Қазақстан • 17 Қаңтар, 2019

2250 әскери қызметші жеңілдікпен пәтер сатып алды

638 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әскери қызметшілерге арналған «Әскери баспана» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы айтып берді.

2250 әскери қызметші жеңілдікпен пәтер сатып алды

2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі заңнама өзгергеннен кейін әскерилер баспана сатып алу үшін 70 мың арнайы шот ашты. Бұл шоттардағы ақшаға қол сұғылмайды және әскери қызметкерлердің  борыштарына байланысты қандай да бір несие төленбеген жағдайда тұтқынға алынбайды.

2018 жылдың шілде айында «Әскери баспана» бағдарламасы іске қосылды. Банк пәтер сатып алу үшін әскери қызметшілерге жеңілдік шарттарын ұсынды: жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан 8%-ға дейін, бастапқы жарна — 5%-дан 20%-ға дейін. Қарызды көп балл жинаған үміткерлер алады. Ұпайлар қызметтің әрбір толық айы үшін есептеледі. Кім ұзағырақ қызмет етсе, соның мүмкіндігі жоғары болады.

«Әскери баспана» бағдарламасының шарттары бойынша пәтер құнының 5% ғана жинаған әскери қызметшілер жылдық 7% ставка бойынша несие ала алады. Шарт бойынша пәтерді тек бастапқы нарықта сатып алуға болады: пәтер құнының 20%-ын жинағандар құрылыс салушыдан жылдық 6%-бен жаңа тұрғын үй сатып алуға несие рәсімдей алады. Екінші нарықта тұрғын үй сатып алғысы келетін әскери қызметшілер жылжымайтын мүлік құнының 20%-ын енгізуі тиіс, ал несие бойынша жылдық мөлшерлеме 8%-ды құрайды.

Л. Ибрагимованың айтуынша, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арнайы әзірленген askeri.baspana.kz сайты арқылы 13 мың өтініш түсті. Оның ішінде 5,5 мың әскери қызметші несие бойынша оң шешім алды, құжаттарға қол қойылып, қазіргі уақытта олар пәтер іздестіруде.

2250 адам ТҚЖБ-дан қолжетімді несие алып, өз пәтерлеріне қоныстанды. 250 әскери қызметшінің құжаттары банкте қарауда жатыр.

«2019 жылдың 1 сәуіріне дейін несие бойынша оң шешім алған 5,5 мың әскери қызметкердің барлық құжаттарын қарап, екінші бағдарламаны бастауды жоспарлап отырмыз», — деді Л. Ибрагимова.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере келе, онлайн режимінде қызмет көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан барлық нысандар туралы қазақстандықтар baspana.kz сайты арқылы біле алады. Порталда қолжетімді шаршы метрге үміткер пәтерді сатып алғысы келетін қаланы таңдап, қандай нысандар салынатынын, өтініштерді қабылдау ретін біліп, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үйді сатып алушылар пулына қатысуға өтінім бере алады.

«Жыл сайын салымшылардың саны өсуде: бізде 1,2 млн салымшы бар, ал 3 жыл бұрын олардың қатары 600 мың ғана болған еді. Алайда осыған қарамастан банктегі адамдар саны ұлғайып жатқан жоқ. Сондықтан соңғы 3 жыл ішінде біз барлық бизнес-процестерді автоматтандыруға баса назар аударамыз», — деді Л. Ибрагимова.

Біріншіден, кеңесшіні үйге шақыру мүмкіндігі бар және ол өзінің арнайы планшеті арқылы үйіңізге келіп депозит ашып бере алады. Екіншіден, салымшылар кез келген банктің карточкасынан депозитті еш комиссиясыз сома мөлшеріне қарамастан толықтыра алады. Автоматтандырудың үшінші кезеңі-электрондық портал арқылы құжаттарды беру. 2018 жыл бойы өтінімдерді жинау, пәтерлерді бөлу және басқа да процестер ЖТҚЖБ интернет-банкингімен байланысты baspana.kz порталы арқылы жүргізілді.

«Біз алдын ала біліктілік бойынша үлкен жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Көптеген салымшыларды табысы айына 100-120 мың теңге болғанда олар қандай сомаға үміттене алатыны  толғандырады. “Алдын ала біліктілік” институты 2019 жылдың басында жұмыс істейді және әрбір салымшыға банкте қарыз қандай сомаға мақұлдануы мүмкін екендігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді спикер.

Салымшының орташа жасы-36 жас. 150 мың балалар депозиті 0-18 жас аралығында ашылды. Л. Ибрагимованың айтуынша, ТҚЖБ қызметін бір рет пайдаланған адамдар артықшылықтарды түсіне отырып, бала туғаннан бастап қаржы жинай бастайды.  Әрбір үшінші салымшы 18-29 жас аралығындағы адамдар, бұл спикердің айтуынша, басым топқа жатады.

«Жастар (ескерту. – 2019 жылды Мемлекет басшысы Жастар жылы деп жариялады) жылы жас отбасылар үшін әр-түрлі бастамаларды ұсынатын боламыз. Бағдарламаны бастапқы нарықта ғана емес, екінші нарықта да қарастырып, оның кеңеюіне қажет құралдарды саралап қарастырамыз. Өйткені, біз салымшылардың түрлі сегменттерін зерделей келе, біз халықтың әр бөлігінің өз қажеттіліктерін байқадық. Басында адамдар баспаналы болғысы келіп, бір бөлмелі пәтерді сатып алғысы келеді. 3-4 жылдан кейін балалары пайда болған соң тұрғын үй көлемін ұлғайту туралы өтініш білдіреді. Бұл өмірлік цикл өте маңызды, біз отбасының әрбір кезеңінде салымшылардың қажеттілігін қанағаттандыра алатын бағдарламаларды әзірлеуге тырысамыз», — деп түйіндеді сөзін банк басқармасы.