«Өңір-орталық» ротация негізінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметіне ауысты.
Алтай Көлгінов бұрынғы облыс әкімінің бірінші орынбасарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы жемісті жұмысын атап өтіп, жаңа қызметте табыс тіледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі келісімімен Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған Ғали Исқалиев – 1970 жылы туған, білімі жоғары, Батыс Қазақстан аграрлық университетін «экономика», Халықаралық бизнес академиясын «менеджмент» мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары «Тұран-Әлем банк» АҚ Орал қаласындағы филиалында маман, бөлім басшысы, «Темірбанк» АҚ филиалының директоры, БҚО Кәсіпкерлікті қолдау және даму департаментінің директоры, «Қазақстан даму банкі» АҚ атқарушы директоры, вице-президенті, басқарма төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласы әкімдігі қалалық Ортаны регенерациялау басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.
Айта кетейік, Ғали Исқалиевтің әкесі Есқалиев Нәжімеден Ықсанұлы 1986 жылдан 1993 жылға дейін Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысын басқарған болатын.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы