Қазақстан • 19 Қаңтар, 2019

Ақмолалықтар мүгедектер үшін автобустардың қолайлылығын бақылауда

471 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы қаладағы қоғамдық көліктердің  көру, есту қабілеті нашар, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар мен психикалық ауытқуы бар адамдар үшін қолжетімділігін тексерді. 

Ақмолалықтар мүгедектер үшін автобустардың қолайлылығын бақылауда

«Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жарымжан жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шараны іске асыруда  Тексеріс барысында қаладағы автобустардың 50 пайызы тексерілді. Мониторинг барысында  автобустардың денінде мүгедектерге арналған арнайы бекітпе, қосымша тұтқалар, жүргізушімен байланыстыратын арнайы тетіктердің бар екендігі анықталды.

Ал автобустардың көпшілігінде механикалық пандус, көзі нашар көретіндер үшін түрлі түсті жарық сигналының болмауы сияқты кемшіліктер анықталды. Ақмола облысында бүгінгі таңда адамдарды тасымалдаумен айналысатын 212 маршрут бар.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүріп тұруына қолайлы болуы үшін облыстағы автовокзал, автостанциялар тексерістен өтіп, мүгедектерге арналған орындарды жасақтау жоспары тұр. Биылғы жылы Көкшетау қаласындағы жеке тасымалдаушылардың бастамасымен мемлекеттік-жеке меншік кәсіпкерлік аясында қосымша 36 автобус сатып алу жоспарланып отыр. - Бұл біраз мәселенің шешімін табады деп ойлаймын. Себебі бұл көліктер жаңа стандарттарға сай автобустар. Оларда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп тұруына қолайлы жағдай жасалатындығына сенімдімін,- дейді мониторингтік топтың мүшесі, «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола филиалының жетекшісі Любовь Сенченко. Партиялықтар бүгінгі күні қаладағы автобустардың басым бөлігі ескіріп тұрғандығын айтуда. Жаңа стандарттарға сай келетін автобустардың жоқтығы да байқалуды дейді олар.

«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанына құрылған көліктердегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп тұруына сәйкестігін бақылайтын арнайы мониторингтік топ жұмысын одан әрі жалғасатын болады.