Канал
Дүйсенбі, 31 желтоқсан 2012 0:22
Инженер Қ.Сәтбаев Орталық Қазақстан қара металлургия комбинатын салу жөнінде 1940 жылдың 29 шілдесінде Қазақ КСР Халкомы төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жазған хатында: ”Бұған алдымен керекті темір кені мен Қарағандыда кокстенген көмірдің мол екенін”, – айта келіп, оны орналастырудың егжей-тегжейіне тоқтайды…
Дүйсенбі, 31 желтоқсан 2012 0:22
Инженер Қ.Сәтбаев Орталық Қазақстан қара металлургия комбинатын салу жөнінде 1940 жылдың 29 шілдесінде Қазақ КСР Халкомы төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жазған хатында: ”Бұған алдымен керекті темір кені мен Қарағандыда кокстенген көмірдің мол екенін”, – айта келіп, оны орналастырудың егжей-тегжейіне тоқтайды…
КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық филиалының төрағасы Қ.Сәтбаев 1942 жылдың көктемінде сол комбинатқа қолайлы жер іздеу комиссиясын басқарып Қарағандыға келеді…
… Қазақстанның осы бір оймақтай ауданының тарихы ерекше. Баяғы Аңырақай жеңісінен кейін Сарыарқаға қарай үдере көшкен Қаржас руының бір тайпасы Нұра өзеніне жетіп тоқтаған екен де ол жерге талай аталарының сүйегі қалған Самарқанд қаласының атын қойған екен…
Қарағанды көмір бассейнінің даму басы ВКП/б/ Орталық Комитетінің 1931 жылдың 15 тамызында қабылдаған қаулысынан басталады. Қарағанды содан бастап Донбасс, Кузбастан кейін КСРО-да үшінші көмір ошағы атанады. Шахталар ашылады, жылу электр станциясы салынады. Ақмола жағынан темір жол мен Нұрадан су тартылады, төңіректен аштықтан қашқан қазақтар жиналады…
Кешегі құлазыған қу далада пайда болған қала халқы бір жазда 80 мыңға жетеді. ТЭЦ қуаты азшылық еткеннен кейін ГРЭС салу мұқтажы туады. Ол үшін алдымен мол су керек. Ол қай жерден табылса ГРЭС-те сол жерден бой көтермек. Сондай жер деп Нұра өзенінің Самарқанд тұсы таңдалып, 1932 жылдан бастап су қоймасы, оның жағасына ГРЭС салына бастайды…
Екінші жиһан соғысы қарсаңында далада шашылып жатқан темір-терсекті жинап, қайта балқытатын “Қазақстан металлургиясы” деп аталған қарапайым зауыт та осы тұстан қоныс алады. Жоғарыдағы комиссия да қара металлургия комбинатын осы жерге сыйдыруға тоқтайды. Кең құлашты құрылыс төңірегінде жаңа қала пайда болады. Оған болашақ комбинат өнімі еске алынып Теміртау деген ат қойылады. Енді сол комбинаттың іргесін қалауға кірісу керек. Сол үшін 1949 жылдың көктемінде Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, академик Қ.Сәтбаевтың басшылығымен Қарағандыда кезекті ғылыми сессия өткізіледі. Бұл сессияда қаралған “Орталық Қазақстан өндіргіш күшін дамытуға” жергілікті су қорының жетпейтіні анықталады. Ендеше оны басқа жақтан іздеу керек. Осы очерктің басында келтірілген Қаныштың Оңдасыновқа жазған хатындағы ой еске алынады. Онда инженер: “Егер болашақ комбинат өрісіне бұл /Нұра суы — Қ.И./ аздық ететін болса, онда ту-ту Ертісті де есептен шығармай, жобалаған дұрыс сияқты”, – деген болатын. Иә, Ертістен қырға қарай канал салу мәселесі осы жолы айқын көтеріледі және бұл міндетті атқару Энергетика институтына тапсырылады. Академик Шапық Шөкиннің басқаруымен институт қызметкерлері 5-6 жыл бойы Ертіс пен Нұра аралығын үздіксіз кезіп, қолайлы 5-6 нұсқа жасайды…
1958 жылдың күзі. Республика Ғылым академиясының кезекті сессиясы тағы да Қарағандыда өтеді. Тақырыбы – Орталық Қазақстан өндіргіш күштерін әлі де болса дамыта түсу және Қазақ магниткасын салуға тікелей кірісу мәселелері…
Өткен жылы Ертістен Орталық Қазақстанға қарай тартылатын канал нұсқаларынан ең тиімді дегенін таңдап, жобасын жасауды Мәскеудің Гидропроект институтына тапсырғанда, оның бітер уақыты 1958 жылдың күзі деп белгіленген. Осы тапсырманы уақытында орындау үшін институт жанынан арнайы жобалау тобы құрылған екен. Соның бас инженері, техника ғылымының докторы Иван Семенович Семенов сол жобаны таныстырмақшы. Алғашқы екі тақырып жөніндегі әңгіме ұзаққа созылмады. Өйткені оған керек кен мен құрылыс материалдары жергілікті жердің өзінен-ақ табылатын. Ал суды сырттан қалай жеткізу керек? Осы сұраққа жауап алу үшін сөз Семеновқа берілді.
Гидропроект институтының жобасы бойынша канал басын Ертістің ана арнасынан алып, батысқа қарай жүргізіп, Шідерті өзеніне әкеп тірейді. Одан әрі оны бойлап, Нұра өзені астынан дюкер арқылы өткізіп, Қарағандының шығыс жағындағы Көкпекті ойпатына жетіп, одан Сарысу арнасына түсіп Жезқазғанға қарай бұрылады. Каналдың жалпы ұзындығы мың километрге тартып кетеді. Осы жобамен салынған жасанды өзен өзі басып өтетін Екібастұз, Бозшакөл, Теміртау, Қарағанды, Жәйрем және Жезқазған өндіріс тораптарын Ертіс суымен қамтамасыз етеді.
Семенов: “Баяндамамды тәмамдадым”, – дегендей тоқтап, сілтідей үнсіз отырған залға бұрылды.
– Сіздердің көкейлеріңізде: “Қарағандыға дейін өр ғой. Суды оған қалай жеткізбексіз?” – деген сұрақтың тұрғанын сеземін. Осы проблеманы шешу үшін канал бойында 26 насос станциясы болады. Олардың әрқайсысы суды 20 метр биіктікке көтеріп, келесі каналға қотарып отырады. Шідерті басын Қарағанды қыраттарынан алып, солтүстік-шығысқа қарай ағатын өзен. Енді суды оның арнасымен кері ағызу үшін, ол 11 жерден бөгеледі де әр бөгесінде тұратын насос станциясы төменгі бьефтегі /қоймадағы/ суды жоғарғы қоймаға қотарады. Ал Нұраның оңтүстік жағындағы биіктік – 506 метр қыратқа көтерілетін суды енді биіктігі теңіз бетінен 457 метр болатын Көкпекті қоймасына қотару керек. Бұл арада су 15-20 градустық еңіспен ағады. Мұндағы ағыс күшін пайдалану үшін осы жерге екі ГЭС салып, ағысты энергияға айналдыруды жөн көрдік.
Семеновқа көптеген сұрақ қойылды:
– Осы каналдың мақсатының бірі – болашақ Магнитканы сумен қамтамасыз ету үшін Самарқанд қоймасын еселеп тұру. Сіз баяндамаңызда бұған соқпадыңыз ғой?
– Кешірерсіз,– деді Семенов. – Ол үшін дюкерге жетпей каналдан жең тартылып, ол Нұраға қосылады да, сол арқылы Ертіс суымен аталған қойма еселенеді.
– Каналдың ені мен тереңдігі қанша су өткізуге есептелген?
– Оның орташа тереңдігі 12, ені – 40 метр. Жасанды өзен бойындағы 60 мың гектардай жер қолдан суарылуы керек. Оған қоса болашақ Екібастұз бен Магнитка Қарағандының өзіне ғана секундына 25 текше метр су тиесілі. Осы каналмен ағып барған Ертіс суын Жезқазған кешені соңғы тамшысына дейін бөліп алатын болады.
– Аралға жетпей ме?
– Бұл канал арқылы ол мәселені шешу көзделмеген…
Сессия жұмысына үзіліс жариялаған Қанекең өзі әлденені жазған болып, орнында қозғалмай қалды. Сөйтіп отырып төңірегіне құлақ салуда. Өйткені, жұрттың пікірі осындайда айқындалатыны анық.
– Өте жақсы жасалған екен…
– Құлама ағыс жолына екі ГЭС салу – табылған тәсіл…
– Енді Сарысу бойындағы жерлер де игерілетін болады…
… Гу-гу әңгіме…
Үзілістен кейін Қарағанды обкомының өндіріс жөніндегі хатшысы сөз алды. Одан соң мінбеге академик Шапық Шөкин көтерілді.
– Канал бас алатын Ертістің ана арнасының 6-7 километр шығысында Ақсу саласы бар, – деді ғалым. Одан аталмыш аймаққа су жайылып, ол жерге шыққан шөп мал шаруашылығы мұқтажын шешіп береді. Бірақ енді сол су каналдың бастапқы бөлегін жылда жуып-шайып кетуі мүмкін. Байқаймын, жобалаушылар бұл қатерді естеріне алмаған сияқты. Сондықтан да менің ұсынысым – каналды Ақсу жағасынан бастау…
Осы тұста Семенов ол сала суының каналға қотарылар су көлеміне жетпейтінін айтты.
– Онда, Ақсудың Ертістен айырылар бұрылысын кеңейтіп, арнасын тереңдету керек. Әйтпесе, каналдың көктем суы ағызып кетіп жататын бас жағын жылда қалпына келтірумен әуре боламыз да жатамыз… Екінші пікірім, мұндағы ГЭС-тер жөнінде. Қарағандының өзінде ТЭЦ, Теміртауда ГРЭС-І бар. Топарда ГРЭС-2 салынбақшы. Есептеп отырсам, бұлардың беретін қуатына канал бойына салынатын екі ергежейлі ГЭС-тің қосар үлесі нөлге тең болады екен. Қуатқа қуат қоса алмай турбиналары босқа айналып жататын ГЭС-тер құрылысына қаржы шығарып не керек.
Тағы да біреулер шығып сөйледі. Қол көтерушілер сап болған уақытта Сәтбаевтың өзі қозғалсын.
— Өз басым академик Шөкинге қосыламын, – деді Қанекең бірден. – Сөзді осы бағытта дамытатын болсам, алдымен жобаның жер жағдайына жіті үңілмегендер қолынан шыққаны… Меніңше, бірінші, каналмен ағып келетін Ертіс суын бірден Нұра арнасына қотарған жөн. Нұра – бұрылысы көп өзен. Ол Самарқанд қоймасынан шыға оңтүстік-батысқа қарай ойыса ағады да Есенкелді деген елді мекен тұсында қайта солтүстікке қарай қайқаяды. Ал Сарысуға Атасу елді мекенінің солтүстік жағынан келетін Ақтас деген саласы бар. Есенкелді тұсындағы Нұра мен Ақтастың басын ұзындығы 100 километрлік каналмен қосуға болады. Сонда болашақ каналдың Нұрадан Көкпекті арқылы Сарысуға келіп жалғанатын ұзындығы 300 километрдей бөлегі қысқарады деген сөз. Бұл өкінішті емес. Өйткені ол аралықта өндіріс ошағы да жоқ және ауыл шаруашылығы мақсатына игерілетін жері де жоқ. Екіншіден, Сарысу арнасын ашық қалпында пайдалану да артық. Өзен шөлейт даламен ағады ғой. Топырағы тұтқыр және күн радиациясы да күшті. Бұл ертең каналмен келетін Ертіс суының көбі жерге сіңіп, аспанға бу болып ұшып кетеді деген сөз. Сонда Жезқазған өндіріс кешеніне не жетеді? Алыстан алып келген суымыз мұндай ысырапқа ұшырамас үшін каналдың Атасу – Жезқазған бөлегін құбырмен жүргізген дұрыс. Үшінші, Ақмола өзінің географиялық орналасуына қарай төрт бағыттан келетін темір жол, тас жол, әуе жолының осы жерде түйісетініне қарай болашақта республика экономикасы, мәдениеті мен ғылымы ересен даму алатын қала. Су молшылығынсыз даму жоқ десек, жобалаушылардың мұны да еске алғаны жөн.
Осы кезде манадан бері үнсіз отырған Семенов дауысы тағы шықты.
– Жанынан Есіл өзені өтеді ғой…
– Рас, – деді Қаныш. – Ақмоланың төңірегінде Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстары. Оның халқының да қарап отырғаны осы Есіл. Мұның суын солардың үлесіне қалдырып, Ақмоланы каналмен ағып келетін Ертіс суына телу керек. Оның үш жолы бар: бірінші, Ақмоланың түбінде Нұра Есілге 25-30 километрдей жақындап барады. Ертеректе көктемде жайылған Нұра суы кемерінен асып, өз бетімен жол тауып Есілге барып құятын. Бұл аралықтағы арнаны халық Сарқырама деп атаған. Екі өзенді сол жүлгемен тұрақты түрде қосуға болады. Екінші, каналдың 19-шы насос станциясы мен Есілдің бас жағы арасында Аюнияз тауы тұр. Осы екі араны ұзындығы 40 километр ғана туннельмен жалғауға болады. Үшіншіден, каналдың Шідертіге жолығатын тұсынан бастап Ақмолаға тура жең тартуға болады. Меніңше, Орталық Қазақстан өндірісі мен халқын Ертіс суымен қамтамасыз ету үшін осы ұсыныстарды еске алып, жобаны қайта қараған дұрыс бола ма, қалай…
Семенов қайта көтерілді.
– Біз ұсынып отырған жоба бойынша каналдың жалпы құны 200 миллион сом болмақ. Оған сіздің, әсіресе, үшінші ұсынысыңыздың құнын қоссақ… – деп тоқтады ол.
– Осында айтылған ұсыныстарды қабыл алып, іске асырсаңыздар, соларға есептелген қаржыға Шідерті – Ақмола каналын да салып шығуға болады. Бұл – бір, екіншіден, үкіметтен қосымша қаржы алып беруді мен мойныма алайын. Үшіншіден, республика бюджетінен де қаржы бөлдіруге болады. Ол жағына қам жемеңіз…
Сәтбаевтың көмекшісі Бөпежан Аяпбергенов оқиға барысын былай жалғайды:
– Жобалаушылар қағаздарын құшақтап Мәскеуге, біз шаруамызды тыңдырып Алматыға тарастық. Келесі жылдың көктемінде Қанекең Мәскеуге шақырылып, бара қалған жолымызда қонақ үйге былтырғы Семенов келе қалсын. Қанекең екеуі люкстің жоғарғы бөлмесінде оңаша ұзақ отырды. Мен шай қойдым. Стол басында да екеуінің әңгімесі канал жөнінде болды… Ол әңгімеден менің ұққаным, Гидропроект институты былтырғы Қарағанды сессиясында айтылған пікірлерді пысықтап, жобаға елеулі өзгерістер енгізген екен. Соны көріп шығуға Қанекеңді шақыра келіпті. Ертеңінде бардық. Институт қызметкерлері Қанекеңді қол соғып қарсы алды.
– Қазақстан академиясына өкпелеп қалған жоқсыздар ма? – деді Қанекең канал макетін төңіректеп тұрғандарға.
– Жер жағдайын жақсы білесіз ғой. Ұсыныстарыңыз қабылданды – десіп жатты олар.
– Енді осыны іске асыру жөнінде Қазақстаннан не тілектеріңіз бар?
– Бұл құрылыс үкіметтің алдағы жеті жылдық жоспар жобасына енсе…
– Енгіземіз, – деді Қанекең.
Бөпежан АяпбергеновтіҢ сөзі. Кезінде Қанекеңнің қоластында істеген бұрғылау мастері былай деген еді.
– Бір бұрғылау алаңында бір шатақ орын алып қалса, оны жөндеуге келген басшылар: “Өйтіңдер, бүйтіңдер!” – деп ақыл айтады да жүре береді. Ал Қанекең келсе ана станок жөнделмейінше, жүріп кетпейінше бұрғылау алаңынан шықпайды ғой, – деген еді ол. Қанекеңнің осындай тиянақтығына соңына еріп жүрген жылдарымда өзім де талай куә болдым. Алматыдан көздей шыққан ісін Мәскеуде аяғына дейін жеткізбейінше қайтпайды ғой. Осы жолы да сөйтті. Түні бойы бірнеше одақтық мекемелерге қатынас жазып шықты да келесі күннен бастап “жүгіруге” кірісті. Ерте кетеді, кеш келеді. Үш-төрт күннен кейін ол көңілді қайтты. Канал құрылысын жасалып қойған жеті жылдық жоспарға енгізген екен! Сол күні Семенов та келді. Шай үстінде мен оған:
– Иван Семенович, сіз бүгін аса қуаныштысыз ғой. Әйеліңіз ұл тапты ма? – дедім.
– КСРО Энергетика министрлігінің сан-салалы жүйесінде бала-шағасымен есептегенде 1 миллион 700 мың адам бар. Біз соларды асырау үшін уақытында жұмыс тауып беріп отыруға тиіспіз. Менің қуанышымның сыры да осында. Мына каналды салу арқасында 15 мыңдай адамға 10 жылға жұмыс тиеді. Осы адамдар саны менің әйелім табатын бір ұлдан неше есе көп болса, менің бүгінгі қуанышым ұлды болудан да соншама есе артық, – деді Семенов әзіл-шыны аралас.
– Соңғы жоба бойынша салынатын канал өзінің тұрпаты жағынан дүниеде теңдесі жоқ қолдан салынатын жасанды өзен болады. Суды техникалық жолмен 500 метр биіктікке көтеру оңай болып па. Сіздер осы проблеманы шешейін деп отырсыздар. Канал құрылысы біткеннен кейін бұл еңбектеріңізді Лениндік сыйлыққа ұсынатын боламыз, – деді Қанекең.
– Рахмет! – деді Семенов.
Бұл адамдардың сол күнгі қуанышы шексіз еді. Алайда, көп ұзамай ол су сепкендей басылды да қалды. Мәселе мынада, Республикалық “Казахстанская правда” газетінің 1959 жылғы 21 маусымдағы санына “Подземные воды” деген мақала шыға келсін. Онда Қарағанды жері астынан секундына 25 текше метр су беретіндей қуатты тасқын табылғаны айтылыпты. Есеп бойынша Қарағанды өндіріс торабына да оу бастан секундына 25 текше метр су керектігі жобаланған. Сол көлемдегі су өзінің астынан табылса, оны қыруар адам күшімен, қыруар қаржы шығындап алыстан тартатындай не бар? Осыған байланысты КСРО Жоспарлау комитеті Ертіс-Қарағанды каналы құрылысын жеті жылдық жоспардан алып тастады. Ал шындыққа келсек, газет ана мақаланы жалған ақпарларға сүйеніп жазып, жариялаған еді. Енді, әуелі оның жалғандығын дәлелдеп шығу керек. Осы үшін Қанекең келесі күні-ақ Қазақстан ғылымының беделді жетекшілері болып саналатын 15 ғалымның басын қосып, газет мақаласы жөнінде пікір айтуларын сұрайды… Ол жиынға осы очерк авторы да қатысқан. Ғалымдар газет ақпарының шындыққа жатпайтынын бір ауыздан ғылыми тұрғыда дәлелдеп шықсын… Енді академия президенті Ертіс-Қарағанды каналы құрылысын қайткен күнде де осы жеті жылдықта бастау керектігін, онсыз Орталық Қазақстан өндірісінің тақырға отырып қалатынын ескертіп, КСРО Жоспарлау комитетінің сол кездегі төрағасы Косыгинге хат жазып, оған ғалымдар жиынында қабылданған қаулыны қосып жолдасын.
Бөпежан АЯПБЕРГЕНОВ: Көп кешікпей Мәскеуден: “Ертіс-Қарағанды каналы құрылысы бұл жолы жеті жылдық жоспардан түсіп қалды. Келесі жеті жылдық жоспарға енетін болады”, – деген жауап келді. Ірі құрылыстар тек Қазақстанда ғана емес, басқа республикаларда да бар ғой. Оларды да өмірге әкелу үшін үкімет жоспарына енгізу керек. Ал оған еніп тұрып түсіп қалған құрылысты қайта кіргізу қияметтің қияметі болатын. Сол үшін жоспардағы біреуді ығыстырып тастау керек. Жауап хатты алған күні Қанекең:
– Енді қып-қызыл төбелес болады! – деді.
Біз ол жолы Мәскеуде толық бір жұма болдық. Қанекең күнде ерте кетеді, кешке шаршап-шалдығып келеді. Келе төсекке құлайды да келесі күні тағы кетеді ертемен… “Әй, өзі айтқан төбелеске түсіп жүр-ау, тегі”, – деп отырамын мен. Бір күні көңілі көтеріңкі қалыпта келді.
– Алдық! – деді. – Жоспардан орын алдық!
… Ғалымдар жиынында, Қанекеңнің өзі шақыруымен осы очерктің авторы да қатысты. Ешбір мамандығы жоқ мені сол басқосуға шақырғанына іштей таңданып жүруші едім. Бір күні осының сырын Бөкеңнен білдім. Соңғы сессиядан Алматыға қайтып келе жатқанда Қанекең көмекшісіне:
– Осы құрылыстың тарихын басынан араласып жазатын жас жазушы табылар ма екен? – депті. Сол уақытта ол кісімен осы жолдар авторы кездесе қалсын… Мені ғалымдар жиынына қатыстыруы, сол жиынның қаулысы мен Косыгинге жазған хаттың бір-бір данасын ұстатуы /“Қаныш аға” естеліктер жинағы, “Жазушы”, 1989, 358-б./ осыдан екен. Ол күні қолына мен түспегенде, соңынан бәрібір бір жас жазушыны осы мақсат үшін шақыруы анық еді. (Мен сол құрылысқа қатысып жүріп, көптеген істерге куә болдым. Қанекеңнің Орталық Қазақстанды суландыру жөніндегі еңбектерін архивтен “сыпырып” алып, 1969 жылы “На стыке судеб” деген кітап жаздым. Ертіс – Қарағанды тақырыбын тілге тиек еткен “Самғау” повесімнің де шығатыны осы кез. Кейін канал жұмысы біткенде, оның құрылысшыларымен бір тізімде Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталдым. Осыған қарағанда, Қаныш ағамның сенімін ақтасам керек).
…1961 жылы КСРО үкіметі Ертіс-Қарағанды каналын салу жөнінде шешім қабылдады. 1962 жылы одан алғашқы күрек топырақ алынды. Бөкеңнің айтуына қарағанда Қанекең бұл жөніндегі хабарды КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясына депутат ретінде бара жатқан жолында естіп, қатты қуанған екен… Содан бері, міне, тұп-тура 40 жыл өтіпті.
… Әлі есімде, құрылыс басында Гидропроект институтының бір тобы жұмыс істеді. Мақсаты – құрылысшылардың жұмысты жобадан ауытқымай жүргізуін бақылау. Осы топтың жетекшісі Смирнов деген инженер бір күні маған мынадай оқиға айтты:
– Бірде институтта Семеновтің кабинетіне кіре қалсам, Иван Семенович қатты күйзелісте отыр екен. Шошып кеттім де денсаулығын сұрадым.
– Дүниеден Сәтбаев өтіпті. Адамзат бір ойлы да ақылды бастан, ал біз Лениндік сыйлықтан айырылып отырмыз. Ол арамызда тірі жүргенде айтқанын іске асыратын еді, – деп күйініп сөйлесін.
Қалмұқан ИСАБАЙ,
жазушы.
Алматы.