде еуразияшыл идеяның көңіл қалауынан гөрі, нақтылы тарихи ситуациялармен көбірек санасқанын аңғаруға болады. Яғни, әлемдік бәсекелестікте Еуразия халықтары өздерін мүдделестер, тағдырластар ретінде сезініп, әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени одақтастықты еуразияшылдықтың өзекті постулатына айналдыра бастады. Әсіресе, КСРО ыдырағаннан кейін еуразияшылдық идеяның бұл сияқты жаңа бағытына тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей ұйытқы болғанын атап өткен жөн.
Бұл мәселеде Л.Н.Гумилев тарихи қисындарды көлденең тарту арқылы көзге түсті. Ол Еуразия ойкуменін тарихи тағдыры біртұтас, әлемнің алтыдан бір бөлігі ретінде қарастырды. Бұл ретте, Лев Николаевич Ресей тарихындағы Ұлы Дала рөлін мүлде жаңаша парықтады. Атап айтқанда, орыс тарихында бел алып жататын “татар-моңғол езгісі” деген идеядан бірінші болып бас тартты. Ол үшін Ресей деген Моңғол ұлысынан кейінгі біртұтас Еуразия империясының православтық варияциясы еді. Мұндай идея өзінен-өзі Ресейдің тарих сахнасына шығуындағы Еуразия көшпелілерінің рөлі деген екінші идеяны дүниеге келтірді. Міне, еуразияшылдық мәселесінде Лев Николаевич осындай идея арқылы өзін ұшқыр, ойлы ғалым ретінде әйгілей алды. Ол бұрынғы саяси-идеологиялық еуразияшылдықты дәлелді тұжырымдамасы бар ғылымға айналдыра білді.
Әрине, осындай ой-идеяларына қатысты болар, қазақстандықтар Лев Николаевич Гумилевті айырықша құрмет тұтады. Ол кісінің атында Қазақстанда университет бар. Ол университет Астана қаласында – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті деп аталады. Қазақстан қалаларында бірнеше көше “Л.Н.Гумилев көшесі” деп аталады. Лев Николаевич туралы тұңғыш рет ғылыми-көпшілік фильм түсірушілер де қазақстандықтар болды. Қазірдің өзінде “Қиял патшалығын іздеу”, “Байырғы түркілер” деп аталатын көлемді кітаптары қазақ тіліне аударылып үлгерген.
Ресей академиясы Лев Николаевичтің 80 жылдығында тіс жармап еді. Шүкір, әйгілі ғалымның одан кейінгі 90 жылдығын, туған күнін қазақстандықтар ұмыт қалдырмай кеңінен атап өтуді дәстүрге айналдырған. “Уақыт бәрін де өз орнына қояды” деген осы.
Ақселеу СЕЙДІМБЕК,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.
АСТАНА.
1 қазан, 2004 жыл.