Яғни, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде оларға 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оған шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин кіреді. Былтыр бюджеттен инсулин сатып алуға 11 млрд теңге, ал таблеткаларға 4 млрд теңге бөлінген. Бірақ 150-ге жуық науқас препаратты алмағанын айтып, шағымданған. Таяуда осыншама науқасқа жетпей қалған қазақстандық инсулин Өзбекстанда көтерме бағадан да төмен сатылып жатыр деген хабар таралды.
Бұл жағдайдан Денсаулық сақтау министрлігі бұрыннан хабардар болып шықты. Олар істің жай-жапсарын білу үшін өткен жылдың аяғында Сыртқы істер министрлігі арқылы көрші елдегі әріптестеріне сұрау салған көрінеді. «Өзбекстанда инсулин сатылып жатқаны туралы ақпарат келді. Соған байланысты министрлік құзыретті органдармен тексерісті бастап кетті. Былтыр жыл соңында Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігіне тиісті хат жолдап, осындай фактілер тіркелген жағдайда бізді хабардар етуді сұрадық», деді Фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.
«Инсулиндер бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынып, Қазақстанның тікелей медициналық ұйымдарына келіп түседі. Ол жерде инсулиндер рецепт ретінде жазылып, пациенттердің қолына тапсырылады. Былтыр біз бөлшек сауда желісінде бірыңғай дистрибьютор арқылы алынған осындай препараттардың сатылу жағдайларын анықтаған болатынбыз. Бұл фактілер туралы құқық қорғау органдарына да хабар бердік. Біз пациенттердің сол препаратты алғанынан немесе басқа жерге сатқанынан хабарымыз жоқ. Болмаса ол препараттар сызылып тасталып, медициналық ұйымдардан алынған. Басқа да органдар мен прокуратура істің мән-жайын анықтау үстінде», деді Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова.
Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин Парламент Мәжілісінде тілшілерге берген жауабында аталған дерек бойынша прокуратура тексеру жүргізіп жатқанын жеткізді.
Ал министрлік өкілдері ақпараттың анық-қанығы осы айдың соңында жарияланатынын мәлім етті.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»