2018 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 64 млрд теңге болатын 8 659 пәтер сатылған. Ал жалпы «Нұрлы жер» жүзеге асырыла бастағалы бері, яғни 2016 жылдың аяғынан бастап мемлекеттік бағдарлама аясында 13 197 қазақстандық қоныс тойын атап өткен. Баспана сатып алу үшін оларға жалпы сомасы 98,2 млрд теңгені құрайтын заемдар берілді. Қаражаттың 69 пайызы республикалық бюджеттен бөлінді, ал 31 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке қаражаты болды.
Аймақ әкімдіктерінің мәліметтері бойынша, осы жылы 14 220 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, сатылатын үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы алдын ала белгіленген: Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 180 000 теңгеден, ал басқа аймақтарда 140 000 теңгеден аспайды.
«Нұрлы жер» бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана алу үшін банктен салым ашып, оған үй бағасының 20%-на тең ең төменгі бастапқы жарна жинау керек. Осыдан кейін бағдарламаға қатысушы азамат мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген заемнан үміткер атанады.
- Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тұрғын үй құрылысы саласында дүмпу туғызып, оның дамуына үлес қосқан, мыңдаған қазақстандыққа баспаналы болуға мүмкіндік берген «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың табысын ерекше атап өтті. Оның көмегімен жергілікті әкімдіктерде үй кезегінде тұрған азаматтар, бюджет саласында жұмыс істейтін қазақстандықтар, табысы нарықтық шарттармен үй сатып алуға мүмкіндік бермейтін жандар жеңілдетілген бағамен пәтер сатып ала алады. Бағдарлама аясында берілген заемдардың орташа сомасы – 7,3 млн теңге. «Нұрлы жерге» қатысушылар арасында екі бөлмелі пәтерлер ең үлкен сұранысқа ие болып отыр, - деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.
Жалпы алғанда, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша жаңа нысаннан үй сатып алуға берілген барлық заемдардың жартысы осы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы рәсімделген.
«Нұрлы жер» аясында салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл портал үй таңдау ыңғайлы, ал сату ашық, айқын болсын деп арнайы жасалған. Мұнда қазақстандықтар пәтер алғысы келетін қаланы таңдап, аймақта қандай нысандар салынып жатқанын біліп, өтінім қабылданып жатқан-жатпағанын анықтап, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш бере алады.
Жалпы алғанда, 2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 38 295 қазақстандыққа баспаналы болуға көмектесті. Қазір 1,3 млн адам банкке сеніп, ақша жинап жатыр. Олардың шотындағы қаражаттың жалпы сомасы 624,2 млрд теңгені құрайды. Клиенттерге үй алуға қажет ақшаны жинауға банк қана емес, мемлекет те көмектесіп отыр. Жыл сайын салымшылар жинаған ақшаларының 20%-на тең мемлекеттік сыйлықақы алады. Сыйлықақы депозиттегі жиналған ақшаның 200 айлық есептік көрсеткіштен (2019 жылы 505 000 теңге) аспайтын көлеміне беріледі.
2018 жылдың қорытындысы бойынша берілетін мемлекеттік сыйлықақы осы жылдың ақпан айының бірінші жартысында салымшылар шотына аударылады.