Бұл жөнінде облыс әкімиатының аппарат мәжілісінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты. Өткен жылы облыс бірінші рет Ресей мен Өзбекстанға 1700 тонна ет артты. Бұл - соңғы жылдардағы ең үлкен көрсеткіш. Биыл облыс экспортқа бұған екі есеге жуық – 3000 тонна ет шығаруды көздеп отыр. Алайда, ол оңай жұмыс емес, оған өңірдегі мал шаруашылығында кешенді түрде жұмыстар жүргізілуі керек.
«Алайда, сыртқа артқан еттің көп бөлігі ірі бордақылау алаңы «Север Агро Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Осы жылдың алғашқы жартысында бұл шаруашылықта өткізетін мал болмайды. Ал биылғы жоспар былтырғыға қарағанда екі есеге жуық көп. Не істеу керек сонда? Бір шаруашылықтың ғана бетіне қарап отыруға болмайды. Резерв дайындау керек. Мал бордақылау алаңдарын көбейту керек» деді Архимед Бегежанұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов жалпы облыста мал басының көбейгенін және соған орай малдан алынатын өнімнің 117,7 млрд теңге болғанын атап өтті. Ет өндіру 5 процентке өскен. Бұл орайда мал басының көбеюіне «Сыбаға» бағдарламасының үлесі бар. Облыс өңірінде осы бағдарлама бойынша шеттен 2087 бас ірі қара әкелініп, жоспар 112,8 процентке орындалған. 4019 бас уақ мал сатып алынған. Бұл да жоспардағыға қарағанда артық.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«EGEMEN QAZAQSTAN»
Қостанай