Медицина • 17 Қаңтар, 2019

Атырау облысында екпе алмаған балалар қызылшаға шалдығып жатыр

646 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аймақта қызылша ауруына шалдықты деген күдікпен 58 оқиға тіркелді, оның 19-ы зертханалық тексеріспен расталды. Ауырған балалардың 85 пайызы 14 жасқа дейінгілер.

Атырау облысында екпе алмаған балалар қызылшаға шалдығып жатыр

Атырау облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиев жұқпалы аурудың өршуіне уақытылы екпе алмау себеп болып отырғанын айтады. 

- Ауырғандар арасында бір жасқа толмаған нәрестелер бар, олар вакцинациядан өтпеген, медициналық көрсеткіштер бойынша екпе алмаған және екпе салдырудан бас тартқан. Сондықтан ата-аналарды балаларының денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, вакцина инфекциялық контагиоздық аурулардың алдын алатынын ескерте отырып, екпеден бас тартпауға шақырамыз. Вацинация қоры бізде жеткілікті, тұрғылықты мекен-жайы бойынша кез келген емханаға барып, тегін екпе салдыруға болады, - дейді Темірбек Мұсағалиев.

Өткен жылдың қазан айында осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылған. Арнайы мамандар облыстың барлық аудандарына барып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бұрын бас тартып келген 752 бала қызылшаға қарсы екпе алды.

Жалпы елімізде қазір қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болып тұр. Өткен жылы Атырау облысында қызылша ауруын жұқтырғандар тіркелмеген еді.  

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ