Соңғы кезде өңірдегі орта мектептер мен колледж оқушылары арасында әртүрлі түсінбестіктің салдарынан төбелеске шыққан оқушылардың бір-біріне пышақ сұғып алу деректері жиі кездесе бастады. Айталық, 2018 жылы өңірде осындай оқиғалардың бірнеше рет қайталанғаны, соның бірінде Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің бірінің түлегі, «Алтын белгі» иегері, өзімен қатар оқыған сыныптасының кеудесіне пышақ сұғып, ол ауыр жарақаттың салдарынан қайтыс болғаны белгілі.
Әрине, адам өліміне себепші болған жасөспірім Қылмыстық кодекстің тиісті бабына сәйкес жазасын алып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Әлбетте басты мәселе, басты гәп мұнда емес. Керісінше тәртібі де, сабақ үлгерімі де жақсы бағаланған жасөспірімнің бойында мұндай агрессивті мінез-құлық қайдан пайда болғанына жауап ізделуінде әрі оған жауап табылуында емес пе? Оқушылардың өздерімен бірге суық қару алып жүруінің деректері мен себебінің астарында қандай сыр бар? Осы сауалдардың астарына көз жүгірту үшін өңірдегі мүдделі ұйымдар тарапынан тиісті іс-шаралар жүргізілген де болар. Әйтсе де тұрғындар арасында жалпы сипат алмағаны, сөйтіп кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу алгоритмі әзірленбегені әмбеге аян.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» дегендей биылғы жылдың басында қысқы каникулдан кейін мектептеріне оралған ақтөбелік оқушылардың арасында жаппай төбелес тағы орын алды. 2019 жылдың 10 қаңтары күні сағат 16.00-дің кезінде жергілікті тұрғындар «ГМЗ» атап кеткен шағын аудан аумағындағы ескі зираттың тұсында жеткіншектердің тағы да жаппай төбелесу деректері мәлім болды. Осы оқиға барысында 2002 жылы дүниеге келген Ақтөбе қаласындағы №22 мектептің оқушысы С.А. өткен жылы жоғары оқу орнының студенті атанған Е.Н. есімді жігіттің оң жақ иығына пышақ сұғып алған.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлнәр Мәмбетжанованың айтуына қарағанда, Е.Н.-ге жұмсалған пышақ кеуде мен өкпе тұсын жанай өтіпті.
облыстық балалар ауруханасына таксимен жеткізілген оған шұғыл ота жасалған. Емдеуші дәрігерлер жарақаттың салдарынан жәбірленушінің жүйке жүйесіне әжептәуір зақым келгенін айтады. Соның салдарынан қазіргі кезде оң қолының қозғалысы икемге келмей қалған екен.
Оқыс оқиғаға байланысты облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ж.Макаревичке хабарласқанымызда ол оның анық-қанығы мен мән-жайын, орын алу себебін және түбегейлі сипаты жөнінде әзірге толымды ештеңе айта алмайтынын, бұған байланысты «Қылмыстық кодекстің» 293-бабының 3-тармағына сәйкес бұзақылық және қадалғыш әрі кескіш заттарды қолданып жасалған бұзақылық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Құқық қорғау органы өкілінің мәлімдеуінше, кескіш заттарды қолдана отырып орын алған оқушылардың жаппай төбелесіне қатысты деген күдікпен 20 жасөспірім арнайы тергеу орындарына жеткізілген. Олардың арасында Ақтөбе қаласындағы №22, №15, №13 және №42 мектептің жоғары сынып оқушылары мен облыс орталығындағы кейбір техникалық колледждердің тәрбиеленушілері бар.
Біз жоғарыда аталған мектептердің директорларының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарларына хабарласқанымызда, бұл мәселеде оқу орнында түсіндіру мен тәрбие жұмыстары жүйелі жүргізілетінін қайталап айтудан аспады. Сонымен бірге олар оқушылардың жаппай төбелесіне өз мектептерінен қатысқан оқушылардың санын жоққа шығаруға әрі олардың кінәсіз екендіктерін айтуға тырысты.
Оқиғаны жасырудың орнына мектептегі жаппай төбелеске қатысы бар оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-аналар мен өзге де қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатылса алдағы уақытта орын алуы мүмкін оқиғаның алдын алуға болмас па еді деген ой келеді.
Осы материалды әзірлеу барысында өңірдегі бірқатар тәрбие беру саласындағы белгілі тұлғалармен және психолог-мамандармен ой-пікір алмасқан едік. Осы орайда ортақ әңгіменің арқауына айналған кейбір ұсыныс-тілектерді оқырман назарына ұсынғанның артықшылығы жоқ деп білеміз. Айталық, психолог Айгүл Сүндетованың айтуынша, балалардың тызетпе, ашушаң болып өсуінің бірнеше себебі бар. Мұндай жайт генеологиялық сипаттар мен сәби дүниеге келгеннен бастап отбасында тәрбиесіне де байланысты болуы мүмкін. Әрине баланың кекшіл болмай, көпшіл болып қалыптасуына мектеп пен ата-аналар арасындағы байланыстың оң ықпалы мол. Сондықтан да осы тұрғыда жүргізілетін тәрбие жұмыстарының түйінін тарқатудың әсері жоғары болмақ.
Сондай-ақ білім беру ісінің ардагері Данағали Кенжебаевтың айтуынша, әртүрлі төбелес пен атыс-шабыс, бір-бірін атып өлтіріп жататын детективті фильмдердің де бала психологиясына тигізетін жағымсыз жақтары аз емес.
Ал Ақтөбе қаласындағы «Бүркіт» патриоттық тәрбие клубының жетекшісі Серік Сағиевтың тұжырымдауынша, жасөспірімдерді қатыгездіктен бойын аулақ салу ісінде құқық қорғау органдары тиісті шаралар атқаруы қажет. Мәселен, соңғы уақытта кейбір оқушылар өзін-өзі қорғау әрі өзіне әлдебіреулер орынсыз тиіскен кезде қорғану мақсатында кескіш және қадалғыш заттар ұстап жүреді екен. Әрине жасөспірімнің бұл ниеті басқа да өкінішті әрекеттерге әкеліп соқтырмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан алдағы уақытта елімізде мұндай жағымсыз іс-әрекеттің алдын алу үшін білім беру орындарында алып кіруге және қолдануға болмайтын заттар тізімін белгілеу керек, дейді С.Сағиев.
Ақтөбе қаласында кескіш зат қолданған мектеп оқушыларының жаппай төбелесінен кейін облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов арнайы отырыс өткізген болатын. Отырыста айтылған мәселелер мен қойылған міндеттер кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу шаралары және білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестерінің жұмыстарын жандандыруға қаншалықты ықпал етеді, оны уақыт көрсетеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ