Спорт • 17 Қаңтар, 2019

Қазақстандық теннисшілер жұбы екінші кезеңге шықты

420 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мельбурнде өтіп жатқан Австралияның ашық біріншілігінде қазақстандық жұп Юлия Путинцева мен Зарина Диас алғашқы айналымнан сүрінбей өтті.

Қазақстандық теннисшілер жұбы екінші кезеңге шықты

Өздерінің тұсаукесер кездесуінде жерлестеріміз Ресей және Словенияның өкілдері – Ирина Хромачева және Далила Якуповичпен шеберлік байқасты. Бұл бәсеке 6:3, 6:3 есебімен біздің қыздардың пайдасына шешілді. Енді Юлия мен Зарина чехиялық жұп Маркета Вондроушова және Барбора Стрыцовамен күш сынасады. Олар өз кезегінде Канада мен Қытай спортшылары Габриэла Дорбравска мен Сюй Ифаньға 6:3, 3:6, 6:3 есебімен сан соқтырған болатын.  

Естеріңізге сала кетейік, жүлде қоры 42 850 000 долларды құрған Австралияның ашық біріншілігі 10 қаңтарда басталған болатын. Жекелеген сайыста Қазақстанның теннисшілері сәтсіз өнер көрсетті. Зарина Диас пен Михаил Кукушкин алғашқы айналымда сүрінсе, Юлия Путинцева екінші кезеңде ұтылды. Бұл жарыс 26 қаңтарда өз мәресіне жетеді.