Республика бойынша 2019 жылдың 18 қаңтарында, яғни бүгін сағат 9:00-де оқудың ақылы бөліміне түсушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Еліміз бойынша 18-20 қаңтар аралығында 35 838 талапкер сынаққа қатысады. Оның ішінде 61-і білімін ағылшын тілінде сынайды. ҰБТ-ны шет тілінде тапсырушылар санының артуына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызығушылық танытып отыр. Осыған орай тестіленушілерге ынталандыру ретінде жоғары балл жинаған оқушыны шетелдік ЖОО-ға грантқа түсірмекші.
«ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшысы Жанболат Мелдешов тесті ағылшын тілінде үздік тапсырған талапкерге грант бөлуге дайын екендігін айтып, бірқатар шетелдік серіктес ЖОО-ны белгіледі» дейді министрлік өкілдері.
«Жалпы, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік өте көп. Биыл шетелдік ЖОО-лар біздің азаматтарға 40 000 грант бөлуге дайын. Бұл – әр талапкердің тегін білім алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Мектеп түлектері ҰБТ сертификатымен қазақстандық ЖОО-ларға ғана емес, шетелдік оқу орындарына да түсе алады. Мысалы, Түркия жоғары оқу орындарына біздің сертификатымызбен барып, оқи алады. Ол үшін ағылшын және түрік тілдерін білуі керек», — дейді Ж.Мелдешов.
Соңғы жылдары ағылшын тілінде білім беру қарқынды дамып келеді. Кейбір қазақстандық мектептерде ағылшын тілінде пәндер енгізілген. Ағылшын тілінде тест тапсырудың басты мақсаты – шетелдік ЖОО-ға түсуге деген ниет. Бұл сұрақ бойынша талапкерлерге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» көмектесуге дайын.