Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда екі мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақтелеком» АҚ-ы жергілікті филиалының коммерциялық директоры Дамир Әбдірахманов БАҚ өкілдеріне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етудің жолдарын баяндап берді. 

Солтүстік Қазақстанда екі мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады

Оның  айтуынша бұл шаралар «Қазақстанның ауылдық елді мекендерін оптикалық-талшықты технология арқылы кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету» жобасы аясында жүзеге асырылатын болады.

Бүгінгі таңда өңірдгі елді мекендердің 82 пайызы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. 666 ауылдың 147-сі “ADSL” модем арқылы интернетке қосылса, 116 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желісі  жұмыс істейді. 400 ауылда сымсыз байланыс технологиясы қолданылады.

Енді жаңа бағдарламаның арқасында шалғайдағы ауыл тұрғындары да сапалы әрі жылдамдығы жоғары интернеттің игілігін көретін болады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын өңірімізде жүзеге асыру аясында екі мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Нәтижесінде 61 ауылдық округте орналасқан 272 мемлекеттік мекеме кең жолақты интернетке қосылады. Бұл жоба электронды сауда-саттықты жандандырады. Электронды үкімет қызметтеріне, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына интерактивті құралдар енгізіледі.

«56 мемлекеттік мекемеге талшықты-оптикалық байланыс желісі қосылды. Облыс мектептерінде кең жолақты интернеттің 136 қосу нүктесі орнатылды. Яғни барлық мектептердің 95 проценті интернетпен қамтылған.  4 Мбит/сек. жылдамдықты ғаламторы бар білім ордаларының саны 86 процентке жетті», дейді Д. Әбдірахманов.

«Бұлтты бейнебақылау» жүйесі көпқабатты үйлерге орнатылып, заманауи құрылғының немесе дербес компьютердің көмегімен  тұрғындар өз үйінің кіреберісіндегі оқиғаларды бақылауына мүмкіндік алады. Камералар түнгі уақытта да сапалы түсіре алады. Бүгінгі күні Петропавл қаласында 788 үй аталмыш қызметке қосылған. Заңды тұлғаларға “Бизнеске қауіпсіз онлайн бейнебақылау” өнімі ұсынылып отыр. Бұл қызмет арқылы кәсіпкерлер бизнес нысандарына қашықтықтан онлайн бақылау жүргізе алады.

Биыл 41 мектеп жоғары жылдамдықты интернеттің игілігін көре алады. Телемедицина қызметін енгізу және тұрғындарды медициналық ақпараттық жүйелер қызметімен қамту мақсатында жыл соңына дейін барлық аудандық орталық ауруханалар ғаламторға қосылады. Сөйтіп онлайн сауда, мобильді банкинг, 3D-принтинг, денсаулық сақтау, білім беру сияқты басқа да маңызды салалар дамудың жаңа кезеңіне қадам басады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы