Салық жүктемесі жеңілдетілді
Алдымен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді. Оның айтуынша, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаға 8 банк қатысуда. 17 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 52 млрд теңгеге 4350 өтінім мақұлданды. Д.Ақышевтың баяндамасында алдағы уақытта аталған бағдарламаны жаңғыртуға бағытталған ұсыныстар болды. Оның айтуынша, еліміздегі дамуы қарқынды өңірлердегі демографиялық өсім мен халықтың көші-қон қозғалысы тұрғын үйге сұраныстың артуына ықпал етеді. Екіншіден, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған баспаналарды алдымен осы бағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға, сосын тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға сату мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Бес әлеуметтік бастаманың екінші бағытын іске асыру аясында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндады. Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, салық төлеушілердің арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу көзделген. Р.Дәленовтің айтуынша, еліміздегі жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 63 125 теңгеден төмен жұмысшылар үшін салық жүктемесі 10 есе төмендетілді.
− Ескеретіні, салыққа қатысты бұл шешім жергілікті бюджеттің шығындалуына әкелмек. Осыған орай аталған шығындар республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралып, мақұлданды. Республикалық бюджетте трансферттер көзделген. Осылайша, жергілікті бюджеттердің кірістері жеңілдіктер арқылы азаймайтын болды, – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
5 мың орындық жатақхана салынады
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру барысын қарау аясында жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады.
Министрдің айтуынша, өткен жылы грант саны 20 мыңға көбейген. Мемлекеттік грантқа оқуға түскендердің 50%-ы техникалық мамандықтар бойынша (34 мың) білім алуда. Олардың ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, радиотехника және электроника секілді еңбек нарығы үшін маңызды бағыттар бар. «Серпін» бағдарламасы бойынша ауыл жастарына 5 мың грант беру қарастырылған. Гранттардың шамамен 20%-ы мұғалімдерді даярлауға, оның ішінде тілдік біліктілікті күшейтуге бағытталып отыр.
Сонымен қатар Е.Сағадиев аталған министрлік жатақханаларда жаңа орындарды беру жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты.
– Биыл 5 мың орынды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. 3 жарым ай ішінде бізге 11 мыңнан астам орынға 20 өтініш түсіп, 6 мың 500 орынға 12 шарт жасалды. Қазіргі есеп бойынша 5 мың орын толығымен биыл беріледі. Осы айдың соңына дейін 4 600 орынға тағы 8 шарт жасау жоспарлануда. Бұл жобалар келесі жылы қолданысқа беріледі, – деді Е.Сағадиев. Бұған қоса, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы білім беру ұйымдары өз қаражаты есебінен 10 жатақхананы салады. Министрдің дерегінше, 107 жоба бойынша қаржыландыру көздері анықталған. 50 жобаны жоғары оқу орындары мен банктердің қаражаты есебінен, 57 жобаны инвесторлардың қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр.
− Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының үшінші бастамасы жоспарланған мерзім аясында жүзеге асырылып жатыр, оны тұрақты бақылауда ұстап отырмыз, – деп түйіндеді сөзін Е.Сағадиев.
14 мың адамға шағын несие берілді
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Төртінші әлеуметтік бастама аясында «Шағын несие беруді көбейту» бағытын орындау бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р.Дәленов баяндама жасады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген ақпаратқа сүйенсек, былтыр елімізде бағдарламаны қаржыландыру бойынша ауылдарда – 14 млрд, қалаларда 6 млрд теңгеге несие беру ұлғайтылды.
– Қосымша бөлінген қаражатты есепке алғанда, шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 45 млрд теңге ауылдық жерлерге (73%) және 17 млрд теңге (27%) қалалық жерлерге жіберілді. 2018 жылға арналған шағын несиемен қамту жоспары 14 мың адамды құрады, – деді министр М.Әбілқасымова. Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы саласында несие беру көлемі де артып отыр. Мысалы, мал шаруашылығын дамытуға – 76%, өсімдік шаруашылығын дамытуға – 2,7%, құс шаруашылығын дамытуға – 2,2%, көлік және қоймалау саласына – 6%, өңдеу өнеркәсібі саласына – 2%, басқа да қызмет түрлері бойынша 5,6% шағын несие берілген.
Газ тарту көктемде басталады
Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы Энергетика министрі Қ.Бозымбаев баяндады. Оның айтуынша, 2018 жылғы 19 қарашада «АстанаГаз» ҚМГ» АҚ мен «ҚазҚұрылысСервис» МГҚК» АҚ арасында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу туралы келісімшартқа қол қойылды. Кестеге сәйкес бір мезгілде бес желілік ағынды жүзеге асыру арқылы магистралды газ құбырын салу жоспарланып отыр. Монтаждау және құбыр гидросынауын жүргізу арқылы магистралды газ құбырының желілік бөліктерін салуды аяқтау 2019 жылдың соңына қарай белгіленді. Мердігердің техникасын, жабдықтары мен жұмысшыларын жұмылдыру биылғы қаңтардың соңында басталады. Трассаны дайындау 27 ақпанда басталмақ. Бұл ретте желілік құбырдың бірінші партиясын жеткізуді осы жылғы наурызда бастап, тамызда аяқтау жоспарланып отыр. Желілік құбырлардың дәнекерлеу жұмыстары 21 наурызда басталмақ. Қ.Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктері газ тарату желілерінің бірінші кезегін салудың жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) аяқтаған. Жоғарыда көрсетілген жобалар бойынша ЖСҚ-ға «Мемсараптама» РМК-нің кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін Энергетика, Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіпте «Сарыарқа» магистралды газ құбыры трассасының бойындағы елді мекендерге газ тарату желілерін салуды қаржыландыру мәселесін пысықтайтын болады.
Министрлердің кезекті баяндамаларынан кейін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Бірінші бастама бойынша «7-20-25» бағдарламасының кедергілерін жойып, іске асыру барысын жеделдету қажеттігін, үшінші бастамадағы жатақханалар салу бойынша жоспардың уақтылы орындалуын, төртінші бастамаға қатысты – шағын несиелер бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу қажеттігін, оның ішінде қалалы жерлерде несие беруді арттыру керектігін назарға алды. Үкімет басшысы бесінші бағыттағы «Сарыарқа» газ құбырын уақтылы салып, іске қосудың аса маңызды екенін де шегелеп айтты.
Отандық кәсіпкерлер құқығын қорғауға бағытталады
Жиында мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері де қаралған болатын. Бұл мәселе бойынша Қаржы министрі Ә.Смайылов баяндама жасап, өткен жылы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының жалпы көлемі 9,2 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Оның ішінде: мемлекеттік сатып алулар – 3,6 трлн теңге, «Самұрық-Қазына» қоры шамамен 5 трлн теңге және өзге ұлттық компаниялардың сатып алулары 600 млрд теңгеге жуық. Осылайша мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардың 2018 жылғы көлемі 2017 жылға қарағанда 3,4%-ға жоғары.
Жиында сөз алған «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметовтің айтуынша, мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері отандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, олардың біліктіліктерін арттыруға оң ықпал етпек.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартуға ықпал ететін, мемлекеттік сатып алулар саласындағы негізгі мәселелерді шешуге бағытталған түзетулер енгізілді. Осыған орай барлық мемлекеттік органдар, өңірлердің әкімдіктері ұлттық стандарттарды көрсету, бір көзден сатып алу көлемінің өсуіне жол бермеу тұрғысынан отандық тауар өндірушілерді қолдау талаптарын сақтау шараларын қабылдауы тиіс. Қаржы министрлігіне осы Заң бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қажетті заңға қосалқы актілерді қабылдау тапсырылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»