Ағылшын тілінде 61 оқушы тест тапсырды
Биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз) тапсыруға болады. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін оқуға түсушілер маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Жалпы, сынақты тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілген. Аталған аламанның алғашқы жарысы өткен аптада өз мәресіне жетті. Сынаққа қатысу үшін құжаттарды қабылдау бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы 2018 жылдың 1-15 желтоқсан аралығында жүзеге асырылды. Нәтижесінде, тестілеуге қатысуға 35 838 адам өтініш білдірді. Оның ішінде, қазақ тілінде – 25 615, орыс тілінде – 10 162, ағылшын тілінде 61 оқушы бар. Айта кететін тағы бір жайт, өткен жылы ағылшын тілінде тек 28 қатысушы білімін сынаған болатын. Тестілеуді ағылшын тілінде тапсырушылар санының көбеюі жылдан жылға оқушылардың шет тілді меңгеру деңгейінің артқандығын аңғартады. Бұл көрсеткіштің көтерілуі елімізде көптілді білім беру саясатының енгізілуі мен жастардың білім кеңістігінде әлемдік трендтерден қалыспауға деген ынтасының арқасында деуге болады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге жалпы білім беретін мектептердің 11 (12) сынып оқушылары, бірінші академиялық оқу кезеңін аяқтағанға дейін (шартты түрде қабылданған) ЖОО-ға қабылданған тұлғалар, сондай-ақ шығармашылық мамандықтарда оқитын және басқа мамандықтарға ауысуға ниет білдірген студенттер қатысады. Ұлттық бірыңғай тестілеуді жылына төрт рет өткізу жастарға не береді? Біз бұл сұрақты Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваға қойған едік.
«Бұл еліміздің білім саласындағы тарихи сәт деуге болады. Себебі еліміздегі оқушыларға ҰБТ-ны жылына төрт рет тапсыруға мүмкіндік бердік. Қазіргі сәтте Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында, мектептерде ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны жүріп жатыр. Аталған сынақты жылына төрт рет өткізудегі мақсатымыз – түлектердің психоэмоционалдық көңіл күйі қалыпты болуын қаладық. Сонымен қатар қай пәннен білімінің аздығын, қай пәннен көбірек дайындалу керектігін анықтауға мүмкіндік береді», деді Эльмира Амангелдіқызы.
Вице-министрдің сөзін жалғаған Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеудің сертификаттары талапкерлерге жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдеріне түсуге мүмкіндік беретінін, ал талапкер мемлекеттік грант иеленгісі келсе, онда міндетті түрде маусымда өтетін Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысу керектігін тілге тиек етті.
Өткен аптадағы тестілеудің барысын бақылау мақсатында өңірлерге Білім және ғылым министрлігінің 309 өкілі жіберіліп, апелляциялық комиссиялар құрылып, медициналық көмек көрсету пункттері ұйымдастырылған және тестілеу барысында қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға керек болған жағдайда жеке көмекшілер, сондай-ақ сурдоаудармашылар ұсынылғанын да айта кетсек дейміз. ҰБТ өткізу үшін жергілікті жерлерде 444 адамнан тұратын ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, оның құрамына облыс немесе республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген. Қаңтар айында өткізілген сынақта 74 ҰБТ өткізу пункті базасы мен 520 аудитория пайдаланылған. Барлық аудиториялар бұрынғы тестілеу барысы сияқты ұялы байланыс сигналдарын сөндіргіш құралдармен және бейнебақылаумен қамтамасыз етілді.
Үздіктерге грант береді
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 35 838 талапкердің 61-і білімін ағылшын тілінде сынаған. ҰБТ-ны шет тілінде тапсырушылар санының артуына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызығушылық танытып, осыған орай, түлектерді ынталандыру ретінде жоғары балл жинаған оқушыны шетелдік ЖОО-ға грантқа түсірмекші. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшысы Жанболат Мелдешов тесті ағылшын тілінде үздік тапсырған талапкерге орталықтың грант бөлуге дайын екендігін жеткізіп, бірқатар шетелдік серіктес ЖОО-ларды белгіледі.
«Жалпы, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік көп. Биыл шетелдік ЖОО-лар біздің азаматтарға 40 000 грант бөлуге дайын. Бұл – әр талапкердің тегін білім алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Мектеп түлектері ҰБТ сертификатымен қазақстандық ЖОО-ларға ғана емес, шетелдік оқу орындарына да түсе алады. Мысалы, Түркия жоғары оқу орындарына біздің сертификатымызбен түсе алады. Бұл үшін ағылшын және түрік тілдерін білуі керек», деді Ж.Мелдешов.
Соңғы жылдары ағылшын тілінде білім беру қарқынды дамып келеді. Кейбір қазақстандық мектептерде ағылшын тілінде оқытылатын пәндер енгізілді. Ағылшын тілінде тест тапсырудың басты мақсаты – шетелдік ЖОО-ға түсуге деген ниет. Бұл мәселе бойынша талапкерлерге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» көмектесуге дайын. Айта кететін тағы бір жайт, теске қатысушылар 2242 теңге төлейді. Қаңтардағы тестілеудің қорытындысы жақында белгілі болады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»