Қолға алған кәсіптері де ұқсас. Айтпақшы, бұл кәсіптер мүгедектердің екеуіне де барынша қолайлы, қоғамға да. Шашылып жатқан қоқысты жинамақ. Кім ойлаған, есебін тапса, қоқыс жинап та қаражат табуға болады екен. Қалада да, жел кеулеген далада да қоқыстан көп нәрсе жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтарды да сыпырып-сиырып жинап алса, қайтадан өңдесе, кәдеге жарамақ.
Таяуда Жарқайың ауданының орталығында қимыл-қозғалысы шектеулі мүгедек Сергей Приваловтың бастамасымен қоқыс жинайтын қойма ашылды. Сергей кішкентай кезінен денсаулығында кінәрат болса да, елгезек, еңбекқор болып өсті. Мектеп бағдарламасын үйінде игеруге тура келді. Ұлағатты ұстаздарының арқасында мүмкіндігінше тәуір білім алды. Мектептен соң колледжді тәмамдап, бағдарламалау мамандығын игерді. Бұл кезде оның кейбір замандасы өмірден өз орнын іздеп жүрген болатын. Ал әр ісіне ыждаһатты Сергей ата-анасына қарап аузын ашып отырған жоқ, өз бетінше талпынғысы келді. Сөйтіп кішкентай ғана жер телімін жалға алып, қағаз қалдықтарын жинауға кірісті. Шалғайдағы шағын аудан орталығының қуыс-қуысын тегіс адақтап шықты. Бағына қарай адамдар қажет етпей тастаған қағаз дегенің аткөпір екен. Бұған дейін тірі пенденің есіне келмеген бұл орайдағы шаруа шаш- етектен болып шықты. Ендігісі қолына ілінгенді қоймасына тасымалдау ғана, бірақ соның өзі қимыл-қозғалысы ауырлау адамға әжептәуір жүк. Әйтсе де кісіге күнін түсірмеуге тырысқан. Алғашқыда велосипедінің жүк салғышына кішкентай қорапша жасаттырып алды. Енді қағазда қанша салмақ бар дейсің. Ісі оңынан оралған соң алға қарай ұмтылысы арта түскен. Қағаз емес, тиындап болса да ақша тасып жүр ғой.
Бірте-бірте кәсібін кеңейткісі келген. Осы ойы жетектеп өткен жылы Сергейді «Нұр Отан» партиясының аудандық бөлімшесіне алып келді. Ендігі арада қағазға қоса, бей-берекет шашылып жатқан әйнек сынықтарын, қаңылтыр қорапшаларды қоса жинамақ.
– Қағаз жинаудан бастап еді, қазір бәрін де жинайды. Біз оған қойманы сенімді басқаруға беріп, құжаттарын жинауға көмектестік. Ептеген қолбайлау да бар. Мәселен, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үшін облыс орталығына жеткізу, – дейді партия қызметкері Әділ Нұрбеков.
Бүгінде Сергей «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша барлық құжаттарын жинап бітті. Енді өзі қалдықтарды өңдейтін цех ашқысы келеді.
– Мұндай ой менде көптен бері бар, – дейді Сергей, – қоршаған ортаны жарқыратып, жайнатып таза ұстау керек қой. Бір сәт айналаңызға қараңызшы, тұрмыстық қалдықтар барлық жерде демейін, кей жерде бейберекет шашылып жатқаны рас. Мен төңіректі тазартқым келеді.
Алдағы уақытта Сергей пластик ыдыстардың қалдығынан құрылыс материалдарын шығармақ. Құрылыс материалдары шалғайдағы шағын ауданда қасқалдақтың қанындай қат. Бұл үшін бүгінгіден де үлкен қойма, цех қажет. Кәсіпкер жеңілдетілген несие алмақ. Мақсатына жететініне сенімі кәміл.
Сергейдің тағдыр тәлкегіне мойымай, тырмысып алға ұмтылған қарекетін Көкшетау қаласының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Владимир Плетнев айна-қатесіз қайталайды. Ол да Сергей тәрізді кісіге күні түсіп, қол қусырып қарап отырғанды ұнатпайды. Владимир «Даму» қорынан несие алып, оны толық өтеп те шықты.
– Несиеге бірнеше контейнер сатып алдым. Оған қоса, «Газель» автомашинасын да, тұрмыстық қалдықтарды жинастырып тығыздайтын құрылғыны да алдым. Қазір менің жауапкершілігі шектеулі серіктестігімде үш адам жұмыс істейді. Автокөлікті жүргізетін адам, қолғабысын тигізетін жұмысшы да қажет. Соның бірі екінші топтағы мүгедек Сергей Бушмакин.
Владимир алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарды тығыздап жинайтын құрылғының қазіргіден қуаттырағын сатып алғысы келеді. Жұмыс көлемі ұлғайған сайын жұмысшылар да қажет.
Бір әттеген-айы, банк біткен мүгедектер өз ісін бастамақ болып, несие сұрап барса, ат-тондарын ала қашады екен. Талайының есігін қағып, тауы шағылған. Содан кейін ғой «Даму» қорына барғаны. Ұятқа қалған жоқ. Мерзімінде тап-тұйнақтай етіп өтеп шықты. Несие талаптары да қолайына жақты. Тек сұраған алты миллионын тегіс ала алмады, қолына тигені 3,5 миллион теңге. Сол қаржының өзі-ақ ісін дөңгелетуге жарап-ақ қалды.
Кәсіпкер Көкшетау қаласындағы он бір балалы үлкен отбасында өскен. Бәрінің бірдей жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндіктері болмады. Сол себепті сегізінші сыныпты бітірісімен слесарь болып жұмыс істеді. Жатпай-тұрмай жүргізушілікті меңгерді. Әскер қатарындағы борышын өтеп келгеннен кейін автокөліктерді жөндеумен айналысты. Ептеп қаражат жинап алған соң көліктерге қызмет көрсететін шеберхана сатып алды.
– Балалық шағымыз қиын өтті, көп балалы отбасының жағдайын кез келген адам білсе керек қой, – дейді Владимир Владимирович. – Сол кішкентай кезімнен бастап өз бетімше тіршілік етіп, қаражат табуға дағдыланғанмын. Мүмкін көп балалы үйде таласып-тармасып өскендіктен шығар.
Тағдыр жолы теп-тегіс сүрлеу емес. Бұралаң-бұлтарысы көп. 2006 жылы Германияға қоныс аударған. Бірақ онда бағы жанбады. Абайсызда автокөлік апатына түскен. Мүгедектер арбасына таңылып қалды. Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін адам да емес, мүгедекті кім керек қылсын. Сол кезде өкініштің өзегін өрттегені-ай! Бауыр басқан туған жерге оралған. Қай қиядан бақыт іздесең де айналып келгенде кіндік қаны тамған жерден артығы болмайды екен ғой.
– Әншейінде шетелде бәрі бар, ит басына іркіт төгіліп жатыр дейміз ғой, – дейді өзі, – бар екені де рас. Тазалығына да көңіл тояттайды. Тек ізетті ізгілік пен мерейлі мейірім ғана жетіспейді. Мен соны осы жерден, қазақ даласынан тауып отырмын.
Бақыты бастау алған өз өлкесіне өкпесі жоқ, мүгедектер арбасына таңылып отырса да, алға ұмтылған, кәсіп істеймін деп құлшынып тұрған жігіттің сөз ләмі жаныма майдай жақты.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы