Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Әулиеаталықтар аламанда неге топ жармайды?

753 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде халықтың арасында айтыс өнері туралы пікір көп. Әрине кешегі Біржан мен Сараның, Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы туралы сөз басқа. Олар бәрібір ұлттың ұлы өнері ретінде тарихтың биік тұғырында тұрған туындылар. Ал бүгінгі айтыс туралы көпшіліктің көңіл тоғайтар пікір айтатыны немесе айтыскерлердің аузынан шыға қалған сөзді сынайтыны да жетерлік. 

Әулиеаталықтар аламанда неге топ жармайды?

Расында да бүгінде елдің жеткен жетістігін, көтерілген биігін жырға қосатын да немесе билікті сынайтын, сол арқылы шындық айтылады деп сенген ақындар да, тіпті өзара сөз қақтығысы кезінде бір-бірінің кемшілігін «бетке басатын» ақындар да бар. Осы сияқты дүниелерден ха­лық­­тың пікірі екіге жарылып тұр. Дегенмен бәрібір ай­тыс өнері­нің халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келген асыл қазы­насы ретінде өмір сүре бере­­тіні шүбәсіз шындық.

 Бүгінде мемлекеттің қол­дауы­мен де, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен де еліміздің әрбір аймағында үлкенді-кішілі ай­тыстар ұйымдастырылып келеді. Ал айтыссүйер қауым тағатсыздана күтетін «Алтын дом­быра», «Жүрсіннің жүй­рік­тері» сияқты және өзге де айтыстардың жөні бір басқа. Кезінде айтыс өнерінде атын қалыптастырған ақындармен қатар, мұнда еліміздің әрбір өңірінен келген талантты жас­тар да сөз сайысына түсіп, бір серпіліп қалады. Бір ойлантатыны, үлкен сахналардан сөз қонған, өнер дарыған Әулиеата өңірінен соңғы кездерде айтыс ақындарын көре алмайтын болдық. Кезінде қоңыр үнімен талайды таңдандырған марқұм Әзімбек Жанқұлиев, мақамы ерекше Шорабек Айда­ров, талантын талайға таныт­қан Айтмұханбет Исақов, айтыс әлеміне атой сала келген Мұхамеджан Тазабеков сияқ­ты тарландар туған жерден олардың ізбасарларының да шықпауы мүмкін емес. Бүгін­де Әулиеата жерінде жас ай­тыс­­кер­лердің өзі бір шоғыр. Айтыс аламан­ында ұлы жырау Жамбыл атын­дағы өңірден сол талант­ты жастардың жиі көрін­бей келе жатуы шынында да ерсі сияқты. Әрине ешкім ақын­ды қолдан жасай алмайды. Тек барды ұқсату, оларды қолдап отыру елдіктің көрінісі болса керек. 

 Бұл ретте талай жылдан бері айтыстың аламанын ұйым­дастырып келе жатқан ақын, республикалық «Айтыс ақын­да­ры мен жыршы-термешілері одағының» төрағасы Жүрсін Ерман Жамбыл облысының жас айтыскерлерге тиісті көңіл бөлмей келе жатқанын айтты. «Киелі Әулиеата өңірінен Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров, Айтмұхамбет Исақов, Ахметжан Өзбеков, Күмісай Сәрсенбаева сынды ақындар айтыстың көшін жалғап еді. Ал қазір айтысқа қамқорлық кішкене азайғаннан бері жас ақындар көрінбей қалды. Қазір­гі уақытта Жамбыл облы­сын­да екі-ақ ақын бар құлағы көрініп келе жатқан. Олар Нұрлыбек Құр­манов және Дархан Әбді­манат деген жігіттер. Бұларды үл­кен айтысқа қоса алмай отыр­­­­мыз. Бұлар әлі де біздің та­­лап­­тарға жауап бере алмай жатыр. Егер Жамбыл облысында еліміздегі басқа өңірлер сияқ­ты Одақтың филиалдары ашылып, ақындар мектебі жұ­мыс істеп, ақындарды шың­дай­тын болса, Әулиеата сияқты қазақ­тың қазақылығы ұйып отыр­ған жерден неге мықты ақын­дар шықпасқа. Шыны керек, біз соңғы рет айтыспен Жамбыл өңіріне Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдық тойында барғанбыз. Одан бері үш жыл өтті. Жергілікті жерлерде айтыс өтіп тұрса, ақындар да шыңдалады ғой», дейді Жүрсін Ерман.

 Расында кезінде Қазақ хан­ды­­ғының тойына орай Тараз­да өткен айтыстың соңы ел ішін­дегі қызу пікірталасқа ұлас­қа­ны шын. Олай дейтініміз, осы айтыста шымкенттік Біржан Байтуов көне шаһардың батыс қақпасындағы «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана таба­сың» деген Фирдоуси ғаза­лын «сынағаны», сол үшін жергі­лікті биліктің пәрменімен ол сөздің алынып тасталғаны біраз әңгіме болғанын ел жақсы біледі. Сонда осы «сынға» қар­сы нақты жауап бере алма­ған көп­теген ақындар туралы да ай­тыл­ған. Сонда әлем әдебие­тінің данышпандарының өзі құрмет тұтқан шығыс шайырла­ры­ның бәрінің дерлік Тараз арулары туралы жырлағаны ұмыт қалған. 

 Осы уақытқа дейін рес­пуб­ликалық «Айтыс ақын­да­ры мен жыршы-термешілері ода­ғының» Қызылорда, Батыс Қазақ­­­­стан, Ақтөбе сияқты бір­­қатар өңірлерде құрыл­ға­­ны белгілі. Ал аталған Од­ақ­тың Жамбыл облыстық фи­ли­а­лының тө­ра­ға­сы, белгі­лі айтыскер ақын Ахмет­жан Өзбековтің айтуынша, Әулие­ата өңірінде бұл тірлік енді қолға алынып, жоспарлар түзі­ліп жатыр екен. «Бұйырса, ал­дағы ақпан айында ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай республикалық деңгейдегі айтыс өтеді» деген жақсы хабарды да жеткізді.

 Жуырда ғана Астана тө­рін­де халықтың көптен күткен «Алтын домбыра» аламаны өтті. Биылғы «Алтын домбыра» иегері Ақжайықтың аруы Жансая Мусина екені белгілі болды. Мұнда да жамбыл­дық ақындардың ешқайсысы төбе көрсеткен жоқ. Жүрсін Ер­манның айтуынша, бұл ала­манға қатысу үшін әрбір ақын республикалық ай­тыс­тың жеңімпазы болу керек екен. «Ақындарды «Алтын домбыраға» қатыстыру менің қолымда емес. Оны қазылар алқасы шешеді. Бірақ біраз жыл­дан бері Жамбылдан ақын­дар­дың үлкен аламандарда көрінбей келе жатқаны рас», дейді ол. 

 Ақындарды қолдау дегеннен шығады, осы уақытқа дейін айтыскер Айтмұханбет Иса­қовты іздеген ешкім бол­ған жоқ. Оның осы уақытқа дейінгі айтысқа сіңірген еңбегі, Мұхамеджан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаева сияқты танымал ақындарды тәрбиелегені жайлы айтылған жоқ. Жамбыл ауданында елеусіз тірлік кешіп, ескерілмей жатқанын елдің бәрі біледі. Жуырда ғана ардагер ақын Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қолынан «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» марапатын алды. Бұ­дан кейін де талай та­­ла­нт­тың атамекені болған көне Әу­лие­ата өңірінде руханият өкіл­дерін қолдау көбейсе деген ой бар. Егер өңірден өнерлі жас­тарды тәрбиелейтін мектеп ашы­лып, ол жерде жастарға бағыт беретін мұғалімдер еңбек етсе, тіптен жақсы болар еді. Сонда ғана айтыс әлемінде осы өңірден жаңа жұл­дыз­дар­дың жарқырай түсетіні сөзсіз.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы