19 Қараша, 2012

Жапандағы жалғыз орман

562 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жапандағы жалғыз орман

Дүйсенбі, 19 қараша 2012 0:49

Шүкір, қазақ жерінде де табиғаттың таңғажайып құбылыстары аз емес. Ала­йда қанша білеміз дегені­мізбен әлі беймәлімдеу, жаратылысы жағынан өзін­дік сұлулығы бөлекшелеу тұстары жетіп артылады. Әдет­те көзге шетсіз-шексіз далалық аймақ қалыпта елес­тейтін Арқада да әйгілі Көк­шетау мен Ереймен­тауды, Қарқаралы мен Баян­ауылды атамағанда көркі тәнті  етер оқшау орындар әр қиырынан кездесіп қалады.  Сондайда сағым ойнаған жапан түзде кенет  көкжиектен көкке көмкерілген әсем дүние ал­дан шыға келгенде тамса­нып-таңырқауда шек  бол­май жатады-ау, шіркін.

Дүйсенбі, 19 қараша 2012 0:49

Шүкір, қазақ жерінде де табиғаттың таңғажайып құбылыстары аз емес. Ала­йда қанша білеміз дегені­мізбен әлі беймәлімдеу, жаратылысы жағынан өзін­дік сұлулығы бөлекшелеу тұстары жетіп артылады. Әдет­те көзге шетсіз-шексіз далалық аймақ қалыпта елес­тейтін Арқада да әйгілі Көк­шетау мен Ереймен­тауды, Қарқаралы мен Баян­ауылды атамағанда көркі тәнті  етер оқшау орындар әр қиырынан кездесіп қалады.  Сондайда сағым ойнаған жапан түзде кенет  көкжиектен көкке көмкерілген әсем дүние ал­дан шыға келгенде тамса­нып-таңырқауда шек  бол­май жатады-ау, шіркін. Са­ғынта көрістіріп, жаныңды  жадыратып, көңіл әуеніңді әдемілікке баурап, шарықтатып жіберер мұндай көріністің шөлейт өлкеде ұшырасуы тіпті ғажап әсерге бөлер еді. Міне, Арқа мен Бетпақдаланың түйісер тұсындағы Қарағаш орманының өзгеше бітімі осындай сирек құбылыстардың бірі деуімізге болады.

Жалпы, Қарағаштың табиғи ерекшелігі ертеден назар аудартқан. Өткен ғасыр басында оны жан-жақты зерттеген натуралист-ғалым Я.Парферов: “Егер осы алқапта Қарағаш орманы болмаса, Сарысу өзенін құм басып, бұл жер шөл далаға айналған болар еді”, – деп жазғанындай, ол Сарысумен қатар Есіл, Нұра, Құланөтпес бойын шөлдің жалын атқан лебінен, жел тұрса суырыла тартар құмынан қалқалауға, соған бөгесіндей болу үшін жара­тылғандай ма дерсіз. Шынында, әжептәуір ауқымды ораған қалың орман шөлейт шебіне құдіреттің өзі қондыра қойған табиғи қорған ретінде көрінеді. Ал одан бері Арқа баурайына қарай ауа райы да, жер реңі де өзгеріп сала беретінін айтсаңызшы. Сан алуан өсімдіктер дүниесімен көмкерілген кең жазира, Қарағаш орманынан ескен саялы самал тыныс кеңей­теді,  тоғай ішінен жан-жаққа тарамданған сансыз бұлақтар далаға нәр жүгіртеді, кенезесі кепкен өзен-жылғалар кемерін толтырады. Айналадағы тіршілік атаулының бар тағдыры осынау орманмен тамырлас екені сезілген сайын оның “өлкенің өкпесі” деп тегіннен-тегін айтылмағанына көз жеткізе түсесің.

Тау-тассыз, топырағы да оншалықты құ­нар­лылау емес, ашық далада жайқалған Қарағаш орманының бөлекше жаратылысы ғы­лымға қызық құбылыс-ақ дер едік, сондық­тан сөз орайында зерттелуі күтіп тұрғандығын айтып өтпеске болмайды. Иә, мұндағы құм­дауыт жерге ағаштардың қалайша өсіп-өне­тіндігі тек табиғаттың өзіне мәлім жұмбақ, сірә. Қай-қайсысы кездеспейді дейсіз. Кербез қайыңдар, сылаңдаған теректер, көкке шан­шыл­ған қарағайлар, бұралған аршалар бір-бірімен қойындасып, аймаласып, құшақ айқас­тырып иін тіресе қалған. Мына ғажапты қараңызшы! Әлгі жұмбақтың бір сырындай бар жасыл желектің нәр көзі томарлар екен. Алыстан қарағанда түйенің өркешіндей болып шалынатын, түбі тереңдеп жайылған бұл шым төбешіктер ерекшелігі сол, көктемде қар суын бойына молынан сіңіріп, жаздың құрғақшы­лық кезінде төңірегіндегі ағаштар тамырына ылғал бөлетін көрінеді.

Тәрізді қымыз толған қара саба,

Томарлар бір кез аласа да.

Күмпиіп өн бойына су жинайды,

Қараңыз мына ғажап тамашаға.

Сол суды шоқ-шоқ талға таратады,

Мәрттігі томарларға жарасады, ә.

Күз келгенде бос қалған торсықтай боп,

Жапырайып, жантаяр қара саба, — деп, жаңаарқалық айтулы ақын Еркін Игенберлин жырлағанындай, жапандағы орманға нәр беруші осы томарлар болып табылады. Ылғал көзін табиғи реттеуші осынау өсімдік түрін қорғау қажеттігі туындап отыр қазір. Егер оларды жапырып өтуге, қопарып тастауға тыйым салынбаса, Қарағаш орманының болашағын болжау қиын.

Тоғай ішіндегі ойпаң алаңдар хош иісі бұр­қыраған мың бояулы гүл-шөптерден аяқ алып жүргісіз. Долана, қарақат, бүлдірген, итмұрын, жидек жайқалады. Ойда жоқта ұясын байқамай басып кетсеңіз, жабайы ара­лар төбеден гу ете түседі. Анау бір жылдары Нұра жақта шөп шықпай қалып, үлкендерге ілесе Аймысық, Сұлутерек аталатын қойнау­ла­рында омыраудан асар шалғыны бар ау­маққа шалғы салысқанымызда, әлгі аралардан біраз азап шеккеніміз орманды аралаған кезде есімізге түсті. Бірақ, енді олар бұрынғыдай емес, азайып қалыпты. Сондай-ақ кезінде еркін жүгіріп-ұшқаны жиі көрінер аң-құстың да сирексігені байқалады.

Табиғатына қоса тамаша жарастысы – Қарағаш орманы ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштер орны сияқты әсерге бөлейді. Ол басқа-басқа, Шоқан Уәлихановтың өзін де қызықтырмай қоймаған. Жиһанкез ғалымның жолжазбасында “Қарағаш пен “Жұбан ана” мазарының арасы 27 шақырым”, деп дәл атап көрсетілуіне қарағанда, оның мұнда арнайы соққандығы аңғарылады.

Ұлы саяхатшыны не қызықтырды екен сонда? Бәлкім, ғұндардың қорғанына көз тіккен болар. Кейінде табылған археологиялық заттар бұл жер адамдардың ежелгі мекені екенін дәлелдеді. Орманды жарып өтетін Терісбұтақ өзені жағалауындағы құмқайраңды үрлеп жел ашқанда одан табылған тас құралдар біздің дәуірімізге дейінгі кезеңге жататындығы белгілі болды. Ал орыс археологы А.Козырев 1904 жылы  Қарағаш маңынан ғұндардың ақсүйек әйелі атымен бірге көмілген қабірін тапқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Одан аршылып алынған алтын әшекей бұйымдар, күмістен құйылған екі басты айдаһар бейнеленген алқа, өкінішке қарай, бүгінде қайда сақталуға қойылғаны белгісіз.

Осыдан он жыл бұрын орман маңынан Андрон мәдениетінің үлгілері және жарыққа шықты. Солтүстікке қаратыла тізерлеп жерлен­ген­дер қабірінен табылған алтынмен қапталған сырғалар, білезіктер, қыш ыдыстар Қарағаш тари­хы ғасырлар тереңіне ұласатындығына тағы бір айғақ болды.  Алайда, зерттеле түссе, талай сыры ашылар бұл жаққа білікті археологтардың соңғы уақыттарда ат ізін салмай жүруі өкінтеді. Тегінде оны біртіндеп біле берудің артықшылығы жоқ қой дейміз.

Енді Қарағаш орманының қазіргі жай-күйіне тоқталсақ, кешегі аумалы-төкпелі күндерде жа­на­шырсыз қалып, аяусыз қолдар кескін-келбетін қатты тырналағанына ішің удай ашиды. Қайда аяқ бассаң, жөн-жосықсыз оталған ағаштардың қуарған түбірлеріне кезігесің. Мұның бәрі төңі­регіндегі ауылдар тұрғындарының бұдан жеті жыл бұрын, әсіресе, жас қайыңдарға бүйідей тиіп жаппай отынға қолданулары салдарынан ше­гілген зардап ізі. Мәселен, орманның түбіндегі Ынталы ауылындағылардың барлығы дерлік сол кезде көмір орнына өскін ағаштарды пешке төпелеп жағуды әдет еткенін қайтерсіз. Бұған қоса қатарынан бес рет қайталанған өрт айлап созылып, біраз бөлігін жалмаса, Жартоғай­дағы ағаш шоғыры мүлдем жойылып кетті.

Айтты айтпады, бұл Қара­ғашқа аса қауіп төнген шақ еді. Міне, осы­ндай сәтте Жаңаарқа мемле­кеттік ор­ман және жануарлар дү­ние­сін қорғау мекеме­сін басқаруға кел­ген Қанат Қой­шыб­аев­­тың шұғыл да ба­тыл  қи­мыл­дары бол­­ма­са, оның қан­дай­лық күйі­нішті күй­ге ұшы­рарын кім білсін.  Ел “Қа­рағашты құт­қа­рушы” деп атап кеткен осы аза­мат ағаш­тар­ды отауға тый­ым салды, та­би­­ғат­тың қор­ға­луы­на та­лап­ты кү­шейтті, орман­шы­ларды өз мін­­­­­деттерін мүл­­­тік­­сіз орын­дауға қай­рат­тан­­дырды. Ме­ке­ме қыз­мет­кер­­лерінің ұзақ уақыт бойы ал­ма­ған еңбек­ақы­лары, балалар жәр­­дем­ақысы тө­ле­­нуіне қол жеткіз­ді. Асар әді­сімен ор­ман­шылар мекенінде мек­теп, монша, кеңсе салдырды. Орманға “Қара­ғаш мемлекеттік таб­иғи қо­рығы” мәртебесі бері­ліп, ерекше қорғалатын ай­маққа жатқызылуы мәс­еле­сінің де шешілуі ел ішіне сый­лы, қай ортада да беделі биік, сөзі жерге тастал­май­тын осы кісінің іскерлік қыз­метінің арқасы деуіміз керек.

Иә, бұрынғыға қарағанда Қарағаштың қамқорлық құшағына бөленуі жақсы. Дегенмен, айналасындағы егін егетін, мал бағатын ша­руа қожалықтарының сал­дыр-салақтығы, күзде қап­тап кететін аңшылардың нем­құрайдылығы салдары­нан басты қатер өрт болып отыр. Былтыр Нұра ауданы аумағында тұтанған өрт ай бойы сөндірілмей, ақыры Қа­рағашқа қауіп төндіргенде инспектор Арал Кәдірсізов бас­таған жігіттердің ерлік­пен айқасы жаңаарқалықтар есінен кетпес оқиға болды. Егер от орманды шарпыса, апатты ауыздықтау тіпті қиын­дыққа соғатынын тү­сін­ген олар оған қаймықпай қарсы тұрды. Жалын құйы­нын қайткенде тоқтатуға жан салынған күресте Арал Кәдірсізов ерлікпен қаза тап­ты. Әріптесі Талғат Оңаев­­тың денесі қатты күй­іп мүгедек болып қалды.

Орманшылар аз ғана топ­пен өрттің бетін қайта­руға күш салып жатқанда ау­дандағы 50 өрт сөндіру мекемесінің ешқандай кө­мегі тимеді. Мұны да былай қой­ғанда өртті өз күштерімен сөндір­ген­дей болып жоғары жаққа жал­ған ақпар жөнелтілуін қайтер­сіз. Тілсіз жаудың өршімеуіне тос­қауыл қою тікелей міндеті санал­ғанымен, олардың осындай тосын оқиға­лардан сыртқары қалып, өзге­лерге ысырып тастауы бір бұл емес.

Қынжыларлығы сол, өрт сөн­дірген орманшылардың ерлігі елен­бей келеді. Марқұм Арал Кә­дір­сізов мемлекеттік марапаттауға ұсыныл­ған болатын. Бірақ, әзірге одан ешқандай хабар жоқ. Мү­гедектікке ұшыраған Т.Оңаев болса, тиесілі өтемақыны  әлі ала  алмай жүр.

– Біздің салаға қатысты мәсе­ле­лер жеткілікті. Соның ішінде орман қызметкерлерінің еңбек­ақы­сы тым төмендігі өкінтеді. Қажетті құралдармен жабдықталу нашар, әсіресе, өртті өршітпей сөндіретін техника жоқтың қасы. Жасыл же­лек көлемін көбейтуге, жас көшет­тер өсіруге мүмкіндігіміз тар. Күні кешегіше орман шаруашылығының қаржы артылса ғана қаржыландырылуы ойдағы біраз істерді қысылмай атқаруға қол қысқалық жасайды.

Аудандағы орман алқабы 15 мың гек­тар­дан асады. Тоғайлы жерлер бір-бірінен алыста  орналасқан. Аумағы 7 мың гектар Қарағаштың өзі қиян түкпірдегі бір бүйірде. Күзетшілер санының аздығы, көліктің жоқтығы орманды сұқ көздерден сақтауға, өрттің алдын алуға қиындық келтіреді. Бұрын жүргізіліп келген ғылыми-зерттеу жұмыстарының ұмытылғаны­на да бірнеше жыл. Орман шаруашылығын дамытуға бағытталған іс-шаралардың бәрі қамтылған жобаларға зәруміз. Осы орайда жаңадан қабылданған Орман кодексінде оған жеке тұлғалардың иелік ету формасы қарас­тырылуы жер көркінің тағдырын не күтіп тұрғандығы ойлантады. Осы саланың жағдай­ын мемлекеттік тұрғыда талқылап, нақты міндеттер белгілеудің уақыты жетті емес пе, – дейді Қанат Қойшыбаев.

Бұл пікірге құлақ түріліп жатса құба-құп, әрине.

Қарағашты қызғыштай қорғаудың үлгісін­дей мына бір жайды жаңаарқалықтардың бәрі біледі, сүйсіне айтады. Ел ішін басқарудағы ақылдылығы мен кемеңгерлігіне орай “жақсы­лардың соңы – Телқозының Шоңы” атанған Шоң би осы аймақта отыз жыл болыстық құр­ғанда орманға бейсауат мал-жан жолатқыз­бапты. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Ресейден жосылған қоныстанушылар бұл жаққа да көз тігеді.  Соған байланысты жер бөлу комис­сиясы Қарағашқа шықпақ болғанда Шоң би оның маусым айында келуін ыңғайлайды. Өйткені, маса-сонаның қаптайтын кезі осы мезгіл екен. Қайда барса да қара бұлттай төне шүйліккен жәндіктерден әбден мазалары кетіп, азап шеккен комиссия мүшелері Қарағашты қоныстануға лайықсыз жер деп тауып қайтады. Олай болмағанда шағын орманның қазір не күйде болары белгілі.

Жапандағы жалғыз орман – Қарағаш жайлы әңгіме, міне, осындай. Аялы алақанға алынғаны қуантады. Оны көрген адам табиғатына да, тарихына да тәнті болары хақ.

Айқын НЕСІПБАЙ,
“Егемен Қазақстан”.

Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы,
Қарағаш қорығы.

26 қараша 2003 жыл.